«Елдік феномен» – Қазақ–Цин қатынастарын зерттеудің жаңа деректік мүмкіндігі

18.12.2025
8858
«Елдік феномен» – Қазақ–Цин қатынастарын зерттеудің жаңа деректік мүмкіндігі - e-history.kz

Сурет: Артем Чурсинов

Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Отырар кітапханасының Ақселеу Сейдімбек залында отандық тарих ғылымы үшін айрықша мәні бар ғылыми-мәдени іс-шара өтті. Тарих ғылымдарының докторы, Токио шетел тілдері университетінің визитинг-профессоры Дүйсенәлі Әбділәшімұлының «Елдік феномен: Қазақ хандығының Цин патшалығына жолдаған бірегей дипломатиялық құжаттары туралы тарихи-деректанулық зерттеу» атты монографиялық еңбегінің тұсаукесері көпшілік назарына ұсынылды.

Бұл еңбек – Қазақ хандығы мен Цин империясы арасындағы қарым-қатынасты қазақ билеушілері жазған түпнұсқа хаттар арқылы кешенді түрде қарастырған, деректану, тарихнама және тіл мәселелерін тоғыстырған іргелі зерттеу. Автор тұсаукесерге арнайы Жапониядан келіп қатысып, еңбектің ғылыми жаңалығын жан-жақты баяндады.

Қазақ хандығы мен Цин патшалығының дипломатиялық қарым-қатынасы

Дүйсенәлі Әбділәшімұлы еңбектің негізгі мазмұнын былайша түйіндейді:

«Бұл кітаптың барысы Қазақ хандығы кезеңіндегі қазақтардың XVIII ғасырдың орталарынан кейінгі Цин патшалығымен қарым-қатынасына арналған. Яғни Жоңғарлар жойылғаннан кейін қазақтар Цин патшалығымен тікелей қарым-қатынас жасады. 1757 жылы Абылай хан және Әбілпейіз елші аттандырды. Бұл – Қазақ хандығы дәуіріндегі тұңғыш реткі қазақ елшілігі».

Автор атап өткендей, дәл осы 1757 жыл – «сиыр жылы» – Қазақ хандығы мен Цин империясы арасындағы ресми дипломатиялық қатынас орнаған тарихи межені білдіреді:

«Бұл – Қазақ хандығы мен Цин патшалығының ресми қарым-қатынасы орнаған жыл. Осы кезден бастап сауда-саттық, “жылқыға жібек” саудасы жанданады».

Монографияда бұл байланыстар нақты құжаттар арқылы дәлелденеді. Ғалымның айтуынша, қазақ тарихында жазба деректердің өзімізде аз сақталуы – тарихи шындық, сондықтан шетел архивтеріндегі құжаттардың құндылығы ерекше.

«Біздің жазба мұраларымыз өзімізде сақталып қалмаған. Осындай жағдайда көрші елдердегі сақталған бізге қатысты деректер алтыннан да қымбат».

154 хат – елдік ойдың жазба бейнесі

Монографияда барлығы 154 хат қамтылған. Оның ішінде:

  • Абылай хан және оның ұрпақтарынан – 25 хат;
  • Әбілпейіз және оның әулетінен – 112 хат;
  • Батыс қанатқа жататын Нұралы хан, Тұрсынхан әулетінен – 17–18 хат;
  • Сонымен қатар Цин патшалығы тарапынан қазақ хандарына жолданған 6 жарлық хат бар.

Хаттардың хронологиялық ауқымы 1757 жылдан 1863 жылға дейінгі бір ғасырға жуық кезеңді қамтиды. Ең соңғы құжат – Цин патшалығының Шотан ханға жолдаған жарлығы. 

Бұл хаттардың ерекшелігі – олардың қазақ билігінің атынан жазылған ресми мемлекеттік құжаттар болуы. 

«Қазақ хандығында көшпелі дәстүрмен ел басқарылды. Сондықтан Абылай хан да, Әбілпейіз де жазған хаттардың барлығы Қазақ хандығы тарапынан жазылған ресми құжаттар ретінде қарастырылды», – дейді авиор.

Осы тұрғыдан алғанда, еңбек тек дипломатиялық хаттар жинағы емес, көшпелі мемлекеттің басқару логикасын, билік иерархиясын, халықаралық қатынастардағы өзіндік орнын айқындайтын деректанулық зерттеу.

Кітапта хаттар «оң қанат», «сол қанат», «батыс қанат» деп жіктеледі. Бұл – қазақтың үш жүзі емес, Цин әкімшілік жүйесінің қазақтарды тану үшін қолданған терминдері екені арнайы түсіндіріледі. 

Хаттарүш кезеңге яғни «оң қанат», «сол қанат», «батыс қанат»  бөлдік. Ол қазақтың үш жүзі емес. Бізде қазірге дейін осыны шатастырып келді . Яғни ұлы жүз, орта жүз, кіші жүзбен сәйкестірген. Шетелдік ғалымдар да солай болған, шын мәнінде бұл сол кездегі Цин патшалығының қазақтарды танып, білуі үшін жасаған бір терминдері. Біз кітапта сол бойынша алдық. Өйткені бұлай зерттеу зерттеуді сапалы немесе ұғынықты істеу үшін пайдалы. «Сол қанат» дегені – Абылай және оның ұрпақтарының иелігіндегі қазақтар. Ал «оң қанат» дегені – Әбілпейіз сұлтан және оның иелігіндегі қазақтар. Енді «батыс қанат» дегені Нұралы хан және  Тұрсынханнан тарайтын Барақ, Санияз кіреді. Осы жүлге бойынша істедік. Ал енді хаттың түпнұсқасын біз компьютерде теріп шықтық,  транскрипциясын жасадық және қазіргі қазақ тіліне аудардық. 

Қазақ көне жазуын «шағатай жазуы» деуден арылуымыз керек

Еңбектің тағы бір аса маңызды ғылыми жаңалығы – қазақтың жазба тілі мәселесін нақты дерек негізінде қоюы. Дүйсенәлі Әбділәшімұлы сол кездегі хаттардың бірнеше жазумен жазылғанын көрсетеді: тот моңғол (ойрат) жазуы және араб-парсы әліпбиі негізіндегі түркі жазуы.

«Бір қызығы ол кезде бірнеше жазу қолданғанбыз, біреуі – тот моңғол жазуы, тот моңғол жазуы бұл кезіндегі қалмақ жазуы, қазір ғылымда тот моңғол, тот ойрат жазуы айтқанмен, шын мәнінде біздің айтып жүргеніміз қалмақ жазуы. Осымен жазған.  Бұнымен  Абылай хан едәуір көбірек жазған. Өздеріңізге жақсы таныс, Абылай хан   Жоңғар кезінде қолды болған, үш жылдай Қалдан Серен ордасында зынданда отырған (енді зынданда отырды деп айтуға болатын шығар, бірақ қалай отырды ол жағы беймәлім). Сондықтан Абылай хан ойрат жазуын да, қалмақшаны да жақсы білген болуға тиісті, себебі хаттарды осы жазуымен жазған. Онан кейін бір жазу үлгісі  – араб-парсы әліпбиі негізінде жазылған жазу. Бұл жазуды біз 2015 жылдан бері қарай айтып келе жатырмыз, жалпы қазақ хандығы дәуірінде, қазақ территориясында жазылған дүниелердің тілін біз ең жақсысы ғылыми түрде ескі қазақ жазба тіліндегі дүние деп тануға қақылымыз. Өйткені көп жағдайда шағатай деп бір шыбықпен айдаймыз. Шын мәнінде бұл шағатай жазуымен парықты.  Өйткені шағатай жазуы деп батыс ғалымдары тарапынан қойылған атау. Ол кезде моңғолтану гүлденген дәуірлерге, соны дәріптеу дәуірінде қойылған, сондықтан бұл шағатай жазуы болудан гөрі қазақ территориясында жазылған дүниелер қазақ хандығының, яғни қазақ халқының ескі көне жазба дерегі, жазу тілі деп түсінуге тура келеді. Осы шақтарын біраз дәріптейік. 

Енді бұның басты бір себебі – біздің айтып жүрген шағатай жазуы болсын, қазіргі османлы жазуы болсын, одан кейін мәмлүк жазуы болсын, татар, әзербайжан сияқты түрік халықтардың барлығы да араб-парсы әліпбиінің таңбаларын алып келіп пайдаланған, ол өздері ешуақытта әріп жасаған жоқ. Бұл жазуларды сол түрік халықтардың кез келген біреуі “менікі” десе оған ешқандай логикалық тұрғыдан қателік болмауға тиісті. Бәрі өзіне меншіктеуге болады. Енді өздеріңіз жақсы таныссыздар ғой, 1906 жылдарда орыс ғалымдарының өзі өзбектерге көне өзбек тілі деген грамматикасын жасап берді, өзбек ағайындар әр уақытта көне өзбек тілі деп айтады. Татарларды шағатай тілінде деп естімеген боларсыздар, біздің еңбектердің барлығында, біз айтып жүрген Қадырғали Жалаиридың  еңбектерінің барлығы татар тілі дейді. Осы тектес түркі халықтарының өзінде де көптеген мәселелер бар ғой, осыларды қалай атау керек, қалай зерттеу керек деген мәселесі. 

Сондықтан біз ескі қазақ жазба тілінде жазылған хаттар ретінде қарастырдық. Оның әліппесі араб-парсы әліпбиінен келген жазу. Оны түрік халықтары өздеріне ұзақ уақыт пайдаланды ғой», – дегенді баса айтты автор.

Оның айтуынша бүгінгі таңда «төте жазу» деп атап жүрген әліпбиді де Ахмет Байтұрсынұлы ойлап таппаған, ол сол бағзыдан қолданылып келген араб-парсы таңбасына реформа енгізген.   

Ал Ахмет Байтұрсынұлы осы жазуды реформалаушы, ол кісі жазу жасаған жоқ. Бұрынғы тарихтан қолданып келе жатқан, қазақты құраған ру-тайпалар, қазақ халқы қолданып келе жатқан жазуды ендігі жерде реформалады. Яғни араб-парсы әліпбиінің құрамында біздің тілімізде жоқ таңбаларын барлығын алып тастады, сонымен бізге жақын жазу жасалды. Осы арқылы біздің, қазіргі «төте жазу» деп жүрміз ғой, яғни 1929 жылға дейін істеткен жазуымыз осы Ахмет әліппесі болды. 

Біздің мына хаттардың барлығы да осы араб-парсы әліпбиімен жазылған. Оны өзімізге тексеріп-зерттеу өте маңызды, әсіресе қазақ хандығын мемлекет деп қарайтын болсақ, онда әрине мемлекеттің өзінің тілі болуға тиісті, өзінің жазуы болуға тиісті. Біз бұл тұрғыдан ойлануымыз керек.

Қазірге дейін мейлі дүниенің әр бұрышындағы қандай бір жерде қазақ туралы қазақтың жазба тілі туралы зерттеулеріміз өте тапшы. Мысалы Қазақстанда да солай, көрші елдерде де солай. Біз тарихта қанай жазулар істеттік, қалай істеттік, не жаздық мәселелері толыққанды зерттелген жоқ. Сондықтан осы зерттеуіміз осындай бір олқылықтарды толықтырса деген ниетіміз.

Бұл еңбек тарихнамалық бетбұрыс әкелді

Тарихшы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы бұл еңбекті Қазақ хандығы тарихының қайта жазылуына ықпал ететін зерттеу деп бағалады:

«Соңғы уақытта жарыққа шығып жатқан Қазақ хандығына байланысты көптеген материалдарды көре отырып мен өзім ойлаймын Қазақ хандығының тарихы қайта жазылады-ау деп. Өйткені бұл деректер біздің дәстүрлі көзқарасымызды өзгертетін жаңа мазмұндарға толы. Қазақ хандығы дәстүрлі көзқараста 1822 жылы жойылды, Кенесары хан 1847 жылы қайтыс болды деп, ұлт азаттық қозғалысы аяқтады деп айтылады әдетте. Хронологиялық тұрғыдан қарағанда мына кітапта қамтылған мазмұндар 1765 жылдан 1863 жылға дейінгі бір ғасырлық кезеңнің құжаттары топтастырылған. Cонда 1863 жылғы ең соңғы құжат Шотан ханға деп жазылған екен. Бұйрық дегенмен олар өздерінің хатын әманда «бұйрық» деп солай тұжырымдап отырады, империя ғой ол өйткені. Сондықтан ол тең дәрежеде қарамайды, қашанда өзін жоғары қойып жазады, Қазақ хандарына, сұлтандарына жазған жіберген хаттарын “бұйрық” деп жазады».

Профессор Т.Зәкенұлы қытай аудармаларының бұрмалаушылығын да ашық айтты:

«Біз бұрындары тек қана там-тұмдап қытай тілінде жазылған бірен-сараң деректерге сүйеніп келдік. Қытай тарихшыларының өзі де осы Қазақстанменен Цин империясының арасындағы қарым-қатынастарды көбінде қытай тілді деректерге сүйеніп айтады. Бірақ соңғы уақыттағы зерттеулер, мынау Бақыт Еженханның, осы Дүйсенәлі бауырымыздың зерттеулеріне қарасақ, ол кездегі Цин империясының мемлекет тілі мәнжу тілі болғандықтан құжаттар ең алдымен мәнжу тілінде қатталған екен, одан кейін қытай тіліне аударылған . Ал енді мына біздің ғалымдарымыз – Бәкең бар, Дүйсекең бар, бұл кісілер негізінен сол мәнжу тілді құжаттарға және шағатай тілді, көне қазақ тіліндегі, тот моңғол жазуындағы жазылған құжаттарға басымдық беріп, түпнұсқаны қарап отыр».

Ескі хаттардың бәрін шағатай тілінде  жазылған  деудің дұрыс емес екенін ғалым да құптады.

Ал енді Абылай ханның көптеген хаттары шағатай тілінде деп біздің аузымыз үйреніп кеткен, ескі қазақ тілінде яғни қадымша жазылған. Қадымша деп айтады қазақ немесе ескі қазақ тілінде деп айтсақ болады. Осындай терминді енгізудің өзі де бір жаңалық деп ойлаймын, – деді Т.Зәкенұлы. 

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мақсат Алпысбес бұл еңбектің маңызын деректің ғылыми айналымға енуімен байланыстыра отырып, еңбектің тарихнамалық дискурсты өзгерту әлеуетіне тоқталды:

«Бұл құжаттарды зерттеу Цин–Қазақ қарым-қатынастарына деген көзқарасты өзгертуге әсер етіп жатыр. Ендігі міндет – осы деректерді біздің тарихи баяндау тәжірибемізге енгізу».

«Елдік феномен» – Қазақ хандығын әлсіз, тәуелді құрылым ретінде көрсететін ескі көзқарастарды түбірімен қайта ойлануға итермелейтін еңбек. Бұл кітап – қазақ мемлекеттілігінің жазба тілі, дипломатиясы, саяси ойлау жүйесі бар екенін дәлелдейтін нақты айғақ.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз