Түркі және қазақ қоғамындағы батырлық рух

Автор:
28.11.2025
6580
Түркі және қазақ қоғамындағы батырлық рух - e-history.kz

Қазақ қоғамында XVII ғасырдың соңынан XVIII ғасырдың басына дейін батырлардың — әскери басшылардың әлеуметтік және әскери-саяси маңызы үлкен болды. Түркі-монғол тілдеріндегі «батыр», «багатур», «бахадур» сөздері бастапқыда «батыл, жаумен шайқасқа шығатын қайсар адам» деген мағынаны білдірген. 

Түркі және қазақ қоғамындағы батырлық рух мәселесінің жергілікті халыққа ерлік, әділдік, батылдық  көрінісі екендігін айқындалады. Батырлық рух қазақ қоғамына жаңа әлеуметтік құрылымдық жүйе батырлар институтын алып келді. Кеңес заманында батырлар, олардың әлеуметтік құрылымдық жүйесін сараптау, насихаттау саяси идеологиялық нұсқаудан аса алмағанмызды мойындау керек. Халыққа күш беретін батырлық рух мәселесі туралы баяндалады. 

Батырлық рух, көне түркі және қазақ қоғамында елдік, ерліктің, ұлттың намысының және даңқының символы ретінде үлкен орын алады. Бұл ұғым тек қана әскери ерліктермен байланысты емес, сондай-ақ ұлттық мінез-құлық, адамгершілік және әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан да маңызды. Түркі және қазақ халықтарының тарихында батырлар тек қана жекелей тұлғалар емес, сол халықтардың рухани байлығын, бірлігін және тектілігін айқындайтындығы анық.

Түркі халықтарының тарихында батырлық рухы – олардың әлеуметтік құрылымы, дүниетанымы мен мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарған. Батырлар мен олардың ерліктері түркі мәдениетінің, соның ішінде қазақ халқының ұлттық сана-сезімінің негізін құрайды. Батырлық рух пен ерлік — бұл әлеуметтік әділеттілікті қорғау, халықтың бірлігі мен тыныштығын сақтау үшін күресу, әділдікті іздеу, ұлттық құндылықтарды сақтау мен қорғау.

Түркі халықтары үшін батырлардың бейнесі ерлік, әділдік, құрмет, батылдық пен даналықтың айқын көрінісі болып табылады. Түркі әлемінде батырлық рухының әлеуметтік және мәдени маңызы әсіресе халықтың жадында сақталып, ауызша шығармашылығында көрініс тапқан. Бұл тақырыптың өзектілігі, бір жағынан, батырлық идеологияның бүгінгі күндегі әлеуметтік мәнін түсінуге мүмкіндік беруі, екінші жағынан, түркі халықтарының ерлік дәстүрінің қазіргі заманға әсерін зерттеуге негіз боларлық.

Түркілердің дәстүрінде батырлық рухтың мәні өте терең. Біздің заманымызға жеткен көне түркі жазбалары, әсіресе Орхон-Енисей жазбалары, батырлықты әрі моральдық, әрі әлеуметтік тұрғыдан маңызды құндылық ретінде танытты. Көне түркі мəдени жəдігерлерінен жеткен мəліметтер бойынша ежелгі түркілердің əскери тарихы жəне жауынгерлігі туралы деректер алуан түрлі. Əскери өнердің дүниежүзілік тарихында əскерді ұйымдастыру құрылымы жəне оның ерекшеліктері туралы жазылғанымен, бұл арада ежелгі түркілердің əскери өнері, батырлығының түркі рухымен сабақтастығы туралы мəдени антропологиялық зерттеу жоқтың қасы. Сондықтан, көне түркілердің əскери мəдениетін дүниежүзілік тарих сахнасының ерекше феномені ретінде қарастыру өзекті мəселе болып табылады.

Қазақ халқының тарихында батырлар институты ерекше маңызды болған. Батырлар тек соғыс алаңында ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік және мәдени тұрғыда да маңызды рөл атқарған. Олар халықтың ерлік дәстүрін, ұлттық бірлігін сақтап, қазақ қоғамының саяси және әлеуметтік құрылымында маңызды орын алған тұлғалар болып табылады. Батырлар институты қазақ халқының ұлттық санасының қалыптасуында және оның азаттығы үшін күресте зор рөл атқарды. Бұл мақалада қазақ батырларының институтын зерттей отырып, олардың тарихтағы, мәдениеттегі және әлеуметтік құрылымдағы орнын қарастыру көзделеді.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, батырлық рухқа деген қызығушылық қайта жанданды. Зерттеушілер қазақ батырларының ұлт азаттық күресіндегі және халықты біріктірудегі рөлін, олардың әрекеттерін мәдени және әлеуметтік тұрғыдан саралауға тырысты. Осылайша, батырлар бейнесі түркі халықтарының өз тарихын ұлықтауда және ұлттық құндылықтарын сақтау жолында үлкен маңызға ие болды.

Бұрынғы кеңестік заманда осындай тақырыптарды зерттеуге саяси идеологиялық тосқауыл қойылып, жеткілікті мән берілмегені анық. Белгілі ғалым К.Есмағамбетов: «Отандық тарих ғылымында қазақ батырларының елі мен жері үшін қан майданда жаулармен шайқасқан жанкештілік күресін, оның халық тағдырындағы орнын көрсетуге әлі күнге дейін толық мән берілмей келеді. Бұл, ең алдымен кеңес заманында батырларды «үстем тап өкілдеріне» жатқызған кеңестік идеология мен тарихнаманың салқыны болса, екіншіден, өзіміздің ұлттық идеологияны қалыптастырудағы салдыр-салақтығымыздың, «жайбасарлығымыздың» салдары екендігі анық», - деген пікірін білдіреді [1].

Қазақ қоғамында XVII ғасырдың соңынан XVIII ғасырдың басына дейін батырлардың — әскери басшылардың әлеуметтік және әскери-саяси маңызы үлкен болды. Түркі-монғол тілдеріндегі «батыр», «багатур», «бахадур» сөздері бастапқыда «батыл, жаумен шайқасқа шығатын қайсар адам» деген мағынаны білдірген. Бұл транскрипцияда аталмыш сөз XIV ғасырда орыс тіліне еніп, бұрын қолданылып келген, оңтүстік славян жазба әдебиетінде кездесетін «батыл» — «жауынгер» деген терминді ығыстырған [2, 42]. Ресейде бұл терминнің орысша баламасы — «богатырь» — XVI ғасырдың соңында сыртқы жаулармен шайқасқан батыл жауынгерлерді белгілеу үшін қолданылған. Бұл туралы «Мәскеу мемлекеті туралы жазбалар» атты еңбегінің авторы, германдық дипломат Сигизмунд Герберштейн (1486–1566), алғаш рет бұл сөзді орыс адамдарынан естіп, өзінің жазбаларында айтқан [3, 336].

Қазақтар батыр деп әскери іс-тәжірибесі мол, соғыстар мен шабуылдарда ерекше танылған кез келген адамды атаған. Мысалы, саяхатшы Е.К.Мейендорфтың айтуынша, қазақ қоғамында батырлар «батыл, әділ және бастамашыл адамдар» болса, ал соғыс кезінде олар — жауынгерлер өзінің ерекше қасиетімен көзге түсіп, жеке ерліктерімен елге танымал болған [4, 42]. Дегенмен, кейде батыр атағы белгілі бір батырдың ұлы мен немересінің, әскери қызметте жақсы жетістіктерге жеткен жағдайда берілуі мүмкін еді. Мұның мысалы ретінде танымал табын руынан шыққан Бөгенбай (1741 ж. қайтыс болған) батырдың ұлы Тіленші Бөгенбайұлы мен немересі Жоламан Тіленші,  XIX ғасырдың 20-30 жылдары қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысында ерлік көрсеткеніні тарихтан мәлім. Сонымен қатар, осы титулға танымал батыр Жәнібектің (1751 ж. қайтыс болған) ұрпақтары, Есет батыр және басқа да қазақ даласының ірі тұлғалары ие болған.

Лев Гумилевтің пікірінше, «бахадур» сөзі VI ғасырда монғол тілінен түркі тілдеріне енген. Кейінірек ол «батыр» сөзінің түріне айналып, қазақ тайпаларында орнығып қалған. Монғол мәдениеті мен тілінен алынған сөздер Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары империясының гүлдену кезеңінде ерекше танымал болды. Айта кету керек, орыс тіліндегі «богатырь» сөзі де монғол тілінен шыққан. Қазақ жағының соғыстарда тек батырлар ғана қатысқан деген біржақты пікір қате болар еді. Бірақ олар көбінесе соғыс алаңында негізгі әрекет етуші тұлғаларға айналған.

Көшпелі қоғамда кәсіби жауынгерлер маңызды әлеуметтік топтардың бірі болды. Түркі-монғол көшпенділерінде, соның ішінде қазақтарда, осы әлеуметтік топтың өкілдерін «батыр» (баһадур /бахадур/ баатур) деп атаған, мысалы, Қобыланды батыр, Қабанбай батыр және т.б. Әдетте «батыр» терминінің мағынасы «батылдық», «мәрттік» деп түсіндіріледі. Бірақ бұл сөздің мағынасын толық түсіну үшін оны «ер» сөзімен салыстырған жөн, өйткені бұл сөз түркі тілінде «батыр» сөзінің синонимі болып, кейбір қыпшақ тілінде оның орнына қолданылған. «Батыр» сөзін «ер» сөзімен алмастыруды қазақ эпосы мен тарихи батырлардың аттарынан көруге болады, мысалы, Ер Сайын, Ер Көкше, Ер Қосай, Ер Тарғын, Ер Жәнібек және т.б. [5].  

Қазақ халқының батырларына қатысты зерттеулердің бастауын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жамбыл Жабаев, Сүйінбай Аронұлы сынды халық ақындары мен әдебиетшілерінен көруге болады. Қазақ эпосы мен батырлық жырлары, соның ішінде Алпамыс батырҚобыланды батырЕр Төстік сияқты туындылар батырлық рух пен ерлікті дәріптейді.

Қазақ эпосында батырлардың бейнесі тек жауынгерлік қасиеттермен шектеліп қана қоймайды. Олар халықтың мәдени құндылықтарын сақтаушы, ұрпаққа үлгі боларлық тұлғалар ретінде сипатталады. Мысалы, Қобыланды батыр эпосында Қобыландының батырлық ерліктері мен оның әділдігі, халыққа қамқорлығы басты тақырып болып табылады. Осылайша, батырлық рухтың мәдени маңызы тек қана соғыс алаңында көрініс тапқан жоқ, ол қазақ халқының моральдық-этикалық құндылықтарын айқындауға қызмет етті.

Батырлар халықтың бірлігін сақтаушы күш болып, сонымен қатар ұлттың тарихында орын алатын тұлғалар ретінде бағаланады. Түркі халықтарының батырлары мен олардың ерліктері халықтың тарихына, ұлттық санасына әсер етті. Олар халықтың құндылықтарын дәріптеп, қазақ мәдениетінің ұлттық идентификациясын қалыптастырудағы рөлін нығайтты.

Көне түркі халықтарының жазба ескерткіштері бір-біріне ұқсас сарында дамиды. Білге қаған, Тоникуқ, Күллі-чор, Күлтегін жазба ескерткіштері қазақтың эпостық жырларында айтылған ортақ идеялар – жаулардан өз елін, жерін қорғау, отанды сүю, тәуелсіздікке қол жеткізу идеялары бір-бірімен астасып жататындығын аңғаруға болады. Батырлар ерлігі қалай халыққа танымал болса, сол танымалдықтың артында ақылды, сұлу әйел және иесімен мықты достық орнаған тұлпар екендігі қазақтың эпостық жырларында да бар. Мысалы, Ер Төстіктің Шалқұйрығы, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы батырлар жырында көрініс тапқан. 

Орхон ескерткіштерінің қазақтың эпостық ескерткіштеріне ортақ ұқсастықтары өз елін, өз жерін сыртқы жаулардан қорғау, батырлардың шайқас үстіндегі жасаған ерліктері, жеңілуді білмейтін ер тұлғалы батырлар тұлғасы және олардың жас шағынан бастап өмірінің аяғына дейінгі ерліктері суреттеледі. Мысалы, “Ер Тарғын» жырында Ақжүніс Қожақтың бес жасынан елу бес жасына дейін өмірін айып береді:

Отыз беске келгенде,

Қоңыраулы найза қолға алдың,

Қоңыр салқын төске алдың,

Жауды көрсең шүйілдің,

Жеңсіз берен киіндің,

Көксерке атты борбайлап,

Қамалды бұздың айқайлап [6, 13]. 

Көне түркі жазба ескерткіштерде және қазақтың эпостық батырлар жырларында батырларды, әскери қолбасшыларды көк бөріге теңеп, әсерілеп жырлағаны белгілі. Қазақта би, жырау, батыр ұғымдарының өзара тығыз астасып жатқаны күмән туғызбайды және мұның белгілі бір тарихи негізі де жоқ емес. Мысалы, XVI ғасырда өмір сүріп, талай әскери жорықтарға қатысқан, өз айтысына қарағанда хан ұлынан несі жоқ, би ұлынан несі кем жауынгер Доспамбет жырау Шыңғыс ханның ақылгөй кеңесшісі Кетбұға жырауды би деп атайды [7, 91].

Қазақ әдебиетінде батырлар туралы жырлар мен дастандар маңызды орын алды. Батырлар бейнесі әдебиетте қазақ халқының дестүрлері мен идеологиясын сақтаушы ретінде көрсетілген. Батыр ешкім сайламаған, қарадан шыққандар батыр атанып, өзінің ерекше қасиетімен көзге түскен ел аманатын арқалаған адам. Қаһармандық жырларда батырлар тек физикалық күштің иесі ғана емес, сонымен қатар ақыл-парасат, әділеттілік және адамгершілік қасиеттеріне тұлғалар ретінде сипатталған. Бұл жырлар қазақ қоғамының моральдық құндылықтарын насихаттады, халықтың бірлігін сақтауда қарсы күшке тойтарыс берген де осы қазақ батырлары болды. Ендеше, батырлар қауымы қоғамдағы толыққанды институтты құрғаны объективті заңдылық екені сөзсіз ақиқат.

Батырлар институты, батырдың әскербасы, мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілуі және мемлекеттілікті сақтап қалуда елдік пен ерлік күресін зерделеудің ғылыми тұжырымы жасалуы қажет. Батыр ол тұлға. Тұлға арқылы біз қазақ тарихының зерделенуіне назар аударуымыз керек. Ауыз әдебиет мұралары мен батырлық жырларында қай батыр қандай тұғырға лайық екені анық сипатталған. 

VІІ ғасырдан жеткен Қорқыт Ата жырының дерегіне сүйенсек, “Алпамыс” жырының негізіне біртұтас түркі ұлысының ыдырау оқиғасы арқау болған екен. Демек, халық жады туған бауырынан айырылған оқиғаны мəңгі-бақи ұмытпай, жүрегіндегі жарасын Қорқыт Ата сынды кемеңгерлерінің аузымен болашаққа жеткізіпті [8 ,94].

Эпостан тарихи шындықтың қандай да бір белгілерін табу ол тек кәсіби білімі бар қалыптасқан маманға ғана тән ерекшелік. Зерттеуші бұл тұста тек тарихи деректерді ғана емес, сонымен бірге қазақ халқының фольклорлық мұрасының (аңыз, шежіре, жыр, дастан) нұсқаларын салыстырып, салмақтап, тарихи көркемдік шындықты айқындауы үлкен шеберлік болары сөзсіз. 

Кез-келген тарихқа қызығушылығы бар адам жыр, дастан арқылы қазақ халқының рухани тамырына бойлай беруге мүмкіндік алады. Тарихы ел жадында ауызша сақталып келген көшпелі қазақтар үшін тарихи жырлардың деректік маңызы зор. Бірақ, фольклорлық шығармаларға дерек ретінде сүйенгенде әсірелеудің ерекшелігіне назар аударып, ашылатын образдың тұлғалық негізін тану шарт. Сонда ғана біз фольклорлық деректің деректанудағы орнын ашып көрсете аламыз.

Түркі халқының батырлық рухының әлеуметтік және мәдени маңызы терең әрі әралуан. Батырлар бейнесі тек соғыс алаңында ерлік көрсеткен тұлғалар ретінде ғана емес, сондай-ақ ұлттық мәдениетті, құндылықтарды сақтаушы, халықты біріктіруші күш ретінде қарастырылуы тиіс. Батырлық идеология түркі халықтарының мәдениетіндегі маңызды элемент болып табылады және оның қазіргі замандағы маңызы өте зор.

Қазақ батырлары эпикалық жырларда ыдырап кеткен, өлімші болған халықты қайта басын біріктіріп, қайта қалпына келтіріп, мемлекет ретінде қалыптастырып қайта орнататын батырлар мен әскери қолбасшылардың үлесінде болған. Олардың міндеттері сыртқы жаудан өзінің туған жерін қорғау, елінің әл-ауқатын тыныштығын сақтап қалу.

Қазақ халқының батырлары халықтың тарихи жадысында сақталып, ұлттық сананың қалыптасуына әсер етті. Олардың ерліктері мен батырлық рухы түркі халықтарының жалпы мәдениетінде және қазақ мәдениетінде ұлттың бірлігін, ерлікті, әділдікті, ар-намысты, құрмет пен жауапкершілікті дәріптейтін маңызды әлеуметтік құндылықтарды бекітті. Батырлық рух қазіргі заманда да ұрпақтарға үлгі болып, қазақ қоғамының моральдық кодексін сақтауға қызмет етеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Есмағамбетов К. Батырлар тарихы - рухани байлығымыз //Қазақ тарихы. 2007, №4, 65-б.

  2.  И.Ерофеева Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик. Изд. 3-е, исправленное и дополненное. - Алматы: Дайк-Пресс, 2007. - 456 с.

  3. Сартқожа ҚОрхон мұралары. Сартқожа ҚАстана: Күлтегін, 2003. – 392 б.

  4. Мейендорф Е.К. Путешествие из Оренбурга в Бухару. Предисл. Н.А. Халфина. М., Главная редакция восточной литературы издательства “Наука”, 1975. - 180 с.;

  5. Ахметжан К.С. Институт батырства в кочевом обществе казахов. https://e-history.kz/ru/news/show/5700 

  6.  Батырлар жыры, 2 том. - Алматы: Жазушы, 2000. – 280 б.

  7. Сапа М.Г. Қазақ қоғамындағы мемлекеттілік билік мәселесі (Хандық дәуір кезеңі)//Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық жазу реформасы// Просветитель нации Ахмет Байтурсынов – реформа национальной письменности: – Орал: Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті, 2022 – 391 б.

  8. Қондыбай С. Жауынгерлік рух кітабы. Алпамыс ғаламы.Қондыбай С. Толық шығармалар жинағы 8 том. Алматы: Арыс. 2008. 210 б.

 

Кариева Тоты Амангелдіқызы 

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 

“Отырар кітапханасы” Ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз