Баян-Өлгейдегі күйшілік мектебі дегенде біздің есімізге ең әуелі «Бешең ауылы» аталған әулеттен тараған күйшілер шоғыры аталады. Монғолияны мекендеген қазақтардың оннан тоғызын құрайтын Абақ керейдің шеруші руының бір тармағы төлек атасы – молынан өскен ел.
Он екі ата абақ керейдің бірі шерушінің алты руы – ожық, шаппас, ұзынмылтық, құрман, саңырау, бақат. Монғолия жеріндегі «алты шеруші» деген ұғымға төлекті сыйдырып жататыны бар. Шын мәнінде төлек – бақат руының бір атасы дегенімізбен, соңғы екі ғасыр жүзінде марқалап өсіп, небір айтулы тұлғалар: ел бастаған көсемдер, қол бастаған батырлар, сөз бастаған шешендер мен ғылым-білімде елеулі іс атқарған адамдар туып шыққан.
Төлек атадан тараған ұрпақтардың қазіргі тілмен айтқанда басты бренді - күйшілік өнер. Бұл – Қобда бет қазақтары үшін еш талассыз мойындалған ақиқат. Төлек өз ішінен Бақатай, Кәдір, Қарабас, Таңатар, Кедей деген бес атаға бөлінеді. «Бес төлек» аталған бұл рудан сонау ХІХ ғасырдың ортасынан бері қарай есте қалғанын есептегенде, сан ондаған дәулескер күйшілер шыққан екен.
Осы бес атаның бірі Кәдірден Көлбай, Жәнібек, Әлібек, Өмірбек, Темірбек деген бес ұл туады. Бұл бес ұлдың ұрпақтары да бүгіндері бірнеше жүз түтінге жетіп отыр. Кәдір ішінде Өмірбек бабадан тарайтын ауылдарда күйшілік өнері ерекше айқын көрініс беріп келе жатыр.
Бес төлектің бірі Кәдірдің Өмірбегінен Жарқынбай, Ақжарқын, Сары, Жаныс, Қабыл тарайды. Жарқынбайдан Назар, Смағұл, Сатай, Матай, Көрпеш туады. Осы аталған бес ұлдың ұрпағы бүгіндері жүздеген түтінге жетіп отыр. Төлектің «көп қалақшасы» (кейде «қырық қалақша») дейтін ауылдың негізін осы Өмірбектің бес ұлынан тараған әулетттер құрайды және расымен де қазіргі ХХІ ғасырдың бастапқы ширегіне дейінгі кезеңде Өмірбектен тараған ұрпақтар арасында кемінде қырықтан астам танымал күйші шыққандығын көреміз.
Жарқынбайұлы Назар – көп қалақша әулетінің басында тұрған күйші. Назар Жарқынбайұлы ХІХ ғасырдың бастапқы ширегінде қазіргі ҚХР-дың Алтай аймағы, Буыршын ауданы жерінде дүниеге келген. Шеруші рулары бұл заманда Қалтон, Тайсойған, Шұңқырши, Күшіген, Үштас өңірлерінде жайлап-қыстап жүрген. Бұл кезеңде бұрынғы Жоңғарияның жұртында өмір сүріп жатқан монғол тайпаларымен өзге келімсек жұрттармен қақтығыстар болуымен қатар қазақтың өз ішіндегі руаралық тартыстар да жиі шығып тұратын болған. Осындайда отбасы, ауыл-аймағын сырт күштерден қорғау, рудың намысын жібермеу ер-азаматтар үшін үлкен сын болған. Алып денелі, ержүрек палуан болған Назар батырдың атақ-даңқы осы тұста айналадағы жұртқа мәлім болған. Назардың батырлығына қоса, күйшілігі Алтайдың төрт тарабына әйгілі болады. Бұл кісі туралы айтылғанда көбінесе «Қырыққанбас-Назар» деген қосақтау жиі қолданылады. Мұның мәнісі – Назардың тетелес інісі Смағұл шашының қайраттылығына қарай «Қырыққанбас» атанған екен. Шашының қаттылығы сондай, әдеттегі шаш алып, мұрт басатын ұстара өтпегендіктен, сақал-мұрты мен шашын қой қырқатын қырықтықпен қырқып қана қысқартады екен. Қырыққанбас атанған Смағұл да ересен күш-қайраттың иесі әрі батыл жүректі кісі болыпты. Әділдікті жақтаған ел ағасы, дәулескер күйші Назар інісі Қырыққанбастың қажыр-қайратын барымталыққа жұмсайтындығын ұнатпай отырады екен.
Қырыққанбас батырдың ерліктері Алтай-Қобдаға аңыз болып айтылып келе жатыр. Соның бірі – түйенің тобығын жұтуы. Қырыққанбас біреудің түйесін сойып жеп қояды. Иесі сезіктеніп келгенімен, айғақ таппайды. Ақыры аңдып жүріп, Қырыққанбас үйінің көшкен жұртынан түйенің тобық сүйегін тауып алады. Қырыққанбасқа келіп: «Айғағым мынау, түйемді сен ұрлаған екенсің. Тобығы – мынау», - деп көрсеткенде: «Қанеки, көрейінші!», - дегенде, қолына ұстатқан тобықты Қырыққанбас жалма-жан жұта салады. Айғағынан айрылған даугер биге келіп мән-жайды айтады. Қырыққанбас түйені соймағанын, тобықты жұтпағанын айтып беттетпейді. «Түйенің тобығын жұту мүмкін емес. Рас десе, өзі қойдың тобығын жұтып дәлелдесін», - деп талап қояды. Даугер мұны жасай алмайды.
Шеруші руын Ақтай би Көбегенұлы билеп тұрған заманда елінің басын қосып, егіншілікке жұмылдырып, әл-ауқатын көтеруге күш салады. Алым-салықты бас жүктеп, жайлау-қыстаудан шетқақпайлаған билігі күшті, жан саны мол рулардың билері мен төрелерге тұрыстық береді.
Ақтайдың бұл ретте сенімді сүйенері төлектен шыққан тоғыз батыр екен. Олар: Қырыққанбас, Назар, Бектас, Қалдыбай, Жалдыбай, Қожалақ, Құланбай, Баймырза, Есмырза. Бұл батырларды жұрт «төлектің тоғыз қасқасы» деп құрметтеген.
Ертеректегі күйшілер Назар Жарқынбайұлының «Кеңес» күйі деп тартатын болған. Бірақ бұл күй қазіргі дәуірге жетпеген. «Кеңес» атауына қатысты айтқанда, ел ағаларының түсел мәжілістерде шертетін күйлерінің жалпы атауының сорабы кеңес аталғанға ұқсайды. Назар күйшімен бір дәуірде өмір сүрген, жәдік руынан шыққан әйгілі күйші әрі он екі абақ керейдің «төрт орын төрт биінің» бірі Бейсенбі Дөненбайұлының да «Кеңес» атты цикльді күйлері белгілі.