Астана төрінде өткен Astana Media Week 2025 тек медиа индустрияның техникалық, цифрлық бағыттарын ғана емес, ұлттың рухани тамырын да сөз етті. «Классикпен кездесу. Төлен Әбдік феномені» атты жүздесуде Қазақстанның халық жазушысы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдік қазіргі қазақ қоғамының тарихи санасы, әдебиетке көзқарасы, тирандық культке әуестік және Алаш мұрасының орны туралы кесек ойларын ортаға салды. Бұл сөз – бір кештің әсерлі лекциясы ғана емес, бүгінгі тарихи жадымен жұмыс істейтін ғалымға да, журналиске де, жазушыға да арналған ашық үндеу іспетті.
Әдебиет пен тарих: шекарасы айқын екі кеңістік
Төлен Әбдік әңгіме арасында тарихи роман, тарихи эпос, “қазақтың даңқты өткенін қайта тірілту” деген ұрандармен жазылған дүниелерге бірден тоқталады. Біз көбіне мұндай шығармаларға елдік рухтың белгісі ретінде қарап үйренгенбіз. Бірақ жазушы мұнда қауіпті тұсты көреді. Ол – әдебиетке тарихтың орнына жауап жүктеу.
Тарих пен әдебиеттің заңы басқа-басқа
«Бірақ мына бір затты түсінуіміз керек: әдебиет тарихты жасай алмайды. Тарихты тарих ғылымы ғана жасайды. Әдебиеттің рөлі бөлек».
Бұл сөздің астарында бүгінгі үрдіске деген сын жатқаны белгілі. Жазушы мұнда соңғы жылдары тарихи тұлғаларды, ортағасырлық кезеңді, хан-сұлтандарды, жауынгерлерді “қалпына келтіру” мақсатында жазылған шығармаларда көбіне моральдық өлшемнен гөрі мифологиялық романтика басым екенін айтқысы келген болу керек. Өйткені, шынымен де, тарихи фактілерге сүйенеміз деген ниетпен кейде тарихты тазартып, қайта монтаждап, ұлтқа “ыңғайлы” нұсқа ұсынуға ұмтылу бар екен ешкім теріске шығармаса керек.
Әдебиетке мұндай жүкті арту, жазушының ойынша, шындыққа да, ұрпақтың санасына да жасалған әділетсіздік. Әдебиет, оның түсіндіруінше, тарихи құжат емес, адамның ішкі жан дүниесін зерттейтін, ар мен ұят, әділдік пен зұлымдық, сатқындық пен адалдық сияқты түйіндерді қозғайтын кеңістік. Жазушының шекспирді мысалға алуы да сондықтан, яғни тарихи оқиғалар бар, бірақ бастысы – адам.
Тирандарды көкке көтеру – қауіпті ойын
Кездесудің ең өткір тұстарының бірі – қазіргі қоғамдағы “қаһармандарды” таңдау мәдениеті туралы айтқандары.
Жазушы тарихтағы зорлық иелерін, отарлаушыларды, қанға батып шыққан қолбасшыларды “ұлылық” деңгейіне көтеру үрдісін қатты сынға алады. Ол мұндай романтизацияның түбі идеологиялық, тіпті қауіпті ағымдарға апаратынын ескертті.
Төлен Әбдік бұл жерде бір ғана моральдық өлшемді алға тартады. Ол – зорлықты ақтамау, қырып-жоюды мақтан етпеу, “қанды қолды” ұлттық символға айналдырмау.
Оның айтуынша, Шыңғыс хан секілді тарихи тұлғалардың төңірегіндегі әсіре мадақ, тұтас өркениеттерді жойған, халықтарды жер бетінен өшірген жорықтарды әділ сынның орнына мақтанышқа айналдыру – “үлкен қате көзқарас”.
Бұл ой қазақ оқырманына тікелей бағытталған. Себебі біз кейде тарихи күйзелісті де, қантөгісті де “даңқ” ұғымымен жұптастырғымыз келеді. Төлен Әбдікше, бұл – халықты шынайы тарихи сабақтан алыстататын, моральдық жауапкершіліктен алыстатын жол. Тарихты түсіну тек “кім жеңді?” деген сұрақ емес, “кімге, не істедік, қандай баға береміз?” деген сұрақ болуы тиіс.
Алаш – тарихи және рухани бағдар
Жазушы тарихты бағалаудағы ең берік өлшемнің бірі ретінде Алаш қозғалысын атады.
Ол өткенге көз жүгірткенде, романтикалық “алтын ғасыр” іздеудің орнына, ұлтты саяси субъект ретінде ойлаған, мемлекеттілік үшін жанын қиған тұлғаларға қарауды ұсынады. Төлен Әбдік үшін бұл – эмоциялық таңдау емес, тарихи жауапкершіліктің принципі.
«Біздің өткен тарихты еске алған кезде біздің бір үлкен нық бағдарымыз (ориентиріміз) бар. Ол – Алаш, айналайындар! Қиялилықты қою керек. Бүгінгі біз үшін ең қымбат нәрсе не: ұлттың тағдыры. Бүгінгі ұлт қалай ел қатарына қосылады, қалай көштен қалмай, өркениет елдердің сапына кіреді? Осыдан басқа құнды тақырып жоқ. Осы төңіректе халыққа айтатын ақылың болса, айт. Ал бірақ баяғы орта ғасырды керемет қылып, сол орта ғасырда біздің қазақ халқының бір керемет бақытты өмір сүргеніндей, осы қияли бір идеяларды айту деген – бұл жақсы нәрсе емес. Қазақ ешқашан да жақсы өмір сүрген жоқ. Арғы тарихтағы – Ақтабан шұбырынды, бергі тарихтағы – үш жүз жылдық отарлық система. Қайдағы ол бақытты өмір? Қазақ ешқашан да өз-өзін билеп көрген жоқ. Соның бәрін Алаштық азаматтар айтып кеткен. Алаштық азаматтар сол үшін жандарын қиып, ұлттық проблеманы саяси тұрғыда күн тәртібіне қойған адамдар. Сол үшін жандарын берген адамдар. Біз бүгін біреуді көкке көтеретін болсақ, тек Алаштың азаматтарын көтеруіміз керек. Егер біз тарихты екіге бөлсек «Алашқа дейінгі тарих», «Алаштан кейінгі тарих» деп айтуымыз керек. Менің негізгі ұстанымым осы».
Бұл пайым қазіргі тарихи дискурста жиі ұмытылатын шындықты еске салады: ұлттың еркіндігі, тілі, жері, мемлекеттілігі жайлы сұрақтарды ең алдымен күн тәртібіне шығарған – Алаш зиялылары. Ендеше бүгін “кімді үлгі тұтамыз?” деген сауалға жауап іздегенде, миф пен сериалға емес, солардың саяси ерлігі мен интеллектуалдық бағдарламасына қарау – логикалық заңдылық.
«Тарих – қатал. Бірақ тарих – әділ»
Төлен Әбдік тарихтың уақыт өте келе бәрін орнына қоятын әділ күш екенін айтып, репрессия құрбаны болған Алаш арыстарының тағдыры арқылы мысал келтірді.
Бұл жерде ол жалғыз өткенді жоқтау емес, ұлттық жадының беріктігіне сенім туралы айтады. Яғни халық тірі болса, шындық та тірі.
«Тарих – қатал. Бірақ тарих – әділ. Қалай болғанда тарих жақсы атты алып шығады. Мысалы, кешегі Алаштың азаматтары шетінен, қырылып, атылып жатқан кезде, жұрт: «Бұлар енді мәңгілікке тұтылды», - деп ойлаған болуы мүмкін. Халық тірі болса бәрібір олай болмайды екен. Солардың бәрі қайтадан тірілтті. Қазір бізге сол Алаштық азаматтардан қымбат ешкім жоқ».
Қазіргі зерттеушінің, журналистің, мұғалімнің міндеті – Алаштың есімін тек тізім ретінде емес, бағдар ретінде ұсыну.
Гуманизм – ұлттың да, әлемнің де қауіпсіздік коды
Жазушының тарихи пайымының тағы бір өзегі – гуманизм. Ол соғыстардың, отарлаулардың, авторитарлық идеологиялардың, популизмнің тамырын “ұлттық мүдде” деген ұранды абсолюттендіруден көреді.
Черчилльдің “мәңгілік дос та, мәңгілік дұшпан да жоқ” деген сөзі әлемдік саясаттың бір кезеңін сипаттаса, Төлен Әбдік қазіргі заманда бұл формула өзгеруі тиіс дейді: тек ұлттық мүддені шексіз үстем қою – қақтығыстардың қайнар көзі.
Осыдан барып ол жастарға бағытталған талап қояды. Яғни: ұлтшылдықты емес, гуманизмді биік қою, өзгенің құқығын мойындау, зорлықты ақтамайтын ұстаным қалыптастыру.
«Сондықтан, әсіресе, біздің жастар гуманист болуы керек. Гуманизм деген бұл – адамдардың өмірін, құнын, хақын, бостандығын ең жоғарғы құндылық деп тану. Гуманизм – адамға деген сүйіспеншілік, сол арқылы жер бетіндегі тек соғысты, текетірестерді тоқтату. Ал керісінше баяғы тирандарды көкке көтеріп, олардың жасағанды қылмыстарын насихаттағымыз келетін болса, онда бұл басқа бағыт. Жалпы үлкен зұлымдықты кінәламау, айыптамау – қатер. Сол зұлымдықтың өзін кінәламайтын адам – өзі де сол зұлымдыққа жаны жақын деген сөз. Біз жастарды бұдан сақтандыруымыз керек».
Бұл гуманистік принцип – Төлен Әбдік түсінігіндегі әдебиеттің де, тарихты танудың да түпкі өлшемі.
Әдебиеттің миссиясы және тарих алдындағы адалдық
Astana Media Week аясындағы бір ғана кездесу, шын мәнінде, жылдар бойы тыныш қалып келген сұрақтарды қайта қозғады. Ол: тарихты кім жазады? Әдебиет не істей алады? Біз кімдерді дәріптеп жүрміз? Ұрпаққа қандай өлшем ұсынамыз?
Төлен Әбдіктің жауабы анық:
– Тарихты ғылыми жауапкершілікпен жазу керек;
– Әдебиет адамгершілікті қорғауы керек;
– Алаш – біздің тарихи және моральдық бағдарымыз;
– Тирандарға табыну – қауіпті;
– Жастарды гуманизм рухында тәрбиелеу – ұлттың қауіпсіздігі.
Осы тұрғыдан алғанда, классик жазушының сөзі тарихқа да, ұлт санасына да талап қоятын манифест ретінде қабылданады.