Ulytau Geo бағдарламасының жаңа шығарылымы – ұлт тарихының алтын қазығына айналған өңірге саяхат жасайды. Ұлытау – қазақ хандарының таққа отырған, ел тағдыры шешілген қасиетті мекен. Дәл осы жерде ел бірлігінің нышанына айналған Абылай хан ақ киізге отырғызылған, ал ұлы жорықтың алдында Ақсақ Темір өз сарбаздарын жинап, Ұлытауда дайындық жасаған деген деректер бар. Бұл өңір – шежіреге толы дала. Мұнда әр қырат пен әр төбенің өз аңызы, өз тарихы бар. Ulytau Geo жобасында біз сол киелі орындарға барып, халық жадында сақталған сырлы оқиғаларды баяндайды.
Ұлытау облысы – үш жүздің басы қосылған, бірліктің туы желбіреген тарихи өлке. Тым көне замандардың өзінде өңірді ел мекендеп, құтты қоныс еткен. Ұлытау тарихы ғасырлардың терең қойнауына кететін, ел басына күн туған шақтарда халқымызға пана болған, хандарымыз ақ боз ордаларын тіккен, билеріміз бен батырларымыз бастарын қосып, ел болып ғұмыр кешудің келелі мәселелері шешкен ұлт ұясы. Белгілі тарихшы ғалым П.Н.Савицкийдің: «Қазақстанның інжу-маржаны Ұлытау қандай керемет! Мұғалжар қандай ғажап!... Бұлардың бәрі – байтақ даладағы қорықтар, жай ғана дамудың орталықтары емес, этностардың өсіп-өну орталықтары, «киелі орындардың» ең бір құдіреттілері», деп баға берген болатын.

Академик Әлкей Марғұлан дәл осы жерде хандарды ақ киізге көтерген болуы мүмкін деген тұжырым айтады. Қызметшілер мен нөкерлер тұрған орындар да осы маңнан табылған деген болжам бар. Ал Қаныш Сәтбаев өзінің «Қарсақпай ауданының күйі» атты мақаласында Ұлытаудың осы беткейінде Кенесары ханды Шеген бимен бірге ақ киізге көтергенін, тіпті Абылай хан үш жүздің басын қосқан тарихи орда да осы жер болуы ықтимал екенін жазып кеткен.

Оқи отырыңыздар: Анығында Алаша хан кім еді?
Ұлытау – түркі, қыпшақ, қазақ өркениеттерінің алтын күретамыры. Бұл өлкеде Қазақ хандығының іргетасы қаланды. Керей мен Жәнібек бастаған хандық дәстүр, Қасым ханның «Қасқа жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» осы аймақта толыққан. XIX ғасырдың 30-жылдары дәл осы Ұлытау жотасында – Хан төбеде – Кенесарыны Орта жүз игілері ақ киізге отырғызып, хан көтерді. Ұлытаудағы Таңбалы тас – бұл қазақ халқының ру-тайпа таңбалары мен елдік ұраны тасқа қашалған тарихи «конституция». Бұл жерде Орыс хан, Құйыршық хан, Барақ хан, Керей мен Жәнібек есімдері жазулы тұр. Академик Әлкей Марғұлан Таңбалы тасты: «Ұлттың тасқа түскен түпнұсқасы» деп бағалаған.

Ұлытау өңірі – тарихи өңір, тарихи белгі – бедерлерге бай аймақ. Өйткені бұл өңір қазақ этносының қалыптасу, даму, кемелдену оқиғаларының алып сахнасы болған. Жер қайнауына жасырынған тас дәуірінен, қола дәуірінен қалған белгілер, жер үстіне орналасқан мазарлар, балбал тастар, обалар, қорған, тұрақ орындары - сол тарихи оқиғалардың таңбалары. Талдысай, Сорқұдық, Милықұдық жерлері ерте замандардағы кен өндіру ісінің ошағы, Алаша, Домбауыл, Жошы, Дүзен, Ерден мазарлары, Орда-Базар қалашығы, Алтыншоқыдағы Әмір Темір тасы — Ұлытау тарихының нақты айғағы. Әмір Темір 1391 жылы жорық алдында осы жерде тастан белгі қалдырған. Бұл белгі күні бүгінге дейін сақталған. Ұлытау – жай ғана куә емес, оқиғаның өзі. Мұнда қазақтың елдік идеясы таспен таңбаланып қалған.

Айта кетер болсақ, үстіміздегі жылы «Qazcontent» акционерлік қоғамы Ulytau Geo жобасын түсіруді қолға алған. Жобаның басты мақсаты – Ұлытаудың кенді өңір ретіндегі маңызын ғана емес, сонымен қатар тарихи және рухани орталық ретіндегі құндылығын кеңінен таныту. Сондай-ақ фильм аймақтың киелі орындарын насихаттап, туризмді дамытуға және жастардың тарихқа қызығушылығын арттыруға бағытталған.Деректі фильм жеті бөлімнен тұрады. Онда Жошы хан, Алаша хан кесенелері, Хан ордасы, Әулиетау (Ақмешіт) сияқты қасиетті орындар мен Ұлытау ауылының қазіргі бейнесі қамтылған.Фильмде Ұлытау облысының өткені мен бүгінгі келбеті астасып, шахтерлердің өмірі мен наным-сенімдері, Қаныш Сәтбаевтың ғылымдағы мұрасы, сондай-ақ геология мен мәдениеттің өзара байланысы жайлы тың деректер ұсынылады.


Топтаманың алғашқы сериясы – «Дәуір көрген – Қарсақпай. Алғашқы табылған мыс» деп аталады. Ол Қазақстан металлургиясының бастау алған жері Қарсақпайға арналады. Екінші шығарылым - Қаныш Сәтбаевқа арналды. Бұл шығарылымда біз жас Қаныш Сәтбаевтың Жезқазғанға алғаш келген кезін әңгімелейміз. Ulytau Geo жобасының үшінші шығарылымында бағдарлама жүргізушілері 500 метр тереңдікке түсіп, шахтерлердің өмірін көрсетеді әрі қызықты деректермен бөліседі.
Фото авторы: e-history.kz