Өзбекстанның Ташкент облысында «Жазғы тарихшылар оқулары-2025» атты халықаралық жас тарихшылардың жиыны өтті. Бір аптаға жалғасқан лагерь – Орталық Азия жас тарихшылары мен зерттеушілерін бір алаңға тоғыстырып, тәжірибе алмасуға, тарихи сананы жаңа деңгейде дамытуға бағытталған ерекше ғылыми-танымдық жоба болды.
Ғылыми танымдық лагерге Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркиядан 150-ге жуық жас ғалымдар шақырылды. Әр елден келген қатысушылар өз елдеріндегі тарих ғылымының қазіргі жағдайы жөнінде пікір алмасты. Қазақстаннан Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың жас тарихшы ғалымдары қатысты.
«Жазғы тарихшылар оқулары – 2025» жазғы жас тарихшылар лагері Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Бостандық ауданы Шымған ауылында өтті. Халықаралық жиын 17-24 тамыз күні Шымған ауылында басталып, ресми ашылу салтанаты өтті. Жоба ұйымдастырушылары Орта Азия елдерінен келген қонақтарды қарсы алып, жобаның мақсат-міндеттерін таныстырды. Қатысушылар Шымғанның табиғатын, тау бөктеріндегі таза ауа мен тыныш ортаны тамашалап, ғылыми жұмыстарға да, мәдени шараларға да қатысуға мүмкіндіктер берді.
Жеті күнге созылған іс-шара барысында өз саласының білгір тарихшы-ғалымдар дәрістер оқып, пікірталастар мен мастер-класстар өткізілді. Жазғы оқулардың ашылуында сөз сөйлеген Тарих институты директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Дилноза Жамолова елімізде жүргізіліп жатқан реформалар аясында ғылым мен жастарға көрсетіліп отырған қамқорлық нәтижесінде ұйымдастырылып отырған бұл 4-жазғы оқулардың басты мақсаты – еліміздегі және бүкіл Тұран, Түркістан жас тарихшыларын біріктіріп, ортақ тарихты зерттеуді жаңа сатыға көтеру және жас ұрпақты осы жолда топтастыру екендігін атап өтті.
Одан кейін тарихшы ғалымдар мен бауырлас елдер өкілдері өзара ынтымақтастықты қолдау, мұндай жазғы оқулардың Орта Азияда алғаш рет өткізіліп жатқаны және оны одан әрі кеңейту қажеттігі туралы пікірлерін білдірді. Алғашқы сабақты тарих ғылымдарының докторы, профессор Шополат Шайдуллаев жүргізді. Ол “Ежелгі Тұран халқы арасында ойлау қабілетінің пайда болуы: материалдық деректер, жаңа көзқарастар, тарихтың оқылмаған беттері” тақырыбында дәріс оқыды. Дәрісте адам ойының қалыптасу үдерісі, Ежелгі Тұран әлемнің алғашқы идеялық орталықтарының бірі болғаны, археология саласындағы ізденістер, бар проблемалар мен олардың шешімдері, сондай-ақ көне дәуірдің өзбек мемлекеттілігі тарихындағы маңызы туралы жан-жақты ойлар айтылды. Шеберлік сабағы барысында жас тарихшылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ғалымнан жауап алу мүмкіндігіне ие болды.
Екінші шеберлік сабағын тарих ғылымдарының философия докторы, доцент Одилжон Хамидов өткізді. Ғалымның “Тұранның біздің заманымызға дейінгі VI–IV ғасырлардағы материалдық мәдениеті мен діни дүниетанымы” тақырыбындағы дәрісі жаңалықтарға толы болды. Атап айтқанда, жас тарихшылар Тұранның Ахемен әулетіне тәуелділік дәуіріне қатысты өзбек тарихнамасында әлі зерделенбеген жаңа деректермен, көне тілдердегі бай мұрағаттармен, археологиялық ескерткіштер мен халық ауыз әдебиеті үлгілерімен, сондай-ақ діни көзқарастардың Тұран жерлерінен Иран аумағына сіңірілгеніне байланысты тың мәліметтермен танысты.
Дәрістер мен шеберлік сабақтарымен қатар жас тарихшылар спорттық ойындар, дене шынықтыру жаттығулары, мәдени шаралар және көңілді демалыстар арқылы да уақытын тиімді өткізуде. Спорттық сайыстар, мәдени бағдарламалар мен ашық ауадағы серуендер жастарға тек білім ғана емес, жаңа достар, ұмытылмас сәттер мен жағымды көңіл-күй сыйлауда.
Келесі күні, шеберлік сабағын тарих ғылымдарының докторы Шерзодхон Махмудов өткізді. Ғалым “Түркістан хандықтары тарихын зерттеуде жаңаша көзқарастар” тақырыбында дәріс оқып, тарихи деректерге заманауи ғылыми тұрғыдан қараудың маңызы, деректерден мәлімет алудың және оларды өзара салыстырудың әдістері, саяси әрі әлеуметтік-экономикалық тарихты жүйелеу, сондай-ақ хандықтар дәуірінің өзіндік ерекшеліктері мен тарихи үдерістерді ортақ өңірлік контексте зерделеу қағидаттары туралы жан-жақты ойлар айтты. Сабақ барысында жас тарихшылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алу мүмкіндігіне ие болды.

Тарих ғылымдарының философия докторы Низомиддин Гулбоевтың лекциясы да лагер қатысушылары үшін қызықты өтті. Ғалым “Тұран әскери ісі тарихына қатысты (XIV ғасырдан ХХ ғасырдың І ширегіне дейін)” тақырыбында дәріс оқыды. Дәрісте Тұран әскери өнерінің қалыптасуы мен дамуы, түрлі дәуірлерде қолданылған соғыс әдістері және олардың тарихи маңызы туралы кең көлемде мәлімет берілді. Әсіресе, Жәлолиддин Маңғубердінің соғыс өнері, Әмір Темірдің әскери саладағы орасан зор тәжірибесі, әскер құру мен қолбасшылық шеберлігі Тұран әскери мәдениетінің ең жарқын үлгілері ретінде ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, XIV–XX ғасырдың басында орын алған саяси үдерістер аясында әскери жүйедегі өзгерістер, қарулану, әскерді басқару, ішкі және сыртқы соғыс тәжірибелері талданды. Сабақ барысында жас тарихшылар әскери тарихқа қатысты қызықты сұрақтар қойып, кең көлемді жауаптар алды.
Жас ғалым, тарихшы Самат Жұматайдың айтуынша, лагердің шеберлік сабақтары жәдитшілік тақырыбына арналды. Тарих институты директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Дилноза Жамолова — “Жәдитшілік ұлттық қозғалысы: мақсаты, тарихы, сабақтары” тақырыбында дәріс оқыды. Дәрісте жәдитшілік ұлттық қозғалысының отан тарихындағы орны, жәдиттердің халықты ағартуға, заманауи білімдерді таратуға және ұлттық ояну идеяларын насихаттауға бағытталған талпыныстары кеңінен қамтылды. Ғалым әйел жәдиттердің Түркістан халықтарын өркениетке жетелеуді, тәуелсіз ойды қалыптастыруды басты мақсат еткендерін, сондай-ақ кеңес өкіметінің жәдиттерге деген көзқарасы, оларды саяси алаңнан ығыстыруы мен қуғын-сүргінге ұшыратуы жайында да маңызды тарихи деректер келтірді. Сабақ барысында жас тарихшылар жәдитшілік қозғалысының сабақтары, оның бүгінгі күн үшін өзектілігі мен атқаратын орны туралы сұрақтар қойып, талдамалы жауаптар алды.
Өзбекстан Ғылымдар академиясының Тарих институтының докторанты Асадулло Хасанов — “«Milliy Ittihod» ұйымы және оның тәуелсіздік қозғалысындағы орны” тақырыбында дәріс оқыды. Дәрісте «Milliy Ittihod» ұйымының құрылуы, негізгі мақсаттары мен қызмет бағыттары, истиқлолшыл (тәуелсіздікшіл) идеялары, сондай-ақ ұйымның жәдитшілік қозғалыспен идеялық үндестігі туралы кең көлемді мәлімет берілді. Ғалым Түркістан өлкесінде ұлттық азаттық идеяларының қалыптасуы және олардың нақты тарихи жағдайларда қалай дамығанын ғылыми тұрғыдан талдады. Сабақ барысында жас тарихшылар ұйымның тарихи маңызы, тәуелсіздік жолындағы күрестегі орны және оның тағылымдары жөнінде қызықты сұрақтар қойып, жан-жақты жауаптар алды.
Философия докторы Сурат Кубаев “Тұран әскери ісі тарихына қатысты (ең көнеден XIII ғасырға дейін)” тақырыбында дәріс оқыды. Дәрісте Тұран өңірінде ежелгі заманнан қалыптасқан әскери өнер мен оның дамуы, жауынгерлік әдістер, әскер құрылымы және қолбасшылық дәстүрлері кеңінен қамтылды. Әсіресе археологиялық олжалар арқылы көне қорғандар, қорғаныс дуалдары, бекіністер және олардың өз дәуіріндегі стратегиялық маңызы жөнінде жан-жақты мәлімет берілді. Сабақ барысында жас тарихшылар көне қорғандар мен бекіністердің өзіндік ерекшеліктері, жауынгерлік өнердің қалыптасу алғышарттары, Тұран дәуіріндегі әскерді басқару тәжірибесі туралы қызықты сұрақтар қойып, егжей-тегжейлі жауаптар алды.
Ғалым, тарих ғылымдары бойынша философия докторы Жуманияз Сангиров "Аштархан әулеті дәуірінің деректерін зерттеу” тақырыбында дәріс оқыды. Дәрісте Аштархан әулеті кезеңіне қатысты негізгі деректерді дұрыс айқындау, оларды өзара салыстыру, кейінірек жазылған мәтіндердің ықпалын ажыратып көрсету, мұрағат қорларының маңызы, бұрынғы ғылыми қорытындылардың сенімділігін бағалау, сондай-ақ карталардың Тұран тарихын қалпына келтірудегі орны жан-жақты баяндалды.

Тарих институтының кіші ғылыми қызметкері Ислам Бөриев “Бірінші Ренессанс дәуіріндегі астрономия және математикалық құрал-жабдықтар” тақырыбында өткізді. Дәрісте Бірінші Ренессанс кезінде Тұран аймағында қалыптасқан ғылыми мектептер, жұлдыздарды бақылау мен өлшеу әдістері, теория мен тәжірибенің үйлесімі жан-жақты баяндалды. Әсіресе, устурлоб (астролябия), рубʻ (квадрант), сақиналы аспан шары (армиллярлық сфера), күн сағаттары, қабырға бұрыш өлшегіш секілді аспаптардың құрылысы, жұмыс тәртібі және тарихи қолданылуы талданды. Сонымен қатар, жұлдыз карталары, зиждер (астрономиялық кестелер), тригонометриялық есептеулер мен сызбашылық құралдардың (циркуль, сызғыш) ғылыми дәлдікті қамтамасыз етудегі орны мысалдар арқылы түсіндірілді.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Адхам Аширов “Өзбек этнологиясының жағдайы, дамуы және мәселелері” тақырыбында өткізді. Дәрісте өзбек этнологиясының қазіргі жағдайы, зерттеу бағыттары, жаңа ғылыми нәтижелер және олардың ұлттық тарихты тереңірек зерделеудегі орны туралы сөз қозғалды. Әсіресе заманауи этнологиялық зерттеулерді деректану, археология, антропология, тіл білімі сияқты салалармен ұштастыру қажеттігі, сонымен бірге ғылыми ізденістерде кездесіп отырған мәселе мен кедергілер және оларды шешу жолдары жан-жақты талданды. Сабақ соңында этнология ғылымының өзекті мәселелері бойынша ең үздік сұрақтар қойған жастарға кітаптар сыйға тартылды.
Лагерге қатысқан тарихшы Самат Жұматайдың ақпаратынша, жастар мінбері аясында – “Заковат” ойыны ұйымдастырылды. Барлығы 13 команда қатысқан ойын тартысты өтіп, 3 сағатқа созылды. Ойын соңында өте аз ғана айырмашылықпен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, естелік сыйлықтармен марапатталды. Нәтижеге сәйкес:
1-орын – “Уфқ” командасына;
2-орын – “Жәдидтер” және “Авангард” командаларына;
3-орын – “Қазақстан жас тарихшылары” командасына бұйырды.
Тарих институты мен Жастар істері агенттігінің бірлескен “Жас тарихшылардың 4-жазғы оқуларының” жабылу рәсімі болып өтті. Іс-шараны Тарих институты директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Дилноза Жамолова ашып берді. Өз сөзінде ол барлық жастарды құттықтап, жазғы оқулардың негізгі ұйымдастырушылары – Тарих институтының директоры, академик Азамат Зиё мен Жастар істері агенттігінің басшысы Алишер Садуллаевқа алғысын жеткізді. Шара барысында Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстандық жас тарихшы ғалымдар оқулардың мазмұнды өткенін, өздерінің білімдері мен тәжірибелері жаңа деңгейге көтерілгенін және жаңа достық байланыстар орнатылғанын атап өтті. Іс-шара соңында жазғы оқулардың қатысушылары сертификаттар мен естелік сыйлықтармен марапатталды.
Бұған дейін хабарлағандай, Ташкент облысында «Жазғы тарихшылар оқулары-2025» атты халықаралық жас тарихшылар жиыны басталды. Бұл бастама – Орталық Азия жас тарихшылары мен зерттеушілерін бір алаңға тоғыстырып, тәжірибе алмасуға, тарихи сананы жаңа деңгейде дамытуға бағытталған ерекше ғылыми-танымдық жоба болмақ.