Беларусь астанасында ТМД елдері жас ғалымдарының қатысуымен жазғы мектеп ресми түрде ашылды, деп хабарлайды e-history.kz порталы.
Биылғы жазғы мектеп тақырыбы екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығына арналып отыр. Жас ғалымдардың басқосуына Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Өзбекстан, Әзербайжан және Армения мемлекеттерінің тарихшылары қатысып жатыр. Халықаралық жиынға Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Константин Черепанов, жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Фархат Лебаев және ХХ ғасырдағы Қазақстан бөлімінің қызметкерлері Ержан Куркеев пен Айжан Досқараева қатысуда.
Тақырыптық жазғы мектептің ашылуында Беларусь Республикасы ҰҒА Президиумының төрағасы Караник Владимир Степанович құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Беларусь ҰҒА Тарих институтының директоры Вадим Леонидович Лакиза іс-шараға модераторлық етіп, қатысушы тараптарға өзі басқарып отырған институтта жарық көрген кітаптарды сыйға тартты.

Жазғы мектеп барысында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей, Армения және Белорусь мемлекеттерінің тарихшы-ғалымдары дәрістерін оқыды. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ХХ ғасырдағы Қазақстан бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Константин Владимирович “Казахстан и казахстанцы в Великой Отечественной войне” тақырыбына баяндама жасады.
Бағдарламаның келесі бөлігі «Хатынь» мемориалдық кешенінде жалғасын тапты. Бұл жерде қатысушылар екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өртке оранып, тұрғындары толықтай қаза тапқан 186 ауылдың қасіретін еске алып, қаза тапқандар рухына тағзым етті. Заманауи технологиялар негізінде жасақталған мемориалдық кешен қатысушыларға терең әсер қалдырды.

Жазғы мектептің келесі күні Беларусь Республикасының Ұлттық архивінің мәжіліс залында баяндамалар жасалды. Сондай-ақ, қатысушылар архив жұмысы және оның қорларымен танысты. Бағдарламаның екінші бөлігі Минск қаласындағы Ұлы Отан соғысы тарихына арналған Белорусь ұлттық музейінде өтті.
Осындай іс-шаралар жас ғалымдардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, шетелдік ғалымдармен байланыс орнатуына үлкен мүмкіндік тудырары анық.
Бұған дейін хабарлағандай, Ташкент облысында «Жазғы тарихшылар оқулары-2025» атты халықаралық жас тарихшылар жиыны басталды. Бұл бастама – Орталық Азия жас тарихшылары мен зерттеушілерін бір алаңға тоғыстырып, тәжірибе алмасуға, тарихи сананы жаңа деңгейде дамытуға бағытталған ерекше ғылыми-танымдық жоба болмақ.