Өзбекстанда Орталық Азия жас тарихшыларының лагері басталды

18.08.2025
1733
Өзбекстанда Орталық Азия жас тарихшыларының лагері басталды - e-history.kz

Ташкент облысында «Жазғы тарихшылар оқулары-2025» атты халықаралық жас тарихшылар жиыны басталды. Бұл бастама – Орталық Азия жас тарихшылары мен зерттеушілерін бір алаңға тоғыстырып, тәжірибе алмасуға, тарихи сананы жаңа деңгейде дамытуға бағытталған ерекше ғылыми-танымдық жоба болмақ. 

Ғылыми танымдық лагерге Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркиядан 40-тан астам жас ғалымдар шақырылды. Әр елден келген қатысушылар өз елдеріндегі тарих ғылымының қазіргі жағдайы жөнінде пікір алмасады. Қазақстаннан Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың жас тарихшы ғалымдары қатысып жатыр.

«Жазғы тарихшылар оқулары – 2025» жазғы жас тарихшылар лагері Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Бостандық ауданы Чимган ауылында өтуде. Халықаралық жиын 17 тамыз күні Чимган ауылында басталып, ресми ашылу салтанаты өтті. Жоба ұйымдастырушылары Орта Азия елдерінен келген қонақтарды қарсы алып, жобаның мақсат-міндеттерін таныстырды. Қатысушылар Чимганның табиғатын, тау бөктеріндегі таза ауа мен тыныш ортаны тамашалап, ғылыми жұмыстарға да, мәдени шараларға да қатысуға мүмкіндіктері бар. 

Жеті күнге созылатын іс-шара барысында өз саласының білгір тарихшы-ғалымдар дәрістер оқып, пікірталастар мен мастер-класстар өткізеді.

18 тамызда профессор Шополат Шайдуллаев «Тұранның көне тұрғындарындағы ойлаудың қалыптасуы» тақырыбында тың деректерді ортаға салады. Ал философия ғылымдарының докторы Одилжон Хамидов VI–IV ғасырлардағы материалдық мәдениет пен діни дүниетаным мәселелерін талдайды.

19 тамызда тарихшы Шерзодхон Махмудов Түркістан хандықтарының тарихына жаңа көзқарастар ұсынады. Жуманйоз Сангиров Аштархан әулеті кезеңінің деректануына тоқталса, Ислом Бўтиев Бірінші Ренессанс дәуіріндегі астрономия мен математикалық құралдардың маңызын түсіндіреді.

20 тамызда жәдидшілдік қозғалысы кеңінен қарастырылады. Профессор Дилноза Джамолова «Жәдидтік ұлттық қозғалыс: мақсаттары, тарихы, сабақтары» тақырыбында дәріс оқиды. Ал Асадулло Хасанов «Милли Иттиход» ұйымының тәуелсіздік жолындағы күресін таныстырады. Кешкісін өтетін «Жастар трибунасында» қатысушылар ұлттық сана, тәуелсіздік идеясы және қазіргі заман жастарының рөлі жайлы пікірталас жүргізеді.

21 тамызда әскери тарих мәселелері талқыланады. Сурат Кубаев көне дәуірден XIII ғасырға дейінгі әскери істерді сараласа, Низомиддин Гулбоев XIV–XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі соғыс дәстүрлерін баяндайды.

22 тамызда профессор Адхам Аширов өзбек дипломатиясының қазіргі дамуына тоқталады. Түстен кейін жастар арасында «Zakovat» атты интеллектуалды ойын өтеді.

23 тамызда профессор Мухайё Исаева «Ташкенттің Ресей империясы тарапынан жаулап алынуы» тақырыбында баяндама жасайды. Бұл дәрістен кейін «Жазғы оқулардың» ресми жабылу рәсімі өтіп, ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс білдіреді.

Ғылыми бағдарламадан бөлек, жастардың күнделікті өмірін әртараптандыру үшін спорттық жарыстар, мәдени кештер мен танысу ойындары ұйымдастырылады. Бұл шаралар жас буын арасындағы ынтымақты арттырып, бейресми достық орнатуға ықпал етеді.

«Жазғы тарихшылар оқулары – 2025» жобасы ғылыми тұрғыдан да, ұйымдастырушылық жағынан да сәтті өтеді деп күтілуде. Апта бойы жас тарихшылар тек дәріс тыңдап қана қоймай, пікірталасқа қатысып, жаңа идеялармен бөлісетін болады. Бұл бастама – болашақта Орталық Азия елдері арасында ірі ғылыми жобаларға негіз бола алатын маңызды қадам болмақ.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз