
Арқайым – бүгінгі Ресей Федерациясының Челябі облысында, Үлкен Қараған және Өтеген өзендерінің құйылысында орналасқан ерекше археологиялық ескерткіш. ХХ ғасырдың соңында ашылған бұл тарихи кешен бүгінде тек қана Ресей емес, бүкіл түркі әлемі тарихы мен мәдениетін зерттеудегі маңызды нысандардың біріне айналды. Зерттеушілердің басым бөлігі Арқайымды көне түркі өркениетінің бастауы ретінде қарастырады.
Арқайым археологиялық ескерткішінің тарихы
1952 жылдан бастап әскери топографиялық түсірілімдер барысында Оңтүстік Орал даласында ерекше шеңберлер байқалғанымен, ұзақ уақыт бұл нысандар назардан тыс қалған. Ғылыми тұрғыдан Арқайым алғаш рет 1987 жылы Орал-Қазақстан археологиялық экспедициясы тарапынан табылды. Табылған көне қала қалдықтарының жасы шамамен б.з.д. XVIII-XVII ғасырларға жатқызылды. Ал 1971 жылдың маусым айында Орал-Қазақстан археологиялық экспедициясының құрамындағы С.Г.Боталов пен В.С.Мосин бастаған археологтар мен археологиялық үйірмелердің оқушылары алғаш археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген. Археологиялық зерттеулердің себебі – Үлкен Қарағанды су қоймасын салу қажеттілігі еді. Алғашында ғалымдар бұл аймақта елеулі жаңалықтар болатынына күмәнмен қарап, зерттеуді перспективалы емес деп есептеген болатын. Алайда археологиялық отрядтың екі оқушысы, Александр Езриль мен Александр Воронков ерекше жер бедерін байқап, археологтардың назарын аударды. Экспедиция жетекшілері бұған дейін қола дәуірінің, соның ішінде Синташты ескерткішінде жұмыс жасағандықтан, жаңалықтың маңызын бірден бағалай алды.
Арқайымды алғаш зерттегеннен кейін, оның Сынтас қола дәуіріне жататыны анықталды. Бұған дейін В.Ф.Генингтің экспедициясы 1974 жылдан бастап Сынтасты кешенін зерттеген болатын, сондықтан Арқайым ескерткішінің табылған материалдары салыстыру үшін жеткілікті түрде жақсы танылған еді.
Жоспар бойынша бұл археологиялық аймақтың су астында қалуы керек болатын, алайда Эрмитаж директоры академик Б.Б.Пиотровскийдің, Орал бөлімшесінің президиум төрағасы Г.А.Месяцтің және басқа да археолог мамандардың белсенді ұстанымының арқасында су қоймасының құрылысы екі жылға кейінге қалдырылды. Кеңестік кезеңде мұндай шешім бұрын-соңды болмаған еді.
Оқи отырыңыз: Арқайым. Бағзы Түркілер дүниеге әкелген өркениет ошағы
1992 жылдың сәуір айында су қоймасын салу жоспарлары тоқтатылып, Арқайым орналасқан 3300 гектар жер Ресей Министрлер Кеңесінің шешімімен ерекше қорғалатын табиғи-тарихи аймақ ретінде жарияланды. Бұған Кеңес Одағының ыдырауы, мемлекеттік мекемелердің әлсіреуі және қоғам белсенділігінің артуы себеп болды.
Арқайым туралы жалпы түсінік
Қостанай облысы, Жітіқара ауданымен шектес жатқан Челябі облысының Үлкен Қараған, Өтеген және Сынтас өзендеріне жақын төңіректе Арқайым тауы бар. Алғаш Арқайымға экспедициясы жасаған археологтардың бірі, Ресейдің Челябинск мемлекеттік университетінің археология экспедициясын басқарған археолог әрі ғалым Геннадий Борисович Зданович осы маңдағы Арқайым тауының атымен түркі өркениетінің ошағын «Арқайым» деп атаған.

Көне түркі тілінде бұл сөз «арқа», «негіз», «жота» деген мағынаны білдіреді. 1987 жылдан бері Арқайымда кең көлемді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Содан бері бұл археологиялық экскерткішті зерттей келе ондағы қала жұртын 22-ге жеткізіп, оған «Қалалар елі» («Страна городов») деген ат берді. Бұл қалалардың ерекшелігі сол – оның бес мың жылдық тарихы бар. Ғылымда орныққан Андронов мәдениеті б.з.д. ІІ-І ғасырларды меңзесе, «арқайым-сынтас мәдениеті» деген жаңа атауға ие болған жаңалық б.з.д. ІV-ІІ ғасырларды қамтып, тек Оңтүстік Орал мен Қазақстанның қола дәуірінің тарихы ғана емес, күллі Тұранның өткені туралы мүлдем жаңа көзқарас қалыптастыруға алып келді.
Арқайым қалашығы
Арқайым қалашығы – қола дәуіріне жататын шамамен б.з.д. 2200–1600 жылдары салынған деп есептеледі. Қала маңында осы аттас мәдени қорық пен зерттеу орталығы бар. Арқайымның негізгі ерекшелігі – оның өте дәл және күрделі жоспарланған архитектуралық құрылымы. Арқайымның архитектуралық жобасы өте күрделі әрі бірегей. Қала диаметрі шамамен 160 метр болатын екі концентрлі шеңбер түрінде салынған. Сыртқы қорғаныс қабырғасы биіктігі 5,5 метр, ені 5 метр болған және қала сыртынан екі метрлік суға толтырылған ор қоршаған. Қабырғада төрт қақпа орнатылған, олардың орналасуы күннің қозғалысына сәйкес келеді. Қаланың ішкі бөлігі бір сақина тәрізді көшеден және екі қабырғалы тұрғын үй-жайлардан тұрады. Тұрғын үйлер лимонның тіліндей бір-бірімен үйлесіп салынған, жалпы саны сыртқы шеңберде 35, ішкі шеңберде 25. Қаланың ортасында шамамен 25×27 метрлік төртбұрышты алаң орналасқан, мұнда әртүрлі рәсімдер өткізілген. Қала ішінен тұрғын үйлер, ұстаханалар, қыш шеберханалары табылған.
Арқайымның негізгі қонысында 70-ке жуық тұрғын үй болған. 30-ға жуығы қазылды. Арқайым кешеніндегі үйлер трапеция пішінді, жер бетіндегі құрылыс түрінде салынған, ауданы 110-180 м². Олар ортақ ұзын қабырғалармен байланысқан. Үйлердің ішінен ошақтар, пештер, құдықтар мен қоймалардың қалдықтары табылған. Сонымен қатар металлургиялық өндірістің іздері анықталған. Қалашықтың қызметі туралы әртүрлі болжамдар айтылған. Ол әскери қорғаныс бекінісі, металлургиялық, сауда-саттық немесе діни рәсімдер орталығы болуы мүмкін деген пікірлер бар.
Қалашықтан қыш ыдыстар сынығы, тастан, сүйектен жасалған бұйымдар, мыс және күшәлалы қоладан құйылған жоңғыштар, пышақтар, біздер мен алуан түрлі әшекейлер табылды. Арқайымның солтүстік-шығысынан 1-1,5 км жерде Үлкен Қараған қорымы орналасқан. Мұнда жерлеу мен құрбандық шалатын орындар табылған. Жерлеу орындарының тереңдігі 3,5 метрге дейін жетеді, оларда адам мен жануар сүйектері табылған.
Арқайымдықтар мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысқан. Арқайым қышының жасалуы Абашев мәдениеті кезінде, Қима мәдениетінің алғашқы кезеңінде, Солтүстік Қазақстандағы Петров, Алакөл мәдениеттері кезінде жасалған ыдыстарға ұқсайды. Бұдан арқайымдықтардың ата-тегі бірнеше этникалық топтардан құралғанын көруге болады. Арқайым көлемі, құрылымдық сипаты, ғылыми деректерінің молдығы мен маңыздылығы жағынан тарих, археология ғылымдары үшін маңызды ескерткіш.
Арқайым және түркілердің арғы тегі
Арқайым тұрғындарының этникалық құрамы туралы нақты бір пікір әлі күнге дейін даулы. Алайда археологиялық және этнографиялық зерттеулер бұл жердің ежелгі түркі халықтарының ата-бабалары мекендеген аумақ екенін көрсетуде. Түркі халықтарының аңыздары мен эпостарында да осы өңір туралы деректер кездеседі. Белгілі ғалым Л.Н. Гумилевтың пікірінше, Арқайым жеріндегі ежелгі мәдениет көшпенді түркілердің қалыптасу процесінде маңызды орын алады. Арқайым тұрғындары металлургия мен ауыл шаруашылығын жоғары деңгейде игерген, бұл кейінгі көшпенді түркі мәдениетінің қалыптасуына зор ықпал еткен.
Археологиялық деректер мен зерттеулер
Арқайымда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде көптеген құнды артефакттар табылды. Қыш ыдыстар, зергерлік бұйымдар, қару-жарақ түрлері ежелгі түркі мәдениетінің элементтерімен үндес келеді. Сондай-ақ бұл аймақта табылған жазбалар ежелгі түркі руналық жазуларына ұқсастық танытқан. Ресейлік археологтар Г.Б.Зданович, В.С.Мосин және А.В.Епимаховтардың зерттеулері Арқайымның діни, саяси және әлеуметтік өмірдегі ерекше орнына назар аудартады. Зерттеушілер бұл қаланы ежелгі әлемдегі астрономиялық бақылау орталықтарының бірі деп санайды. Арқайым ғибадатхана әрі обсерватория қызметін атқарған. Қаланың сәулет жоспары аспан денелерінің қозғалысына дәл сәйкес келеді. Арқайымның төрт қақпасы арқылы свастика бейнесі қалыптасады. Свастика – ежелгі күн символы, ол әлем халықтарының көптеген мәдениеттерінде кездеседі және бақыт пен береке символы ретінде саналған. Қаланың энергетикалық ерекшеліктері туралы ғалымдардың пікірінше, Арқайымның энергетикалық ерекшелігі оның тектоникалық жарықтар түйіскен жерде орналасуымен байланысты. Бұл орынның қуатты энергетикалық өрісі рухани дамуға, шығармашылық пен зияткерлік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді деп есептеледі. Сондықтан да ежелгі тұрғындар бұл аймақты кездейсоқ таңдамай, саналы түрде орналастырған.
Қазақстан жеріндегі Арқайым кешендері
Қостанай облысы Денисов ауданының Комаров ауылдық округінде археологиялық маңызы ерекше тарихи орын – Қазақстандық Арқайым орналасқан. Бұл көне ескерткіш аймақтың киелі жерлер картасына енгізілген және Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасы үшін аса құнды әрі бірегей ескерткіштердің бірі болып табылады. Қазақстандық Арқайым қола дәуіріне жататын және рухани қуаттың орталығы саналатын орын.
Қазақстандық Арқайым – Қазақстан аумағында белгілі жалғыз протоқалалық мәдениет ескерткіші. Ол ежелгі үнді-еуропалық тайпалардың қонысы ретінде б.з.д. III мыңжылдықтың соңы мен II мыңжылдықтың басына жатады.

Бұл ежелгі қонысты алғаш рет ірі тарихи елді мекен деп болжап, назар аудартқан – Комаров орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі, өлкетанушы Валерий Васильевич Мыльцев. Оның бастамасымен бұл аймаққа 1990 жылы ғалым Виктор Николаевич Логвин келіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сол кезде ол қазақ тарихы мен мәдениеті ескерткіштерін қорғау қоғамының Қостанай облыстық кеңесінің археологиялық ескерткіштер секциясының төрағасы болатын. 1992 жылы Қостанай облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы өңірдің археологиялық ескерткіштері туралы анықтамалық жариялап, онда 9 қорған, 6 қорғандар тобы мен 3 қонысты зерттеп сипаттады.
Қазақстандық Арқайымның құрылымы екі қорғаныс қорғанынан, ордан, алаңнан, жауын-шашынға арналған арналардан, бір-біріне жалғасқан шеңбер бойымен орналасқан тұрғын үйлерден тұрады. Бұл жерде ежелгі адамдардың дамыған астрономиялық білімдері мен жазу жүйесінің болғандығы анықталған. Кейбір ғалымдар бұл жерді ежелгі обсерватория деп те сипаттайды.
Ғалым Виктор Николаевич Логвин бұл қонысты Ресейдегі Арқайымға ұқсас болғандықтан, Қазақстандық Арқайым деп атаған. Ескерткіш Ресеймен шекаралас аймақта, Первомайка ауылына жақын орналасқан және Ресейдің Челябинск облысындағы әйгілі Арқайыммен бір ендікте жатыр. Осылайша Қазақстандық Арқайым Орал-Қазақстан далаларындағы өзге ежелгі қалалармен бірге «Қалалар елін» қалыптастырады.
Қазіргі таңда Денисов аудандық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақстандық Арқайымнан табылған қыш ыдыстардың сынықтары, тас және сүйектен жасалған еңбек құралдары, сондай-ақ сирек кездесетін қола бұйымдары тұрақты көрмеге қойылған.
Б. Қыздарбеков “Қазақ халқының ата-мекені және шығу тегі мәселесі төңірегінде” атты мақаласынан:
“Қазақстан территориясындағы көне дәуірге жататын жәдігерлерді тамаша білетін «Туран – колыбель древних цивилизаций» атты монографияның авторы А.Қ.Нарымбаева, бұлтартпайтын фактілердің, мысалдардың негізінде, түсінікті және тартымды тілмен, қазіргі Қазақстан территориясының көне қалалық өркениеттің алтын бесігі болғанын, сонымен қатар, адамдардың да, табиғи апаттардың да, зиянды әсерінен аман қалған, тамаша сақталынған Арқайым қаласы оңтүстік Орал мен Қазақстанның, кеңірек айтқанда, көне Тұранның қола ғасырындағы тарихына, ғалымдарды жаңаша қарауға мәжбүр еткен әлемдік мәдениеттің, көне дәуірдің бірегей ескерткіші болып табылатынын тамаша дәлелдеп бергенін айтқанымыз дұрыс болар”
Шартты түрде Арқайым-Сынтас қала өркениеті деп атаған, бұл мәдениеттің уақыты – б.з.д. IV-II мыңыншы жылдар. Ғалымдардың айтуынша, Арқайым-Сынтас мәдениеті әлемдегі ең көне мәдениет. Ол андронов мәдениетінен 1-2 мың жыл ерте пайда болған. Ол шумер қалалық өркениетінің ізашары болып есептеледі.
Бұл ерекше тарихи орынды Қазақстаннан, Ресейден, Германиядан келген қонақтар жиі тамашалап, оның қайталанбас рухани құндылығын ерекше атап өтеді. Қазақстандық Арқайым – Қазақстан тарихындағы ежелгі мәдениеттер мен өркениеттердің өзара ықпалдастығын, ежелгі тайпалардың технологиялық және рухани жетістіктерін айқын көрсететін маңызды тарихи-мәдени ескерткіш. Бұл орын қазақ даласында ежелгі өркениеттердің дамыған қалалық мәдениеті болғандығының жарқын дәлелі болып табылады.
Арқайым мен түркі әлеміндегі рухани мәдениет
Арқайым тек материалдық мәдениет ескерткіші ғана емес, сонымен қатар рухани мәдениет пен діни түсініктердің қалыптасу орталығы болған. Қалашықтың радиалды жоспарлануы, орталықтағы үлкен алаңның болуы оның астрономиялық және діни-ғұрыптық мақсаттарда қолданылғанын дәлелдейді.
Түркі халықтарындағы тәңіршілдік сенімі, отқа табыну дәстүрлері Арқайым қалашығының құрылымы мен табылған артефакттармен үндестік табады. Мәселен, Арқайымдағы үйлердің орналасуы мен құрылымында тәңіршілдік пен отқа табыну рәсімдеріне арналған кеңістіктер анықталған.
Арқайым ежелгі түркі өркениетінің даму тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде қарастырылады. Бұл кешеннің архитектурасы мен мәдениеті кейінгі түркі халықтарының қала құрылысы, шаруашылық жүргізу тәсілдері мен рухани-мәдени дәстүрлеріне негіз болған.
Арқайым халқының шығу тегі
Палеогенетикалық зерттеулерге сәйкес, Сынтасты мәдениетінің тұрғындары генетикалық тұрғыдан шнурлы керамика мәдениетінің өкілдеріне ұқсас. Олар шығысқа қарай миграция жасап, осы аймақта жаңа мәдениеттің қалыптасуына себеп болған. Сынтасты тұрғындарының Y-хромосомалық гаплотобы R1a, митохондриялық гаплотоптары J1, J2, N1 және U2 екені анықталған. Қазіргі таңда Арқайым мен Сынтасты тұрғындары үнді-иран немесе иран тілді халықтар болғаны туралы нақты тұжырым жоқ, дегенмен бұл ескерткіштер про үнді-иран тілдерін тасушыларға жататындығы кең тараған көзқарас болып табылады.
Мақаламызды қорыта келе, Арқайым – түркі әлемінің ежелгі тарихындағы құнды мұралардың бірі. Ол түркі халықтарының көне дәуірлерден бері сақталып келе жатқан рухани және материалдық мәдениетінің түп-тамыры ретінде зор маңызға ие. Қазіргі таңда бұл археологиялық кешенді зерттеу түркі халықтарының тарихын жаңаша түсінуге және тарихи сабақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Осы бағыттағы зерттеулердің жалғасуы болашақта түркі әлемінің көне тарихына қатысты көптеген жаңа мәліметтердің ашылуына септігін тигізеді.
Арқайым – ежелгі өркениеттің тарихи мұрасы ғана емес, сонымен қатар адамзаттың рухани және ғылыми танымын кеңейтетін ерекше орын. Бұл жерді зерттеу арқылы ежелгі халықтардың дүниетанымы, олардың табиғатпен байланысы және ежелгі ғылым мен рухани мәдениеттің сабақтастығы туралы терең білім алуға болады. Қазіргі таңда Аркаим халықаралық деңгейде танымал, ғылыми әрі рухани туризмнің орталығына айналған маңызды тарихи-мәдени ескерткіш болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Гумилев Л.Н. Древние тюрки. – Москва: Айрис-пресс, 2007.
2. Зданович Г.Б., Мосин В.С. Аркаим – страна городов. – Челябинск, 2008.
3. Епимахов А.В. Южный Урал в эпоху бронзы. – Челябинск: Наука, 2009.
4. Нарымбаева А.К. Туран – колыбель древних цивилизации: научные издания А.К.Нарымбетовой. – Алматы, 2009. 156 б.
5. Қыздарбеков Б. Көне Тұранның ежелгі тарихы (Жаңаша көзқарас). – Монография. Қарағанды. 2013. 59-61 б.
6. Қазақша уикипедия дерегі
Қыран Алтай