Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жамбы ату жайлы жаңа кітап

1401
Жамбы ату жайлы жаңа кітап - e-history.kz

Бекен Қайратұлының «Жамбы ату» кітабы – қазақ халқының дәстүрлі әскери ойындарының бірі саналатын жамбы ату өнері туралы терең зерттеу. Бұл еңбек ұлттық мұра мен тарихты жаңғыртуға арналған әрі аталған спорт түрінің тарихи, мәдени мәнін ашуға тырысқан құнды жұмыс деп білеміз.

Қазақ журналистикасының айшықты қолтаңбасы қалыптасқан сақа журналистің біреуі, көсемсөзші, этнограф Бекен Қайратұлы 5-нші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезінде кезекті жаңа кітабын жарқ еткізді. Кітап «Жамбы ату» деп аталады. Бұған дейін «Күміс жамбы», «Қазақтың атбегілік өнері», «Қазақия қалай отарланды?», «Жа Лама айдаған жылдар» сияқты қызықты, танымдық кітаптарын оқырманға паш еткен қаламгердің жамбы ату спортын насихаттаудағы еңбегі де ерекше.

Бірден айтайық, Бекен Қайратұлының «Жамбы ату» кітабы – қазақ халқының дәстүрлі әскери ойындарының бірі саналатын жамбы ату өнері туралы терең зерттеу. Бұл еңбек – ұлттық мұра мен тарихты жаңғыртуға арналған әрі аталған спорт түрінің тарихи, мәдени мәнін ашуға тырысқан құнды жұмыс деп білеміз.

Кітаптың басында жамбы ұғымына мынадай түсінік берілген. «Ежелгі көшпелілер сайысын қазақтың тарихи танымы тұрғысынан жамбы ату деген дұрыс. Бұл сайыс халқымыздың көнеден келе жатқан дәстүрлі ойын түрі. Мергендер атып түсіру үшін белгіленген нысананы жамбы деп айтады. Жамбы дегеніміз, көне түркі тілінде «ембу», яғни құймалы алтын немесе күміс дегенді білдіреді. Сол сияқты бағалы заттардан жасалған құнды бұйымдарда жамбының рөлін атқара береді. Жамбының пішіні ірі қара немесе ұсақ малдың тұяғы мүсіндес болғандықтан, тайтұяқ, қойтұяқ, аттұяқ, асық жамбы, бесік жамбы, түйекөз жамбы, қойбас жамбы, сом жамбы, серек жамбы, түйме жамбы, тобық жамбы, бес зерлі жамбы, т.б. деп аталатын болған», – деп түсіндіреді «Жамбы ату» федерациясының президенті Е. Ілиясов.

Автор өз кітабында жамбы ату өнерінің шығу тарихын, оның қазақ халқының өміріндегі рөлін кеңінен сипаттайды. «Жамбы ату – халқымыздың төл мұрасы» деген кіріспемен ашылған кітапта «Жамбы атудың тарихи-этнографиялық маңызы», «Жамбы ату – жауынгерлік өнер», «Мергендік өнердің шыңы – жамбы ату», «Жамбы ату және сайыс түрлері», «Жамбының түрлері және оның қазақ қоғамындағы рөлі» сияқты ауқымды да маңызды тақырыптар зерттеліп, тиянақты жазылған. 

Кітаптың ең үлкен тарауларын садақ және жебе туралы мазмұнды материалдар қамтыған. Онда көшпелілер садағы: тарихи-этнографиялық маңызы, тарихи-деректі шолу, қазақ садағы һәм оның тарихи тамыры, сондай-ақ қазақ садағының құрамы, түрі және атаулары, жебенің сипаты, құрылымы һәм түрлері, садақ оғының түрі, сипаты және ерекшелігі сияқты қызықты деректер айтылатын тақырыптары барынша тартымды. Қазақ садағының тарихи тамыры, оның этнографиялық маңызы және жебенің құрылымы туралы қорғаныс-тегжейлі деректер қазақтың жауынгерлік мәдениетін түсінуге үлкен көмек береді. 

Оқи оытрыңыз: Жамбы ату – өнер төресі

Бекен Қайратұлының еңбегі тарих пен қазіргі заманның аралығында жамбы атудың мәнін шебер түрде ашады. Ол тек спорттық жағынан емес, қазақ халқының рухани құндылықтарын да қамтиды. Ал тарихи негіздерін тарататын «Жартастағы бейнелер», «Айқабақ (Алтынқабақ) ату дәстүр», «Жамбы ату және мергеннің мәртебесі» сияқты тараулары бұрын айтылмайтын, көп көзіне түспеген тың деректерді қамтуымен құнды бола түседі. Яғни жамбы ату дәстүрі тек спорттық емес, сонымен қатар рухани әрі мәдени мәні бар құбылыс ретінде қарастырылған ерекше құндылық екен.

«Адамзат тарихында мергеннің мәртебесі әрқашан биік болған. Өйткені мерген болу – ел мен жерді жаудан қорғаудың кепілі. Қазақ фольклоры мен аңыз әңгімелерінде мергенді мадақтаған жыр және оқиғалар өте көп. Мысалы, «Қамбар батыр» жырының басты кейіпкері Қамбар өзінің қарауындағы елі «алпыс үйлі арық пен тоқсан үйлі тобырдың» қамы үшін құс атып, саятшылық құрып, мергендігінің арқасында ағайынның аш-арығын асырайды. Яғни мерген адам бейбіт күні бұқараның ас-ауқатын күйттесе, еліне жау тисе, елін, жерін қорғайтын болған», – дейді автор.

Әсіресе кітапта атқа шауып жүріп оқ ату шеберлігіне ерекше назар аударылады. Кітапта сонымен қатар жамбы ату сайыстарының ережелері мен қазіргі кездегі осы дәстүрдің жаңғыртылуы туралы айтылады. Қамтылған тарихи деректердің дәлдігі, автордың жатық тілі мен жүрдек стилі, тақырыптың толық қамтылуы, жан-жақты тарқатылып жазылуы, иллюстрациялар немесе дереккөздердің пайдалану деңгейі өте жақсы, тамсандырады. 

Көшпелілердің соғыс тактикасы мен қару-жарақ әлемі жайлы әр түрлі кітаптар мен оқулықтардан Горелик, Қ. Ахметжан, А. Самогур, Е. Шерстнев, О. Федоровтың жаңғыртпаларының ізін жалғап, кітапты безендіруде Қ. Мұхамәдиев, Ж. Шәйкен сияқты талантты суретшілер өнерін салыпты. Ал беттеп қалыптауда А. Қиястың қайталанбас қолтаңбасы тұнып тұр. 

Кітапты одан әрі қызықты ету үшін автор заманауи жамбы ату шеберлерімен сұхбаттар қосып, практикалық кеңестер берсе, оқырман үшін тәжірибелік жағынан пайдалы болар еді деген ұсыныстарымызды қосқымыз келеді. 

Қорыта айтарымыз, «Жамбы ату» кітабы – қазақ халқының рухани, тарихи дәстүрлерін терең түсінуге жол ашатын, байырғы ұлттық спортын ұмытылмастай етіп сақтауға үлес қосатын құнды еңбек. Оның тарихи маңыздылығы мен мәдени құндылығы әрбір қазақтың жүрегіне жетіп, ұлттық сана-сезімді күшейтері сөзсіз. Кітапты оқып шыққан алғашқы оқырманның бірі ретінде біз осындай ойларға бекідік. Ұлттық тарих пен мәдениетке қызығатын оқырмандар да еңбекпен танысып, міндетті түрде оқуы керек. Еңбек тек қазақ тілінде ғана емес, ағылшын, орыс тілдерінде де шыққанын, тақау арада түрік тілінде шығатынын ескерсек, көптеген адамдарға бұл қолжетімді үлкен мүмкіндік һәм тиімді менеджмент болады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?