Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жамбы ату – өнер төресі

2291
Жамбы ату – өнер төресі - e-history.kz

Алдағы қыркүйек айының 08-19 күндері Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтетіні жайлы көпшілік хабардар. Аталмыш шара әлемдік этникалық спорт түрлерін насихаттаудың бірегей үлгісі ретінде бағалануда. Мәртебелі жарыстың алғашқы дайындығы іспетті 15-18 сәуір күндері Шымкент шаһарында тұңғыш рет Жамбы атудан ересектер арасында Азия чемпионаты өтіп жатыр. Бұл сайысқа әлемінің 14 елінен келген 60 астам мергендері қатысып, ең әуелі, «Мажар», «Азия», «Түркі» стилдері бойынша өзара мықтылады анықтап, жарыстың соңғы күні (18 сәуір) халқымыздың төл өнері Жамбы атудың бір түрі «Тайтұяқ» атудан Азия мергенін анықтамақ.

Осы орайда халқымыздың төл өнері Жамбы атудың қысқаша тарихы жайлы портал оқымандарына мағұлмат беруді жөн көріп отырмыз. Әлем тарихында адам баласының тұрмыс-тіршілігіне төтенше өзгеріс әкеліп, олардың өмір сүру дағдысын өзгерткен дүние – ату құралы садақ. Зерттеушілер садақ алғашқы тас дәуірінде пайда болғаны хақында айтады. Бұған дәлел бүгінге бұзылмай жеткен жартас бетіне бәдізделген петроглифтер. Осындағы бейнелерден ежелгі тұрғындар садақ қолдану арқылы аң аулағанын және жыртқыш жануарлар шабуылынан қорғанғанын аңғаруға болады. Бұл жауынгерлік құрал садақтың тарихы тереңде жатқанын көрсетеді. 

Ресейлік ғалым, археолог, тарих ғылымдарының докторы, көшпенділер қару-жарағын зерттеуші Ю.С. Худяковтың жазуына қарағанда, тас дәуірінен бастап, жаппай отты қару қолданған ХVIII ғасырға дейін әлем халықтары садақтың 200-ге жуық түрін ойлап тапқан екен. Осылардың ішінде ең керемет жетілген түрі – б.з.б. IV-IIІ ғ.ғ. пайда болған «ғұн садағы». Бұл садақ қазіргі таңда көне көшпенділер садағының «атасы» саналып отыр.  

Соңғы жылдары ежелгі көшпенділер мекендеген еуразиялық аумақ: Байқал, Тыба, Алтай, Шыңжан, Қазақстан, Орта Азия, түстік Қапқаз, Украин, Эльба дариясының аңғары қатарлы өлкелерде ғұндарға тән өте ірі 13 қорған-кешен табылса, осылардың 9-ы ежелгі Өтукен қойнауында, яғни моңғол үстіртінде орналасқан екен.

 Жоғардағы тарихи нысандарға жүргізілген археологиялық кешенді қазба жұмыстары барысында ғұн дәуіріне жататын 80-ге жуық садақтың ізі анықталып, 10 садақ бүтін күйінде табылып отыр. Осы 10 садақтың 5-еуі көне көшпенді тайпалардың ұйық мекені бабаларымыздың ізі қалған Өтукен қойнауындағы оба-қорғандарды қазған кезде шығыпты. 

Осындағы табылған заттық артефактілер мен көне қытай деректеріне сүйенген зерттеушілер (В.С.Таскин, Л.Н.Гумилев, Ма Чан Шоу т.б.) көшпенді ғұн ұлысы алғаш рет садақшылар (мергендер) қосынын дүниеге келтірген деген пікірде. Сонымен қатар, шамамен б.з.б. 140-86 жылдары өмір сүрген ежелгі қытай тарихшысы Сыма Цяньның «Ши цзи» («Тарих жазбалар»)  атты еңбегінде: «Ғұндар көсемі тәңірқұты Мөденің үш мың мерген садақшылары болғаны» туралы дерек айтылса, жазушы-зерттеуші Қойшығара Салғараұлы өз еңбектерінде ғұндар аса қуатты ысқырғыш жебесі бар садақ қолданып, жауының үрейін ұшырғаны жайлы жазады.

Келесі кезекте назар аударатын дүние – көшпенділердің мергендік өнері. Өйткені, олар садақ қолданудың қыр-сырын қалқысыз үйреніп, ұзақ уақыт машықтанудың нәтижесінде мергендік өнерді жеріне жеткізіп игерген. 

Моңғол тарихшысы Гоңғыржаб 1982 жылы Ұланбатырда жарық көрген «Ертедегі көшпенділердің садақ ату сайысы» атты еңбегінде, «Садақпен нысаны көздеу (қазақша жамбы – ату) сайысы – ежелгі ғұн, жужан, сянбилерден жалғасып келе жатқан өнер. Бұл сайысты мергенмен қатар аттың да атқарар рөлі көп. Жужандар мергендік сайыста жеңіп шыққан адамға оғы жерге түспейтін «Дэ удай мерген» деген атақ берген. Бұл сайысты кидандар да мемлекеттік мерген сыналту бәсекесі ретінде жүргізген» деп жазады. 

Жоғарыда айтылған ежелгі көшпенділер сайысын қазақтың тарихи  танымы тұрғысынан «Жамбы ату» деген дұрыс. Бұл сайыс халқымыздың көнеден келе жатқан дәстүрлі ойын түрі. Мергендер атып түсіру үшін белгіленген нысананы жамбы деп айтады. Жамбы дегеніміз көне түркі тілінде «ембу», яғни құймалы алтын немесе күміс дегенді білдіреді.

Жамбының «Айқабақ ату» деген де түрі бар. Егер бұл зат алтын бұйымнан жасалған болса «Алтын қабақ» деп аталады. Айқабақ жамбыдан ауыр, көлемі ай пішіндес, сом күмістен  құйылған бұйым. Жалпы «Жамбыны» немесе «Айқабақты» ұзын сырықтың басына, мөлшерлі жерге іліп қояды. Оны аттың үстінде шауып келе жатып садақпен дәл атып түсіру керек. Бұл садақшылардың ең жоғары деңгейдегі жарысы. Өте үлкен мерекелерде ғана ойналады. Кейде жаяу жүгіріс барысында да атады. Атып түсірген мерген қымбат бұйымды өзі алады. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы кезде жауынгерлер мал табу үшін мерген болуы қажет. Мысалы, «Талайы құл мен Әйім қыз» атты ғашықтық дастанда: 

Қағылды бағанаға алтын қабақ

Айнала жиналған көп алды қамап. 

Қондырып биік баған ортасына, 

Басына алтын жамбы қойды қадап. 

Сүйтіп ел ат жаратып баптасады, 

Жинап қымыз-сусынын тақтасады. 

Атақты палуандарын ортаға алып, 

«Пәленше пәлендей» деп мақтасады. 

Мергендер «Алтын қабақ атамыз» деп, 

Садақ майлап, мылтығын оқтасады... (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  22 – том. 103-б) – деп жырланса, халқымыздың ғашықтық жыры «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» атты эпикалық дастанда:

Ат шапты, құнан шапты, тай да шапты,

 Жүгіріп жаяу бәйге жайға шапты. 

Ағашқа ақ жамбыны іліп қойып, 

Мергендер арыстандай айға шапты.

 

 Кермеден жамбы аттырды оғын кезеп, 

Садақшы дәлдеуіне барды тежеп. 

Садағын сағымға ілген мергендер жүр, 

Аяғы аттарының безек-безек... (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  26 – том. 52-б)  - деген жыр жолдар арқылы жамбы ату сайысы халқымыздың ежелден келе жатқан төл өнері екенін аңғарамыз. Сондай-ақ, атақты Есім хан  заманы XVII  ғасыр оқиғасын баяндайтын қазақтың тарихи дастаны «Жапал батыр мен Таңшебер қыз» эпосының Әбділла Тұтқышұлы ұсынған нұсқасында:

Дәл бүгін балуан күрес, ат та шаппақ,

 Көкпар мен мергендер де жамбыны атпақ. 

Сый алып ақын, жыршы қайтып жатыр,

 Құттықтап, өлең айтып бекті мақтап (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 61-том. 104-б) – деп жырланады. 

 Келесі кезекте ескертетін дүние – көшпенділер қоғамындағы мергендер мәртебесі. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында, Көктем Аймақ дейтін Қызылбас елінің хан ай астына биік бақан орнатып, оған алтын жамбы іліп, осыны атып түсірген адамға қызымды берем деп жар салады. Яғни атақты хан маңдайына күн тигізбей мәпелеп өсірген жалғыз қызын, өзі сияқты ханға емес, төрт құбыласы дүниеге толы байға емес, жамбасы жерге тимеген балуанға емес, жау түсірген батырға емес, жамбыны атып түсірген мергенге бермекші. Бұл туралы жырда: 

Ай астында аспанға,

Құрды бақан қақтырып,

Алтын теңге аттырып,

Теңгені атып түсірген,

Құртқаны сұлу сол алар... – жырланады. Осы хабар Қобыландының құлағына жетіп, жас батыр тобылғы торы атымен жетіп барып, ай астындағы алтын теңгені атып түсіріп Құртқа сұлуды алып қайтады:

Қолына алып толғанып,

Қозы жауырын жебені,

Ат үстінен шіреніп,

Сонда тұрып тартады,

Құрулы бақан басында,

Екі бөліп ұшырды,

Ай астында теңгені...

Осы орайда, халқымыздың ұмытылып бара жатқан мергендік өнері «Жамбы ату» стилінің тарихын, этнографиясын, этнологиясын және мергендік өнерін жаңғырту арқылы біз өзіміщдің генеологиялық құндылықтарымызбен қауышамыз. Жоғарыда атап өткеніміздей, халқымыздың фолькорлық мұраларында жамбы ату сақталған деректі үлгілер көп. Осында баяндалған сюжеттік ұғымдарға жүгінсек, қазақ халқы жамбыны мергендік сайыстар кезінде нысана етумен қатар, күнделікті тұрмыста сауда-саттық ісіне, қажет жағдайда құн төлеу немесе басқаға сыйақы ретінде ұсыну, сонымен қатар әртүрлі бәйге-сайыстардың жүлдесіне тағайындау сияқты жоралғыларды да атқаратын болған. Бұл туралы жыр-дастандарда дерек көп. 

Қыпшақ (қазақ) мергені. ХІІ ғасыр. (Андрас Сомогурдің жаңғыртпасы)

Суретші Қалиолла Ахметжанның жаңғыртпасы

Жамбы ату дегеніміз – қазақ халқының мергендік өнерінің шыңы. Оның тарих – жауынгерлік һәм этногафиялық маңызы терең. Оған еуразиялық аумақта кең тараған ежелгі дәуір (палеолит, неолит, қола, темір) деректері жартас суреттері петроглифтер куә. Атақты археолог, этнограф А.П. Окладниковтың пайымдауынша, еуразиялық аумақта кездесетін жартас бетіндегі суреттердің ең көнесі б.з.б. 2 мың жылдықтың аяғы – 1 мың жылдықтың басындағы Карасук  мәдениетіне тән дейді. Қалғаны алғашқы темір дәуірінің мұралары делінуде. 

Бір қызығы әртүрлі стилде бәдізделген жартас таңба-суреттері жер шарының барлық жерінде дердік кездеседі. Мысалы, Африкада (Бумен жартасы), Испанияда (Альпера тас үңгірі), Францияда (Ляско тас үңгірі), Азия құрлығындағы Сібір, Қиыр Шығыс, Алтай соның ішінде Қазақ сахарасында 200-ден астам нүктеде жартас суреттері анықталса, осылардың ішінде: Таңбалы шатқалы, Бұғытас қорымы, Арпаөзен, Қаратау, Майдантал, Қойбағар, Мойнақ қатарлы нысандар ғылыми айналымға еніп отыр. Осындағы жартасқа салынған садақшы-мергендер әртүрлі қимыл үстінде бейнеленген петроглифтер өте көп кездеседі. 

Алтайтанушы археолог-ғалым В.Д.Кубарев өзінің кезекті зерттеу еңбегінде Моңғол-Алтай тауының саласы Қарасала, Шибет-Қайырхан жоталарындағы садақ ұстаған адам бейнесі бәдізделген жартас суреттерін ғүн-сақ дәуіріне тән петроглиф деген тұжырым жасапты. Мұндай бейне-суреттер Өтукен қойнауында көп кездеседі. Атап айтқанда, Бай-Өлке аймағының Цааган сала, Кіші Ойғыр, Дундагобы аймағы Дэл Ула, Өмнегобы аймағы Аривжах, Паалуу жартасы, Убсы аймағы Сағыл, Гурбан толғай, Хамуут, Хара көндей Нарын, Шаған өтік т.б. (Окладников, Худяков, Куберов, Цебендоржи, Батболды. Сурет 1,2).

Жартас суреттерде садақ ұстаған адамдарды әрқилы пошымда һәм әртүрлі қозғалыста бейнелегені байқалады. Көбінде мерген тік тұрған бойы оң қолымен садақтың тұтқасынан ұстап, оң қолымен садақтың адырнасын тартып тұр. Тас бейнедегі адамдардың қолындағы садақтар күрделі (құрама) емес, жай садақ депті зерттеушілер (Окладников, Худяков). Демек мұндағы садақ пішіндерінен ертедегі қарапайым садақтың болмысын аңғаруға болатын сияқты (Цебендоржи, Куберов, Базарсүрен, Ошырқуяг).

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?