Мәңгі салқын мазар

28.07.2025
2151
Мәңгі салқын мазар - e-history.kz

Қазақ даласының сайын төсінде ұлттық болмысты бейнелейтін тарихи, сәулет және рухани ескерткіштер аз емес. Соның бірі әрі бірегейі Торғай мен Ұлытау  арасында орналасқан Мақат саханасы. Бұл сахана – тек мазараттық нысан емес, ұлттың мәдени коды мен көне дәстүрінің көрінісі. Сәулеттік тұрпаты мен ерекше жерлеу тәсілі арқылы ол қазақ халқының ежелгі дүниетанымының айғағына айналған. 

Мақат саханасы – ХХ ғасырдың басында тұрғызылған отбасылық кесене. Бұл нысанды Арғын тайпасының Төлек руынан шыққан дәулетті әрі сауатты азамат – Мақат Саржанұлы (1869–1931) салдырған. Аңызға сүйенсек, Мақат бай Түркістан сапарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен маңайдағы көне қорымдарды аралап, сол дәстүрді өзінің туған жеріне әкеліп, әулетіне арналған сахана тұрғызуды мақсат етеді. Кірпіштер арнайы дайындалып, әрқайсысына Құран аяттары жазылады. Құрылыста Құлан руының шеберлері жұмыс істеген. 1907 жылы құрылыс аяқталған соң, Мақат бай құрылысшыларға мал мен қыз айттырып, еңбегін ерекше бағалаған. Бұл сахана бастапқыда өзінің және туыстарының жерлеу орны ретінде тұрғызылғанымен, кейін жалпы ру мен қауымға ортақ нысанға айналған.

Мақат саханасы Арқалық қаласынан 183 шақырымдай қашықтықта, Қараторғай өзенінің бойындағы шоқылы далалық кеңістікте орналасқан. Нысанның жалпы ауданы 5,5×5,6 метр, биіктігі шамамен 6 метрге жуық. Құрылыс 26×12×7 см көлеміндегі күйдірілген кірпіштерден тұрғызылған. Сахананың жобасы мен құрылымдық шешімі көркем және жүйелі: бұрыштары мен қабырға жиектері арнайы доғал пішінді кірпішпен өріліп, әр бағана әсем нақыштармен толықтырылған. Сәулет өнерінің күрделі үлгісі ретінде ерекшеленетін бұл сахананы Құланнан шыққан Аманбек Нұрғожанов есімді шебер соққан. Күмбезі конусқа ұқсас дөңгелек барабанның үстіне тұрғызылған. Алдыңғы бетінің маңдайшасы доғалы кіреберіс арқылы «П» әрпі тәрізді рельефті белдеумен қоршалған. Үш қабырғасына да кірпіштен өрнек салынған. Сахананың ішкі бөлігіне есік маңындағы тар дәлізден өтіп, шымылдықпен бөлінген жер асты алаңына түсуге болады. Тереңдігі 1 метрлік бұл алаңда бір-бірінен оқшауланған, әйелдер мен ер адамдарға арналған екі жеке қабір орналасқан. Әр қабірдің аумағы 1,5×2,2 метрді құрайды. Бұрыштарында ауа айналымын қамтамасыз ететін 0,6×0,6 метрлік шаршы саңылаулар қалдырылған. Есіктің ішкі жағында, сахананың кіреберіс дәлізінде үш құлыптас тік орнатылған. Жерлеу үдерісі де өзгеше: мәйіт алғашқыда қабір алаңындағы тастан өрілген ашық саханаға қойылып, кейін әулеттің келесі мүшесі қайтыс болғанда ғана жер астындағы арнайы шұңқырға түсірілетін болған. Мұндай рәсім Қазақстан аумағында өте сирек кездеседі. Құдық пішінді шұңқыр қабырғалары желдету арналары арқылы жабдықталғандықтан, ішкі орта тұрақты әрі салқын күйінде сақталып, сүйек бұзылмай ұзақ мерзімге жеткен.

Мақат саханасы
Мақат саханасының сыртқы көрнісі

 Жергілікті халық арасында сахана жайлы көптеген аңыздар сақталған. Бір дерекке сүйенсек, сахананың төбесіндегі күмбез жау шапқан жағдайда түтін шығарып белгі беру үшін қолданылған. Кірпішке дұға жазу да оның киелі нысан екенін айғақтайды. Саханада мәйітті жерге көмбей, ашық камераға қою дәстүрі болған. Бірнеше жыл өткен соң, мәйіттің сүйектері ақ матамен оралған қалпында арнайы шұңқырға түсіріліп, орнына жаңа қайтыс болған адам жерленетін. Бұл дәстүр «сүйекке сүйек қосу» деп аталған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл сахана Мақат әулетінің отызға жуық мүшесінің мәңгілік тыныс тапқан орны. Соңғы мәрте мәйіт осында 1994 жылы қойылған. Сахананың ерекше құрылымы мен ішкі микроклиматы  ғасырдан астам уақыт бойы сан мәрте сыннан өткен сәулет шешімінің нақты дәлелі. Жаздың шіліңгір аптабында дала аптап ыстыққа күйіп тұрса да, сахананың ішіндегі мәйіт еш иістенбейді, бұзылмайды. Бұл  ішкі кеңістіктегі тұрақты әрі қоңыр салқын температураның, табиғи желдету арналары мен құрылыс материалдарының өзара үндестігінің нәтижесі. Сахананың кіреберіс есігі киізбен тұмшаланған, бұл ежелгі көшпелі тәжірибеден бастау алатын әдіс. Киіздің тығыз құрылымы мен жылу ұстағыштық қасиеті ішкі кеңістікті күн сәулесі мен сыртқы жылудан қорғап тұрады. Киізбен қапталған есік жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына бірдей тосқауыл бола алады. Бұл далада тіршілік кешкен халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесінен алынған шешім. Кесененің қабырғалары кірпішпен өріліп, ішкі жағынан сылақпен тегістелген. Мұндай құрылым сахананың ішіндегі жылу мен ылғалдың шамадан тыс өзгерісін шектеп, ішкі ортаның микроклиматын бір қалыпта ұстап тұруға сеп болады. Желдету арналары қабір камераларының бұрыштарына дәл есеппен қалдырылған. Бұл саңылаулардың арқасында сахана іші тынып қалмайды, үнемі ауа айналымы жүреді. Жер астындағы терең қойма, мәйіт қойылатын алаң табиғи «салқын жертөле» қызметін атқарады. Ерекше құрылымның ең басты артықшылығы – мәйіттің ұзақ уақыт бойы бұзылмай, табиғи күйінде сақталуы. Бұл жай ғана құрылыс емес, адам өмірінің соңғы кезеңіне деген аса жоғары құрмет пен ыждағаттың айғағы. Жерлеу рәсімі тек діни қағидаларға ғана емес, сонымен қатар табиғат заңдылығын, гигиеналық есептерді де ескергенін осыдан аңғаруға болады.

Мақат саханасының ішкі көрінісі
Мақат саханасының ішкі көрінісі

Мақат саханасы – тек бір әулеттің мұрасы емес, жалпы қазақ халқының мәдени-рухани кеңістігіндегі маңызды орын. Бұл нысан дәстүрлі жерлеу тәсілдерінің көне үлгісін бүгінге жеткізген санаулы құрылымдардың бірі. Қазіргі таңда сахана республикалық маңызы бар тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қорғауына алынған. Ұлытау өңірінің Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелерімен қатар, Мақат саханасы да ұлттық деңгейдегі киелі нысандар қатарында. Сәулетші мамандар мен тарихшылар оны көне дәстүрлер мен наным-сенім жүйесінің бірегей үлгісі ретінде таниды. Соңғы жылдары сахананы зерттеу мен насихаттау жұмыстары жанданып келеді. Реставрациялық шаралар жүргізіліп, ғылыми құжаттамалар жасалды. Ескерткіш айналасына қоршау орнатылып, паспортқа енгізілген. Болашақта Мақат саханасын өлкетану бағытында, этнотуризм мен ғылыми зерттеулердің орталығына айналдыру мүмкіндігі зор. Мақат саханасы – ата-баба рухына тағзым ету мен мәңгіліктің философиясын ұштастырған ерекше нысан. Ол қазақ халқының бай шежіресін, діни дәстүрін, архитектуралық талғамын және рухани дүниетанымын тоғыстырған көне ескерткіш. Мұндай мұралар ұлт тарихының терең тамырын ұғынуға, дәстүр мен сана сабақтастығын жалғауға мүмкіндік береді. 

Суреттер ашық дереккөзден алынды

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз