Ханқожа ишанның мөрі басылған киелі жазбалар табылды

20.08.2025
1799
Ханқожа ишанның мөрі басылған киелі жазбалар табылды - e-history.kz

Жас зерттеуші, Алаш мұрасын зерделеуде танылып келе жатқан ғалым Әділет Ахметұлы өзінің Facebook парақшасында ХІХ ғасырдың екінші жартысында жазылып, бірнеше ұрпақ бойы әулеттегі кейбір білімді кісілердің айрықша күтіп баптауымен сақталып келген  Ханқожа ишанның мөрі басылған екі көне қолжазбаның табылғанын сүйіншілей хабарлады. Кейін ғалымның көлемді зерттеу мақаласы «Жас Алаш» газетінде жарық көріп, көпшілікке қолжазбалардың нақты мазмұны мен тарихи мәні кеңірек таныстырылды. Бұл жай ғана діни мәтін емес, екі ғасырға жуық уақыт бойы сақталған, рухани астары терең, этнографиялық әрі мәдени тұрғыдан да құнды жәдігер деуге болады.

Жазба мұраның табылуына белгілі этнограф, жазушы Байахмет Жұмабайұлы себепкер болған. Ол өзіне жеткен ақпарат негізінде Әділет Ахметұлын белгілі шебер, суретші, этнограф Темір (Теміртай) Әбдіқайымұлы Бегімбетовтің шаңырағына ертіп апарады. Осылайша, бір әулет қоржынының түбінде сақталған, көне жазумен хатталған екі ұзыншақ қағаздағы құнды мәтін ғылыми орта назарына ілігеді. Жазбаларды зерделеу оңайға түспейді. Тілі – шағатай түрікшесі, жазу үлгісі – қадімше, ал мәтін құрылымы араб-парсы сөздерімен көмкерілген.

Темір Бегімбетовтің еңбегі ұлттық қолөнерді жаңғырту, Абай музейінің жәдігерлерін қалпына келтіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісімен тығыз байланысты болса, оның жары Күлан Құсайынқызы да қолөнер саласында танымал тұлға, этнодизайнның шебері. Ұзақ жылдар бойы әулетте сақталған осы жазбалар солардың азаматтық адалдығы мен рухани жауапкершілігінің арқасында бүгінге жеткен.

Әділет Ахметұлының зерттеуінде қолжазбалар «Қасиетті дұға» және «Ғажайып дұға» деп аталған. Біріншісінің ұзындығы – 77 см, ені – 10 см. Соңғы бөлігі жыртылып, жоғалған. Екіншісінің ұзындығы – 130 см, ені – 10 см, үш бөлікке бөлінгенімен мәтінді толық оқуға болады. Екі жазба да ХІХ ғасырдың екінші жартысында, 1867 жылы жазылғаны анықталды.

Құжаттардың мазмұнында адамдарды пәле-жаладан сақтау, ойран болған шаңырақты абаттандыру, перзент сүюге себеп болу, рухани кемелдікке жетелеу секілді дұғалар топтастырылған. Мұндай сипаттағы жазбалар қазақ даласында кең тараған сопылық дәстүр мен ишандық мектептің нақты көрінісі ретінде бағалануы тиіс.

Зерттеу мақалада қолжазбаның түпнұсқасынан бірнеше жол транскрипция жасалып, қазақша аударма берілген. Мәселен, бірінші жазбадағы дұғада былай делінеді:

«Кімде-кім бұл дұғаны сақтаса, Құдай дәргейінде аман болады. Егер кісіде перзент болмаса, шаңырағы қаңырап қалса, осы дұғаны езіп ішсе, Құдай перзент береді. Және қандай да ойран болса да, Алла үшін абаттанады, бұл әлем ішінде дәйім шат болады».

Мәтінде араб, парсы сөздерімен қатар қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне тән ерекшеліктер сақталған. «Аснад» (тірек, сенімді тізбек), «Базобанд» (қасиетті қорғаныш) секілді терминдер де кездеседі. Бұл – тіл тарихын зерттеу үшін де бағалы дерек.

Ең маңыздысы – екі құжаттың нақты иелері көрсетілген:

  • Бірінші дұға Шелекбай мырзаға арналған;

  • Екінші дұға Бозша мырзаға жазылған.

Бұл тұлғалар – Ұлы жүз Ысты руының Көбек әулетінен шыққан ықпалды адамдар. Әділет Ахметұлы әулет шежіресін салыстыра отырып, Темір Бегімбетовтің осы әулеттен тарайтынын атап өтеді. Демек, жазбалар бірнеше ұрпақ бойы сол әулеттің қолында аман сақталған.

Құжаттардың соңында Ханқожа ишанның мөрі басылған. Мөрдегі жазу арабша былай түсіндіріледі: «әл-Мәтауаккәл ар-Рахман Ханқожа Ишан» – яғни «Мейірімді Аллаға тәуекел етуші Ханқожа ишан». Бұл ишанның діни беделімен қатар, рухани жолды толық Аллаға арнаған тақуалығын көрсетеді.

Әділет Ахметұлы қолжазбаны жазған адамның аты ретінде Ханқожа ишанның ұлы Мақсұм қазірет пен Қарақожа әзиздің аталғанын айтады. Бұл дерек әулет ішінде діни-ағартушылық дәстүрдің жалғасқанын дәлелдейді.

Ханқожа ишан – ХІХ ғасырда өмір сүрген діни қайраткер, сопылық дәстүр өкілі. Арғы тегі Қараханид дәуіріндегі қожалар әулетімен байланыстырылады. Ел ішінде «Ханқожа әзиз» аталып, халыққа рухани жетекші болған. Оның мөрімен расталған бұл құжаттар – қазақ даласындағы ишандық институттың, діни-ағартушылық дәстүрдің айқын дәлелі.

Ұлдары Мақсұм қазірет пен Қарақожа әзиз де діни ілім таратқан тұлғалар ретінде аталады. Бұл – әулеттік рухани сабақтастықтың бір мысалы.

Қолжазбаларды зерделеуге бірнеше маман тартылды. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар орталығының маманы Юсуп Филтан мәтіндегі парсы тілдік элементтерді сараласа, исламтанушы Нұрбол Сейілбекұлы транскрипция жасауға атсалысты. Бұл – пәнаралық зерттеудің нақты мысалы.

Ғалымдар қолданған әдістер қатарында: мәтінді лингвистикалық талдау, тарихи-салыстырмалы әдіс, этнографиялық салыстыру, діни-филологиялық түсіндірме, палеографиялық сипаттама бар. Осындай кешенді әдіснаманың арқасында құжаттар ғылыми айналымға қосылды.

Бұл жазбалардың маңызы тек ғылыми ортада ғана емес, қоғамдық санада да зор. Сондықтан:

  • Қолжазбаларды толық цифрлап, ұлттық архивке енгізу;

  • Аталған қолжазбаны ғылымның бірнеше саласы тұрғысынан (тарих, этнография, дінтану, түркітану, лингвистика т.б.) ғылыми жоба ретінде жариялау;

  • Университеттерде шағатай жазуы мен қазақ жазба мәдениетіне қатысты курстарға енгізу;

  • Көрме ұйымдастырып, көпшілікке таныстыру – күн тәртібінде тұрған маңызды қадамдар.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз