Бүгін қазақ вальсінің королі, ұлт жүрегінен ойып орын алған сазгер Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толып отыр. Қазақ музыкасының алтын қорына енген жүзден астам әннің авторы, «Менің Қазақстанымнан» бастап, «Ана туралы жыр», «Ақмаңдайлым», «Қайықта» сияқты туындыларымен елге мәңгілік сүйіспеншілік сыйлаған тұлға қазақ өнерінің символына айналды. Оның әуендерімен өскен бірнеше ұрпақ бар, ал өзі әр шығармасында халықтың болмысын, махаббатын, аңсарын, арманын саз бен сөз арқылы өрнектей білді. Сол әндерінің бірі – тағдыры да, шығу тарихы да қызық «Тамды аруы». Бұл әннің өмірге келу жолы бір ғана шабыт сәтінен емес, шынайы оқиға негізінде құралған.
Кеңес дәуірінде Шәмші Қалдаяқов іссапармен Өзбекстан Республикасының қазақтар тығыз орналасқан Тамды ауданына барады. Бұл – ғасырлар бойы тілі мен дінін ұмытпаған, ата-бабадан жеткен салт-дәстүрін берік ұстанып, өнер мен ән-күйді дәріптеп келе жатқан мыңдаған қазақ өсіп-өнген киелі мекен. Тамдының шөлейт даласы қойы семіз, табиғаты қатаң болса да, тұрмысы тату-тәтті елдің тіршілік тынысын айқын сездіреді. Қара топырағына тамыр жайған әр шаңырақта қазақы қонақжайлықтың, жомарт көңілдің лебі еседі. Ал дархан мінезді жұрттың бауырмал, ашық-жарқын болмысы кез келген қонақты бірден баурап алып, жатсындырмай, төрге шығарады.
Сазгерді бұл жаққа белгілі ардагер, ел ішінде сыйлы тұлға Қани Амандықов арнайы шақырған екен. Тамдыға табан тіреген сәттен-ақ Шәмшіні халық үлкен құрметпен қарсы алып, қонақжайлықтың бар дәстүрін орындап, төрге шығарады. Кездесулер, әңгіме-дүкендер, ән мен күйге толы кештер сазгердің жүрегінде ерекше әсер қалдырады. Елден аттанар күннің қарсаңында құрметті қонақтың құрметіне қоштасу кеші ұйымдастырылады. Сол кештің қызған шағында Шәмші сахнаға шығып, жиналған жұртқа жүзі бал-бұл жанып: «Мен сіздерге арнап «Тамды аруы» деген ән шығарамын!» , – деп уәде береді. Сол сәтте артқы жақтан бір жас жігіт орнынан тұрып: «Аға, егер сондай ән шығаратын болсаңыз, сөзін Қадыр Мырзалиевке жаздырыңызшы», – дейді.
Алматыға оралған соң Шәмші ақын Қадыр Мырза Әліге барып, Тамдыны үш мәрте суреттеп түсіндіреді. Тағы да бір емес, бірнеше рет әңгімесін қайталап, ауылдың топырағынан бастап, Мыңбұлақ атты ауылын, жер бедерін, адамдарының мінезін егжей-тегжейлі баяндап береді. Ақын алғашында: «Көрмеген жерім, көрмеген елім, тіпті бірде-бір қызыңды көрмедім, қалай жырлаймын?», – деп күмәнданады. Бірақ сазгердің табандылығы мен шабытты әңгімесі ақырында Қадырдың қиялын қозғап, «Мыңбұлақтан туған ару» бейнесін ойдан тудырады.
Әнді алғашында Роза Бағланова орындаған. Шәмші мен Қадыр арнайы барып, апайдан рұқсат сұрайды. Роза апай әнді бірден қабыл алып, пианиномен екі рет орындап шығады. Бұл «Тамды аруының» сахнадағы ең алғашқы орындалуы еді. Кейін әнді Алтынбек Қоразбаев та шырқады. Шәмші әр орындаушыға бір ғана талап қоятын: «Әуенін де, мәтінін де бұзбай айтыңдар. Бұзсаңдар, айтпаңдар». 1975 жылдың қаңтарында Тамдыдан Алматыға туристік сапармен келген Роза Амандықова мен Роза Қазбекова, сазгердің үйінде қонақта болып, әнді өз аузынан естіп, елге алып қайтады. Осылайша, «Тамды аруы» туған жеріне жетіп, халық арасына тарайды.
«Тамды аруы» – бір сапардың әсерінен, бір уәденің өтеуінен туған ғана ән емес. Ол – сұлулыққа, адамдық жылылыққа, туған елге деген іңкәрлік пен құрметтің әуенмен өрілген ескерткіші. Әнде тек бір арудың бейнесі ғана емес, тұтас бір өңірдің мінезі, табиғаты мен халқының жомарттығы көрініс тапқан. Бұл туынды – Шәмшінің шығармашылық қиялы мен жүрек жылуын бір арнаға тоғыстырған, өткеннің бір сәтін мәңгілікке айналдырған музыкалық естелік. Жарты ғасыр уақыт өтсе де, «Тамды аруы» халық аузында, сахнада, тойда, концерттерде әлі күнге шырқалып келеді. Ән әр буынның жүрегінен орын тауып, елдің рухани қазынасына айналды. Ол бүгін де, ертең де өз құндылығын жоғалтпайтын, тыңдаған жанды тамсандыратын шынайы өнер туындысы ретінде қазақ музыкасының тарихында алтын әріппен жазылып қала бермек.