Аягөзде Айғыздың моласы табылды

Автор:
20.08.2025
2018
Аягөзде Айғыздың моласы табылды - e-history.kz

Сурет: Орынбай Ошанов

Аягөз бойында ұзақ уақыт ескерусіз қалған құпия ескерткіш - Айғыз дыңы қайта табылды, деп хабарлайды e-history.kz порталы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының фейсбук парақшасына сілтеме жасап.  XVIII ғасырдың соңында ғана жазбада айтылып, содан бері беймәлім күйде келген бұл ескерткіш биылғы археологиялық экспедиция барысында алғаш рет ғылыми тұрғыда тіркелді. 

Айғыз ескерткіші туралы алғашқы деректі  екі жарым ғасыр бұрын  капитан Андреев қалдырған.  Капитан Андреев (XVIII ғ. соңы) Қозы Көрпеш-Баян сұлу дыңын сипаттай келіп, одан жоғарырақ тұрған Айғыз ескерткіші туралы: «От сей пирамиды при сей же реке, верстах в трех, находится еще такое же строение несколько меньше, и называется «Айкыс» деп жазады. Ә. Марғұлан жыр нұсқаларына және ескі карталарға сүйене отырып бұл маңда Айғыз ғана емес, Айбастын да моласы болуы туралы жазады.  

Археологтар тапқан Айғыз мұнарасы

2025 жылғы далалық маусымда Шәкәрім университетімен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ҚР ҒЖБМ ҒК BR24992916 «Абай облысын кешенді тарихи-археологиялық зерттеу» ғылыми жобасы аясында этноархеолог Орынбай Ошановтың жетекшілігімен жүргізілген іздеу-барлау экспедиция барысында жоғарыда аталған Айғыз «пирамидасы» анықталды. Тек Айғыз мұнарасы Андреев жазғандай Қозы Көрпеш-Баян сұлу ескерткішінен 3,2 шақырым (3 верст) емес, әлдеқайда ұзағырақ 11 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл аралықта басқа ешқандай ескерткіш кездеспейді. 

«Айғыз мұнарасы (дыңы) Аягөз өзенінің оң жағалауында, Қызылқиядан сәл төменде орналасқан. Биіктігі 3 м, пішіні дөңгелекше, төменнен жоғары шошайтыла табиғи тастан қаланған кішігірім мұнара тәріздес құрылыс.  Ортасында қуыс жоқ, бітеу қаланған.

Айғыз дыңының тарихи маңыздылығы Андреевтің жазбасында аталуынан-ақ байқалып тұр. Яғни, XVIII ғ. өзінде бұл ескерткіш Айғыз деп аталуынан, оның ортағасыр немесе одан да ерте кезеңдігі болуы мүмкіндігін аңғартады. Бұл ескерткіштің тағы бір ғылыми құндылығы өзінің құрылыс сипатымен экспедиция барысында табылған басқа да тас құрылыстардың уақытын болжауға мүмкіндік береді» деп жазылған археология институтының әлеуметтік желі парақшасында. 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз