Конституция – мемлекеттің бірлігін, азаматтың хақын сақтайтын негізгі заңы. Ол халықтың еркін, биліктің шегін, ұлт мәртебесін айқындайтын құжат. Бүгінде әлемдегі кез келген мемлекет өз конституциясына сүйеніп өмір сүреді. Бірақ бұл дәстүр кеше ғана пайда болған жоқ. XVIII ғасырдың соңында алғаш рет жазбаша конституциялар қабылданып, адамзат тарихында жаңа дәуір – конституционализм дәуірі басталды. АҚШ (1787), Франция (1791), Польша (1791), Испания (1812), Осман империясы (1876) сияқты мемлекеттердің алғашқы конституциялары қазіргі заманғы демократиялық құқықтық мемлекеттің бастауы болды. Олардың әрқайсысы өз халқының тағдырына әсер етіп қана қоймай, бүкіл әлем үшін үлгіге айналды. Қазақ халқы да тарихында құқықтық дәстүрден кенде болмады: «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» сияқты дала заңдары ұлттың жазылмаған конституциясы қызметін атқарды.
АҚШ Конституциясы: тұңғыш заң тарихы
1776 жылы тәуелсіздігін жариялаған АҚШ алғашқыда Конфедерация мақалаларына сүйеніп басқарылды. Бірақ әлсіз орталық билік мемлекет тұтастығына қауіп төндірді. 1786 жылғы фермер Шейстің көтерілісі жағдайдың қиындығын анық көрсетті. Сондықтан 1787 жылы Филадельфияда жаңа құрылтай шақырылып, бұрынғы құжатты жетілдірудің орнына түбегейлі жаңа Конституция жазу туралы шешім қабылданды. Алғашқыда мақсат «Конфедерация мақалаларын жетілдіру» болғанымен, талқылау барысында мүлдем жаңа мемлекеттік жүйе құру туралы шешім қабылданды. Джордж Вашингтон конвенттің төрағасы болды. Джеймс Мэдисон жаңа Конституцияның негізгі авторларының бірі ретінде тарихта «Конституция атасы» атанды. Сонымен қатар Александр Гамильтон, Бенджамин Франклин, Гувернёр Моррис сынды қайраткерлер жаңа құжатты дайындауға белсене қатысты. Құжат кіріспеден (Преамбула) және 7 баптан тұрды. Алғашқы үш бап билікті заң шығарушы (Конгресс), атқарушы (Президент) және сот (Жоғарғы сот) тармақтарына бөліп берді. Қалған баптар штаттар арасындағы қарым-қатынас, Конституцияға түзету енгізу тәртібі және оның жоғарғы заң ретіндегі мәртебесін бекітті. Конституция 9 штат ратификациялаған соң, 1789 жылдан бастап күшіне енді. Сол жылы алғашқы президент сайлауы өтіп, Джордж Вашингтон мемлекет басшысы атанды. 1791 жылы алғашқы 10 түзету Құқықтар биллі қабылданып, сөз, дін, баспасөз еркіндігі сияқты негізгі құқықтар заңмен бекітілді. АҚШ Конституциясы әлемдегі ең көне әрі қазіргі күнге дейін қолданыстағы жазбаша конституция. Бүгінде Конституцияға барлығы 27 түзету енгізілді, бірақ оның бастапқы мәтіні мен қағидаттары әлі өзгерген жоқ.
Франция Конституциясы : азаттыққа апарар жол
Ұлы француз революциясы абсолюттік монархияны құлатып, жаңа қоғамдық құрылым қажет етті. 1789 жылы қабылданған «Адам және азамат құқықтарының декларациясы» болашақ конституцияның іргетасы болды. 1791 жылы 3 қыркүйекте Конституция бекітіліп, Людовик XVI ант берді. Кіріспесінде құқықтар декларациясы бар негізгі мәтін бірнеше тараудан тұрды: заң шығарушы билік бірпалаталы Ұлттық жиналысқа берілді, атқарушы билік король қолында қалды, бірақ ол тек «кідірту ветосын» ғана пайдалана алды. Судьялар сайланбалы болып, сот тәуелсіздігі жарияланды. 1791 жылғы қазан айынан бастап Конституция күшіне енді. Елде енді ресми түрде конституциялық монархия орнады. Бірақ бұл жүйе ұзақ өмір сүрмеді. 1792 жылдың тамызында халық көтерілісінен кейін монархия жойылып, республика жарияланды. 1791 жылғы Конституция – Еуропадағы алғашқы жазбаша конституциялардың бірі. Ол халық егемендігін заңдастырып, құқықтық мемлекет қағидаттарын орнатуға талпыныс жасады.
Әрине, бұл құжаттың өміршеңдігі аз болды. Бірақ ол: азаматтық теңдікті жариялап, феодалдық сословиелерді таратты, адам құқықтарын мемлекеттік құрылыстың өзегі етті. Кейінгі Франция Конституциялары (1793,1795, Наполеон дәуірі хартиялары) осы құжаттың тәжірибесіне сүйенді.
Польша Конститутциясы: арпалысқан ақиқат
XVIII ғасырдың соңында Польша-Литва достастығы (Речь Посполитая) саяси әлсіздік пен сыртқы қысымға тап болды. «Алтын еркіндік» деп аталған шляхтаның артықшылықтары мемлекеттің дамуын тежеп, әрбір депутаттың еркін вето (liberum veto) құқығы кез келген шешімді бұғаттап тастайтын. Бұған қоса, көршілес Ресей, Австрия, Пруссия мемлекеттері елдің ішкі ісіне ашық араласты. 1772 жылғы Бірінші бөлініс нәтижесінде Польша аумағының үштен бірінен айырылды. Елді құтқарудың жолы – мемлекеттік басқаруды реформалау деп түсінген реформаторлар тобы король Станислав Август Понятовскийдің қолдауымен жаңа Конституция жобасын әзірледі. Ұлы төртжылдық сейм (1788-1792) бұл мәселені қарастырды. Жоба құпия дайындалып, 1791 жылғы 3 мамыр күні Варшавада салтанатты түрде қабылданды. 1791 жылғы Польша Конституциясы кіріспе мен 11 баптан тұрды: онда католицизм мемлекеттік дін деп танылып, шляхта құқықтары сақталды, қалалықтар мен шаруаларға жаңа кепілдіктер берілді, билік үш тармаққа бөлінді. Ең басты жаңалығы әрбір депутаттың «еркін вето» (liberum veto) құқығы жойылып, шешімдер көпшілік дауыспен қабылданатын болып, мұрагерлік монархия енгізілді. Конституция 1791 жылдың 3 мамырынан бастап күшіне енді. Халық үлкен қуанышпен қарсы алды.Варшава көшелерінде мерекелік шеру өтіп, құжат ұлттық үміттің символына айналды. Алайда ұзақ өмір сүрмеді. 1792 жылы Ресей императрицасы Екатерина II-нің қолдауымен құрылған Тарговица конфедерациясы Конституцияға қарсы шықты. Ресей әскері Польшаны басып кіріп, реформаларды тоқтатты. 1793 жылы Екінші бөлініс басталды, ал 1795 жылы Польша тәуелсіздігін толық жоғалтты. 3 мамыр Конституциясы – Еуропадағы алғашқы жазбаша конституция, ал әлем бойынша АҚШ Конституциясынан кейінгі екінші. Ол поляк халқының мемлекетті реформалау, заманауи құқықтық мемлекет құру талпынысының шыңы болды. Қысқа ғұмыр кешсе де, халықтың санасында ұлттық еркіндіктің рәмізіне айналды. Поляктар үшін бұл құжат «азаттықтың соңғы үміті» болды. Кейінгі ғасырларда да 3 мамыр күні Польшада ұлттық мереке ретінде аталып өтті.
Испания Конституциясы немесе «Ла Пепа»
Наполеон Бонапарт Испанияны жаулап алып, ағасы Жозеф Бонапартты король етіп отырғызған кезде елде саяси дағдарыс тереңдеді. Бірақ испан халқы басқыншылыққа қарсы тұрып, Кадис қаласында жиналған Құрылтай кортестері жаңа Конституция дайындады. 1812 жылдың 19 наурызында қабылданған бұл құжат халық арасында «Ла Пепа» (Сан-Хосе күніне орай қойылған бейресми атауы) аталып кетті. 1812 жылғы Испания Конституциясы 10 бөлімнен, 384 баптан тұрып, халық егемендігін жариялады. Заң шығарушы билік Кортеске, атқарушы билік король мен министрлерге, сот билігі тәуелсіз соттарға берілді, католицизм мемлекеттік дін деп танылып, азаматтарға теңдік, бостандық және негізгі құқықтар кепілдендірілді. Конституция күшіне енгенімен, ұзақ тұрақтамады. 1814 жылы таққа қайта оралған король Фердинанд VII оны жойды. Кейін 1820-1823 жылдары қайта қалпына келтірілгенімен, Испанияда тұрақты қолданылмады. 1812 жылғы Конституция Еуропадағы ең либералдық заңдардың бірі болды. Ол Латын Америкасындағы тәуелсіздік қозғалыстарына ықпал етіп, көптеген жаңа мемлекеттердің алғашқы конституцияларына үлгі болды.
Осман империясының Конституциясы және Шығыстың шырағы
XIX ғасырдың екінші жартысында Осман империясы ішкі дағдарыстар мен сыртқы қысымға тап болды. Танзимат реформалары (1839-1876) қоғамды өзгертсе де, абсолютті билікті шектей алмады. Жасосмандықтар қозғалысының ықпалымен, Мидхат паша жетекшілігімен жаңа Конституция жобасы жасалды. 1876 жылы таққа отырған ІІ Абдулхамид билікке келген бетте Конституция жариялады. Бұл мұсылман шығысындағы алғашқы конституциялық құжат болды. 1876 жылғы Осман империясының Конституциясы 12 бөлімнен, 119 баптан тұрды. Құжатта империя біртұтас мемлекет деп жарияланып, ислам мемлекеттік дін ретінде бекітілді, бірақ өзге дін өкілдерінің құқықтары да мойындалды. Сұлтан мемлекет басшысы әрі халиф болып қала берді, алайда оның өкілеттіктері заңмен шектелді. Заң шығарушы билік үшін екі палаталы парламент құрылды: Сенат сұлтан тағайындаған мүшелерден, ал Уәкілдер палатасы жанама сайлау арқылы сайланған депутаттардан тұрды. Конституция азаматтарға теңдік, жеке бас бостандығы, баспасөз еркіндігі, меншік құқығы мен азаптауға тыйым салу сияқты негізгі құқықтарды бекітті. 1877 жылы алғашқы сайлау өтті, бірақ 1878 жылғы орыс-осман соғысы сылтау болып, ІІ Абдулхамид парламентті таратып жіберді. Конституция ресми күшінде қалса да, іс жүзінде тоқтады. Тек 1908 жылы Жас түріктер революциясынан кейін қайта жанданды. Конституция халыққа ортақ «османдық азаматтық» мәртебесін беріп, діндер теңдігін жариялады. Парламенттік жүйе енгізіліп, сұлтан билігі заңдық шеңберге алынды. Бұл құжат мұсылман әлемінде тұңғыш рет конституционализм дәстүрін бастап, Түркия Республикасының кейінгі негізгі заңдарына жол ашты. Ол абсолюттік монархияны шектеуге жасалған алғашқы қадам ретінде тарихта қалды.
Қазақстан респуликасының Конститутциясы: баба жолы және болашақтың басы
Қазақ қоғамында қазіргі мәндегі жазбаша Конституция болмаса да, құқықтық жүйенің өзіндік дәстүрі ерте қалыптасты. XV-XVII ғасырларда бірқатар заңдар мемлекеттің ішкі бірлігін нығайтуға қызмет етті. Қасым ханның қасқа жолы (1510-1523) алғаш рет ел ішінде бірыңғай заң жүйесін орнықтырып, жер дауы, жесір дауы, қылмыс пен жаза, әскери міндеткерлік пен хан билігіне қатысты қағидаларды қамтыды. Оны көшпелі қоғамның алғашқы «конституциясы» деуге болады. Кейін Есім ханның ескі жолы (1598-1628) бұл заңдарды толықтырып, әсіресе әскери тәртіп пен ел бірлігін күшейтуге басымдық берді. Ал «Жеті жарғы» (Тәуке хан тұсы, XVII-XVIII ғ.) қазақ құқықтық дәстүрінің шыңы саналып, қылмыс, жаза, меншік, отбасы қатынастары, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді жүйеледі. «Жеті жарғы» халық арасында ғасырлар бойы қолданыста болып, қазақ қоғамының бейресми конституциясы қызметін атқарды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, 1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған Қазақстанға жаңа құқықтық негіз қажет болды. 1993 жылы алғашқы тәуелсіз Конституция қабылданғанымен, ол өтпелі кезеңнің құжаты ретінде ұзақ өмір сүрмеді.
1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы жаңа Конституция қабылданды. Бұл құжат қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінің басты заңы болып табылады. Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы Преамбуладан (кіріспеден) және 9 бөлімнен тұрып, жалпы алғанда 98 баптан құралған көлемді әрі мазмұнды құқықтық құжат болып табылады. Бұл Ата заң Қазақстанды тәуелсіз, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жариялап, елдің саяси жүйесінің негізін айқындады. Мемлекеттік билік біртұтас деп танылғанымен, ол заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлініп, билік бөлінісі қағидаты нақты бекітілді. Конституцияда азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтары – сөз және ар-ождан еркіндігі, дін ұстану құқығы, жеке меншікке қол сұғылмаушылық, еңбек ету және білім алу мүмкіндігі, әділ сотқа қол жеткізу секілді демократиялық құндылықтар жан-жақты көрініс тапқан. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып, орыс тілі ресми түрде қолданылатын тіл ретінде белгіленді, бұл көпұлтты Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қағида еді. Президент мемлекеттің басшысы әрі ең жоғарғы лауазымды тұлға ретінде биліктің тұрақтылығы мен елдің тұтастығын қамтамасыз ететін негізгі институт болып танылды.
Сонымен қатар, қазіргі Конституция қазақ халқының дәстүрлі құқықтық мұрасымен де рухани сабақтастықта тұр. Тікелей Қасым ханның «қасқа жолына» немесе Есім ханның «ескі жолына» сүйенбесе де, олардың түпкі мәнін жалғастырып отыр. Мәселен, Қасым хан дәуірінде қабылданған заңдар халықтың бірлігін сақтауға бағытталса, қазіргі Конституция да мемлекеттің тұтастығы мен егемендігін ең басты құндылық ретінде бекітті. Есім хан билік еткен кезеңде әскери тәртіп пен ел қорғау нормалары күшейтілген болса, бүгінгі Ата заң да ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін Конституциялық қағида деңгейінде заңдастырды. Ал Тәуке хан тұсындағы «Жеті жарғы» халықтың құқықтары мен міндеттерін жүйелеп, әділдікті басты принцип еткен еді. Осы іргелі дәстүр қазіргі Конституцияда адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ең жоғарғы құндылық деп жариялау арқылы өз жалғасын тапты. Қазақстан Республикасының Конституциясы қазіргі заманға сай құқықтық мемлекет құрудың берік іргетасы болумен қатар, қазақ қоғамының ғасырлар бойы қалыптасқан құқықтық дәстүрімен де тарихи сабақтастықта өрілген құжат болып отыр.