Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жұмыла көтерген жүк жеңіл - тарихшы

1418
Жұмыла көтерген жүк жеңіл - тарихшы - e-history.kz

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразгүл Мұхатова Президенттің елдегі су тасқынына байланысты үндеуіне пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы.

Тарихшы ғалым елімізде әр жылдары болған су тасқындарына тоқталып, барша қазақстандықтарды табиғи апатпен күресуге шақырды. 

«Соңғы уақыттарда қазақстандықтар қиын күндерді бастан өткеруде. «Апат айтып келмейді» демекші елімізде мемлекет басшысы атап айтқандай, сексен жылда болмаған су тасқыны орын алды. Табиғаттың дүлей күшіне қарсы тұру адам баласының қолынан келетіндігін дәлелдеп жатырмыз. Барша Қазақ Елі апаттан жапа шеккендерге көмек көрсетуде. «Жұмыла көтерген жүктің жеңіл» екендігін де сезінудеміз. Ата-бабамыздың «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп сабырлық танытқан кездердің аз болмағанына тарих куә. «Мың өліп, мың тірілген» кезеңдерден де өткен халық екеніміз әмбеге аян. Сондықтан да орын алған ахуалда байбаламға, сары уайымға салынбай тығырықтан шығар жолда бір кісідей әрекет етсек алынбайтын қамал болмайтындығына көз жеткізудеміз.

Десек те осынау су тасқынының елімізде жылда болатыны қынжылтады. 2011 жылғы Қызылағаш оқиғасынан, яғни су тасқынынан сабақ алумыз керек еді. Өкінішке орай өйтпедік, бар пәлені су қомасынан көрдік. Сол кезде материалдық шығынмен қатар адам өлімі орын алған болатын. 45 адам қайтыс болды деп оны да жылы жауып қоя салдық. Ақтөбе облысындағы жыл сайынғы су тасқынын теледидардан көрсетіп жататын. Оған да пәлендей мән бермедік. Адам баласы өзінің басына түспегеннен кейін істің байыбына бара бермейді ғой. Көктем шығысымен жыл сайын Орталық пен Солтүстік Қазақстан облыстары тұрғындарының, әсіресе саяжайларда тұратын халықтың үй-жайларының су астында қалатыны қалыпты жағдайға айналған тәрізді. Оған да етіміз үйренген. 

2010 жылы Шығыс Қазақстанда су тасқынынан жүздеген отбасы үйсіз қалып, мал қырылғаны есімізде. Ресми мәлімет бойынша, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында 673 тұрғын үйді, 754 шаруашылық ғимаратын, сондай-ақ 42 қыстақты су басып қалды. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті Солардың жарымынан астамын қайта жөндеуге келмейді деп хабарлаған-ды. Бұл  бір облыс аумағындағы апаттың мәліметі. Жалпы 2008-2018 жылдар аралығында республикада 20 ірі су тасқыны тіркеліпті. Барлық су жайылу апатттары кезінде материалдық шығындар шаш етектен болып жатса да Су ресурстары комитетінің және «Қазсушар» РМК бірде-бір қызметкерінің жауапкершілікке тартылмағаны таң қалдырады. Мұның өзі  адам шығыны орын алмағаннан кейін «ұзын арқан, кең тұсауға» салып отыра беретін «әдетіміздің» көрінісі» деді – О. Мұхатова.

«Шетелдерде осындай табиғи апаттар жиі орын алса түбегейлі шұғыл шара қолданылып, жағдайды түзету емес алдын-алу үшін қыруар жұмыс атқарылады. Мәселен 2021 жылы Германиядағы су тасқыны кезінде шұғыл шара қолданылып, болашақта мұндай апатқа жол бермес үшін қолдан келгеннің бәрі жасалды. 

Америка Құрама Штаттарында су тасқынының алдын алу шаралары бірнеше жыл бұрын атқарылады. Мәселен, 2023 жылы Индиана, Огайо, Мичиган, Миннесота штаттарында су басу қаупінің бар екендігі анықталып, тұрғындарды басқа жерлерге көшіру жұмыстарын жеделдету қолға алынды. Биылғы жылдың 10 қаңтарында Огайо штатының, елдің Орталық Атлантика және Солтүстік-Шығысында орналасқан 50 миллионнан астам тұрғындарына қатты жел мен су тасқыны туралы ескерту алдын-ала жасалған. Соған қарамастан тұрғындар табиғи апаттан жапа шекті, үйлер жарықсыз қалды. 

Үстіміздегі жылы Пәкістанда толассыз жаңбыр салдарынан елдің солтүстік батысын су алды. Салдарынан 17 адам опат болды. Жергілікті билік апаттан зардап шеккен аймаққа гуманитарлық көмек жеткізілетінін мәлімдеді. Бұл елдің биліктегілерінің әрекеті бізге ұқсайтыны байқалады.

Бұлардың бәрі табиғи апаттардың болмай қоймайтын құбылыс екендігін дәйектейді. Алайда бастысы апаттың құрбандарына айналу емес, ахуалдан аман-есен, толағай шығынсыз шығудың жолдарын қарастыру екендігі дау тудырмайды. Біздің еліміз алпауыт елдердің тәжірибесін ескеріп, тілсіз жаулардан қамданудың тәсілдерін үйренгені абзал. 

Дегенмен алдын-ала қамданудың мүмкіндігін биыл да жіберіп алдық. Әрине, тас түскен жеріне ауыр. Үйлерін, мал-жайын су басып қалған ағайының жағдайын түсінеміз. Адал еңбек, маңдай термен жиналған мал-мүліктің көз алдында жарамсыз болып, өліп қалғанын көру оңай емес. Десек те, мемлекет басшысы айтқандай, ешкім ескерусіз қалмайды. Бағымызға қарай адам шығыны жоқ. Материалдық шығын, мал-мүлік орнына келеді. Бабаларымыз айтқандай, басымыз аман, бауырымыз бүтін. Отанымызда қысылғанда қол ұшын беретін халқымыз, бәрін ақылға салатын, орын алған жағдайды терең талдайтын, ұтымды шешім қабылдайтын басшымыз, «Қазақстан – халқына» қоры бар. Халық су тасқынана жапа шеккендерге қолынан келген көмегін аянар емес. Ауыр жағдайда күшіміздің бірлікте екендігі сыналуда. Қазақстандықтар жұдырықтай болып жұмылып, әрекет етіп жатыр. Президент жағдайды өз бақылауына алды.

Уақытша қиындықты еңсереміз. Табиғи апаттардың алдын алуды, орын алған жағдайдан сабақ алуды, ақылға қонымды қадам жасауды, сабырлықпен әрекет етуді үйренетін боламыз.

Халқымыз «орнында бар оңалар» деп тегін айтпаған. Ең бастысы Тәуелсіз Еліміз орнында. Елде айтулы өзгерістер, жағымды үдерістер жүріп жатыр. Солардың нәтижелі, игілікті істердің көп болатындығына сенеміз» - деп пірін қорытындылады ғалым. 

Еске сала кетер болсақ, үстіміздегі айдың алтыншы жұлдызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар облысындағы су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеу жасады.

«Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады», – деді Тоқаев. 

Тасқынға байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды. Яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?