Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түрік қағанаттарындағы рулар сипаты 1-бөлім

2261
Түрік қағанаттарындағы рулар сипаты  1-бөлім - e-history.kz

Батыс Түрік қағанатына жататын оғыз тайпасы моңғолдар кезеңіне дейін Сырды жайлаған кетелер сол жерден қоныс аудармаған халық деген пікірлер тарихи бағыттағы ғылыми еңбектерде жиі кездеседі. Қидандардың құрамындағы он сегізге тарта тайпаның бірі «хитилер» болды. Қазіргі кете тайпаларында кездесетін + таңбасы хити тайпаларында да бар. Кете сөзін ғалым Мұхаметжан Тынышбайұлы Сібірдегі Ачинсктен 100 шақырым жерде орналасқан Кеть өзенімен сәйкестендіреді [1]. Алшедат және Шеркеш, сондай-ақ Беріш өзендерінің осы жерде кездесуі кіші жүзге жататын бірнеше рудың Алтай аймағынан қоныс тебуі мүмкін деген ойды айтады.

Алшын руы жайлы деректер

Кіші жүздің қосымша атауына айналған алшын сөзінің шығу түп-төркіні жайлы ғалымдар түрлі пікір айтады. Ғалым А. Бернштам болса, түріктердің атақты тайпасы Ашинамен тікелей байланыстырады, ал С. Аманжолов алтын руында Байұлының болуы жай құбылыс емес деп, оны алтын сөзімен ұштастырады [2]. Ғалым Мұхаметжан Тынышбайұлы Геродоттың еңбегінде кездесетін біздің заманымызға дейінгі V ғ. Қаратеңізді бойлаған алазон тайпасын ойға оралтады. Ғалым Қойшығара Салғараұлы болса, оның қазақ тілінің сөздік қорларында кездесетінін айтып, оны көк шөп мағынасына теліп, яғни «алсын» сөзі арқылы Дешті Қыпшақтың батыс бөлігінде пайда болған «жас ел» деген мағынада келтіреді. Егер де қыпшақ сөзінің қазақ атауының орнына қолданғанын еске түсірсек, бұған да тоқталып өткеніміз жөн сияқты. 

Қазақ аңыздарындағы үш жүздің қосалқы аттарының бірі болған (Қотанбидің үлкен баласы  Үйсінге – Ұлы жүз, ортаншы баласы Болатқа – Орта жүз, кенжесі Алшынға – Кіші жүз бөлініп беріліпті делінетінін еске алыңыз). Алшын сөзінің көне замандарда меңзейтін мағыналарының бір парасы – осы. Ол әуелде адам аты ма, ел аты ма, анық-қанығын алдағы уақыттағы зерттеулер шеше жатар деген үміттеміз. Ал бүгін Алшын құрамына енетін рулардың бір сыпырасын біз Қырым түріктері құрамынан, татар, тіпті башқұрттардың ішінен де кездестіреміз. Олар Ноғай ордасының негізін қалауға да белсене араласқан. 

Шекті, шөмекей руы жайлы жазба деректері

Білге қағанның ескерткіштерінде Шекті атауының пайда болуы ежелгі деректердегі «чік» халқы болуы әбден мүмкін дегенге саяды. Ал Махмұт Қашқари еңбегінде Шудың бойын шектілердің жайлағаны айтылады [3]. Осы тұста қаракесекке қарайтын шөмен, яғни шөмекей руы жайлы да әртүрлі дерек кездеседі. 

«Оңтүстік Сібір, Орталық Азия және Қиыр Шығыс халықтары туралы қытай мәліметтері» атты Н. Кюнердің еңбегінде шамамен VІІ ғасырларда Тянь-Шань мен Тарбағатайдың бойын шүмилер, яғни шумугундер мекендеген», – дейді [4]. 

Олар сол заманда Шудың бойын бойлаған Батыс Түрік қағандығының құрамына енді. Оларды сегізінші ғасырдың басында қарлұқтар екіге бөледі. Шудың бойын бойлаған шумугундар мен шеклі тайпалары батысқа қарай ойысқан тәрізді. Олар – қазіргі таңдағы шөмекей мен шекті рулары. Оның бір бөлігі Қырғызстаннан Алтайдың шығысына қарай ығысқан. Бүгінде Оштың оңтүстік-шығыс бөлігінен Зеравшан мен Сырдарияның таулы бөліктерін мекендеген рулар шеклік атаулы бірлестіктің құрамына енген. Оларға шөмекейлердің басты ұраны болып есептелген қаракесек руы жатқызылған. Шекліктердің арасынан қазақтардың қаңлы, қыпшақ және найман руларын да кездестіре аламыз. Осындай ұқсастық арқылы қаракесектің ұрпағына жататын шөмен және шекті руларының туыстас екенін аңғаруға болады. Шекті руының таңбаларының көптігінен, сол заманда оның бірнеше тайпаның басын қосқан бірлестік болғанын анықтау қиындық тудырмайды. Ал әлім атауының кейінірек қосылғаны белгілі [5].

Ерте заманда Шудың бойын бойлаған шумугундер мен шеклілердің бір бөлігі батысқа жылжып, ендігі бір бөлігі қилы заманда Орта жүздің құрамындағы халықтарға келіп енуі мүмкін болды. Орта жүздің шежіресінде кездесетін қаракесек руының арғындарға беріректе келіп қосылғандығын айтатын жерлер кездесетіні түрлі ойларды тудырады. Сонымен қатар бұлғар қыпшақтарының бір бөлігіне шектілерді де жатқызуға болады деген пікір бар. Еділдің бойын бойлаған бұлғарлардың бір тобы ХІ ғасырда Арал теңізіне дейін жылжыды. Осы тұстан «алмуштың» әлімге, «шоктидің» шектіге ұқсайтындығын анық көріп отырмыз. 

Кіші жүздің тарихына үңілген ғалымдар Кіші жүздегі руларды Қазақстанның батысында тұрған кас-пи, касахия, касог, касогдиане сияқты халықтармен байланыстырып жатады. Жетінші ғасырда кездесетін қытай деректерінде Каспийдің бойын Аралдар мен Хазарлар мекендеп, оларды «хаса» немес «кас-пи» деп атаған. Х ғасырда Византия елінің императоры К. Богрянородныйдың Куба жерінен шығысқа бағытталған бөлігінде Касахия деген ел бар дейді. «Касог» атауының орыс жылнамаларында кездесуі Епифанидің еңбектерінде VIII-IX ғасырларда Кавказ жерінде өмір сүретін «касогдание» жайлы ақпараттар қазақ атауының осы тұста ерте кезден-ақ болғанын байқауға болады. 

Осы туралы атақты ғалым Әлкей Марғұлан: «Араб жұрты келмей тұрып-ақ қазақ халқы Каспий мен Арал маңында хазарлармен араласып отырған. Н.Я. Марр мен Б. Грозныйлардың  келтірген «қаз», «хаз»  сөздері екеуіне ортақ. Ертеде хазарлардың арасында «хазаруғ», «берішілік» деген екі ұлы ел болған. Бүгінге дейін Беріштің Кіші жүздің бір тайпасы екені қуантарлық жайт», сондай-ақ «Солтүстік Кавказды мекендеген балқар және қабарлар қазірге дейін «қасақ» немесе «кесек» деп кездеседі... Оны қабарлар мен балқарлар бүгінге шейін «кесек» немесе «қасақ» дейді... Балқарлар мен қабарлар оны сонау қыпшақ заманынан (10-15ғғ.)  сақтаса керек», – деп келтіреді ғалым өзінің «Тамғалы тас» кітабында [6].

Шеркештер жайлы жазба деректері 

Ежелгі Кавказдың шеті, яғни Қобан (Кубань) бойы – тарихшы Багрянородныйдың пікірінше, Касахия деп аталған жер. Қазақия еліндегі түрік жұрты мәдениетінің тұстарын Е.П. Алексееева «Древняя и средневековая история Карачаево-Черкесии» деген еңбегінде үш кезеңге бөліп қарастырады. Алғашқысы VІ-VІІ ғасырларды қамтып, Батыс Түрік  қағандығының аталмыш аймаққа дейін етек жаюымен байланыстырылса, екіншісі тоғызыншы және оныншы ғасырдағы бешенектердің батысқа қарай ығысуымен сабақтасады. үшінші кезеңі он бірінші ғасырда осы аймаққа ағылып келген қыпшақ тайпасымен жалғасады [7].  Яғни көшпелі тұрмысқа әбден жатыққан Қазақия аймағының түрік жұртының бітіміне ұқсауы бастапқыдан-ақ нақты дәлелдемелердің бірі болып саналады. 

Қазіргі таңда тарих ғылымы Қазақия елінің құрамында бүгінгі қарашай, балқар және құмық сияқты елдердің түп-төркіні болғанын айтса, сондай-ақ олардың «қазақ» деген атпен бірлескенін айтады. Сонымен қатар черкес пен қабардар сияқты жұрттар да «қазақ» деген атпен көрініс тауып отырған. Осы тұста Ә. Марғұланның балқар мен қабарларды «қазақ» деп атауы осыған сәйкес келеді. Моңғолдардың он үшінші ғасырда жасаған жорығы Қазақияны да қиратты. Сонау қилы заманда абазиндер мен қарашайлар, қабарлар мен черкестер қазақтардан бөлінген тәрізді. Десе де бірнеше жыл етене араласып келген тайпалардың этникалық ұқсастықтарын бүгін де кездестіреміз. Шеркеш руы жайлы атақты жазушы Ә. Сарай «Қазақия черкес пен қазақ болып екіге бөлінгенде қазақ елінің құрамында қалып қойған ел болуы ықтимал» деген пікірді алға тартады. «Шағырай» қазақ шеркештерінің ұранына айналған. «Чахаркас» деген атау черкестерде кездеседі. Бүгінгі күнге дейін абазиндерде шегірей руы бар, сол абазиндер арасында Шакараул тайпасы бар, ол бес ата қазақ шеркештерінің Қойыстан тарайтын Сақауына үндеседі. Бұл сақаудың (Шакараулдың) І ғасырда Сыр мен Әмудария аралығын мекендеген Сакараул сақтарының жұрнағы болуы да ғажап емес деп топшылауға болады [8]. 

Дегенмен М. Тынышбайұлы еңбегіндегі «Өб өзеніне ағатын Қатын өзенінің оң жақ саласы Черкиш аталады» деген дәйек бұл атаудың да түп-төркіні Алтай төңірегінен екенін байыптатқандай болады. Оның бір дәлелі – сақа (якут) жұртының құрамында да «сергеччі» деген ру барлығы. Демек ерте кездердегі ұлы қоныс аударулар заманында Шеркеш тайпасы да Кавказдың теріскейіне жетіп, сол маңдағы елге өз атауын қабылдатуы мүмкін. Осы ретте түркі руларының тарихын зерттеуге қор үлес қосқан Н. Аристовтың: «черкес сөзі Кавказға түрк руларының ұқсас атауының қауымымен келген сияқты» [9], – деп бұдан жүз жылдай бұрын жазып кеткені қисынға келеді. Яғни шеркеш-черкес жұрттарының тегіне қатысты ауыс-түйістер черкестен-шеркешке емес, шеркештен-черкеске қарай бағытталғандай.

Беріш руы туралы деректер

Байұлы құрамындағы Беріш руы этимологиясының ізін кейбір зерттеушілер ескі тарихтан тарқатып көрсетеді: М. Тынышбайұлының көрсетуінше, оның бір ұшын Сібірдегі Шұлым өзенінің сол жақ саласы болып табылатын Беріштен және сол маңайдағы Берішкөлден, Симбирск маңындағы Барыш, Бюрич өзендерінен, Азов теңізіндегі Бюрич аралынан деп тарқатады. Әуелгісі – жалпы түрік жұрты атаулының құтты қонысы саналатын Алтай айналасы, кейінгілері – қаптаған қалың қыпшақ мекен еткен Дешті қыпшақтың бір шеті, бұрнағы Қазақияның Жайық пен Қара теңіз аралығында орналасқан құйқалы мекені. Алшындардың, яғни оның беріш атасы қыпшақтардың бір бөлігі деген ойдың арғы жағы осы тұста көрініс тапқандай. Еділ төңірегіндегі қыпшақтардың өздерінен теріскей беттегі орыс кінәздіктерімен де оқта-текте шекісіп қалатыны орыс жылнамаларына түскен. Мәселен, оларда Владимир кінәздің Беріш баласы Ақланды өлтіргені, 1935 жылы беріштердің орыстарға шабуылдағаны сияқты бірсыдырғы оқиғалар жазылып қалған.

Бейбарыс сұлтан беріш руынан болуы әбден мүмкін

Мысырды талай жыл билеген атақты Мәмлүк Бейбарыс сұлтан (1223-1277 ж.ж.) және оған у бергізіп өлтіріп, тағына отырған Қалауын сұлтандар «Қыпшақтардың Берж әулетінен шықты» дейді араб жазушысы әл-Айни. Зерттеушілердің айтуынша, Бейбарыстың шыққан жері Қазақия бойындағы Дербент жерін, яғни Қаратеңіз бен Үстірт және Еділдің бойлаған қыпшақтардан тұрған. Оның жасы 10-ға келгенде елін жау шауып, өзін италиялық көпестерінге моңғолдар сатып жіберіп, одан әрі оны олар Мысырға саудалап жібереді. Сол елде мәмлүктердің қолында болып, ерекше әскери қабілетке ие болғаны үшін мемлекет әміршісі деген лауазымға дейін көтеріледі. Берж әулетінің билігінен кейін Египетті шеркештердің мәмлүк тайпалары басқарды деген деректен де әлгіндегі әңгіменің бір сілемін байқағандай болар едік.

Байұлының этимологиясы

Байұлы сөзінің мағынасы шежірелерде «байдың ұлдары, ұрпақтары» деген ұғымда түсіндіріліп жатады. Ал осы сөздің тарихи деректеріндегі сілемін тағы да қалың түрк жұрттарының бір ата-мекені Алтаймен ұштастырар едік. «Тан әулеті мәліметтерінің жинағы» («Танхуйяо») атты көне Қытай дерекнамасының мәліметтеріне қарағанда, түрк тілдес көшпелі жұрттар қауымдастығы Теле (Төлес) тайпалар бірлестігіне кіретін он бес елдің бірі байегу деп аталады. Ол Қытай жазбаларында байгу, багу, байырқу түрлерінде де кездеседі. Профессор Н. Кюнердің анықтауынша, байегулар VІІ ғасырда қазіргі моңғол жерінің теріскейі мен Байкал (Байкөл) маңын мекендеген. Әлгі дерекнамада бұл «мемлекеттің 10 000 жауынгері, 60 000 тұрғыны бар, барлығы да бай» екені айтылады. Теле бірлестігіне енетін он бес елдің қуаттыларының бірі Сйеяңто тайпасы – қыпшақтардың қытай деректерінде көрініс берген бұрынғы атауы ретінде белгілі. Байгу, байырқу тайпасы да кейіннен қыпшақтар секілді күшейіп, сегіз-байырқу, тоғыз-байырқу деген тармақтарға бөлініп кетті. Белгілі түркітанушы Қ. Сартқожаұлы «сегіз байырқудан – найман», «тоғыз байырқудан – керей елі» туындағанын Орхон-Енесей ескерткіштері мен Қытай жазбаларындағы деректер бойынша дәлелдейді. Теле бірлестігіндегі тайпалар арасында байырқу елінің беделі үлкен болғанын ескерсек, кей тайпалар өздерін оған теліп «байегуміз», «байгуміз» деп айтуынан, ол келе-келе «байұлына» айналып кетуі де ғажап емес. Бәлкім, бұл атау Ұлы қоныс аудару кезінде халың қыпшақпен бірге Қазақстанның батысына дейін де жеткен шығар? Бірақ бұл нақты тұжырым емес.

Жалғасы бар... 

Тайыр Қасымұлы

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Тынышпаев М. Материалы к истории киргиз-казакского народа. – Ташкент: Восточное Отделение Киргизского Государственного Издательства, 1925. – 62 с.
  2. Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. Часть первая. – Алма-Ата, 1959. – 452 с.
  3. Қашқари М. Түрік тілінің сөздігі (Диван лұғат – ит түрк): 3-томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Хант, 1997. т.3. – 600 б.
  4. Кюнер Н.В.  Китайские известия о народах Южной Сибири, 
    Центральной Азии и Дальнего Востока. – М.: Издательство восточной литературы. 1961. 391 с.
  5. Бейсенбайұлы Ж. Қазақ шежіресі. – Алматы: Атамұра, 1994. – 160 б.
  6. Марғұлан Ә.Х. Тамғалы тас жазуы. Ортағасырда қазақша тасқа бедерленген белгілер // Жұлдыз. 1984. – №1. – 132-146 б.
  7. Алексееева Е.П. Древняя и средневековая исторя Карачаево-Черкесии. – М., 1971.
  8. Сараев Ә. Қазақ атауының ізімен // Жалын. – 1990. – № 5.
  9. Аристов Н.А. Труды по истории и этническому составу тюркских племен. – Бишкек: Илим, 2003. – 460 с.
  10. Қазақ ру-тайпаларының тарихы. VI-том. Телеу. – Алматы: «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы, 2006. – 704 б.
  11. Әбілғазы Баһадүр. Түрік шежіресі. – Алматы: Ана тілі, 2006. – 207 б.
  12. Кузеев Р.Г. Происхождение Башкирского народа. Этнический состав, история расселения. – М.: 1974. – 130 с.
  13. Семенюк Г.И., Моржанов В.М. Материалы по родопленнему составу казахов Старшего и Среднего жузов в ХVІІІ веке. Учен. Зап. КазГУ, Т. XLVІІІ, серия ист. Вып. 7. – Алма-Ата, 1961.
  14. Қайдар Әбдуәли. Қаңлы. Тарихи шежіре. – Алматы: Дайк-Пресс, 2004.
  15. Трепавлов В.В. История Ногайской Орды. – М.: Издательская фирма «Восточная литература» РАН, 2002. – 752 с.
  16. Арғынбаев Х., Мұқанов М., Востров В. Қазақ шежіресі хақында. – Алматы: Атамұра, 2000. – 464 б.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?