Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Наурыз хикаясы (әзелгі әңгіме)

1428
Наурыз хикаясы  (әзелгі әңгіме) - e-history.kz

Сол күнгі ұжымның жиналысынан төтенше қаулы қабылдадық. Ол мынадай: бізге дәл бүгіннен бастап қол астындағы қызметкерлерді алаламайтын, өндіріс есебінен өзіне коттедж тұрғызып алмайтын, мекеме қаржысын анда-мұнда шашып, саудаға салып жібермейтін, алды-артын айналдырып ағайын-туыс, ауыс-қиыс, жағымпаз-жақыбайлармен қоршап қорған салмайтын, жалған ақпар беріп министрлікті алдамайтын бастық керек.

Ақыры отыз күн ойланып, қырық күн толғанып жүріп бір шешімге келдік. Бізге адамзат әулеті бастық бола алмайды екен. Ендеше, адам емес Робот басқарсын. Шешім шықты. Өндіріс есебінен миллион доллар қаржы жұмсап, Мәскеу қаласындағы «Адам робот» жасайтын орталыққа тапсырыс бердік.

       ... Жаңа бастық жаман емес!

Әнтек қазақша сөйлемейді. Алғаш тапсырыс бергенде, миына қазақ тілін енгізу өте қымбат тұратындықтан жасата алмадық. Бізді руға, жүзге бөлмейді. Әйелдердің сұлулығы оған еш әсер етпейді. Өндірісті аралағанда жапа-тармағай жалпаңдап туфлиін сүртпейміз. 

...Жаңа бастық жаман емес!

Өмірі артық-ауыс шығынға жол бермейді. Әйтсе де, Ресейдің пайдасына байланысты қаржылық құжаттарға тезірек қол қойып жіберетіні бар. Тегі жасап жатқан кезде Мәскеу жақтан арнайы жіберген «деффектісі» болса керек. 

Содан бір күні Наурыз мерекесі келіп жетті. Бастық үнсіз. Ол кісі үндемеген соң, ұжым тыныш. Себебін анықтасақ, бастықтың басқару бағдарламасына ұлттық-танымдық дүниелер енгізілмепті. «Наурыз мерекесін тойлау туралы» файл жоқ. Енді не істедік?

Мәскеудегі робот орталығына хабарласып көрсек, бастықтың миына жаңа бағдарлама енгізу үшін кемінде алты ай қажет. Әрі роботтың миына  қазақтың ұлттық-танымдық дүниелерін енгізу үшін қауіпсіздік кеңестің ұлықсаты қажет екен. Наурыз болса келіп қалды. Ойланып, толғанып Гонконгке, Сингапурге, Токиоға хабарласып, ақыры жапондармен келісімге қол жеткіздік. Тез арада арзан бағамен бір рет қолданатын бағдарлама жасап беретін болды. 

Бір апта өткенде жапондар жіберген сіріңкенің қорабындай «қара қобдишаны» бастықтың миына орналастырып, бұйрығын күттік. Сөйледі. «Наурыз – көктем мерекесі»  деп, бір тоқтады. Біз қуаныштан ду қол соқтық. Дұрыс айтады. Тіпті осы өндірісте ғұмыр бойы жұмыс жасап келе жатқан жалғыз қазақ Мүсілім ақсақал еңкілдеп жылап жіберді (қайтсін-ай, өмірінде алғаш рет мекеме басшысының қазақша бір ауыз сөз айтқанына көңілі босаған ғой). Бастық әрі қарай әңгімесін жалғастырып: «Ол кезде мал төлдеп, ағаштар бүр жарып, арықтан су ағады», – деді. Япырмай, мына кісі қосалқы шаруашылықтағы жылқыларды құлындат, ауладағы қар басып жатқан ағаштарды бүрлет, арық жасап су келтір деп бұйырса, не істедік... Арқада көктем сәуірдің соңына қарай келетінін қалай түсіндірдік... Қап!. Құдай оңдағанда, бастық олай демеді, тура іске көшіп: «Ұзындығы үш метр,  жуандығы отыз сантиметр, алты ағаш дайында!» – деді. Өте дұрыс. Алтыбақанды айтып тұр. 

Екінші тапсырма: «Қуаттылығы жеті аттың күшіне тең трос арқан әзірлеп, тербеліс бұрышы 60 градустан аспайтын етіп ағаштарға орналастыру керек!». Бұл да болатын сияқты. Үшінші тапсырма: «Көлемі екі шаршы метр, қалыңдығы бір дециметр, жан-жағы құрсауланған тақтай қажет». Тапсырма түсінікті. Ешкімнің тербелгісі келіп тұрмаса да, «Алтыбақан» жасайтын болдық. Бастықтың миына солай жазылыпты. 

Қызметкерлер әр нәрсені айтып шуылдай бастап еді, бастықтың маңдайындағы «қызыл шырақ» жанып, құлақ түбіндегі қоңырау  сыңғырлады. Бұл бізге «тынышталыңдар» деген белгі. Бәріміз сап тиылып, қайта құлақ түрдік. Қызық болғанда, бастық біз түсінбейтін бір тілде сөйлей бастады. Себебін анықтасақ, көне парсы тілінде сөйлеп тұр екен. Әй, жапондар-ай!... Біздің тапсырысты жедел орындау үшін орта ғасырлық қытай жазбаларындағы деректерге қарап, ежелгі парсылардың наурыз ғұрпын сол тілге аударып жібере салған. Оны біздің робот бастық сақылдап сайрап отыр. Әйтеуір ұялған болуы керек, қазақтың «Алтыбақанын» 18 ғасырда Алтай өлкесін аралаған жапон саяхатшысының естелігінен алып қыстырыпты. Оның өзін халықаралық арбитражға айтып жүріп, әрең дәлелдедік...

Содан бастық аң-таң. Миындағы бағдарлама бойынша: шығыстан әлемді нұрға бөлеп таң атып келеді. Мысырдан құрма алып келе жатқан күміс қоңыраулы көш-керуен.., бақшадағы палма ағашына ұя салып жатқан көктем құстары.., шаһардың ішіндегі тоғамдар суға толған.., ақ бас дихан кетпенін көтеріп, тәңірден несібе тілеп дұға оқып жатыр... Ал, сөйте тұра,  көз орнына орналасқан шамдардың қазіргі ауа райы туралы берген ақпараты бойынша: далада қырбақтап қар жауып жатыр.., батыстан секундына бес метр жылдамдықпен жел соғуда..,  сыртқа аулада қоқыс теріп жүрген кептерден басқа құс атаулы көрінбейді.., көктемгі егіс жұмысы енді бір айдан соң басталады... 

Екі түрлі кері ақпараттың  тұйықталып, шағылысуының әсерінен бастықтың маңдайындағы «қызыл шырақ» жанып-сөніп тұрып алды. Бұл өте қауіпті, ары қарай жұмыс істеуге болмайды деген белгі. Енді он минут кешіксек, пәлен миллионға жасатып алған бастығымыздың басы атылатын түрі бар. Шұғыл шара қолданып, қаламыздағы Ресей елшілігінен адамдар шақырдық. Келген адам құпия кодты біздің бастықтың құлағына сыбырлап еді, бастықтың шамы өшіп бұрынғы қалпына келді. Осы сәтте жапондықтарды да қоса шақырып, тағы да қыруар ақша төлеп, «қара қобдишадағы» бұйрықты бір ай, он күн өткен соң бергізетін етіп шегерттік. 

Осылай біз Наурызды мамыр айының басында өткізетін болып, бастығымызды аман алып қалдық.

...Жаңа бастық жаман емес.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?