Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Айналайын» дейтін аға

2011
«Айналайын» дейтін аға - e-history.kz

Кәкімбек аға туралы ойлар мені өткен шаққа сүйрей жөнеледі: ойымда ол кісімен алғаш кездескенім, күлгені, қамыққан сәттері, қуаныш үйірген, қажыған, жабырқаған кездері – бәрі-бәрі… Күні кешегідей есіме жатталып тұрады.

Қоңыраулы күздің (2007) жайма-шуақ кезінде әлдекімнің нұсқауымен «Әлем әдебиеті» журналына барған басым аяқ астынан «Фолиант» баспасынан бірақ шықты. Қызметке тұрдым. Ең алғаш жұмыс істеген құтты шаңырағым болды. Көрнекті ақын, танымал қайраткер ағамен сонда таныстым. Дәл қалай кездесіп, қалай сөйлескенімізді баяндап жату артық.

Күллі қазақ баласы «Жезкиік ақын» деп таныған әйгілі аға сол кезде өзінің әндерге жазған сөздерінің, лирикалық өлеңдерінің басын қосып, «Жезкиік» деген кітабын шығарып жатқан еді. Осы кітаптың кейінгі басылымына редактор болып бекіп, жарыққа шығуына бір кісідей атсалыстым.

Біз отыратын бөлмеде бірнеше қыз жұмыс істейтін. Назеркені (Рамазанова) ылғи «Жансая» деп айтатын. Сын айта ма, шын айта ма, о жағын сұрамадық. Үнемі біздің кабинетке кірген сайын «Жансая», «Жансая» деп өлеңдетіп енетін. «Аға, ол Жансая емес, Назерке ғой» деп қанша рет айтсақ та, жүрегі жас, көңілі көктем ағамыз сол бұрынғы «Жансаясынан» танбады.

Әрбір қыздың бойындағы ерекшелікті табан астында байқайтын ақындық сезімталдық, нәзіктік есіп тұратын. Сұлулық сырын жете түсінген жүректен шыққан жырларында ол кісінің қолтаңбасы тіпті ерекше. Қыз-қырқынды бір-біріне ұқсатпай, қайталатпай, әр қызға жеке-жеке тоқталып, бір өлеңде жарқырата көрсетудегі стилі мүлде тосын. Бірде баспадағы барлық қызға арнап ода жазып келіп, бәрімізді таңырқатқан еді.

Баспа демекші, Кәкімбек ағамыздың біздің «Фолиант» баспасымен шығармашылық байланысы күшті болды. Көптеген кітабын, сондай-ақ өзінің жеті томдық жинағын да шығарды. Қазақтың сал-серілерін жеке-жеке кітап етіп құрастыруда, дайындап бастыруда қажырлы еңбек етті.

Сексеннің сеңгірінен асып кетсе де, жас жігіттей ширақ қимылдап, аз ғана жылда бабалар мұрасына өлшеусіз қызмет атқарды. Қазақтың сақа ақындарының ішінде Мемлекеттік сыйлыққа таласпаған, қалған атақ-даңқ өзі іздеп тапқан бір адам – осы менің Кәкімбек ағам. Қарақалпақ секілді туыстас елдің президентіндей болып қызмет етуі бір бөлек әңгіме.

Кішкене кезімде жайлауда көп болдым, қозы бақтым, қой бақтым, құйрық жедім дегендей. Әкемнің туған інісі Болат көкем масайыңқырап қалса, жаздың жылы түнінде «Жылжиды аққу айдында, жылжымайдыға» басушы еді. Көп әншіге бергісіз өзінше дауысы да бар еді. «Еді» деп өткен шақпен жазуымның себебі – сол Болат көкем баяғыда дүниеден көшкен. …Кейін студент болғанда білдім: «Жылжиды аққу айдынданың» авторы Салықов екенін. «Жылжиды аққудан» басқаны білсе де айта бермейтін Болат көкем жоқ, енді, міне…

Кәкімбек ағаны соңғы рет көргенімде көлігіммен үйіне жеткізіп тастадым. Көліктің ішіндегі «Антика әдебиеті» оқулығын көзі шалған ағамыз «сендерден шықты ма?» деп сұрады. «Иә», – дедім мен. «Керек кітап екен, мен алайын, қанша тұрады?» – деді. Ойланып жатпастан кітапты бердім. Риза болып еді сонда ағамыз. Бірақ, амал қанша, көне дүние әдебиетіне қатысты жаңа жырлар, бізге келіп бастыратын жаңа өлеңдер сол күйі жазылмай қалды…

Еліне еркелеп қана жүретін Кәкімбек аға баспаға келген сайын құр келмей, қызықты әңгіме, қызулы естеліктер айтатын. Қазақтың бар жақсысын, үлкен-кішісін «айналайындап» өтті. «Айналайын» дейтін ағаны қайдан табамын?!

Ең өкініштісін айтайын ба, бірге суретке де түспеппіз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?