Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

1986 жылғы желтоқсан көтерілісі және оның қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков туралы

2151
1986 жылғы желтоқсан көтерілісі және  оның қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков туралы - e-history.kz

Қазақстан Республикасы үстіміздегі жылы өз тәуелсіздігінің кезекті 32-ші жылдығын атап өткелі отыр. Адам өмірі үшін елеулі, ал мемлекет тарихы үшін қас-қағым ғана сәт болып саналатын бұл мерзім өткенімізді саралап, келешегімізге көз жіберіп алатын аса маңызды белес екені анық. 

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтып өткеніндей, бұл «бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді» [1]. Қазақтар өзінің тәуелсіздігі жолында тек патша отаршылдары мен кеңестік жүйенің озбырлығына қарсы 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққан екен. Соның ең соңғысы – тоталитарлық жүйенің темір құрсауын талқандауға арналған қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісіне де биыл 37 жыл толғалы отыр. «1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» [1]. Тәуелсіздік жолындағы мұндай ұмтылыстардың бәрі ел тарихының ең қастерлі парақтары ретінде әрқашан жадымызда сақталатын болады.

Енді сол Желтоқсан көтерілісінің негізгі себептері мен маңызын айқындау алдында оның басты қаһармандарының бірі Қайрат Рысқұлбековтың қысқаша өмір жолына тоқтала кеткеніміз жөн болар.

Қайрат Рысқұлбеков 1966 жылы 13 наурызда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында малшы әулетінде дүниеге келген. Қайрат 1973-1981 жылдары Шу ауданындағы Төле би ауылына орналасқан мектеп-интернатта оқып сегіз жылдық білім алды. Мектепте сабақты жақсы үлгеріп, кластан класқа емтихансыз көшіп отырды. Қоғамдық жүмыстарға белсене араласып, мектептің бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болды. Ал 1981-1983 жылдары Бірліктегі бұрынғы Киров атыңдағы орта мектепте оқып, он жылдықты бітірген соң, әскер қатарына шақырылғанға дейін әкесі Ноғайбайға жәрдемші-малшы болып, Көктерек товарлы-сүт фермасында жұмыс істеді. 1984-1986 жылдары Амур өлкесі Белогор қаласыңда әскери міндетін абыроймен өтеді. Әскери-саяси қызметтердің үздігі ретіңде бірнеше мақтау қағаздарымен марапатталып, әскери бөлімше командирлері ата-анасына алғыс айтқан құрмет қағаздарын жіберді. 1986-жылы мамырда әскери борышын өтеп ауылға келіп, тамыз айында әскери бөлімшенің жолдамасымен Алматы сәулет-құрылыс институтына келіп сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға түсті [2].

1986 жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның бас тізгіні қайдағы біреуге тапсырылуына бейбіт наразылық білдірген жастар мен студенттерге қосылып, Қайрат алаңға шығып, шеруге қатысты. Жиналғандар орталықтың кадр саясатын жүргізудегі өктемдігіне наразылық білдірді. Наразылықтың көш басында жастар – студенттер мен жұмысшылар тұрды және олар Желтоқсан көтерілісінің негізгі қозғаушы күшіне айналды. 

Митингтің бір қалыпты, тәртіппен өтіп жатқанына қарамастан, үкімет басшыларының бұйрығымен жетіп келген жендеттер қарулы күш қолданып, құр қол жиналған жеткіншіктерді аяусыз ұрып-соғып, алаңды қып-қызыл қанға бояды. Ит қосып, өрт сөндіргіш машиналармен су шашып, жығылған, мертіккен жандарды қала сыртына әкетіп жатты. Қазақ қыздарын шашынан сүйреп, айуандықпен тепкілеп, кейбіреулерін, тіпті, қаныпезерлікпен көк мұзға отырғызуға дейін барды. Міне, осылай оспадар-озбырлыққа шыдамаған, ана қауымын пір тұтып сыйлап өскен ер-намысты жігіттер қыздарға араша түсіп «бұзық» атанды. Араша түскендердің бел ортасында жүргеңдердің бірі Қайрат еді. Сонымен қатар желтоқсан айының сол бір аязды күндері алаңға жиналғандарға Қайрат Рысқұлбеков: «Жігіттер, үш күнге шыдайық, үш күнге шыдасақ, бізді Біріккен Ұлттар Ұйымы таниды» - деп үндеу тастайды. Осы себептерден екені анық, Қайрат сол кездегі билік тарапының назарына алынып, оған «алаңда халық жасақшысы С.А.Савицкийді ұрып  өлтірді» деген жалған айып тағылды. Ол мұндай қылмысты істемегенін дәлелдеп баққанмен, қызыл жағалы жендеттер оның жауабына сенбей, ақыры кісі өлтіруші қылмыскер етіп шығарды. Қазақ КСР-і Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының төрағасы Е.Грабарниктің 1987 жылы 16 маусымдағы Үкімімен Рысқұлбеков ең жоғары жаза – өлім жазасы – атуға бұйырылды. Зиялы қауым өкілдері СОКП Бас хатшысы Горбачев пен КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының төрағасы Громыконың атына Рысқұлбековтің жазасын жеңілдету туралы өтініштерін жолдады. Кейіннен Рысқұлбековтың ату жазасы амалсыздан 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды. Бірақ Шу, Қарағанды темір жол бекеттері арқылы Рысқұлбеков белгісіз себептермен Семей түрмесіне жеткізіліп, құпия жағдайда оның өміріне қастандық жасалды [2].

Кейіннен Қ.Рысқұлбеков ҚР Жоғарғы Соты Пленумының 1992 жылдың 21 ақпанындағы шешімімен толықтай ақталды. Алматы қаласындағы Қ.Рысқұлбеков өзі оқыған Сәулет-құрылыс академиясы тұрған көшеге оның есімі берілген. Тараз қаласында оның есімімен аталатын демалыс бағы бар. Оның орталығындағы алаңда Қ.Рысқұлбековке ескерткіш орнатылған. Астана қаласында да оның есімімен бір көше аталды. ҚР Президентінің 1996 жылғы 9 желтоқсандағы Жарлығымен Желтоқсан көтерілісіне қатысып, құрбан болған боздақ Қайрат Рысқұлбековке «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, ата-анасына «Алтын жұлдыз» айрықша ерекшелік белгісі тапсырылды.

Енді Желтоқсан көтерілісінің себеп-салдарына келсек, бұл қозғалыстың шығу-өрбу негіздері кеңестік жүйенің шала дүмбезділігінде, оның империялық, тоталитарлық, казармалық табиғатында жатқанына көзіміз жетіп отыр.

Белгілі тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің пікірінше, өткен 20-ғасыр Қазақ елі үшін тым ауыр кезең болды. Осыдан 106 жыл бұрын, яғни 1917 жылғы 12 желтоқсанда Алаш автономиясын құру ісін қолға алған Алашорда үкіметі өмірге келді. Алаш қозғалысы нақты бағдарламалық негізге сүйенген саяси қозғалыс болатын. Ал Алаш саяси қоғалысын күшпен жойған Кеңестік биліктің қазақ қоғамының өмірін жаңа сұраныстарға сәйкес бейімдеуге арналған түбегейлі бағдарламасы болған емес.

Орталық биліктің, М.Қойгелдиевтің ойынша, қазақ қоғамын басқару жөніндегі күрделі іске даярлықсыз кіріскендігін көп ұзамай-ақ өмірдің өзі көрсетіп берді. 1929-1932 жылдары Қазақстанда кеңестік реформалық шараларға – күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыруға қарсы 372 қарулы көтеріліске алып келген. 

Міне сол Алаш қозғалысына тән белгілерді Желтоқсан көтерілісінің себеп-салдарынан да байқауға болады. 1986 жылғы 17-18 желтоқсан күндері Алматыдағы орталық алаңда және бүкіл ел көлемінде болып өткен қанды қақтығыстар мен толқулар Кеңес үкіметі мен қазақ халқы арасындағы өзара сенімсіздіктің жетпіс жылға жуық мерзімнен кейін де сол күйінде қалғандығының нақты айғағы болып табылады [3].

1985 жылдың соңы – 1986 жылдың басында-ақ Қазақстанда және Мәскеуде республика басшылығына және сол кезде жасы 75-ке таяп қалған Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың атына тікелей сын айту жиіледі. Барлығы да жоғары биліктің ауысуы қажет екенін түсінді, оның үстіне, бұл жайында Мәскеудегі билеушілер де айтатын болды. Алайда халық бұның демократиялық жолмен іске асуын күткендіктен, ары қарайғы оқиғаларды жұртшылық биліктің өзі жариялаған ұстанымдарды бұзғаны деп бағалады.

Басқарушы органдарда мемлекетті басқарудың үлкен, бірақ ескірген тәжірибесімен жұмыс істейтін аға ұрпақ өкілдері басым болып тұрған жағдайда, орталықта да, республикаларда да батыл, шығармашыл жаңа идеялар бере алатын, болашағынан үміт күттіретін жастардың тапшылығы сезілді. 1980 жылдардың басында Н.Ә.Назарбаевтың үлкен саясатқа келуі, оның 1984 жылы, 44 жасында Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалуы мемлекеттік басқару саласында жаңа кезеңнің басталғанын көрсетті. Бірақ 1986 жылдың қараша-желтоқсан айларында Қазақ КСР-інің жаңа басшылығы туралы мәселе көтерілгенде, Орталық желтоқсан қасіретіне әкеліп соққан қате шешім қабылдады. 

1986 жылғы желтоқсанның 15-інде Алматыға КОКП ОК бөлімінің меңгерушісі Георгий Петрович Разумовский және Ульяновск облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Васильевич Колбин келді. Қазақстан Компартиясы ОК Пленумында, желтоқсанның 16-сында КОКП ОК Саяси бюросының Г.В.Колбинді Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы етіп ұсыну туралы шешімі жария етілді. Қазақстанның жоғары партия басшылығы ешқандай талқылаусыз «иә» деп дауыс берді де, барлық партиялық нормалар мен жарғылар бұзыла отырып, Қазақстанмен еш байланысы жоқ, жергілікті жағдайларды мүлдем білмейтін, тіпті жергілікті партия ұйымдарының ешбірінде есепте тұрмаған, Қазақстанда тіркелмеген бөтен адам республиканың басшысы болып сайланды. Бұны қазақ халқы қорлау деп бағалап, жаппай қарсылық танытты [4].

Жоғарыда айтылғандай, 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-інде Алматының жастары республика мүдделерінің аяққа тапталуына қарсылық білдіру үшін көшелерге шықты, олардың ішінде Алматы Сәулет-құрылыс институтының студенті Қайрат Рысқұлбеков те болған еді Шеру бейбіт болды: мемлекетке немесе үкіметке қарсы ешқандай ұрандар болған жоқ, азаматтар өздерінің конституциялық құқықтарын ғана іске асырды. 

Шерушілердің алдына шығып, Қазақстан КП ОК Пленумы шешімінің мән-жайын түсіндірудің орнына, республика басшылығы жастармен сөйлесуден бас тартты. Шерудің кең етек алып кетуінен қорыққан Г.В.Колбин және республикалық басшылық Мәскеудің, КОКП Орталық Комитетінің көмегіне жүгінді. Нәтижесінде, КСРО Ішкі Істер министрлігі елдің әр өңірлерінен ішкі әскердің арнаулы бөлімдерін Алматыға аттандырды. Жастардың қарсылығы әскер күректерінің, ізшіл иттердің, өрт сөндіру машиналарының күшімен басып-жаншылды. 

Құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттерінен көптеген студенттер мен жұмысшы жастар зардап шекті. Алматыдағы желтоқсан оқиғасына қатысқан Самат Жылмағамбетов: «Біз алаңда тұрғанбыз. Белсенді жастар алға шығып сөйлеп, жиын бейбіт өтіп жатқан. Бірақ солдаттардың біреуі тып-тыныш тұрған бір қызды басынан ұрып құлатты. Төбелес содан басталды. Жігіттер үстін қан жапқан қызды қолдарына көтеріп, алып кетті. Олар мұнда адам өлтіріп жатқанын айтып, айғайлады. Ашуға булыққан топты тоқтату үшін, солдаттар өрт сөндіретін машиналардан адамдарға қарай суық су атқылады. Қашудан басқа амалымыз қалмады. Сол кезде бір топ қыз алаңды қоршап алды. Бір қатарға тізіліп тұра қалып: «Қашып бара жатқандарың не?! Сендер жігітсіңдер ме, кімсіңдер?» – деп айғайлады. Біздер қарусыз едік. Жігіттер алаңдағы мрамор тақташаларды суырып алып, сындырып, солдаттарға қарсы жүрді. Өрт сөндіретін машиналардан құбыршектерді жұлды. Солдаттар өздері күректермен ұрып құлатқан, қан-жоса жараланған, мұздай суға малшынған қыздар мен жігіттерді сүйреп, машиналарға тоғытты. Содан кейін стадионға апарып түсіріп, жерге қаз-қатар сұлатып тастады. Кейін білсек, олардың кейбіреулерін солдаттар қаланың сыртына апарып, шешіндіріп, сол жерде жалаңаш күйлерінде қалдырған екен», – деп еске алады [4]. 

Билік басындағылар өнеркәсіптік кәсіпорындардың орыстілді жұмысшыларынан құралған жасақтарды темір сойылдармен қаруландырып, шеруге шыққан қазақ жастарына қарай айдап салып, ұлтаралық араздықты қасақана өршітті. Кейбір деректер бойынша, 17-18 желтоқсан күндеріндегі қайғылы оқиғалар барысында бірнеше адам қаза тауып, 200-ден астам жас ауруханаға түскен, 1700-ден аса­тын адам әртүрлі дене жарақаттарын алған.   Жастар шеруінің осындай қатыгездікпен басып-жаншылғаны туралы хабар күллі Қазақстан аумағына тарап, республиканың көптеген қалаларында өткен осындай шерулерді де биліктегілер басып тастады. 

Дегенмен, өз әрекеттерінің дұрыс екендігіне сенімді жастар дүлей күшке бетпе-бет келе отырып, одан қаймыққан жоқ еді. Қайрат Рысқұловтың тергеу кезінде берген жауабында: «Алаңда біз «қазақтар жасасын!» деген ұран тастап, ән салдық. Алаңда ұзақ болған жоқпыз. Көшеде жүріп тағы да ән салдық». Қайраттың курстас серігі Көпесбай Ертай: «Жазушылар үйіне таяп келгенде сағат 14.00 шамасы еді. Осы жерде барлығымыз: «Ілияс, Сәкен!», - деп айқайладық... Сонда Қ.Рысқұлбеков даусын көтеріп: «Олжас! Бізге тілек айт!», - деді. Тек бір автобус аялдамасы тұсынан өте бергенімізде орта жастағы қазақ әйелі: «Балаларым менің, сендердікі дұрыс. Қазақ елінің намысы бар екендігін көрсеттіңдер. Рахмет! Тек қана қан төгілмесін!», - деді [3]. 

Желтоқсан оқиғасынан кейін қудалау басталды: шеруге қатысқандардың екеуіне ең жоғары жаза – өлім жазасына үкім шығарылды, 99 адам әртүрлі мерзімдерге сотталды (біраз уақыттан кейін олардың ішінен 46 адам ғана ақталып шыққан). Қоғамда шиеленіскен жағдай орнады. Орын алған оқиғалардан кейін партия органдары «ұлтшылдар» мен «желтоқсаншыларды» анықтап, табу үшін дабыра науқан жүргізді. Студенттердің арасында тұтқындау басталды. Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі құрған Комиссияның 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын зерттеуге берген бағасы бойынша, сол кезде ұсталғандардың саны 8500-ге жеткен [5].

Желтоқсан оқиғаларына қатысқандардың арасынан 787 жас – БЛКЖО қатарынан, 52 адам – компартия қатарынан, 271 студент оқу орындарынан шығарылып, 1138 адам комсомолдық жаза алып, жүздеген адам жұмыстан кетуге мәжбүр болды. Жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметтерінен қуылды. Өлім жазасына кесілген екі адамның бірі Сәулет-құрылыс институтының студенті Қайрат Рысқұлбеков еді. Ақын Мұхтар Шахановтың естеліктері бойынша, Қайрат Рысқұлбековке өлім жазасы жария етілген соң, бүкіл дүние жүзінде оған рақымшылық беруді талап еткен қуатты толқу басталған: «Қайрат Рысқұлбековке өлім жазасына үкім шығарылғаны туралы шетелде баспасөз бетіне көптеген материал шықты. 1987 жылдың шілдесінде Венгрияда Қ.Рысқұлбековке рақымшылық беру жөнінде А.А.Громыконың атына жазылған өтініш хат жарияланды. Бұл хатқа барлығы 41 адам, оның ішінде белгілі жазушылар: Я.Киси, А.Ражек, Г.Демский, Г.Конрад және басқа да мәдениет қайраткерлері қол қойған. Оны қорғап дауыс берген Чехословакияның 77 қоғам қайраткерінің қатарында бұрынғы сыртқы істер министрі Х.Хачек те болған. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, поляктардың «Бостандық пен бейбітшілік одағы» М.С.Горбачевке хат жолдап, онда Қ.Рысқұлбековке шығарылған үкімнің әділеттілігіне күмән келтіріп, істі қайта қарауды талап еткен» [4]

Нәтижесінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1988 жылғы 28 сәуірдегі Қаулысымен Қ.Рысқұлбековке кешірім жасалып, өлім жазасы 20 жыл бас бостандығынан айырумен ауыстырылады. Алайда бұл хабар, М.Шахановтың журналист Б.Исабаевқа берген сұхбатында айтылғандай, Қайратты қуанта алған жоқ. Өйткені 20 жыл қапаста отыру, оған атылумен бірдей болды. Міне мынау оның анасына, туған-туысқандарына түрмеден жазған хаты бұған толық дәлел: «...Өздеріңізге әбден белгілі, яғни мен... жазықсыздан-жазықсыз, адам тұрмақ тышқан мұрнын да қанатпай сорлағанымды, темір торға торланғанымды, одан қала берді, түйменің көзіндей тесікке түйедей жала жабумен қамалып, ақыры ату жазасын алғанымды білесіздер.

Иә, мен сіздерден еш жасырмаймын, мен 18.12.86 жылы алаңға бардым... Тек қана, ол жерге барған себебім, бар мақсатым, біріншіден, ол жерде не болып, не істеп, не қойып жатқанын өз басым, өз көзіммен көру болды. Екіншіден, алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып өлтіріп жатыр дегенді елден естіген соң өз басым қолымды жайып, «құл болмасаң, пұл бол» деп отыруға еркектік ар-намысым жетпеді. Ер қатарында ер қара боп, саны бар, сапасы жоқ боп, ербеңдеп жүрген намыссыз – еркек емеспін, құдайға шүкір, кеудемде нағыз ерге лайық «намыс» баршылық. Оның үстіне, «қыздың жолы жіңішке» деген. Менің түсінігімше, әйел адамға ер адамдар тұрмақ, аң екеш аңдардың – хайуандардың еркегі де мүйіз болмаса тұяқ көтермейді. Ал біз бәріміз аң емес, адамзаттың ұлы – адамбыз... Міне, қысқаша айтқанда, осындай түсінікпен әйел затына ер болып, өз қол ұшымды беруге барғаным рас. Сол жерде қолымнан келгенше бар көмегімді бергенім де рас. Ол үшін әлі күнге дейін еш өкінбеймін, керісінше, үлкен мақтаныш тұтамын. Бірақ та бір құдай өзі куә - адам баласын өлтіргенім жоқ. Мұндай айуандық жасаудың өзі, сормаңдай менің қолымнан келмейді. Еш уақытта, ешқашанда. Ал әйел затына айуандықпен қол көтеріп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегені үшін, бір милицияны ұрып-соққаным рас. Ол адам күні бүгінге дейін аман-есен, зыр жүгіріп жүр. Өз қолымнан жасаған бір теріс қылық, бар қылмысым осы ғана. Ал маған «жығылғанға жұдырық» деп, зұлымдықпен мойныма ілген «адам өлімі» менің ісім емес. Мұның бәрін ию-қиюын келістіріп, көпе-көрнеу жала, жалғандықпен мен сорлының мойнына жүз қайтара орап ілген «ұялмайтын бес гектардай беттері мен талмайтын жақ берген», албасты атқан тергеушілер мен әбжалан жалақорлардың ісі. Мен өте-мөте жақсы білемін және сеземін...

Міне, өздеріңіз естігендей, «ату жазасын» 20 жылға ауыстырды. Бұл, әрине, біреуге қуаныш, біреуге жұбаныш, ал біреуге азап, мен бұл үшін қуанғаным жоқ. Өйткені, асыл анашым!... Бұл тас зынданда жазықсыздан-жазықсыз еш отырғым келмейді. 11 ай ішінде әбден қайғы-қасіреттен жүйке тамырым жұқарды, әбден шаршадым. Сол себептен жаықсыздан-жазықсыз өз-өзімді 20 жыл бойы қинағым келмейді. Және сіздерді де қинап азаптағым келмейді... Ардақты анашым! Аяғыңызға жығылайын! Ақ сүтіңізді ақтай алмай, көз жұмып бара жатқаным үшін сорлы балаңызды кешірерсіз...

Ерте ме, кеш пе, нағыз адам өлтіруші қылмыскер әлі-ақ табылады. Бұл ақиқат, жүрегім сезеді.

Менің өліміме тек жалақорлар мен тергеуші, соттарды кінәлаңдар!... Қош бол жарық дүние! Бар бақытымды «о дүниедеден табармын.

Сағынышты сәлеммен балаңыз Қайрат!» [6].

Ресми жорамал бойынша, Қ.Рысқұлбеков 1988 жылғы 21 мамырда өзін-өзі өлтірген делінді. Бұған негізгізгі дәлел ретінде оның жоғарыдағы өлім алдындағы хаты келтірілген. Ал М.Шахановтың ұғымынша, бұл хат ату жазасын 20 жылға ауыстырған үкімді естіген кезде ыза үстінде жазылған. Сол себептен осы хаттан кейін оның өлімі ұйымдастырылды деуге толық негіз бар дейді ақын ағамыз.

1987 жылдың шілдесінде КОКП Орталық Комитеті сталинизм рухында «Қазақстан республикалық партия ұйымының еңбекшілердің интернационалдық және патриоттық тәрбиесі бойынша жұмысы туралы» бұрыс қаулы қабылдап, онда 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген сипаттама берген. КСРО халық депутаттарының 1989 жылғы маусымның 6-сында өткен I съезінде сөз сөйлеп, Мұхтар Шаханов ол оқиғаларға қатысты әділетті зерттеу жүргізуді және КОКП басшылығының шешімін қайта қарауды талап етті. Кейін ғана, КСРО тарайтын кезеңде КОКП Орталық Комитеті өзінің шешімін өзгертіп, бұрынғы қаулының мазмұнына мүлдем қарама-қайшы: «...қазақ жастары шеруінің ұлтшылдық сипаты болған жоқ: бұл олардың азаматтық және саяси ұстанымын еркін білдіре алатын құқы болған», – деген үкім шығарды. Сөйтіп, әділеттілік 1990 жылдың мамырында ғана орнады. 

1986 жылғы желтоқсан оқиғалары шетелдік сарапшылардың әртүрлі бағалауын туғызды. Біреулерінің пікірінше, ол оқиғалар мұсылман ұлттық күштерінің «ағаға құрмет» ұстанымына негізделген этносаралық күресінің көрінісі болса, екіншілерінің пікірі бойынша, ол жас азаматтардың одақтас республиканың құқықтарын Мәскеудің аяққа басып отырғанына қарсы шығуы болған. 

Г.В.Колбиннің интернационализмді күшейтетіні және қазақ тілін үйренудің қажеттігі жайындағы даурықпа мәлімдесі тұрғылықты ұлт өкілдерінің білім алуына және жоғары лауазымдарда қызмет істеуіне тосқауыл қоюға, өне бойы «ұлтшылдарды», «сыбайлас жемқорларды» іздеуге ұласты. 

Сөйтіп, 1986 жылдың желтоқсаны және содан кейін республикада орын алған оқиғалар қоғамдық өмірді барлық жақтарынан демократияландырудың қайта құрушылық идеясының жай ғана мағлұмдама екенін, яғни кеңестік жүйенің озбырлығы әлі де жойылмағанын, басқарудың басып-жаншу және қудалау-жазалау әдістері бұрынғы күйінде қалғанын көрсетті. 

1986 жылдың желтоқсаны, экс-Президент Н.Ә.Назарбаевтың бағалауы бойынша, Қазақстанның тәуелсіздік пен егемендік алуының бастамасы болды, қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты дәрежеде өскенін көрсетті. Басқарып тұрған жүйенің алдындағы қорқынышты еңсеріп, нақ осы жастар ұлттық абыройды басып-жаншып, елемеуге болмайтынын халықтың атынан ашық мәлімдеді. Сол күндердің оқиғаларына талдау жасай отырып, Н.Ә.Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында былай сыр шертеді: «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетті. Олар 100 жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез-келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан анық мәлімдеді [7]

Қазақ жастарының желтоқсандағы шеруі бүкіл ел аумағында КСРО-ның құлауына бастау болған ұлттық-демократиялық шерулердің, қозғалыстардың қатарында бірінші болып тұрды. Алматы оқиғасынан кейін 1980-1990 жылдар шектерінде Тбилиси, Баку, Вильнюсте және елдің басқа да қалаларында кеңестік саяси жүйенің тарауын жеделдеткен оқиғалар орын алды. 

1986 жылғы желтоқсанның тарихи маңызын 2006 жылдың соңына қарай Желтоқсан оқиғаларының 20 жылдығына арналған, тәуелсіздіктің алғашқы жаршысы іспетті «Тәуелсіздік таңы» мемориалының ашылуы айқындап берді. 1986 жылдың желтоқсанында орын алған оқиға кездейсоқ емес-тін. Желтоқсан оқиғаларының терең себептерін жете түсіну үшін, Н.Ә.Назарбаев айтқан: «Алматы 1986 жылдың желтоқсанында ұлт мәселесін шешудің социалистік ілімінің күйрегенін дәлелдеді», – деген қорытынды сөзі маңызды болып табылады [4]. Бұл ілімнің маңызы неде болды? Білетініміздей, бұл ілім әлеуметтік-таптық бастаудың ұлттық бастаудан басым екені туралы тезистің негізінде құрылған. Ұлт мәселесін «түбегейлі» шешу тәсілі нақ осындай көзқарастан көрінеді.  

КСРО-да 1980 жылдардың екінші жартысында орын алған оқиғалар ұлтаралық, этномәдени мәселенің ұлт мәселесінің дәстүрлі кеңестік ілімі аясында тым осал екенін және жеткілікті дәрежеде ойластырылмағанын көрсетті. Алайда режим өзін-өзі сақтау мақсатында бұрынғыша «халықтар мен мәдениеттердің ұлттық көптүрлілігін тегістеумен» болды, ал бұл, ақырында, кеңестік құрылыстың бұзылуына алып келді. 

Белгілі ғалым, тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың пікірінше, Желтоқсан қозғалысы еліміздің ұлт-азаттық тарихында ерекше орын алады, Қайрат Рысқұлбеков сияқты қазақтың шынайы әділеттілік пен бостандыққа ұмтылыс жасаған жас буыны қатысып, өздері азаттық жолында құрбаны болған бұл қозғалыс – демонстрация, манифестация бейбіт диалог түрінде өрбіп, соңғы сәтте – көтеріліске ұласты, басқаруға сай қарулы күштің иесі мен билеуші жүйе қаражүзділіктердің әдісімен ешбір кінәсі жоқ жастардың қанын жосадай ағызды, сондықтан қоғалысты «Желтоқсан 1986 – көтерілісі» деп атауға әбден болады. Академик ағамыздың ұйғаруынша, осы көтеріліске қатысқан жас ұрпақ – жаңаруды, жаңғыртуды армандаған Қайрат Рысқұлбеков бастаған күрескер ұрпақ орыс халқына қарсы болған жоқ, өз халқына деген сүйіспеншілігін, ұлттық арын, бостандығын қорғады, оны күн тәртібіне қойып, Одақтың шеберінде демократиялық жолмен шешуге шақырды. Міне, осылай бұл қозғалыс КСРО көлемінде басталды да, сол Одақтың құлап, ыдырап, Қазақстанның егемендігімен аяқталды [8]. Соның нәтижесінде тарлан тарих үшін қас-қағым ғана сәт, ал барша қазақстандықтар үшін ғасырға бергісіз небәрі 32 жыл ішінде еліміз қуаты күшті, беделі зор, болашағы жарқын мемлекетке айналды.

Әлемдік сарапшылар біздің елдегі – тұрақтылық, экономикадағы – үздіксіз өсу, сыртқы саясаттағы – сенімді әріптестік, өз ішіміздегі әлеуметтік қамқорлыққа негізделген дамуымыздың даңғыл жолын өзге елдерге үлгі-өнеге ретінде ұсынуда. Бұл бүкіл халқымыздың ортақ табысы, бірігіп қол жеткізген жетістігі.

Ендеше еліміздің тәуелсіздігі жолындағы халқымыздың ғасырлар бойы жүргізген ұлт-азаттық күресінің, соның құрамдас бөлігі болып табылатын Қайрат Рысқұлбеков сияқты ұлтжанды, шынайы патриот жастар құрбаны болған Желтоқсан көтерілісінің тарихтан алар орны ерекше.

 

Әдебиеттер:

1. Тоқаев Қ.К. Тәуелсіздік бәрінен қымбат. – «Егемен Қазақстан», 2021 жылғы 05 қаңтар.

2. Уақтегі М. Қайрат және желтоқсан көтерілісі. – Алматы, 2001. - 32 б.

3. Қойгелдиев М. Алаш және Желтоқсан: идея, мақсат, ерлік сабақтастығы. «Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісінің (1986) тарихи және халықаралық маңызы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. – Астана, 25 қазан 2016 жыл.

4. Аяган Б.Г., Абжанов Х.М. и др. Современная история Казахстана. Учебник. – Алматы, 2010.

5. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Алматы қаласында 1986 жылғы 17-18-інде болған оқиғаларға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі комиссияның тұжырымдары мен ұсыныстары. «Алматы, 1986. Желтоқсан». – Алматы: 2011. Т-1. - 464 б.

6. Исабаев Б. «Тарих қиянатты кешірмейді». КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, КСРО халық депутаты, белгілі ақын Мұхтар Шахановпен сұхбат. «Алматы, 1986. Желтоқсан». – Алматы: 2011. Т- 1. 464 б.

7. Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. – Алматы, 1996. «Алматы, 1986. Желтоқсан». – Алматы: 2011. Т- 1. - 464 б.

8. Қозыбаев М. «1986. Желтоқсан: Дақпырт және шындық». «Алматы, 1986. Желтоқсан». – Алматы: 2011. Т- 2. - 376 б.

Әминов Талғатбек Махметұлы,

ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері,

т.ғ.к., қауымдастырылған профессор

Әминова Жанар Талғатбекқызы,

«Астана медицина университеті» КеАҚ, аға оқытушы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?