Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Араб еңбектеріндегі Орта Азияның климаты мен ландшафты

3672
Араб еңбектеріндегі Орта Азияның климаты мен ландшафты - e-history.kz

Араб тарихи-географиялық жазбалары дереккөздердің бір үлкен кешенін құрайды, оның негізінде қазіргі ғылым орта ғасырлардағы араб мәдениетінің әсер ету шеңберінің бөлігі болған елдердің тарихи бейнесін қалыптастыруда үлесі зор.

Жазбалардың  барлығы бірдей құнды материал бере бермейтіні сөзсіз – бұл әрбір берілген автордың бағытына, міндеттеріне және көзқарасына байланысты, соған қарамастан әрбір жазбадан белгілі бір деректік ақпарат алуға болады. 

Материалдың көлеміне келетін болсақ, бұл дереккөздерді араб мәдениетінің шеңберіне кіретін елдердің бүкіл аумағына арналған жалпы және белгілі бір елдің, аймақтың немесе қаланың тарихы немесе географиясы сипатталатын аймақтық баяндамалар деп бөлуге болады.  Бірінші түрдегі жазбалар, әдетте, араб мәдениетінің аймақтарына іргелес аумақтарды да қамтиды.

Орталық Азия, әдетте, өзінің үлкен маңыздылығын ескере отырып, бір жағынан, қытай және көшпелі түркі халықтарының батысқа қарай ілгерілеуін тежеп, сол арқылы шығыстағы халифаттың форпосты ретінде көпшіліктің назарын аударды, ал екінші жағынан арабтар алып жатқан және олар игерген отырықшы мәдениет аймақтарының халифат дәуірінде араб мәдениетінің ықпалына ұшырамаған дала халықтарымен экономикалық өзара әрекеттесетін аймақ ретінде қызығушылық тудырған. 

Географиялық деректердің жандануына жаулаушылық оқиғалары мен халифаттың әкімшілік құрылымының қажеттілігі (халықтан салық жинау, провинциялармен пошта байланысын ұйымдастыру, тағы басқалары жатады) түрткі болды.  Бізге жеткен алғашқы осындай сипаттағы еңбек (Ибн Хордадбех, шамамен 230/850) әкімшілік анықтамалық сипатта жазылды.  Оған қоса, басқа да мәліметтер – сауда жолдары мен автор заманына дейінгі елшіліктер туралы есептер қамтылған.  Бұл әкімшілік-статистикалық бағыт кейінірек дами берді.  Әл-Якуби мен Кудама ибн Жағфардың деректері соған дәлел бола алады. Бұл жазбалардың қалалар арасындағы қашықтықтары бар пошта және сауда жолдары туралы нақты мәліметтері, атауларының көптігі және егжей-тегжейлі сипаттамалары бар салық статистикасы туралы мәліметтері өте құнды болып есептеледі.

Бұл кезде математикалық география да қосымша дамып жатты. Грек дәстүрімен біршама кейінірек қиылысатын үнді-ирандық дәстүрдің әсерінен араб географиясында жерді жеті «климатқа» (белдеулерге) бөлу мәселесі орныға бастайды. Бұл бөлу жүйесі белдеулер мен географиялық нүктелер үшін географиялық координаталар есебін беретін ІІ-ші ғасырдағы Александриялық ғалым Птоломейдің еңбектерін араб тіліне аудару арқылы нығайтып, жаңаша негізделген.  Оның «Ұлы жиын» деп аталатын астрономиялық еңбегі, «Алмагест» және «Географиялық гид» атты еңбектеріаударылған. Карталарды қамтитын соңғысын атақты математик және географ әл-Хорезми өңдеген.  Ирандық дәстүр сонымен қатар араб өңдеуінде «Ислам атласы» деп аталатын бірнеше карталарды, біршама географиялық схемаларды дүниеге әкелді. Сипаттамалық бағыттағы географиялық жазбалар кейін осы атласты құрастыру жүйесінен туындаған. 

Дереккөздердегі табиғат, климат, географиялық сипаттамалар, ландшафт мәселесі көбіне белгілі бір этнос, тайпаның орналасқан жерлерін мәлімдеу мақсатында қолданылып тұрған. 

Көптеген ортағасырлық авторлардың еңбектерінде географиялық түсінік бойынша өзгешеліктердің болғандығын да байқай аламыз. Мәселен, жоғарыда атап өткен климат деп олар жердің географиялық белдеулерін атағандығы туралы мәселеге тоқталсақ. Осы тұста, әл-Идрисидің жазбаларын келтіре аламыз.

Әл-Идриси жерді жеті климатқа, ал әрбір климатты он көлденең бөлікке бөледі. Дүние жүзінің атласын құрайтын жер шарының әрбір бөлігінің сипаттамасына карталары да қосымша берілген. Енді осы әл-Идрисидің дерегінен үзінді келтірсек: 

«Үшінші климаттың тоғызыншы бөлігі. Үшінші климаттың осы тоғызыншы бөлігіне Тибет елі, тұғызғыздар (тоғызоғыз) мен харлухтар (қарлұқтар) жерінің бір бөлігі кіреді.  Тибет елінде ірі қалалар деп келесілер есептеледі: Тибет, Сингх, Вахан, Шакина, Барван, Удж, Рамха, Залхва.

Ал тоғызғұздар хақанының (қаған) елінде, хақанның Таңтабағ деп аталатын астанасы және Маша, Жармақ, Бахван қалалары бар.

 Сыртқы Сина қалаларынан – Куджа мен Дархун.  Харлухтар елінен – Жоғарғы Барсхан мен Навакет.  Бұл бөліктерде  тұщы суы мен ағып жатқан өзендері бар көлдер, шалғындар, түріктердің жазғы лагерлері бар. Ал біз (осы елдердің) аумағындағы қалалардың орналасуын және олардың жерінің шекарасын көрсетіп  өтсек.

Осы тұста біз бұл жерлерді аралап, хабар берген түркілердің сөздері бойынша сенімді хабарларға негізделген кітаптарда расталған нәрселер туралы айтып отырмыз. Сырттағы Син елінен кейін Шығыс теңізіне Тұғызғыз елінен іргелес жатқан жер бар деп айтамыз.  Ал тұғызғыз елінен кейін Ферғана елі – Тибет елі ілеседі. Ал Тибет жері Сину мен Үндістанның кейбір жерлеріне көршілес.  Ал солтүстіктен Харлухтар елі, шығысында тұғызғыз елі іргелес жатыр.

Ондағы ең үлкен қала Таңтабағ деп аталады. Оның он екі темір қақпасы бар, тұрғындары – зіндіктер (зиндики), тоғыз оғыз түріктерінен – отқа табынушылар кіреді. Билеушісі – Хақан Тұғызғұз Тантабағ қаласында тұрады.  Ал мынау үлкен қала, айналасы берік дуалмен қоршалған, шығысқа қарай ағып жатқан үлкен өзеннің жағасында орналасқан.  Бұл қаладан Жоғарғы Барсханға, көрші елден Ферғанаға дейін екі айлық жол бар.  Ал Тұғызғыз жері қара Шығыс теңізімен іргелес.

Ал Тантабағ қаласынан Бахван қаласына дейін солтүстік-батысқа қарай – он екі күндік жол бар.  Бұл тұғызғыздарға бағынышты қала.  Онда сарбаздары, бекініс күзетшілері және дүние-мүліктері бар тоғыз оғыз әулетінен шыққан билеушісі орналасқан. Бұл қаланың қабырғасы берік, базарлары бар, онда неше түрлі темірден жасалған дүниелері бар. Сондай-ақ ағаштың әртүрлі түрлерінен, қыштан жасалған бұйымдар және тағы басқалары.  Бұл қала шығысқа қарай ағып жатқан өзеннің жағасында орналасқан. Бұл қаланың төңірегінде түріктердің егістіктері мен жерлері, сондай-ақ өзеннің сулары бар, олардың бойымен тұрғындар  түсіп, қозғалады.  Темір бұйымдарының басым бөлігі осы қаладан Тибет жеріне және Сина жеріне экспортталады. Ал бұл қаланың тауларының арғы жағында - мускусты жануарлар бар және олар далалық емес.  Екінші климатты сипаттағанда табиғатта мускустың қалай пайда болатынын жоғарыда айттық.  Бұл жерде қайтадан айтудың ендігі қажеті жоқ.

Бахван қаласынан Жармақ қаласына дейін - төрт мархалдан батысқа қарай ауытқыған оңтүстікке қарай созылып жатқан ауылдар, егістіктер, үздіксіз елді мекендер арқылы өтеді. Жармақ қаласы берекелі, жері шұрайлы.  Оның екі жер қорғаны бар.  Қабырғалардың арасында шұңқыр бар.  Ол өте терең. Бұл арықтың ені жетпіс қадам, қалада төрт темір қақпа бар.  Ал онда нарық жоқ, тек қару-жарақ өндірісі бар.  Онда билеушісі аттарымен және өз адамдарымен бірге қоныстанады.  Және ол өз жерін Тибет билеушілерінен қорғайды.  Бахван қаласынан Тибет қаласына дейін – он төрт күн жол.  Сондай-ақ Жармақтан Жоғарғы Барсханға дейін – он мархал.

Тибет қаласы үлкен және оның жері сол атаумен аталған.  Бұл Тибет түріктерінің елі. Оның тұрғындары Ферғана, Буттам  және Вахан жерінің тұрғындарын қамтитын халықтардан тұрады. Олар темір, күміс, түрлі-түсті тастар, барыс терісі және сол жерде бар тибет мускусымен жабдықталған елдің көп бөлігін аралайды.  Бұл қала биік жерде, ойпатта орналасқан, оның оңтүстігінде Барван көліне ағатын өзен бар. Оның берік қабырғасы бар;  онда көп адамы, аттары мен ат сауыты бар билеушісі ​​тұрады;  онда қалың, дөрекі және жұмсақ киімдермен жабдықталатын көптеген қолөнер түрлері де бар. Киім қымбат ақшаға сатылады, өйткені олар жібек жіптерінен дайындалады.  Сондай-ақ бұл қала құлдар мен мускуспен қамтамасыз етілген; оның  көп бөлігі Ферғана мен Үндістан еліне жеткізіледі.  Тұғызғұз елі Тибет пен Син арасында орналасса, солтүстігінде Хырхызбен шектеседі.

Тибет елінде Сингх деген қала бар. Көлемі орташа, алынбайтын төбенің басында орналасқан.  Оның тұтас, тас қабырғасы және бір қақпасы бар. Ол түркілер айналысатын қолөнерді дамытты және көршілермен белсенді байланыста және саудада қарым-қатынас орнатқан.  Оларға адамдар: Кабул, Вахан, Хуттал, Вахш елдерінен және Рашт елінен келеді.  Олар Тибетке темір мен мускус әкеледі. Сингхпен жалғасатын бұл тауда бидай көп өседі, қалың тоғайда мускусты жануарлар көп болады дейді.  Олар бидай жейді. Синхке ағатын өзеннің суын ішеді. Ал мұндай тағамнан мускус шығады. Бұл тауда терең үңгір бар; үңгірдің тереңінен аққан судың сылдыры естіледі.  Бұл үңгірдің түпсіз түбі қай жерде екенін білу мүлде мүмкін емес.  Судың сылдыры өте жақсы естіледі.  Ақиқатты Алладан басқа ешкім білмейді.  Бұл тауда қытайлық рауғаш өседі, ол өте көп.  Осы жерден ол көптеген елдерге жеткізіледі.  Ол қала шығыс пен батыспен байланысып жатыр. Олар осы қала арқылы сауда жасайды және араларында қала өте танымал болып келеді. Ал Синхадағы өзен Шарма өзені деп аталады.

Синхадан шығыс бағытта Барван көліне дейін, Тибет түріктерінің ауылдары мен ормандары арқылы бес мархал қашықтық бар. Бекіністері өте берік.  Барван көлі үлкен.  Оның ұзындығы қырық фарсах, ал ені жетпіс екі миль.  Оның суы дәмді.  Онда көптеген балықтар бар.  Оны Барван мен Удж тұрғындары аулаумен айналысады.  Ал Баруан мен Удж Тибет елінің осы көлдің жағасында орналасқан екі қаласы.  Удж бен Баруанның арасы он екі үнді фарсах, яғни бес мильге тең.  Барван мен Удж өлшемдері бірдей.  Олар төбелерде, тұрғындары сусын ішетін осы көлдің жағасында орналасқан.  Ал (бұл қалалардың екеуі де) тәуелсіз мемлекеттер.  Олардың базарлары мен дамыған қолөнерлері бар, барлығы да өздеріне жеткілікті. Оларға басқа елдің тауары керек емес, қолында барына қанағаттанады.  Көптеген ірі өзендер Барван көлінің барлық бөліктеріне құяды.  Баруан және Удж қалаларының маңында – олардың оңтүстігінде – «дал» әрпі түрінде қисық тау бар, оның басына үлкен қиындықпен жетуге болады. Екі жағынан Хинд тауларына өтеді. Ал ортасында төртбұрышты, есіксіз сарай салынған ойпат.  Осылайша, кім оған жетсе, оған қарай жүрсе, оның жан дүниесі шарап ішкен адамның қуанышындай қуаныш сезінеді деген әңгімелер де тараған.  Кімде-кім осы сарайға жетіп, төбесіне көтерілсе, көңіл көтеруді тоқтатпайды дейді.  Содан кейін ол жоғарыдан ештеңеге қарамай сарайдан төмен түседі. Мен бұл сөздерді ойдан шығарған, дұрыс емес деп есептеймін, бірақ бұл өсек халық арасында өте жиі кездеседі.

Куджа қаласы Син елінде және ол Синді қоршап тұрған таулардың ішкі жағында орналасқан.  Бұл қала шағын келген, ал халқы көп.  Онда базарлар мен көптеген ғимараттар бар.  Сондай-ақ Удж қаласынан Куджге дейін түйемен он мархал қашықтық бар. Куджа қаласының шығысында – Дархун орналасқан, ол Син еліндегі орташа қала;  солтүстіктегі соңғы Син провинциясы мен тұғызғыз түріктері елінің қалалары онымен шектеседі.

Атбаш қаласына келетін болсақ, ол түріктерден қорғалған тауда орналасқан. Одан Тибетке дейін он мархал, сонымен қатар Атбаштан Жоғарғы Барсханға дейін түріктер елі арқылы жүрсеңіз алты күн.

 Жоғарғы Барсхан – Түрік елінің бекінген қаласы.  Онда түркілердің көпшілігі пана болып, қажет кезде сонда тұратын екі берік қабырғасы бар.  Барсханнан Навакетке дейін Харлухтар елінің шекаралас аймақтарында керуен жолының он шақты мархалы, ал түркі поштасымен бес мархал қашықтығы бар.  Кейін Алланың көмегімен осының барлығын мәлімдейміз.

 Маш қаласына келсек, одан тұғызғыздардың қақанына дейін бес күн арақашықтық бар.  Маш Тұғызғыз хақанының елінде орналасқан.  Бұл халқы жақсы қоныстанған елді мекен;  көптеген қолөнер түрлерін дамытты.  Маштан Бахванға дейін батысқа сегіз күн жол.  Бұл климаттың тоғызыншы бөлігінде бар географиялық мәліметтер осы.  Аллаға шүкір, осы климаттың тоғызыншы бөлігін аяқтап жатырмыз. Оған Алла қаласа оныншы бөлігі де ереді» дейді. 

Сонымен әл-Идрисидің мәліметі арқылы біз тоғыз оғыздар, қарлұқтар және Тибет елі туралы географиялық мәліметтерді ала алдық. Бұндағы:

мархал  сөзі  ұзындық өлшемі, жазық жағдайда шамамен 30 км, ал тауда - 20 км.  Көптеген ғалымдар бір мархал бір күндік атпен жүруге тең деп есептейді. Ал фарсах – ұзындық өлшемі.  Парсы фарсахы – 6,24 км, арабша – 5,78 км, шамамен үш миль.

Ал енді осы әл-Идрисидің дерегін географиялық тұрғыда талдап көрсек. 

Әл-Идриси картасы бойынша қырғыздардың, қимақтардың, хазарлардың, қарлұқтардың және тоғызоғыздардың қоныстану аймағына қысқаша сипаттама берілген, III және IV климаттық карталар беттерінде Хазлажия, Хилхия, Қарлұқтар, Қырғыз, Тоғызоғыз жерлері орналасқан.

Әл-Идриси еңбегінің мәтінінде Хазлажия жерлері ІІІ және IV климаттың тоғызыншы бөлігіне кіреді және оның картасында олар Ферғанадан шығысқа қарай орналастырылған. 

 Хазлажия жерінің шығысында тоғызғұздар тұрған. Шығарма мәтініндегі көптеген деректерге қарағанда, тоғызғұздар мен хазлажия арасындағы шекаралар Ақсу өңіріне түйісе бастаған. 

Хазлажия жерінің солтүстігінде Шу және Іле өзендерінің алқабын мекендеген хилхия тайпалары бар.  Ал, хазлажия тайпалары, әл-Идрисидің айтуынша, қазіргі Қырғызстанның шекаралары мен онымен шектесетін Шығыс Түркістан аймақтарында өмір сүрген.  Қарлұқтар да сол аумақта өмір сүрген.  Әл-Идриси еңбегінің мәтінінде олар туралы мәлімет жоқ.  Бірақ әл-Идрисидің үлкен картасында «хазлажия» атауының қасында «қарлұқтар» бар. Қарлұқтардың VIII-ғасырдың ортасында-ақ Орталық Азияға қоныс аударып, күшті мемлекет құрып, қоныстанып, оның билігіне Хазлажия мен Хилхия кіргенін де білеміз.  Сондықтан да көптеген ортағасырлық жазба деректерде қарлұқтар мен хазлаждар бір аймақтың тұрғындары ретінде жиі айтылады.

 Тоғызғыздарға келсек, әл-Идрисидің айтуынша, олардың жерлері ІІІ-климаттың тоғызыншы-оныншы бөлігіне кірген. Әл-Идрисидің тоғызғұздардың шығыс және солтүстік шекаралары туралы мәліметтері өте қарама-қайшы: шығысында қырғыздармен шектеседі десе, енді бір жерінде солтүстікте қырғыздармен, басқа бөлігінде қимақтармен шектесетіні туралы айтылған.

 Шығарма мәтіні мен әл-Идриси карталарында тоғызғұздарға қатысты тарихи-географиялық деректер көптеп кездеседі.  Осы деректерге қарағанда, олар Ақсу қалашығының шығысындағы аймақтарды мекендеген. 

 Әл-Идрисидің географиялық мәтінінде түркі Хилхия тайпасы туралы мәлімет жоқтың қасы. Бұл тайпаның аты басқа жазба деректерде кездеспейді.  Тек, Әл-Идриси картасында IV климаттың тоғызыншы бөлігінде – Хазлажийдің солтүстігінде және қимақтардың батысында орналасқаны көрсетіледі, бірақ автор оған өзі жеке тоқталмайды.

 Әл-Идриси IV климаттың тоғызыншы және оныншы бөлігіне қимақтардың жерлерін де қосады және оларды картада тоғыз ғұздар мен қырғыздардың солтүстігіне қарай орналастырады. Оның айтуынша, қимақтар Балқаш көлінің солтүстігі мен шығысында өмір сүрген. 

Әл-Идриси карталарында басқа жазба деректерде еш жерде айтылмаған қала, көл, өзен атауларының бірқатары кездесетінін айта кеткен жөн. Осыған байланысты оларды жан-жақты зерттеу немесе басқа географиялық атаулармен сәйкестендіру еш мүмкін емес.

 ІІІ және IV климаттың тоғызыншы-оныншы бөліктерінің картасыны жер шарының жалпы картасының бөліктері болып саналады. 

Соған қарамастан, бір жағынан ІІІ климаттың тоғызыншы және оныншы бөліктерінің карталарын, екінші жағынан IV климаттың тоғызыншы-оныншы бөліктерінің карталарын картографтар бір-бірінен тәуелсіз, өз бетінше жасаған тәрізді.  Мұны бірқатар таулардың климаттың тоғысқан жерінде орналасуынан немесе олардың жалғасы бір климаттың парағынан екінші климаттың парақшасына өтпеуінен аңғаруға болады.  Сонымен, IV климаттың тоғызыншы бөлігіндегі Хазлажия мен Шаш өңірі арасындағы атаусыз таудың жалғасуы III климаттың тоғызыншы бөлігінің картасына ауыспайды, яғни карталарда тұтастай бір көрініс жоқ, бір карта бетіндегі географиялық мәліметтер екінші картада жалғасын таппай үзіліп қалып жатқан еді. Ал ІІІ климаттың тоғызыншы бөлігінде әл-Идриси картасында тау етегінде Атас қаласы көрсетілген. Бұл қала туралы әл-Идриси өз еңбегінің мәтінінде: «Атас қонысына келетін болсақ, ол алынбайтын тауда орналасқан және түріктердің шабуылдарынан ескерту нүктесі қызметін атқарады» дейді.  Тағы бір жерде Атастан Жоғарғы Барсажанға (Барсхан) дейін 6 күн жол барын жазады.

 Шынымен –ақ картаға назар аударсақ, географиялық мәлімет ретінде, өзен-көлдердің, арықтардың, таулы аймақтардың және қала-қалашық, аудан атауларының маңыздылығы жоғары болғанын байқай аламыз.

Орталық Азияда мұсылман мәдениетінің басым болуына байланысты VIII- ғасырдың екінші жартысынан бастап Орталық Азияны географиялық-тарихи сипаттау мұсылман географтарының еңбегіндегі маңызды бір бөлікке айнала бастайды. Ал, IX-X ғасырлар арабтар арасында географиялық зерттеулердің гүлденген кезі болды.

Мұсылмандық дереккөздер негізінен «Орталық Азияның қақпасы», Орталық Азия мәдениетінің түркілердің кең байтақ көшпелі әлемімен түйіскен жері болған оңтүстік Қазақстан туралы мәліметтер беретіндігі де өзіміздің тарихымыз жағынан қызықты. 

Осы тұста, Масуди, Кардизи, Макдиси, Ибн Халдун, Худуд әл-Алам, Ибн Хаукал деректері бойынша кей мәліметтерге тоқталып өтсек, деректерде географиялық сипаттамалар нақты бір ғана географияға негізделген ландшафт пен климат бойынша баяндамаларға негізделмейді, белгілі-бір аймақ сипатталу барысында оның ландшафты өзен-сулар мен тауларды және сол арқылы арақашықтықты көрсету мақсатында баяндалады.

Мәселен, Каспий теңізі туралы;

Масуди: «Аджамдықтар (Каспий) теңізі, оның айналасында «аджам» және басқа да халықтар серуендеп, өмір сүрген... өзінің әртүрлі атаулары бар: Бабул-Абуаб, Хозар, Жил (Гилан), Дилем, Жүржан, Табаристан. Бұл теңіздің жағасында бірнеше түркі рулары да қоныстанған.  Бір бөлігі Хорасан аумағына жататын Хорезм қалаларына дейін жетеді».

Аспиджаб аймағы туралы;

Худуд әл-Алам: «Аспижаб – мұсылмандар мен кәпірлердің шекарасы болып табылатын аймақ, Түркістанмен шектесетін кең байтақ әрі гүлденген (ауылшаруашылық) ел.  Түркістаннан әкетілгеннің бәрі Аспижабқа түседі.  Бұл аймақта көптеген қалалар мен ауылдар бар. Бірақ олардан ештеңе алынбайды, тасымалданбайды.  Аспижаб болса – облыс орталығы, бұйымдар мен қолөнерге бай үлкен қала, бұл жер билеушісі қоныстап, тұрақтайтын орын және әлемнің түкпір-түкпірінен келген көпестер жиналатын жер» деп жазады.Қаймақтардың (қимақтардың) аймағы және олардың қалалары туралы бірер сөз (Худуд әл-Алам):

«Бұл аймақ шығысында қырғыз руларының бірімен, оңтүстігінде Арташ және Атал өзендерімен, батысында ішінара қыпшақтар мен солтүстіктің адам қоныстанбаған жерлерімен шектеседі.

Бұл өлкеде бір ғана қала болса да, тайпалары көп. Адамдар қысы-жазы киіз үйде тұрады, жайылым мен су іздеп көшіп жүреді. Олардың табысы самұр (жабайы қабан) мен қойдан келеді.  Жазда олардың тамағы сүт, қыста ысталған ет.  Егер  гөздермен (оғыз) арада тыныштық болса, онда қыста солармен араласады.  Қаймақ (қимақ) билеушісі Хақан (қаған) деп аталады.  Бұл билеушінің он екі басшысы бар, солардың көмегімен ол елді басқарады;  ал олардың лауазымы ұлдарына мұра болып қалдырылып отырған» деп жазады. Енді озжифжак туралы бірер сөз (Худуд әл-Алам):

«Бұл қаймақтардың (қимақтардың) аймағынан бөлінген аумақ.  Тұрғындары кейбір жағынан гозелерге (оғыздарға) ұқсайды. 

Кыркырхан да Қаймақ (қимақ) жерінен бөлініп шыққан аймақ.  Тұрғындары өздерінің әдет-ғұрыптары бойынша қырғыздарға ұқсайды.

Қаймақ (қимақ) аймақтарының бірі Игсун-Ясу Арташ пен Атал өзендерінің арасында орналасқан.  Мұндағы адамдар бұрыннан келе жатқан данагөй, бай-қуатты әрі еңбекқор болып келеді. 

Мазакия - жазда хакан (қаған) тұратын Қаймақтар (қимақтардың) қаласы.  Оның Торар қаласымен арасы сексен күндік жүйрік арбамен жүргендегі арақашықтықты құрайды.

Чуф - ауыл және өзен жағасында орналасқан; жазда ол жерде адам көп болады» дейді. Гоз (оғыз) аймағы туралы сөз (Худуд әл-Алам):

«Бұл аймақтың шығысында Гоз (оғыз) шөлі мен Мауранахр қалалары жатыр.  Шөлдің оңтүстігінде екінші Хазар көлі, солтүстігі мен батысында Атал өзені ағып жатыр. Мұндағы адамдар көңілді, бірақ сонымен бірге қызу қанды және қу мінезді. Қысы-жазы жайылым іздеп көшіп жүреді;  олардың табысы жылқы шаруашылығынан, мал шаруашылығынан, қой шаруашылығынан, аз да болса аңшылық пен қару жасаудан қалыптасады.

Олардың арасында саудагерлер көп.  Бұлардың таңғаларлық жақсы жағы - олар дұға еткенді жақсы көреді және емшілерді құрметтейді.  Тақуалыққа келетін болсақ, олар басқаларға үлгі болады.

Бұлардың қалалары жоқ, бірақ киіз үйлері көп. Олар мықты, ер мінезді, ұрыс кезінде әрқашан қарулы және батыл жүреді. Мұсылмандарға жиі шабуыл жасап, үнемі бәрін таптап, тонап, кері қайтып кетеді. Әр рудың өз басшысы бар, ол әрқашан қалғандарымен бірге жүреді» делінген.

Бежнақ түріктерінің аймағы туралы бірер сөз (Худуд әл-Алам):

«Бұл аймақ шығыста гөздермен (оғыз), оңтүстігінде Бұртаспен, батыста Мажғар және Русьпен, солтүстігінде Росспен шектеседі. Бұл аймақ қай жағынан болсын қаймақтардың (қимақтардың) аймағына ұқсайды.  Олардың арасында атақты батырлар көп екені белгілі.  Бұлардың қалалары жоқ.  Олар өз басшыларына бағынады».

Хипжах (қыпшақ) аймағы туралы сөз (Худуд әл-Алам):

«Хипжахтың (қыпшақ)  оңтүстігінде Бежнактар аймағы, ал қалған жақтарын солтүстіктегі шөлдер алып жатыр. Хипджектердің (қыпшақтардың) үй жануарлары жоқ.  Олар қаймақтардан (қимақтардан) бөлініп, осында келген. Олардың басшыларын қаймақ (қимақ) билеушілері өздері тағайындайды» дейді. Қимақтар жолы жайында (Кардизи):

«Қимақтарға баратын жолға келсек, олар Фарабтан Янгикентке дейін барады;  Янгикенттен қимақтар еліне келе жатқан жолда өзенге кездесіп, оны кесіп өтіп, құмды аймаққа келеді.  Түріктер бұл жерді Уюкман деп атайды.  Сосын олар Сокук өзеніне келеді;  оны кесіп өткеннен кейін сортаңдар басталады.  Содан олар Кендір-тағы тауына келеді.  (Саяхатшы) сол өзеннің жағасын жағалап, жасыл желектер, шөптер мен ағаштар арасында өзеннің бастауына дейін барады;  жаңағы тау биік.  Осыдан кейін олар тар жолмен сол тауға шығады.  Сол Кендір-тағы тауынан Асус өзеніне  дейін жол жүреді,  осы жолдың бойында бес күн бойы ағаштардың көлеңкесінен Асус өзенінің дәл жағасына дейін күн сәулесі адамдарға мүлдем түспейді. Өзендегі су қара;  шығыстан ағып, Табаристан қақпасына жетеді. Одан кейін қимақтар елі басталатын Ертіс өзеніне келеді.  Жабайы жылқылар өзеннің екі жағында жайылады;  кейде олардың мың-екі мыңын астамын бір жерде жүргендерін көруге болады;  олар жабайы патша жылқыларынан шыққан;  әрі қарай да көбейе береді.  Бұл жылқыларды арқаннан басқа ештеңемен ұстай алмайсың;  жылқыларды ұстап алып, олар оларға отырады және жылқыларды қолға үйретеді; олар қолға үйретілгеннен кейін, адамдарға үйрене алады. Ертіс – үлкен өзен, сондықтан өзеннің осы жағасында біреу тұрса, оны арғы жағынан көріп-таный алмайсың... Өзеннің суы қара.

Ертіс өзенінен өтіп, қимақтардың шатырларына келеді. Олардың аласа ғимараттары жоқ;  барлығы орманда, шатқалда және далада тұрады, барлығының жеке табындары бар: көбіне, сиырлар мен қошқарлар;  оларда түйелер жоқ;  егер кез келген саудагер түйе әкелсе, ол мұнда бір жыл да тұрмайды: түйе осы шөпті жеген бойда өледі.  Оларда тұз жоқ;  Егер кімде-кім мұнда тұз әкелсе, ол үшін жүн-терісін алады.  Жазда олар қымыз деп атайтын бие сүтімен қоректенеді; Қыста әр қайсысының мүмкіндігіне қарай кептірілген ет, қой, жылқы немесе сиыр етін әзірлейді. Бұл елде қар көп жауады; даладағы қар жамылғысының қалыңдығы найзаның биіктігіне дейін жетеді.  Қыста жылқыларды шалғай елге, Октағ деген жерге апарады;  жер астында қыстауға арналған ағаштан жасалған су қоймалары бар; қар көп түскенде, олардың аттары бұл суды қыс айларында ішеді, өйткені қар суарылатын жерге жетуге мүмкіндік бермейді. Қимақ аңшылық объектілері – бұлғындар мен қарақұйрықтар; олардың бастықтары Бамал-Пейгу (немесе Ямал-Пейгу) титулына ие болады».

Тағы да қосымша мәліметтер туралы (Ибн Хаукал): 

«Шаш – қасиетті соғыстың жанкүйерлеріне жататын Гоз (оғыз) бен Холаж мұсылмандары тұратын гүлденген, халқы көп қала. Фараб, Кунжиде, Шаш аралығындағы аумақтарда дәнді дақылдар егілген егістіктер көп. Халық шатырларда тұрады; барлығы мемлекеттік тәуелсіздігі жоқ мұсылмандар. 

Тараз түркілер мен мұсылмандар аймақтарының арасында өтетін шекарада орналасқан;  Тараздың барлық жерінде табылған күшті бекіністер жалпы осы қаланың атымен аталады.  Исламның аумағы осы жерлерге дейін созылады.

Әзіркент аумағында губернатордың үйі орналасқан ескі сарайы, мешіті және қорғандары бар қала, ескі қамалдағы түрме бар. Бұл қала жағымды, жақсы жемістерге толы және сыпайы және әдемі адамдары қоныстанған.  Нан мұнда Ферғанадан, Сатрушттен және басқа елдерден Шаш өзенінің бойында қайықпен жеткізіледі, ол айтарлықтай үлкен.  Әму Харсаб, Ойыс, Қаб, Ходали және басқа да өзендердің бастаулары орналасқан Әзіркент шекарасында Түркістаннан бастау алады.

 Гоз халқының көпшілігі мұсылмандар.  Гоз - бұл ел патшаларының жазғы резиденциясы орналасқан астана. Хорезмнен астанаға түзу сызық бойынша он мерхил, одан Барабқа дейін жиырма».

Саманидтер дәуірінің соңына қарай біз Макдиси шығармасынан Талас алқабындағы қалалардың толық тізімін кездестіре аламыз. Бұл қалалар (Макдиси):

1. Тараз – даңқты, бекіністі, бау-бақшасы көп, іргесі қалың қала;  ор мен төрт қақпасы бар;  оның жанында халқы көп қала маңы орналасқан;  қаланың қақпасынан үлкен өзен ағып жатыр;  қаланың бір бөлігі өзеннің арғы жағында;  өзен арқылы жол өтеді;  собор мешіті базарлардың арасында орналасқан.

 2. Жікіл – Тараздан 1/2 миль қашықтықта орналасқан шағын қала; қабырғалары мен цитаделі бар, соборлық мешіт базарда орналасқан.

 3. Барсхан – шығысқа қарай бір миль (алдыңғысынан),  қабырғалары бар, қазір қираған қала;  собор мешіті базарлардың арасында орналасқан.

 4. Бехлу – Барсханнан үлкен қала;  Жікілдің сол жағында, 1/2 фарсах қашықтықта жатыр; 5 облысы, цитадель және базарлар арасында собор мешіті бар.

 5. Атлах – үлкен қала, көлемі жағынан астанаға жақын (Таразға немесе Исфиджабқа);  қабырғалары бар.  Қаланың көп бөлігін бақшалар құрайды;  оның ауылдық жерлерінде жүзім ең көп өсіріледі.  Собор мешіті қала ішінде, базарлар шетінде орналасқан.

 6. Хамукет (немесе Жамукет) – үлкен қала, қабырғалары бар;  соңғысының жанында соборлық мешіт, базарлар - қала маңында орналасқан.

 7. Шелжи шағын қала, бірақ онда шетелдіктер көп;  онда 10 000 исфахандық бар делінген.  Цитаделі бар;  собор мешіті оның сыртында.  Қала таулардың арасында орналасқан; соңғысынан өзен ағады, оның ортасында 1 – 7 ауыл.

 8. Сус – үлкен қала.

 9. Кул одан кіші.  Екі қаланың да қабырғалары бар және өзеннің (немесе арнаның) жағасында орналасқан.

 10. Текабкет – үлкен қала;  тұрғындарының жартысы кәпірлер.  Соңғы үш қала күміс кеніштері бар тауларға жақын орналасқан».

Ибн Халдун мәліметтерінен үзінді:

«Шаш өзенінің жоғарғы ағысында Жыбрағұн тауы бар.  Бұл тау бесінші климаттық белдеуден басталып, шығысқа иілу жасап, оңтүстікке ауытқиды, төртінші климаттық белдеудің тоғызыншы бөлігіне дейін созылған, Шаш жерін қоршап жатыр;  сосын тоғызыншы бөлігінде ол тағы да иілу жасап, Шаш пен Ферғана жерін қоршап, мұнда оңтүстіктен үшінші климаттық белдеуге енеді.  Шаш өзені мен осы таудың ұшы арасында Фараб қаласы орналасқан;  Фараб, Бұхара және Хорезм арасында шөл бар.  Бұл бөліктің шетінде солтүстік және шығыс жағында Ходжент жері орналасқан.  Оның құрамына Санжаб, Тараз қалалары кіреді.

 Бұл белдеудің тоғызыншы бөлігінің батысынан Ферғана мен Шаш жерінен кейін оңтүстік жағынан Хазлаж елі, солтүстік жағынан Халижы жері басталады. Бұл бөліктің шығысында қимақтардың елі жатыр, олардың барлығы тоғызыншы бөлікте және Қоқия (Кокия) тауымен шектеседі.

...Бұл белдеудің жетінші бөлігін батыстан Табаристан теңізі қоршап жатыр. Бұл бөлімнің солтүстік-батыс бөлігінде Этил өзенінің осы теңізге құятын жері бар;  бұл бөлімшенің шығысында теңіз астынан шыққан жер жатыр, бұл жер гоз (оғыз)-түріктердің көшпенділік мекені. Ол оңтүстік жағынан таулармен қоршалған, сегізінші бөлікке дейін созылады, содан кейін сегізінші бөліктің жартысына жетпей, батысқа қарай барады;  солтүстікке қарай иіліп, Табаристан теңізіне келеді;  оны қоршап, алтыншы бөлікке дейін созылады, содан кейін теңізден ауытқиды. Мұнда ол Қара тау деп аталады. Одан кейін белдеудің алтыншы бөлігіне дейін батысқа барады, одан кейін бесінші белдеудің алтыншы бөлігінің оңтүстігіне оралады.

 Белдеудің бұл бөлігінде бұл таудың соңы Серір мен Хозар жерінің арасына келеді. Алтыншы және жетінші белдеу бөліктерінде Хазар жері Қара таудың бүйірінде орналасқан.

 Бұл белдеудің сегізінші бөлігін гөз-түріктердің көшпелі лагерьлері құрайды, оның оңтүстік-батыс жағында Жайхун өзені құятын Хорезм көлі жатыр.  Бұл көлдің шеңбері үш жүз миль;  оған Гоз жерінен тағы да көптеген өзендер құяды. Аргун көлі оның солтүстік-шығыс жағында орналасқан.  Оның айналасы төрт жүз миль;  оның суы тұщы.  Бұл бөлімнің батысында Мұзғар тауы орналасқан, бұл Қарлы тау дегенді білдіреді, өйткені ол жерде қар ерімейді;  ол аталмыш бөліктің соңына дейін созылады.

 Аргун көлінің оңтүстігінде тасты тау бар, онда ештеңе өспейді, бұл тау Аргун деп аталады, нәтижесінде көл Аргун деп те аталып кеткен.

 Осы тау мен Мұзғар тауынан солтүстік көлге екі жағынан көптеген өзендер құяды, олардың саны белгісіз.

 Бұл белдеудің тоғызыншы бөлігінде Гөздер елінің батысында және Қимақ елінің шығысында түркі тайпасынан шыққан Арқа (орысша: аркасы) елдері орналасқан» дейді.

Келтірілген деректерден көріп отырғанымыздай, әрбір арабтілді деректерде географиялық мәлімет жеке дара қамтылмаған, не бір этностың орналасқан территориясын сипаттауда, не арақашықтық мәселесін көрсетуде, белгілі-бір аймақтың ерекшеліктерін баяндауда қосымша дерек ретінде қамтылып тұрғандығы анық байқалады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?