Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

1916 жылғы дүрбелең

1843
1916 жылғы дүрбелең - e-history.kz

Өткен ғасыр басында қазақ тарихында елеулі із қалдырған оқиға – 1916 жылы ұлт азаттық көтеріліс. Биыл осы қозғалысты басқарған бас сардар – Аманкелді Имановтың туғанына 150 жыл толып отыр. Осы орайда, ұлт азаттық қозғалыстың пайда болуы себебі мен оның өрістеуі жайлы жазылған зерттеу мақала ұсынып отырмыз. 

Халықты көтеріліске итермелеген оқиғалар

Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылғы 19 шілдеде (1 тамызда) басталды. Соғысқа Ресей империясы дайындықсыз, әскери-өнеркәсіптік әлеуеті төмен, көлігі нашар дамымаған жағдайда кірісті, армия әскери-техникалық жағынан нашар қамтамасыз етілген еді. 

Соғыс салдары барлық халықтарға, соның ішінде қазақтарға да асар ауыр зардабын тигізді. Соғыс қажетіне деп қазақ даласынан орасан көп жылқы, ауыл шаруашылық өнімдері жөнелтілсе, Түркістан өлкесінен майдандағы әскерлердің қажеті үшін 40 899 044 пұт мақта, 38 мың шаршы метр киіз, 3 млн. пұт мақта майы, 229 мың пұт сабын, 300 мың пұт ет, 473 928 пұт балық, 70 мың жылқы, 12797 түйе күштеп алынып, майданға жолданған екен. 

Қазақтардан бұған дейін алынып келген алым-салық түрі көбейіп, әкімшілік отарлау мен қарашекпенділерді қоныстандыру ісі өте күшті қарқынды жүргізілді. Тек 1907-1912 жылдары Ресейдің еуропалық бөлігінен 2 млн. 400 мың адам келіп қоныстанды. Патша өкіметі шаруаларды қоныстандыру үшін қазақтардан 45 млн. десятина ең шұрайлы жерлерін тартып алды, сөйтіп жергілікті халықтар таулар мен шөл далаларға ығысуға мәжбүр болды. Бұл жерлерде не су, не мал жаятын жеткілікті шабындық болмады.

Бір ғана Түркістан өлкесінде (Хиуа мен Бұқараны қоспағанда) ХІХ ғасырдың аяғы XX ғасырдың басында  жаңадан 941 орыс поселкесі пайда болды. Поселке тұрғындарының әрбіріне 3,17 десятина егін егетін жерден келсе, жергілікті тұрғындарға (қазақ, өзбек, қырғыз, және т.б.) 0,21 десятинадан ғана үлес тиді. Бұның сыртында:

Жергілікті халықтан алынатын салық 3 - 4 есе көбейді;

Шаруалардың ірі қара малы мен мал азығын соғыс қажетіне алу күшейді;

Әскерлердің қажетін қамтамасыз ету үшін (тез жиналатын) киіз үй алынды;

Әскери салық ретінде әрбір отбасы 1 сом 84 мөлшерінде төлеуге міндетті болды.

Қазақ қоғамы осындай ауыр жағыдайды бастан өткеріп жатқан тұста, 1916 жылы 25 шілдеде патша ІІ Николай қол қойған «Империяның бұратана халықтарының ер адамдарын қимыл үстіндегі армияның қорғаныс һәм әскери құрылыстарын салуға, сонымен қатар, мемлекеттік қорғаныс үшін қажет басқа да жұмыстарға тарту туралы» жарлығы шықты. 

 

Описание: C:\Users\Бекен Қайратұлы\Desktop\июнь жарлык.jpg

 

Ондағы мақсат: бұратаналарды тыл жұмысына жегу арқылы армия қатарын толықтыруға қажет орыс шаруалары мен жұмысшыларын босатып алуды көздеді. Екіншіден, үкімет бұратаналарға қару ұстауды қажесіз деп тауып, ертең күні олар қарумен соғысу тәсілін меңгерсе, Ресейге қарсы қолдануы мүмкін деген де ұстанымда болды. 

Патшаның отарлау езгісі мен орта ғасырлық қанау үлгісіне әзер шыдап отырған халықтың патшаға қарсы көтерілуіне осы жарлық себеп болды. Бұрын жерін тартып алып қорқытқан патша енді балаңды алам дегенде, өзі ызадан әрең отырған жұрт ақыры көтеріліп тынды.

Жарлық бойынша Түркістан мен Дала өлкесінен майданға окоп қазуға 400 мың, соның ішінде қазақтар қоныстанған далалық облыстардан  – 100 мыңнан астам, Жетісу өңірінен - 87 мың адам тарту жоспарланған. 

Қазақтардың тууы туралы куәлігінің жоғын пайдаланып болыстық басқармалар мен ауыл старшындары жастарының асқандығына қарамастан кедей жігіттерді майданға жұмысқа алынатын «қара тізімге» қосып,  тамыр-таныстарының балаларын жасын үлкейтіп немесе кішірейтіп әскерге жібермеудің амалын жасап бақты. 

Мәселен, 60 жастағы кедей шалдары 30 жаста болып, 25–30 жастағы бай балаларды 50 жастағы болып болып жазылды. Сол кездегі Саратов губерниясының депутаты А.Ф Керенский 60 жастағы шалдардың 30 жаста болып жазылғандығын, ал, бай балаларының 25 - 30 жастағылары 50 - ден жазылғандығы орыс шенеуніктері мен жергілікті қазақ әкімсымақтарының парақорлығы деп шенейді. 

Алаш қайраткерлері осы аласапыран жағдайды «қазаққа қалай пайдаланамыз» деген көзқарасты ұстанды. Сөйтіп, «Қазақ» газеті бетінде талқылау жүргізіліп, күші басым үкіметке қарсы шығудың халықты қырғынға ұшыратарын ескертіп, сабыр сақтауға шақырды. 1916 жылы шілде айында алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар газет арқылы халыққа үндеу тастады. 

Осы үндеуде: Отандастарымыз – орыс халқы, діндестеріміз – мұсылмандар, татар халқы, сондай-ақ, басқа да көрші халықтар өрттің жалынында лаулап жанып жатыр. Бізге бұдан сырт қалуға болмайды. Өзіміз боданы болып отырған өкіметтің бұйрығынан бас тарту, басымызды сауғалап үйден шықпау, мемлекетті қорғауға атсалыспау, дұшпанға көмек көрсетумен пара-пар»,- дей отырып, қазақтың бұл жарғыға қарса шықпауын, қайта тылға барып соғыс өнерін үйрену қажет екенін, ең соңында жоғарыдағы соғыста Ресей жеңіске жетсе, қазақ автономия сұрауға толық үмітті боларын халыққа түсіндіріп бақты.

Соңынан көтеріліс басылып, қазақ жігіттері майданға окоп қазуға жіберіле бастаған кезде, оларға бас-көз болып, кейін аман-есен оларды ауылға жеткізу қажет болған жағдайда Әлихан Бөкейхановтың өзі бастаған қазақ зиялылары бірге майданға аттанды. Бұны нағыз патриотизм деп түсіну керек. Өйтпегенде сауатсыз, орыс тілін түсінбейтін көптеген қазақ жігітерінің елге оралуы екі талай еді.

Жетісу облысындағы көтеріліс

Көтеріліс ошақтары Жетісу мен Торғай болды. Жетісу облысында қарулы көтеріліс  шілде-тамыз айларында жаппай қарқын алды. Патша ағзам шілденің 17-сі күні  Жетісу өлкесіне қатысты әскери төтенше жағдай жариялады. Өйткені, көтерілісшілер:

Шілденнің 12-сінде Верный уезі Қорам болысы  А. Абдурасуловты өлтірді;

Шілденің 16-сында Құрам болысын өлтірді. 

Тамыздың 3-інде Асы өзенінің аңғарында көтерілісшілердің 2 мың адамнан тұратын отряды уез бастығының көмекшісі Хлыновскийдың отрядына шабуыл жасады. 

Тамыздың 6-сында Самсы аңғарында Ботбай, Қастек, Ырғайты болыстарының 5 мың адамдық көтерілісші жігіттері жазалау  отрядын қоршап алды. 

Тамыздың 8-інде Ақсу жайлауында қазақ-қырғыз сиезі өтіп, олар барлық көтерілісшілерді патша үкіміне қарсы тұруға шешім қабылдады. 

Азғана уақыт ішінде көтеріліс Шу өзені мен Ыстықкөлге жапсарлас жатқан бүкіл аумақты қамтыды. 

 Қастек тауы өңіріне, Үлкен және кіші Кебен, Асы, Шілік, Сусамыр өзендерінің аңғарына, Талас өзенінің жоғарғы ағысына топталды. Олар телеграф желілерін қиратып, почта стансаларына, болыс ауылдарына шабуыл жасады.

Жағдайдың осылай шиеленісуіне байланысты 1916 жылы 20 шілдеде генерал Куропаткин Түркістан өлкесінің генерал-губернаторлығына тағайындалып, «қандай амалды болса да қолданып, көтерілісшілерді бағындыруға» бұйрық беріп, М.А. Фольбаум басқаратын орыс-казак жазалау отрядтарын ұйымдастырып, орыс-казак станциаларына асығыс түрде қару-жарақ таратты. Жазалау отрядтарының жанынан көтерілісшілерді жазалайтын әскери дала соттарын құрды.

Түркістан өлкесінің басқа облыстарынан Жетісу облысына үш әскери жасақ, жеті атқыштар ротасы, 14 зеңбірек жеткізілді, майдандағы армиядан орыс-казак батареясы және екі пулемет командасы бар екі орыс-казак полкі әкелінді. Бұлар соңғы шайқасты 1916 жылы кыркүйектің аяғында Қапал уезіндегі Быжы өзенінің маңында жүргізді. 

Мұздай қаруланған патша әскеріне төтеп бере алмаған көтерілісшілер жеңіліске ұшырап, қалғандары тауға қашты. Оларды қуа шыққан патша жендеттері 1916 жылы қазан айында көтерілісшілерді ғана емес, бейбіт халықты да жазалады. 300 мыңнан астам қазақтар туған жерін тастап, Қытайға өтіп кетуге мәжбүр болды. 

Торғай облысындағы көтеріліс

Торғай көтерілісі ең бұқаралық, ең ұзаққа созылған, ең табанды және ұйымдасқан көтеріліс болды. Көтеріліс барлық уездерді: Торғай, Ырғыз, Актөбе, Қостанайды қамтып, көтеріліске қатысқандар саны - 50 мыңға жетті. Көтеріліс басшысы Аманкелді Иманов көтерілісшілерді ондыққа, елулікке, жүздікке, мыңдыққа бөлді. Арнайы мергендер бөлімшесі құрылды. Оның жанында әскери кеңес жұмыс істеді.

Көтерілісшілер 1916 жылы 23 қазанда Торғай қаласын қоршап алды. Патшаның жазалаушы отряды келе жатқанын естіген олар Торғайды қоршауды қойып, оған қарсы аттанды. Қарашаның екінші жартысында көтерілісшілердің негізгі тобы Батпаққараға жиналып, А.Имановтың басшылығымен жазалаушыларға қарсы партизандық күрес әдістерін пайдалану жайлы шешімге келді.   

Торғай облысындағы қозғалысты басу үшін генерал Лаврентьев бастаған арнайы жазалау экспедициясы жасақталды. Көтерілісшілерге қарсы патшалық өкімет 17 атқыштар ротасын, 18 орыс-казак жүздігін, 4 атты әскер эскадронын, 18 зеңбірек, 10 пулемет және басқаларды әкеп төкті. Кейіннен 13-ші қарашада әскери қимылға Қазан, Пермь, Орынбордан қосымша полктар тартылды.

 Патша жазалаушылары мен Торғай көтерілісшілері арасындағы соғыс қимылдары 1917 жылғы ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейін жалғасып, патша үкіметі құлатылған соң тоқтады. 

Ақмола және Семей облыстарындағы жағдай

Семей және Ақмола облыстарында  жоғарыдағы екі облыстағыдай ұйымдасқан көтеріліс болмаса да, жекеленген қарсылық іс-қимылдары болып жатты. Халық арасында орын алған дүрбелеңге байланысты Ақмола қаласына генерал-губернатор келіп, халықты жинап сөз сөйлейді. 

Дәл осы жиынның ортасында болған қазақтың көрнекті қайраткері Сәкен Сейфуллин былай деп баяндайды: «Губернатордың түсі суық, жазғытұрғы күйіттеніп шабынған бура тәрізді. Жұрт бөріктерін қолына ұстап, иін тіресіп жиналып тұрады. Байлары, билері алдында тілмәш арқылы бөріксіз бастарға айтқан сөзі мынау: «Ақмола қазақтары патшаның әскери қызметіне бармауға, патшаның жарлығына мойынсұнбай бунт шығарып, көтеріліс жасамақ болып жатыр», - дегенді естіп келдім. Қазақтың мұнысы құтырғандық, ақымақтық. Орыстың әскеріне, орыстың қару-жарағына қазақ қарсы тұра ала ма? Сендер ақсақалдар, байлар, бір жұманың ішінде елге шығып, қазақты әскер жұмысына баруға көндіріп келіңдер! Өйтіп келмесеңдер сендерді жазалаймын! Қырға, әр елге әскер шығарып, қазақты қойдай қырдырамын! Қазақты шалғымен шапқан шөпше шаптырамын! Пулемет дегенді білесіңдер ме, оқты жаңбырша жаудырады. Сол пулеметпен әскер шығарамын. Бір жұмада сендер барып, хабар алып келе алмасаңдар, әскерді қырға, жан-жаққа шығарып, жол бойы көрінген қазақты атқыза беремін. Пулеметтерді оқ өтпейтін автомобильге салып жүреді. Қазақ қойша қырылады... Естідіңдер ме! Білдіңдер ме! Бір жұмада бәрің жан-жаққа шығып, қазақты көндіріңдер. Әйтпесе, өздеріңді абақтыға жабамын. 15 минут ақылдасыңдар да, 15 минутан соң маған жауабын беріңдер» (Сәкен Сейфуллин.  «Тар жол тайғақ кешу» тарихи-мемуарлық роман.«Жазушы» баспасы, Алматы – 1977. 27-б).

Осы дүрбелең кезінде Ақмола өңірінде ел ішінде «хан сайлау» үрдісі етек алады. Бұл халықтың орыс бодандығынан құтылу үшін өздерінің байырғы хандық дәуірін аңсаудан және ертедегі ұлыс бүтіндігін армандаудан туған дүние-тін. Бір қызығы, қазақтар өз арасынан хан сайлағанда, патшаның болыс-старшындарын емес, патшалық биліктің астауынан дәм татпаған, жеке халықшыл тұлғаларды тауып сайлауға тырысты. 

 

Осылай халық арасынан қауқарсыз хандар сайланып, оның маңына топтаса бастаған елді ыдырату үшін Ақмола өңіріне арнайы 12 атты әскер жүздігі мен 11 күшейтілген жаяу әскер ротасы жұмылдырылған екен. Бұл күштік құрлымдар даладағы елді аралап, күш біріктіруге ұмылған ауылдарды дереу ес жиғызбай шауып-жаншып тастады.

Бұндағы қыр елінде болып жатқан оқиғалар жайлы Сәкен Сейфуллин былай деп жазады: «Қырға лек-легімен әскер шығып жатыр. Талай елді шауып, талай қазақты түрмеге әкеп қамап жатыр. Алыстағы ел үріккен. Мал таланған. Жан тонауға, зорлауға түскен. Жазықсыз ел шабылған, жазасыз жан атылған. Екі-үш «хан» болған надан сорлыларды әкеп түрмеге қамап тастады. Ұсталып абақтыға жабылған «хандардың» бірі – Әлжан қажы. Бірі – Шоң бидің балалары. Қазақтар түрмеге сыймай, подвалдарға да қамап жатыр. Түрмедегілерден хабар алынды. «Бунт бастықтарын» түрменің ұлықтары күнде дүрелейді. «Хандардан» күнде жауап алып, ұрып қояды. Әлжан қажыны ұрып түрмеде өлтірді... 

Кейбір жерлерде қашып көшкен ел жасау-мүліктерін, дүниелерін молаға тығып жатыр. Болмаса, дүниелерін жер қазып, өлген адамның қабірі тәріздендіріп қойып кетеді. Солдаттар біліп қалып талай моланы бұзып, қоймай тауып алған. Талай шын молаларды да қоймай, іздеп талқандап бұзған. 

Солдатқа кез болған ел туғалы көрмеген жәбірін көрді. Атылған адам... қып-қызыл дүре. Жәбір-зорлық көрген – қыз-қатын, жылаған бала. Асты-үстіне келген ел... Қысқасы қырға қара пәле тигендей болды. 

Бір күні көшеде келе жатып, семинарияда бірге оқыған бір орыс-казак баласына ұшырастым. Қырдағы елге бунт басуға барыпты. Үстінде жылтыраған прапорщик киімі бар. Амандастық, халдарымызды сұрастық. 

Өз қолыңмен қазақ өлтірдің бе, неше қазақ өлтірдің?- дедім. Зиранов күліп:

А.., өз қолыммен бес-ақ қазақ шауып өлтірдім,-деді. Міне, хал осындай болған!.. (Сәкен Сейфуллин.  «Тар жол тайғақ кешу» тарихи-мемуарлық роман. «Жазушы» баспасы, Алматы – 1977. 38-39 бб).

Көтерілісшілерді жазалау шарасы қалай жүргізілді?

Қазақ даласын және Жетісу өлкесін шарпыған 1916 жылғы көтерілістің шығуына түркі патшаның «Июнь жарлығы» болғанымен, басты себебі басқа еді. Отарлаушылар тарапынан жерінен айырылған һәм орыс шенеуніктердің кенеусіз жемқорлығы мен жергілікті парақор болыс-билердің озбыр әрекеті әбден ашындырған халық көтерілуге мәжбүр болды.

Бұл жайды көтерілісшілерді басып-жаншуға міндет алған генерал-губернатор Куропаткиннің өзі мойындап, жеке күнделігінде: «Жетісу өңіріндегі 1916 жылғы қазақтардың көтерілісіне себеп болған басты оқиға – майдан шебіне азамат алу емес, жерлерін тартып алғандықтан болды»,- десе, ақмолалық өлкетанушы Баянбай Хұсайынұлы «Есіл өңірі: тарих және тағылым» атты жазбасында: 1916 жылғы көтеріліске себеп,  Ресей үкіметі переселендер үшін қазақтардың жерін тартып алуы мен оларды ата-баба жерінен ығыстыруы басты себеп болғанын айтады.

Сол сияқты, зерттеуші Тұрдыхан Жексенбай мырза, 1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азиядағы ұлт-азаттық көтеріліс патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы бағытталғанын айта отырып:

көтерілісті тез арада тұншықтыру үшін арнайы жасақталған «жазалаушы» отрядтар жіберу; 

жергілікті орыс-казактар мен қоныстанушы мұжықтарды мобилизациялап, бұратаналарды аяусыз жазалау мен талап-тонауға барынша пайдалану; 

көтерілісті жаныштап басқан соң, байлығы мол, шұрайлы да көрікті жерлерді бұратаналардан тазартып, тек қана орыстар тұратын мекенге айналдыру.., т.б. жоспар болғанын айтады. (Қазақ әдебиеті. 18-наурыз. 2016 ж)

Осы стратегиялық жоспарды жүзеге асыру Жетісу облысының генерал-губернаторы әрі Жетісу орыс-казак әскерінің атаманы И.А. Фольбаумға жүктеліп, көтерілісті тез арада аяусыз басу үшін 30 мыңдай жазалаушы күш жұмылдырылады. 

Түркістан өлкесінің губернаторы әрі әскери қолбасшысы Куропаткин жер-жерге аттанатын жоғарыдағы жазалаушы отрядтарға: «Соңғы 40 жылда жер бетінен қазақтарды жым-жылас жойып жіберу жоспары келісіліп, тиімді жүргізілуде. Билік бұған шын мәнінде толық ыңғайланды. Тек қана 1902 жыл мен 1912 жыл аралығында қазақтың саны 9 пайызға азайды... Енді осы көтерілісті пайдаланып, бұзақыларға қарсы шешуші және ешқандай жас, жыныс ерекшелігіне қарамай аяусыз жазалау жүргізілсін!»,- деген қанды бұйрығын береді (С. Брайин, С. Шафиро. «Алашорда тарихы жөніндегі очерктер». 1935 . 26-б). 

 Куропаткин Түркістан өлкесін бас-аяғы 6-7 ай ғана биледі. Осы уақыт ішінде 347 адамды дарға асуға қол қойып, 3000-нан астам адамды көтеріліске қатысқаны үшін түрлі жазаға тартқан екен. Ол 1916 жылдың тамыз айында уез бастығына берген мына бір жарлығында: «Верный уезінде алғаш бас көтерген  Ботбай болысына хорунжий Александров өзінің қоластындағы жүздігімен барып, осы болыстың үш ауылындағы адамдарды түп-тұқиянын қалдырмай түгел қырып, үйлерін өртеп, малдарын айдап әкетсін... Бұларды осылайша тәубеге келтіру керек!»,- делінген (Тұрдыхан Жексенбай. Қазақ әдебиеті. 18-наурыз. 2016 ).

Жетісу көтерілісі бәсеңдеп, басылуға айналған шақта Куропаткин 16 қазанда Ташкенттен  Верныйге келіп, Жетісу облысының әскери губернаторы Фольбаум және облыстық қазына, жерге орналастыру, көші-қон, әскери басқарма басшылары қатысқан үлкен кеңесте: «Орыс солдатының қаны тамған жердің бәрі қазақ, қырғыздардан тартып алынсын!»,- деп жарлық берсе, 1916 жылдың 13 қыркүйегінде Лепсі уезінің бастығына жолдаған жеделхатында: «Біздің әскерлер мен қарулы переселендерге мынаны жеткізіңіз: көтерілісті тез басудың бір ғана жолы – бүлік шығарған болыстың бірнеше жүз адамын бірден қырып тастау»,-дейді. 

Осылай Түркістан өлкесі Жетісу өңірін басқарған қатыгез басшыларынан тапсырма алған төменгі уез бастықтары мен жазалаушы отряд басшылары қара халыққа не істемейді. Мысалы, Бакуревич деген жазалаушы отряд бастығы өзінің қол астындағыларға берген бұйрығында: «Жолдарыңда кездестірген кырғыздардың (қазақтардың) бәрінің көзін құрта беріңдер, ешқандай аяушылық болмасын! Олардың аз ғана болса да тобын көрсеңдер, бүлікшілер деп санаңдар да, аяусыз жазалаңдар. Қолға түскендерін әскери сотқа тартып, дереу дарға асыңдар… Аяушылық деген болмасын!»-дегені жайлы дерек бар (Бір сурет пен бір мақала жайында. «Қазақ әдебиеті». 18-наурыз. 2016 ).

Описание: C:\Users\Бекен Қайратұлы\Desktop\475.PNG

Сол сияқты, Принестон университетінің қызметкері Э.Дейли өзінің «Басмашылар мен большевиктер» атты еңбегінде: 1916 жылы полковник Ивановтың жазалаушы отрядына: «Орыс солдатының етігінің тақасы мыңдаған жергілікті қаңғыбастар өмірінен бағалы», - деп нұсқау берілгені жайлы деректі келтіреді (http://www.namys.kz/2011/06/syrt-k-z-synshy).

Сайып келгенде, Алаш көсемдері ескерткендей, 1916 жылғы көтеріліс отарлаушылардың пайдасына шешілді. Жетісу көтерілісінің жетекшісі Бекболат Әшекеев 7-ші қыркүйекте Верный әскери гарнизонының соты үкімімен өлім жазасына кесіліп, үкімді облыстың әскери губернаторы Фольбаум сол күні бекітіп, 9-шы қыркүйекте Боралдайда дарға асылды. Сотсыз және тергеусіз атылғандарды есептемегенде, сот үкімімен Түркістан өлкесінде 1917 жылдың 1 ақпанына дейін 347 адам өлім жазасына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам түрмеге жіберілді. 

Одан кейін,  Жаркент уезінің албандар мекен еткен Кеген жазығы, Текес, Шалкөде аңғары, Қарқара өңірі және Пржевальск, Пішпек уездеріндегі Ыстықкөл жағалауы, Кебен, Шу жазығының бөлігінде атам заманнан мекен етіп келе жатқан жергілікті қазақ-қырғыздар  әскер күшімен Қытайға қуылды да,  бұл жерлерде тек қана орыстар тұратын ерекше Пржевальск уезі пайда болды. 

Суреттер: Бекен Қайратұлынікі

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?