Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ-қалмақ қарым-қатынастары: тарихнамадағы қателіктер мен адасулар ІІ

3310
Қазақ-қалмақ қарым-қатынастары: тарихнамадағы қателіктер мен адасулар ІІ - e-history.kz

Қазақ тарихнамасында қалмаққа қатысты «мұздай қаруланған», «Ресей мен Қытай қазаққа қарсы әбден қаруландырған», «Қазақ еліне жаңа да үлкен жорық жасауға жоңғарлар мұқият дайындалды», «Орыс патшасының Сібірдегі әкімшілігінен болашақ соғысқа қажет сауыт-сайман, қару-жарақ, оқ-дәрілер сатып алынды» т.б. сөз тіркестерін қолданады. Айтпақ ойлары – қазақ күшті ел еді, қалмаққа да қарсы тұратын мүмкіндігі бар еді, бірақ анау екі сұмырай оны от қарумен қаруландырып бізге қарсы айдап салды, сол себепті жеңілдік-мыс.

Бесінші адасу:

Қазіргі қазақ күні кеше құлдықтан жүрді, біразының ата-бабалары қазақ арасындағы құлақ кесті құлдар, біразы Совет кезеңінде ұлттық қасиеттерін тастап құлдық қамытын киді. Құлдық сананы анықтаудың ең мықты диагнозының бірі – conspiracy theory, яғни конспирологияға әуестік. Егер сіздің жаныңыздағы адам әңгімесінің бәрін біреудің қастандық жасау ниетімен тиянақтаса сіз одан бой сақтаңыз. Бұл аурумен орыс қоғамы ауырады, біз де ауырамыз.

Оқи отырыңыз: Қазақ-қалмақ қарым-қатынастары: тарихнамадағы қателіктер мен адасулар

Шын мәнінде қалмақты Ресей де, Қытай да бізге қарсы қаруландырған жоқ, айдап салған жоқ. Қалай қаруландырады, егер осы екі елмен де қалмақтың өзі соғыс жағдайында болса?! 1716 жылы қалмақ әскер қосыны Ямыш (Жәміш) көлінің маңында «Жаркент алтынын» іздеген орыстың И.Бухгольц басқарған 3800 адамдық экспедициялық әскерін қоршап, көпшілігін қырып тастады. Қытаймен қалмақтар «Ақтабан шұбырынды» алдында 1680-1690 және 1715-1722 жылдары қырғын соғысты. Сол соғыстың арқасында қалмақ Хами алқабын және Халханы Қытай басқыншылығынан аман сақтап қалды.

Қазақ әрі тарт та, бері тарт болып, өз ішінде бүлініп жүрген кезінде қалмақтар мықты сыртқы саясат жүргізді. Бірақ алпауыт елдерге қарсы соғыстарды жүргізу үшін экономикалық ресурстар керек еді. Шын мәнінде Сыбан-Рабданның да, Қалдан Сереннің де түпкі ойлары, геостратегиялық жоспары Шығыс Түркістан мен Мәуреннахр- Түркістан аймағын қосу және Батыс нарығына шығу, Шығыс пен Батыс арасындағы сауда жолын жаңғыртып өз бақылауында ұстау еді.

Иә, оылайша 1723-ші жылдың көктемінде шығыстағы қазақтың ескі жауы қара қалмақтың шапқыншылығы басталды. Бұл шабуылдың болатыны 1722-ші жылы-ақ білінген еді. Сол жылы Қытайдың императоры Канси /Шэнцзу Жэньхуанди/ қайтыс болды да, Тибет дінбасшыларының араласуымен қара қалмақ пен қытайлықтар бейбітшілік келісімге қол қойды.

Сыбан–Рабдан билігі кезінде Жоңғария ірі көшпелілер империясына айнала бастады. 1710–шы жылы Шығыс Түркістан, яғни Қашқария өлкесін қайта бағындырған қалмақ қонтайшысы енді Мәуереннахрға апаратын сауда жолы мен ол жердегі қалаларды бағындыруды көздеді. Жоңғарияның орталық өлкесі, әсіресе Іленің жоғарғы жағы отырықшылыққа, кәсіпке ыңғайлана бастады.

Ол үшін бағындырылған өлкелерден жүздеген – мындаған тараншы /ұйғыр/, сарт /Ферғана, Әндіжан, Ташкент/ от басылары көшіріліп, олар колөнер, сауда, егіншілік орталықтарын құрды. Енесей бойынан Сібір қырғыздары ішкі қалмақ өлкесіне күшпен әкелініп, оларға косымша қолға түскен қазақ, телеуіт, алтайлықтар қосылып кен, қару – жарақ өңдірісіне қойылды. Жоңғарияға әсіресе орыспен соғыстарда қолға түскен швед тұткындары өте пайдалы қызмет жасады. Олардың ішінде Іле өзенінің басында тоқыма /сукно/ өңдірісін ашқандар да, қайық пен кеме жасаушылар да, сонымен қатар зеңбірек құюшылар да болды. Соңғы шаруашылықты 1716 жылы Керекужардың (қазіргі Павлодар) түбінде қалмақ қолына түскен Иоганн Густав Ренат басқарды. Оның негізгі мамандығы артиллерия ісінің сержанты еді. Оның өмірі шытырман оқиғаларға толы хикая сияқты. 1716 жылдан бастап 1733 жылға дейін Ренат Жоңғарияға қызмет жасап Қалдан Сереннің рұқсатымен, қойыны – қонышын байлыққа толтырып еліне қайтты. Ең бастысы ол Жонғарияда жүріп швед ұлтының келіншегіне жолығып, үйленіп, үйлі – баранды болып, бірге еліне келді. Белгілі Ресей зерттеушісі А. Макшеев осыған байланысты жазған мақаласында мынадай деректер береді: «Ренаттың Жоңғарияда болғаны туралы Уигорь, тумысында Гудвин, ханым жазған «Ресейде тұратын ағылшын әйелінің тарихи ескертулерімен Англиядағы дос қызына жазған хаттары» атты кітапта бірнеше мағлұмат бар. «С.- Петербург 1735 жыл» деп көрсетілген хаттардың бірінде келесі жолдар берілген:

«Осыдан бірнеше күн бұрын 18 жыл бойы татарларда тұтқында болып, мұнда жақында ғана келген шведтік әйелмен әңгімелестім. Әйелдің өзі әңгімелеп берген өмір тарихы мынадай. Ол, швед капитанының әйелі, күйеуімен бірге орыстарға тұтқынға түсіп, басқа да тұтқындармен бірге Сібірге айдалған. Жолда оларға қалмақ деген татардың қарақшы тобы бас салады; тұтқындар оларды айдап келе жатқан конвоймен бірігіп екінші рет құлдыққа түспеудің қамын жасайды. Қақтығыс кезінде күйеуі қайтыс болады... тағдыр оны тұтқын ғып жат елге әкеп, өзінің отандасына жолықтырады.

Ол татарларға көптеген пайдалы өнер, оның ішінде зеңбірек жасауды үйретеді. Қытаймен болған соғыста татарлар риза болғаны соншалық, оның бұл еңбегін жоғары бағалап, оның өзіне де отандасына да бостандық сыйлаған. Осыдан соң олар некелерін қидырып, елдеріне, Швецияға қайтқан».

Хатында Уигорь ханым Ренаттың есімін атамайды, дегенмен, әңгіменің ол туралы болып отырғанына күмән жоқ» (Макшеев А. Карта Джунгарии, составленная шведом Ренатом во время его плена у калмыков с 1716 по 1733 гг. ЗИИРГО, XI т. СПб., 1881, 4 б.).

Сыбан-Рабдан ордасында 1722-1724- ші жылдары болған Иван Унковскийдің жазбаларында «Штык-юнкер Ренатғ взят с Корякова (Кереку-Ж.А.), отлил контайше семь пушек медных, три мортиры... в Угре (орда –Ж.О.) поручик Дебош и другие офицеры научили делать сукно, игол... оной Дебош делает в Эркени /Жәркент-Ж.О./ бархат» деп жазады».

Сонымен қатар Иван Унковский Сыбан-Рабданның қазақпен шекаралық аймақта 30 мың әскер ұстайтынын, ылғи соғыс жағдайында екенін де ескертеді: «много он... оных қазаков повоевал». Ресей елшісінің жазуына қарағанда қонтайшының қол астында соғысқа жарамды /войска доброго/ 60 мың әскер бар, бірақ қажеттілік болса 100 мың әскер жинай алады: «... уповается, что около 100 тыс. собрать может. Все конные, оружья у них луки, копья длинные 7 ½ аршина и много имеют пишалей /с жаграми/ и сабли им, порох делают сами».

Швед Ренаттың Тұрфан қаласында жолға қойған әскери қару-жарақ зауыты жылдан-жылға күшейе берді. Ол зауыттарда тек қалмақтар ғана емес, Алтайдағы Колыван зауыттарынан қашып келген И. Михайлов сияқты шеберлер де қызмет жасады. Осының арқасында қалмақтың қолында 1730-шы жылдары түйеге қомдалған 30 зеңбірек (жезайыл), мыстан жасалған ауыр, жерге қондырылған бірнеше зеңбірек (топ) болса, 1740 –шы жылы қалмақ елшісінің айтуына қарағанда «түйеге теңделеген зеңбірек саны 3 мың, орташа – 50, ірісі- 30 (Казахско-русские отношения в XYI-XYIII вв. (Сборник материалов и документов). Алма-Ата, 196, с. 194). Мүмкін қазақ жеріне келген Қасқа Зайсан деген Дүрбен-Ойрат елішісі аздап қосып та жіберген болуы керек, дегенмен жел болмаса шөптің басы қимылдамайды.

Сонымен, конспирологтардың тағы бір нарративін талқандадық, ешкім де Дүрбен-Ойрат елін арнайы қаруландырып, қазаққа қарсы жұмсамағаны анық. Әрине, орыс та, қытай да Еуразия көшпелілерінің өзара соғысып, әлсірегенін жақсы-ақ көреді. Оны сіз 1741-1743 жылдарда Абылай сұлтанды қалмақ қолынан босату барысында Әбілмәмбет ханның Қалдан Серенмен әскери одақ құруына қатысты Ресей көзқарасын қарап отырсаңыз түсінесіз. Тағы бір мәселе Ұлы даланың соңғы жауынгер елдері- қазақ пен қалмақ ол кезде біреудің айтқанына жүріп, айдауына көнетін халықтар емес еді.

Алтыншы адасу

Қазақ-қалмақ қарым-қатынастарына байланысты біздің гуманитарлар соңғы уақытта қолданылып жүрген ұғымдардың бірі- Отан соғысы. Біреуге –күлкі, біреуге- түрпі, мен осы сөзді үлкен ғылыми конференцияларда «әмбебап ғұламалардан» да естідім. Біздің ғылыми конференциялардың көпшілігі той форматында өтетінін жұрт білсе керек. Тойда тост сөйлейтін адамның саны қандай көп болса, ғылыми конференцияларда білімі мен ақылын сенің басыңа тегін ақтара салатын ғұламалар көп.

Бұл ғұламаларға айтарымыз- қазақ-қалмақ қарым-қатынастары, соғыстары Отан соғысы ұғымына еш келмейді. Бұл қарым-қатынастардың табиғатын түсіну үшін сізге саяси антропология ғылымының негізін салған Эванс Причардтың бір екі кітабын міндетті түрде оқу керек. Мысалы, «The Nuer. A Description of the Modes of Livelihood and Political Institutions of a Nilotic people» (Oxford,1953) кітабына үңілейік:

«Саяси жүйе дегеніңіз- бір-біріне қарсы тұрған сегменттердің бірті-бірте ұлғая беретін `желісі (сеть): бұл тайпаның ішіндегі ең кіші бөлімнен бастап тайпаралық және сыртқы қарым-қатынастарды қамтиды. Ең кіші бөлімдердің сегменттері арасындағы қарсы тұру (оппозиция) тайпааралық және көрші халықтармен қарым-қатынастарда түрі мен сипаты өзгеше болғанымен сол құрылымдық заңдылықтарда жүреді» (р.133). Эванс Причард тайпа аралық қарым-қатынастарды «дәстүрлі жаугершілік» (traditional feud) деп атайды. Бұл бір жүйе ішіндегі сегменттердің бір бірімен әрекеттесу тетігі және тайпаның ішкі құрылымын реттеуші.

Қазақ пен қалмақ бір жүйенің ішіндегі халықтар. Оны дәлелдеу аса қиын емес. Біріншіден, әр халықтың өзінің шығу тегі және өзге халықтармен алыс-жақындығы туралы түсініктері болады. Қазақ шежіресі қалмақты өзіне жақын санайды, себебі екеуі де бір атаның баласы, екеуара араздық ала биенің сүтін бөлісе алмаудан басталған-мыс. Бұл жерде Ала бие Ұлы дала халықтары үшін қасиетті болып табылатын Алаша (жылқы) ұғымымен байланысты болуы әбден мүмкін. Екіншіден, конфессионалдық түсініктер тұрғысынан қазақ үшін қалмақ дала халықтары дін-исламды қабылдаған уақытта кірмей қалып қойған, содан қалмақ атанған-мыс.

Қазақ ауызша дәстүріндегі түсініктер қазіргі ғылыми зертеулердегі Дүрбен-Ойраттың, яғни Төрт Ойраттың құрамына кіретін шорос пен дүрбіттер найман текті, ал торғауыттар керей текті деген тұжырымына сәйкес келеді (Altaicа IV. Сборник статей и материалов. М., Институт естествознания РАН, 2000, с.69-78).

Үшіншіден, қазақ пен қалмақтың өмір-тіршілігі, шаруашылық жүргізу тәсілдері, соған байланысты ұғымдары, материалдық дүниелері және рухани түсініктері , яғни этномәдение сипаттамасы бір-біріне жақын. Бұл жерде екі халыққа да ортақ туыстық және шаруашылық терминдерін, киіз үйді, домбыра мен бауырсағын т.б. тізбектей беруге болады.

Төртіншіден, екі халықтың бір жүйенің ішіне кіретінін ең әдемі дәлелдейтін дерек екі халық та мойындайтын Құн төлеу ережелері. Бір мысал келтірейік. 1718-ші жылдың көктемінде Қайыпты Түркістанда жалғыз қалдырып қазақ рулары жан-жаққа қарай көше бастағаны белгілі. Осы кезде Аягөз маңындағы жеңістен кейін масайраған қалмақ Бөген, Шаян, Арыс өзендерінде отырған қазақ ауылдарын шапты. Заманында Ақша баласы Бөгенбай батыр өзіне ұстаз тұтқан Бақыбек батыр Түркістаннан Арқаға қарай көшкен елді қорғады дейді шежіре деректері: «Қабай бласы Бақыбек батыр шамамен «Ақтабан шұбырынды» кезінде өмір сүрген тарихи тұлға. Сол кезде Арғын тайпасы оның Алтай руы Қаратау өңіріне қоныс тепкен кезі екен. Бақыбек батыр сол кезде кәрілікке ілігіп қалған, Бөген өзенінің бойында отырған шағында хабаршы:

-Қалың қалмақ жайлаудағы елді қырып келеді,-деп суық хабарды жеткізеді. Бақыбек батыр жайлауда бытырап жатқан елді жинауға шамасы келмейтініне көзі жетіп-енді халқын аман сақтаудың амалын қарастырады. Батыр өзіне қарасты елді алдына шақырып алып:

-Халқым, жиналып тез Арқаға көшіңдер, қазір қалмаққа тойтарыс берерлік хәліміз жоқ. Мен осында қалып ата жауымды күтемін, қалмақ мені көріп, басымды алып бүкіл қазақтан кегін алғандай болар,-депті.

Ел көшіп берді, батыр айтқандай қалмақ келіп Бақыбек батырдың басын кесті, енді бізге тосқауыл жоқ деп қалмақ бүкіл қазақты жеңгендей сейіл құрып кетті, өзін құрбандыққа шалып батыр-баба елді аман алып қалды...

Қазақ бас қосып қалмақтың бетін қайтарған соң Бақыбек батырдың қазасына налыған Бөгенбай батыр қолына түскен қалмақты түгел қырамын деп қаһарланғанда, қонтайшы арнайы елші жіберді дейді:

-Бақыбек батырдың құнына 100 тайлақ алсын,-деп. Бөгенбай: -Жүз тайлаққа келіспейміз, біздің қазақта ердің құны 100 жылқы, Бақыбек батыр қаймана қазақ емес жау елге қарсы қол бастаған, дос елге елшілік бастаған адам, бізге үш ердің құнын бер,- деп қасқайып тұрып алып, қалмақ амалсыз үш қыз берген екен дейді» (7 б.).

Осыған ұқсас әңгіме Төртуыл Жауғаш-Биғаштың Жауғашына қатысты. Оған да қазақ қалмақтан құн алғаны айтылады. Шамасы қазақ пен қалмақтың жекпе-жегінде, не қырғын соғыстың кезінде өлген азаматтарға құн жоқ болғанымен, елшілік қызметіндегілерге, қарусыз адамдарға, қапыда көптің қолынан өліп кеткендерге құн талап етіледі.

Бесіншіден, екі халықтың басын қосатын ең басты тетік қазақ-қалмақ арасындағы неке қарым-қатынасы. Бұл тақырыпта мақала емес арнайы кітап жазуға болады. Ертеде Элистаға конференцияға барғанымда қалмақтың мықты ақыны, марқұм Давид Кугульдинов бір жағы қалжың, бір жағы шын «казахи великий народ, потому что их матери калмычки» деп еді. Дәл осы сияқты қалмақтың біразының әжелері қазақтың қыздары. Қазақтың ішінде толып жатқан қалмақ текті рулар болса, қалмақтың ішінде де қазақ аз емес. Егер мен қалмақ текті қазақтың белгілі азаматтарын санай бастасам... жоқ, онымен Радик Темиргалиевтер айналыса берсін

Өкінішке орай Отан соғысы ұғымы бізге Ресейден экспортталды, оны біздің ғалымдар қабылдады. Міне, біз қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілікті Отан соғысы деп атауға болмайтынын дәлелдейтіндей бірнеше себеп келтірдік. Ресей қазіргі уақытта өзінің Украинадағы басқыншщылығын да Отан соғысы деп отыр. Біздің тәуелсіз ел болғанымызға 30 жылдан асты, қашанға біреулердің айтағына еріп жүре береміз?!

Жетінші адасу

Қазақ тарихнамасындағы бірталай зерттеулер мен жазушы қауымының толып жатқан туындылары «Ақтабан шұбырынды-Алқакөл сұлама» кезеңіне арналған, яғни 1723-1725 жылдардағы қалмақ шапқыншылығы, Түркістан-Ташкент аймағындағы қалаларды жоғалту, тағы да басқа ауыр оқиғалар. Оның бәрін түгендеп жату қиын, арнайы мақала, не кітап керек. Өкінішке орай бұл кезең тым эмоциялық сипатта, әлеумет қиындығын төндіре, оқырманды жылату мақсатында суреттеледі де, мысалы қалалардан айрылудың саяси, экономикалық салдары назардан тыс қалады. Ал бұл өте маңызды концептуалды мәселе, себебі бұл жерде Еуразия көшпелілері туралы зерттеулерде әлі тиянақ таппаған қала мен дала қарым-қатынасы жасырылған.

Шын мәнінде Еуразиялық далалық аймақ пен Сыр бойындағы қалалар тізбегі қоржынның екі басы, бірінсіз бірі жоқ. Осы мәселені кәсіби тарихшылар түсінгенде ғана шынайы Қазақстан тарихы жазылады, оған дейін біз тарихымыздың көне сорабын Моңғолиядан, Қытайдан т.б. жерлерден іздеумен жүреміз. Біздің тарихымыз оңтүстік пен солтүстік арасындағы меридиан жолдарында жазылған!

Иә, «Ақтабан шұбырынды -Алқакөл сұлама» тақырыбына қайта келейік. Бұл бірінші және соңғы шұбырынды емес, Еуразия көшпелі этностарының тарихында бұл сияқты қозғалыстар ондап саналады.

Мысалы Дулат Бабатайұлының мына бір толғауын талқыға салайық:

Ата қоныс Арқадан

Басында қазақ ауғанда,

Күзді күнгі нөсердей

Көзінің жасы жауғанда,

Ақтабан боп шұбырып,

Асып асқар таудан да,

Алқа көлді айналып,

Ақ қайыңды сауғанда,

Арысын белден омырып,

Қалмақ тартып барды алды;

Бұл 1620-30-шы жылдары болған «Ақтабан шұбырынды-Алқакөл сұлама». 1627-ші жылы Түмен воеводасы П.Т.Пушкиннің патшаға жіберген хабарына қарағанда Хо-Өрлік пен Мерген-тайшы бастаған торғауыт көші Есілді жайлап Түменнің маңын қыстап жүр, кей жылдары олар тіпті Арал маңындағы Қарақұмға дейін көшеді: « А колмаки де кочевали с весны по Ишыму реке и ныне осели в тюменских зверовьях, и как де их, повоевали уфинские татаровя / башқұрттар-Ж.О./, и они де убоясь, отошли в поле на Нагайскую сторону на Каракум. А Урлюка з- де тайши сын кочует ныне по Тоболу вверх и вниз, в тюменских ясашных зверовьях по обе стороны около Цареве-городиша и Ютека – реки» (Международные отношения в Центральной Азии. XVIIXVIII вв. Документы и материалы. Кн.1. - М., 1989. с.72). Дербеттер Талай тайшы бастап Сібір аймағынан Торғайға дейінгі жерде көшіп жүр. Хошоуыттардың бір бөлігі Байбағыс тайшы бастап Қарақаралы, Кент-Қазылықта қыстайды. 1634-ші жылы қазақ пен қалмақтың кезекті жаугершілігі кезінде Жәңгір сұлтан қалмақ қолына түседі. Дулат толғауында бұл босуды «Сол бетімен шұбырып, Торғайдай тозып Сыр түсті» дейді. Қазақтың бәрі Сырдария бойына ұйлығып, бір жағы Еділге, бір жағы Ертіске иек артатын хан жайлауынан айрылды. Міне XVІІІ ғасырдағы қазақ жырауларының «Бастапқы Ақтабан» дйтіні осы. Жоғарыда айтылғандай бұл Еуразия жауынгер көшпелілерінің бірін-бірі ығыстырған көп қозғалыстарының бірі. Бұл бір жүйедегі сегменттердің өзара күресі.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?