Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Байбарыс пен  Кетбұқа: Ұлы даланың  ұлдары

2352
Байбарыс пен  Кетбұқа: Ұлы даланың   ұлдары - e-history.kz

Шыңғыс дәуірі қазақ ауызша дәстүрінде де, қазіргі тарихнамада да бірсыпыра қарастырылған тақырыптардың бірі, дегенмен зерттеушілердің назарынан тас қалып қойған көлеңке тұстары да баршылық. Сондай тақырыптардың бірі  Шыңғыс хан немересі Хулагудың  оңтүстік-батыс Азия аймағына аттануы, Елхан патшалығын құруы. Бұл жорықтың басы-қасында атақты  Кетбұқа ноянның жүргені де әдебиетте көп жазылды деп айта алмаймыз. 

Кетбұқа Иран  аймағына Хулагуден бұрын аттанды, оның міндеті жас ханзада келгенге дейін  жолы ашып, қарсыластарын қиратып,  орда  қаланы белгілеу еді. Ноян ол міндеттердің бәрін абыроймен орындап 1252 жылы Хулагу ханды қарсы алды. Енді ел иелігін батысқа қарай кеңейту, Бағдатты  халиф билігінен тартып алу  мақсаты тұрды.  Бұл маңызды  шаруа да Кетбұқаның бастауымен   орнына келді.  Өмір бойы алтын –күміс жинаумен өткен халиф өз сарацының алдында, шыжыған күннің ыстығында, ораған  қалың киіздің  ішінде іріп-шіріп өлді.   Енді Хулагу хан исламның ордасы атанған  Бағдатты алғаннан кейін моңғол-татар әскері енді Шам шаһарына аттанатыны  белгілі еді.  1259 жылдың қыркүйек айының 12-де, хижра бойынша санасақ 657 жылы рамазан айының  22-де Хулагу қосындары Сирияны бетке алып жорыққа шықты.  

1259 жылы Хулагу әскері  Мияфарикин,  Насибин,  Хиран, Раһа сияқты қалаларды түгел бағындырып, осы аймақтағы ең ірі Алеппо қаласына келіп ат басын тіреді.  1260 жылдың   қаңтарында Алеппо қаласын моңғол-татар әскері жеті күн бойы  шабуылмен алды. Енді Дамаскі қалды.  Оның билеушісі жоғарыда аты аталған Салахуддин Юсеф,   Айюбид әулетінен шыққан сол замандағы күшті билеушілердің бірі еді.  Ол мәмлүктерден көрі татарларды  дұрыс деп тапты. Бір жағынан мәмлүктердің Мысырдағы Айюбид әулетінің тұқымын құртып, билікті тартып алғаны да әсер еткен болуы керек. Шам аймағының басшылары Хулагу әскерінің алдындағы авангардын бастаған  Кетбұқамен кездесіп, өздері өлгенге дейін моңғол-татарларға қызмет жасады. Рашид ад-дин «Хулагу қала ақсақалдары мен бектерінің айтқанын тексеру үшін Кетбұқа ноянға Дамаск қаласына баруға бұйрық берді. Қалалықтар Кетбұқаның алдынан шығып одан өз өмірлерін сақтауын, аяушылық жасауын  өтінді. Кетбұқа сол жердің белгілі бектері мен байларын Хулагу ханның алдына көрініске жіберді. Хан оларға аяшылық жасап,  жалынышты өтінішін қабылдады. Сонымен моңғолдар қоршау жұмыстарын жасамай, қан төкпей қалаға енді» дейді ( Рашид ад-дин, т.3, 1952: 49). 

  Көптеген деректер Кетбұқаның Шам жерін жаулап алуда шешуші қызмет атқарғанын көрсетеді.  Ол бір жағынан жауға аяушылығы жоқ жауынгер қолбасшы болса, екінші жағынан бас иіп келген мүсәпірге рахымы көп қайырымды қария еді. Арабтың Құтбуддин әл Юнан деген тарихшысы «Моңғолдар Ливан жеріндегі Баалбекті алғанда Кетбұқаның көрдім. Ұзын, жұмсақ  сақалды, кейде оны құлағына іліп қоятын әдемі қария еді. Сын сипаты салтанатты, мінезі өктем болатын» дейді.  Арабтың сұңғыла тарихшылары Кетбұқаның Хулагу әскерін бастап бүкіл Батыс Азияны жаулау алуын сипаттай келе аталықтың тамаша әскери  әдіс-айлаларды қолданып, аз күшпен ұлан-байтақ жерді бағындырғанын жазады. Тәңірберді деген тарихшы «Кетбұқа ноянның беделі татарлар арасына ерекше еді. Оның сөзі, ерлігі және ісі әрдайым есепке алынып отыратын. Ол ержүрек, батыл, бекіністерді алудың нағыз шебері еді. Хулагу оған толық сенетін, ешқашан оған қарсы келмейтін, сөзін жерге тастамайтын. Кетбұқаның шайқастары туралы таңғажайып әңгімелер айтылатын» дейді. 

  Бұдан әрі Сирияның белгілі қалалары түгел бағыныштылығын мойындады. Осылайша қысқа  мерзім  ішінде  Бағдат,  Диярбекір, Диярраби және Сирия мен Ұрым  түгелдей Хулагу ұлысына қарап, ол жерлерде ханның бекіткен адамдары билік құрды. Мысырға дейінгі аймақты жаулап алу және империяға қосу аяқталып қалғандай еді. Енді алда ертегідей елес болған  Мысыр аймағы тұрды. 

  1260  жылдың  жазы  еді. Хулагу Мысырға жорықтың мән-жайын ойлап жатқанда, Мөңке қағанның қазасы туралы хабарды естіді. Мұндай қаралы мезетте барлық іс-әрекет тоқталып, Шыңғыс тұқымының бірі қалмай, құрылтайға қатысуы тиіс еді. Оның үстіне, жаңа қағанның кім боп сайлануы Хулагу үшін шешуші мәселе еді. Рашид-ад-дин қаған өлімінің Хулагуге жеткен кезін былай сипаттайды: «Осы оқиғалардың кезінде Шығыстан хабаршылар келді, олардың басшысы Шиктур ноян өзгелерінен озып Сирия жеріндегі Хулагуге жетті және Мөңке қағанның өлімі тіралы хабарды жеткізді. Хулагу хан бұл хабарды естігенде өте уайымдады және жүрегі мұңға толды, бірақ сыртқа түрін берген жоқ. Ол Кетбұқа ноянға Сирияны қорғауды тапсырды да өзі Халебке қарай аттанып кетті. Хижра бойынша 658 жылдың жумада-л-ахыр айының 24-де (біздің жыл санаумыз бойынша 1260 жылдың 6 маусымында-Ж.О.) Ахлат қаласына жетті» дейді (Рашид ад-дин,т.3,1952:50). Осыдан -ақ біз Хулагу ханның Қарақорымда болып жатқан оқиғаларға аса алаңдаушылығын сеземіз. Мөңке қағанның қазасы Шыңғыс хан империясында жаңа саяси ахуалды қалыптастыратыны белгілі еді. 

Ел хан иеліктеріне өткен елді басқаруға, шаруасын қайта жолға қоюға,  шекараның тыныштығын қамтамасыз етуге Кетбұқа ноян қалды. Кетбұқаға Сирия жерін бағыныштылықта ұстау да оңай болмайтын. Атақты ноянның қарамағындағы әскер саны да онша көп болмайтын. Француз тарихшысы Жан-Поль Ру көп әскерді бұл жерде ұстау мүмкін болмады, себебі жайылымдық жер аз еді дейді: «поскольку монгольская коница не могла долго оставаться на землях, где катострофически не хватало пастбищ, удалился, оставив небольшой гарнизон под командованием полководца-христианина Кетбуги» деп жазады (Ру Жан -Поль, 2012:269). Сонымен бірге бұл әдет-ғұрпы, дәстүрі нақты зерттелмеген жат жер, ұлан-байтақ иелік құрақ көрпе тәрізді бір басын тыншытсаң, екіншісінен бүлік шығып жатады. 

Хулагу Мөңке қаған қайтыс болғаны туралы хабар келмес бұрын Мысыр билеушілеріне хат жазып үлгерген еді. Ол хатты моңғолдың арнайы елшісі қырық нөкерімен Мысырға жеткізді. Ол хаттың мазмұнын Рашид-ад-дин былай сипаттайды: «Ұлы Тәңірі Шыңғыс хан мен оның әулетіне жер бетіне иелік және билік құруды жүктеді. Бізге мойын ұсынудан бас тартқандар өздерінің қатындарымен, балаларымен, туыстарымен, құлдарымен және қалаларымен бірге о дүниеге аттанды, көздері жойылды және біздің әлемді жаулап алушы әскеріміздің атағы Рүстем мен Исфандиярдың әңгімесіндей жер бетіне тарап кетті. Егер солардың жолына түскің келмесе соғысқа дайындалма, одан да аман-сауыңда бізге бас иіп кел, алым-салығыңды аттандыр, өзіңе бізден әскери басшы (көрхан) сұра» (Рашид-ад дин, т.3, 1952: 51).

Мысыр басшысы Құтыз сұлтанның жанына Хорезм аймағынан Шыңғыс әулетінен қорлық көріп, жеңіліс тауып қашып келгендер көп жиналған еді.  Деректерге қарағанда олар -Берекет хан, мәлік Ықтияр-ад-дин, мәлік Сейфуддин Садык хан ибн Меңбұқа, Насыраддин  Кельшу хан ибн Арсылан, Атлас хан және Насыраддин Мұхаммед Кимри. Бұлар Хулағу елхан әскерінің көпшілігінің  Иранға қайтқанын,  тек Кетбұқа  ноянға қарасты 12 мың жасақты Палестинада қалдырғанын жақсы білетін. Бір кезде өздерінің жылы орнын суытып, жат елде қорлықты көрсеткенін хорезмдік мамлүктер ұмыта қойған жоқ болатын. Енді келіп хорезмдіктердің тағдыры тағы да қыл үстінде. Оларға не майдан үстінде ақ өліммен өлуге, не  тұтқын болып азапты өлімге бел байлауға қалды. Басқа таңдау болған жоқ. Құтыз соғысқа бел байлады. 

Осы күні кешкісін өзінің сарайына Құтыз Байбарысты шақырды. Ол бұл кезде қыпшақ мәмлүктері ішінен шыққан ең мықты әмір еді. Оның Құтызбен жаны қас болғанымен, бұл жерде әңгіме жалпы мәмлүк тағдыры туралы болатын. Байбарыс кездесуге келді.

Шығыс тарихшылары оны көбінесе «Әмір Бундукдари» деп атайды. «Бандукдари» Байбарыстың бұрыңғы иесінің  атақ-лауазымы еді, яғни сұлтанның бұндығын көтеріп жүретін нөкері дегенді білдіреді. 

Рашид-ад-дин Құтыз ақылдасуға шақырған Байбарысты «бас әмір» деп атайды: «Бундукдар мән-жайды түсіндірген соң былай деді: «Менің пікірім мынау, хабаршыларды өлтірейік те, атқа қонып Кетбұқаға қарсы бірге аттанайық. Егер біз оны жеңсек те, не оның қолынан өлсек те, екі жағдайда да біз ұтылмаймыз, кешірім де болады, қайырым да болады». Құтыз бұл ұсынысты қабылдап, сол күні түнде моңғол елшілерін өлтіруге бұйырды, ал таң атып, күн шыға берісте атқа қонуға әмір етті.  Бәрі де бұйрықты тосып отыр еді. Көп ұзамай мәмлүк қолы  Сирия шекарасына бағыт алды.

Кетбұқа ноян болса өзінің шағын қолымен бұл кезеңде Ливан жерінде Баалбектің түбінде қаннен-қаперсіз тұрды. Шығысында оларды шөл қорғаса, батысында христиандардың қамалдары қоршаған еді. Жан-Поль Ру да Кетбұқа өліміне Таяу Шығысқа орныққан кресшілердің кінәлі екенін жазады: «Отношения завоевателей и крестоносцев на Ближнем Востоке были хорошими, однако случилось невероятное, невыразимое. Кетбуга провел там всего несколько месяцев, когда франки Акры пропустили египтян через свою территорию, дали им провзию и позволили ударять в тыл монгольской армии. 3 сентября 1260 года при Айн-Джалуте она была уничтожена. Это было первое большое поражение, какое потерпели завоеватели. Первый раз им пришлось оставить завоеванную территорию. Они десят раз пытались ее отбить, но так и не смогли. Последствия этого станут видны позже» (Ру Жан-Поль, 2012:.269-270). 

Қалай  болған күннің өзінде, екі жақтың  да беті ашылып, христиандар өздері жау болып жүрген мұсылмандарға есік ашып берді. Құтыз әскерінің ең алдымен кездескені монғол  нояны  Байдардың шекарада тұрған шолғыншы қосыны еді. Мысыр әскерінің желе-жортып шепке жақындап қалғанын байқаған Байдар  ол туралы Кетбұқаға хабарлап үлгерді, бірақ тас түйін мәмлүк қолын тоқтатуға күші жетпеді. Бұларға шабуыл жасаған монғолдар сияқты мамлүктер де даланың еркін ұлы еді, ал «әскери талантқа келсек, қыпшақ Құтыз бен Бейбарыс найман Кетбұқадан кем түспейтін” (Гумилев,  1992: 235) .

Кебтұқадан «шепті ұстап тұр және менің келуімді күт» деген хабар жеткенде Байдар Ас өзеніне шегініп кеткен еді. Рашид-ад-дин «Мысыр әскері шекараға жақындап келді деген Байдардың хабарын алғаннан кейін Кетбұқа асығыс атқа қонды. Құм басқан далада артына шаңды боратып, өрт -жалындай болып Кетбұқа әскері шекаралық алқапқа қарай тартты.  Бұл Хулагу соңынан еріп Әимудария өзенінен өткеннен бері ешқашан беті қайтып, тауы шағылып көрмеген бағаналы наймандардан құралған тәжірибелі жасақ еді» деп сипаттайды бұл жорықты.  Өзге Шығыс тарихшалыры да Кетбұқаның соңынан ерген қосында талай қырғынды көрген  жауынгерлер еді дейді.

Кетбұқа Айн-Джалут бойына келгенде Байдардың  қатары сиреп қалған шолғыншы қосындарымен жолықты, қарсы жақтың да нышаны көріне бастады. Кетбұқа жинаған әскери кеңес пікір таласпен басталды.  Хулагу ханға бекітілген моңғол-татар әскерінің негізгі бөлігі Иран жерінде еді.  Кетбұқаның қарамағында он мыңдай ғана алдыңғы шепте жүретін жасақ болды. Бұлар Кетбұқаның өзіне шын берілген, өзінің ағайындары бағаналы-наймандардан құралған жасақ болатын. Сол замандағы тәртіп бойынша жауынгерлердің бала-шағасы, баққан малы да қосынның артында жүруші еді.  Осы он мыңдық түменнен басқа Кетбұқаға үш мыңдық армян-грузин жасағы қосылды.   Сонымен хижраның   658  жылы рамазан айының 15-де, григориян жыл санауы бойынша 1260 жылдың  3  қыркүйегінде Айн-Джалут өзенінің бойында Кетбұқа бастаған моңғол-татар мен Құтыз бастаған мәмлүк әскерлері кездесті. Күш ара салмағы көзге көрініп тұрды. Он мыңнан сәл ғана асатын Кетбұға әскеріне Құтыз жағынан қырық мыңдай жауынгер қарсы тұрды.

Ақ боз атқа мінген, екі қолына екі қайқы қылыш ұстаған Кетбұқа ноян  саптың алдында тұр еді.  Екі жақтан түйіліп келген қалың әскермен бірге қазіргі болатын қанды қасапқа асыққандай Кетбұқаның ақ боз тұлпары тағатсызданып жерді тарпиды. Қарсы жақта екі қанатты  мәмлүктің тәжірибелі жауынгер қосындары алды.  Сол қанаттың  алдында Байбарыс, оң  қанатында Бахадүр тұр.  Қолдың алдында шұбар арғымаққа мінген Құтыздың өзі. Кенет жауынгерлік  ұрандар айтылып, дабыл қаға бастаған кезде қолбасшының артында тұрған  саптан бір  жас бозбала жанында тұрған мәмлүктің садағын жұлып алып  Құтызды көздеп тартып жіберді.  Бұл жас бала осының алдында Хулагудың атынан  келген елшіліктің  атшы баласы еді. Құтыз бүкіл елшіні қырып тастаған уақытта найманның осы жас баласы аттардың жанында болғандықтан ғайыптан аман қалып еді. Мәмлүктер Кетбұқаға  қарсы аттанамыз дегенде аттарыңа ие боламын деп жалынып-жалпайып әскерге еріп келген.  Бала жігіт қас пен көздің арасында Құтызды дұрыстап көздеп те үлгермеді, садақтың оғы зу ете түсті де Құтыздың астындағы арғымағын омақаса түсірді.  Сол сәтте атшы бала осындай ерлікке барады деп ойламаған мәмлүк жауынгерлері естерін жиып, баланы қылышпен кескілеп тастады. Соғыс осындай ауыр көріністермен басталды.

Екі жақ қиқулап ат қойғанда  наймандардың сол қанаты  алдыңғы қатары  сиреп қалған Бахадүр бастаған мәлүктерді шегіндіре бастады. Құтыз армиясының оң қанаты пен ортаңғы қол шегінді деп ойлаған   моңғол-татар жасақтары Байбарысты қоршауға ала  бастады.  Дәл осы кезде «уассалама» деп ұранды ортаға тастап  Құтыз шегініп бара жатқан өзінің  оң қанаты  мен  ортаңғы  қолды қайта майданға бастады. Тосқауылда тұрған әскери жасақтар да Құтыздан белгі тосып тұр еді, олар келіп  Кетбұқаның  алға  тым  шығандап кеткен  жасағына бір бүйірден тиді. Кетбұқа бастаған найманның шағын  қолы екі жақты соққының астында қалды. Оның үстіне Бахадүрдің қарамағында мәмлүктің атты жауынгерлерінің шайқастан аман қалғандары Кетбұқаның сол қанатын орай бастады. 

«Көп қорқытады, терең батырады» дейді қазақ мақалы. Қан майданнан Кебұқаның нөкерлерінің санаулылары ғана аман шықты.  Рашид-ад-дин «Кетбұқа ноян қан майданның  ортасында жүрді. Адам таң қалатын ерліктер жасады.  Оңынан келгенін де  солынан келгенін де шауып құлатты.  Кейбіреулер оған қашып құтылайық  деп ұсыныс жасаса да, ол «тура келген өлімнен қашып құтыла алмайсың, қорқақ қояндай қашып, жұртқа күлкі болып өлгенше, намысты қолдан бермей даңқты өлген жақсы.  Күндердің күні осы әскердің ішінен не кәрі, не жас, әйтеуір біреу болмаса  біреу тірі қалып патшаға қызмет етуге барады да менің сөзімді жеткізеді,  Кетбұқаның қорқақтарша  бұқпай,  арсыздарша шегінбей, ерлікпен тәтті өмірін құрбандық шалғанын  айтады.  Тек біздің иеміздің қасиетті жүрегі қан жыламасын моңғол әскері бұл жерде қырылды деп, біздің жауынгерлеріміздің әйелдері бір жыл екіқабат болмаған шығар, біздің жылқы табындарымызда биелер бір жыл құлындамаған шығар деп шүкіршілік қылсын. Патшамызға бақ берсін. Егер басшымыздың қасиетті тұлғасы аман болса, әлі жоғалған табылады, дүние орнына келеді, ал біз сияқты оған қызмет қылатын нөкерлердің өмірі деген не, тәйірі ?! » деп жауап берді ондайларға атақты аталық. Кетбұқа өлімі Хулагу ханға жеткенде «Мен  өлім алдында мемлекет деп адал қызмет атқарған, осындай шын берілген сенімді нөкерді енді қайдан табамын»  деп  хан қатты қайғырды дейді  жазба деректер (Артықбаев,2016: 291). 

Қырымға қайта оралу                              

1260 жылы Айн-Джалут  шайқасынан қайтар жолда Байбарыс Құтызды тақтан тайдырып Мысыр мен Шам (Сирия, Дамаск) сұлтандығына ие болды.  Байбарыспен  бірге  бұл   өлкенің  жарқын даму кезеңі өмірге келді, сыртқы және  ішкі саясатта   ғажап өзгерістер  басталды. Алдымен  Байбарыс   Батыстан төнген кресшілер шабуылдарына тойтарыс берді, одан кейін Мәдина мешітін, Иерусалимде Кубба ас-Сахра мешітін, Мысырда әл-Азхарды қайта қалпына келтірді.  Байбарыс билікте болған кезеңде бұл өлкеде елдің  экономикалық жағдайы мен руханиятын  қолдайтын жүздеген керуен сарайлар,  мешіт- медреселер мен көпірлер салынып, соның нәтижесінде жаңа сәулет үлгісі қалыптасты. 

Байбарыс сұлтанның сыртқы саясатының бір бағыты Алтын Ордамен байланысты екенін біз әл-Макризидің  (1356-1441 жылдар) атақты патша әулеттерінің тарихын тану жолы атты кітаптарынан  білеміз.   Байбарыс 1260 жылдардың басында Беркемен достықтың негізін салды, әрине бұл жерде  Хулагудың Мысырға төндірген қауіптеріне қарсы тұруды жоспарлағаны сөзсіз.  Еуразиялық алып империя мен Мысыр арасындағы қарым-қатынастардың әралуандығы бізді таңқалдырады. Оның ішінде саяси,  сауда- экономикалық, рухани салалармен бірге неке қарым-қатынастары да бар. Біз үшін маңыздысы  Байбарыс сұлтанның  1270 жылдардың басында Қырымда ғажайып әдемі  мешіт салдыруы. ХVІІІ ғасырда Қырымды аралаған П. Кеппен Ескі Қырымның (Солхат) толып жатқан ғажайып ескерткіштерінің ішінде бұл мешітті ерекше атап, оның  іргесі мәрмәр таспен көмкерілген, ал күмбезі порфирден деп сипаттайды (Мечеть Бейбарса /2012/02/mechet-beybarsa.html).  Қазіргі күні орыс отаршылдығының кесірінен тек ірге тасы ғана қалған Байбарыс мешіті Еуропаның шығыс жағында салынған алғашқы мұсылмандық қасиетті орын.

Осылайша Қырым жерінен он төрт жасында, жиілеп кеткен жаугершілік себепті белгісіздікке аттанған жас бозбала өз отанына қайтып келді. Бейбарыс сұлтан 1277 жылы қайтыс болған соң Қырымға қамқорлықты оның ізбарасы Қалауын сұлтан жалғастырды. Әл-Макризи шығармасында «686 жылы  (григориан бойынша  1287-1288 жж.-Ж.А.) сұлтан  Қырымдағы мешіт құрылысына деп  Беркеге (бұл жерде Алтын Орда билеушісі  Берке әулеті - Ж.А.) қымбат сыйлық және 2000- нан астам динар жіберді. (Ол жерге) сұлтанның атақтарын сәндеп жазуға,  бояп әшекейлеуге   тас бәдізшіні  де аттандырды» делінеді (Сборник, 1884: 307). Қалауын  да тағдыр талқысымен Мысыр өлкесіне барып қалған Қырым бөршілерінің өкілі еді. әл-Макризи  Қалауын туралы «Ол Дәшті-Қыпшақ жұртынан еді. Бурдж оғлы руынан еді. Мысырға бала кезінде тап болған. Оны сұлтанның Ақсұңқар атты бегі сатып алған, сол себепті оны «әл-Алфи», яғни «мыңдық» атаушы еді» деп жазады. 

Міне, осылай  Қырым тумалары Байбарыс пен Қалауын сұлтандар алыста жүрсе де өз отандарына қызметін жалғастыра берді. 

Байбарыс пен Кетбұқа Айн- Джалут өзенінің бойындағы бірі Моңғол империясының әскерін бастап, екіншісінің Мысыр тәуелсіздігін қорғап шайқасты. Екеуі де Ұлы даланың ұлы перзенттері, екеуі де біз үшін қадірлі, екеуінің де тағдыры біз үшін сабақ. Еуразиялық далалық аймақтарда ерте замандарда және ортағасырларда кіндік қаны тамған талай азаматтарға топырақ жат жерде бұйырды. Себебі біздің даламыз әлемдік геосаясаттың ортасы болатын. Біздің жерімізде туған азаматтардың қолында тарих диірменін айналдыратын күш болды, олар сол заманда адамзат тарихын жасады. Тіршіліктің  мағынасын  іздеген  адам үшін далалықтардың   жат жердегі күресі  тарихты жасаушы  әлемдік  орталықтың  сол  дәуірде  біздің жерімізде болғанын аңғартса керек. Бұл біздің тарихшылар әлі де қалам тартпаған, өресі биік тақырыпты ашу болашақтың міндеті.

Әдебиет:

Аль-Макризи. Книга поучении и назидания// Семёнова Л. А. Салах-ад-Дин и мамлюки в Египте. М.: Наука, ГРВЛ, 1966, с.210-221..

Артықбаев Ж.О. Кетбұқа -жырау, қолбасшы, аталық. Астана, «Алтын кітап», 2015.  320 б.

Гумилев Л. Қиял патшалығын іздеу («пірадар Ионның мемлекеті» туралы аңыз). Алматы,1992.  345 с. 

Рашид ад-дин. Джами ат-таварих: Сборник летописей. Т.1-3,  М.-Л., 1952.   Пер. с персидского Л.А. Хетагурова и О.И.Смирновой. Ред. и прим. Проф.А.А.Семёнова. Ввод. статья И.П. Петрушевского

Ру Жан -Поль. История  Ирана и иранцев (От истоков до наших дней). СПб.,2012. 412 с.

Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Т.1. (Извлечения из арабских сочинений, собранные В.Г.Тизенгаузеном). СПб., 1884. 395 с.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?