Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ: Байбарыс – белгілі де беймәлім баһадүр

4727
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ: Байбарыс – белгілі де беймәлім баһадүр - e-history.kz

Ата тарихтың арқау түйіні мен айдау жолына көз салсақ, қашанда тарихты тұлғалар жасайтынын аңғарамыз. «Көп түркі енші алып тарасқан» (Мағжан) Ұлы даланың ұлан белінен атқа мініп, дүн-дүниеге танылған тұғырлы тұлғалар аз емес. Сондай танымал тұлғалардың алдыңғы легінде Мысырдағы Мәмлүктер мемлекетінің даңқты сұлтаны әрі мұсылман әлемінің қорғаны ретінде тарихта жарқын із қалдырған Байбарыс сұлтан, өз дәуірінің атаулы рәсімімен айтсақ, әл-Мәлік әз-Заһир Рукн ад-Дин Байбарыс ибн Абдуллаһ әл-Салихи әл-Бундуқдари тұрары хақ. 

Сұлтан Байбарысты замандастарының «дүние мен діннің тірегі, сайыпқыран, таңдалған тұлға, арабтың, ғажамның һәм түріктің сұлтаны, кәпірлердің қалаларын алған баһадүр, өз дәуірінің Ескендірі, екі теңіздің үкімдары, мұсылмандардың әміршісі, қос құбыланың мәлігі, Мекке мен Мәдинаның қызметшісі» деп атағаны көп жайды аңғартса керек.

Әрине, Әл-Фараби сияқты әлемге әйгілі тұлға болғандықтан, түрлі ізденістер мен зерттеулер алуан тараптан сұлтан Байбарыстың тарихнамасын қаузары хақ. Бұл тұрғыда таяуда Мысыр елінде тұсауы кесілген, белгілі ғалым Мехмет Түтінжі құрастырған ағылшын тіліндегі «Sultan Baybars, King of Arabs, non-Arabs and Turks. From the great steppe to the great sea» (Арабтар, ғажамдар және түріктердің патшасы – Сұлтан Байбарыс. Ұлы даладан ұлы теңізге дейін) атты кітаптың маңызы зор екенін айта кеткен жөн. Іргелі еңбек тағы да толықтырылып, қазақ және түрік тілдерінде жарық көріп, Байбарыс баһадүрдің мәлім де беймәлім тұстары ашыла түспек.

Ғылыми әдебиеттер мен зерттеулерде Байбарыстың шыққан тегі мен есім-сойына қатысты қарама-қайшы пікірлер бар. Сондықтан ең әуелі, қара базарда сатылған құлдықтан айбары асқан, алтын тәж киген, сұлтандыққа дейін көтерілген, атағы әлемге жайылған әйгілі сұлтанның тегін нақтылап алған жөн. Біріншіден, деректер мен шежірелерде, жылнамалар мен көне тауарих кітаптарында сұлтанның аты «Байбарыс» деп айтылады. «Бейбарыс» деген ат қазір құлаққа сіңісті болып, әсіресе Симашконың әйгілі шығармасынан кейін кеңінен қолданысқа түсіп кеткенімен, мұның жаңсақ екенін айтқанымыз жөн. Байбарыстанушы Қайрат Сәки мырза да осы пікірді айтып жүр. Байбөрі, Байтайлақ деген сияқты, Байбарыс деген атау да оның тегін әйгілей түседі. Сондықтан баһадүр бабамызды тарихи атауымен Байбарыс деп атаған жөн сияқты. Екіншіден, Ибн Абд-аз-Захир әр-Рауз әз-Захир Байбарысты «қыпшақ тайпасының бөрілі руынан тарайды» деп нақтылап жазады. Үшіншіден, Байбарысқа қатысты барлық ескерткіштерде барыс бейнесі қашалғаны баршамызды ойландырарлық ишара екенін де ұмытпау керек. Төртіншіден, замандасы Ибн Шәддад Байбарыстың туған інісінің берген мәліметіне сүйене отырып, оны «1227 жылы қыпшақ даласында дүниеге келген» деген дерек айтады. Ал, XIV ғасырдағы мысырлық тарихшы ал-Айни Байбарыстың Бурдж тайпасынан шыққанын, оған «мин Бурдж оглы кабилятун мин түрк» деген өзінің сөзі дәлел, деп хабарлайды. Қалай болғанда, әл-Мәлік әз-Заһир Рукн ад-Дин Байбарыс ибн Абдуллаһ әл-Салихи әл-Бундуқдари ретінде тарихта өшпес із қалдырған даңқты сұлтанның түркілік тегіне ешкім шүбә келтірмейді.

Араб, ғажам һәм түрік сұлтаны

Тарихи құжаттарда Мысыр мен Таяу Шығыста өз саяси үстемдігін орнатып, көшпелілерге тән мемлекет үлгісін құрған түркілер елін «әд-Дәулет әт-Түркийе», яғни «түркілер мемлекеті» деп атаған. Ұзақ тарихтың керуен жолымен жүріп өтер болсақ, «Түрік» атауымен аталатын мемлекеттік құрылымдар санаулы ғана. Атап айтқанда, кезіндегі айбарлы Естеми, Бумын қағандар билеп, тарихы тасқа қашалған Түрік қағанаты. Одан кейінгі осы атауды алған, сөзімізге тұздық болып отырған Мәмлүктер империясы. Кейін бұл айбынды атауды Мұстафа Кемал Ататүрік Түркия республикасының атауына айналдырғаны белгілі.

Байбарыс мұсылман әлемін сақтап қалу жолында Алтын Орда – Ұлық ұлыс билеушісі Беркемен одақтасып, бекем саяси-дипломатиялық байланыс орнатты. Байбарыс пен Беркенің әскери, саяси-дипломатиялық сәтті одақтастығы Хұлағу мен Кресшілер жорықтарына жойқын тойтарыс беріп, Орта Азия мен Таяу Шығыста ислам дінінің өркендеуіне даңғыл жол ашты. Тарихи құжаттарда Мысыр сұлтандығы мен Ұлық ұлыс арасында 50-ге жуық елшілік байланыстар жасалғандығы айтылады. Тіпті Байбарыс дүниеден өт­кен соң да мәмлүктер өздерінің атажұрты – Еділ-Жайық аймағы мен Орталық Азиядан қол үзбей, үнемі саяси және экономикалық байланыстар жасасып отырған екен. Қаһарлы Шыңғыс жорығынан жөңкіле шегінген түрік бектеріне қорған болған Байбарыс олардың басын біріктірген. Хорезмнен келген Берке ханның қызын алып, одан туған мұрагер ұлын Берке деп атауы соның бір айғағы.

Байбарыс кезеңінің қым-қуыт, аласапыран заман болғаны белгілі. Шыңғыс хан дүниеден озып, жаңа ұлыстар пайда болып, тартыстар қыза түсті. Жер-жаһан жорықтардан қан сасып, алапат соғыстан сан мыңдаған бейбіт тұрғындар қырылып жатты. Балалар құлдыққа жегілді, әйелдер күңдікте жүрді. Сол алмағайып заманда ата-анасынан айырылған Байбарыс та Қаратеңіз жағасында құлдыққа сатылды. Көк көзінде ақ дақ болғандықтан, ол бар болғаны 40 динарға бағаланыпты. Салыстыру үшін айтайық, мәселен, Қалауын 1000 динарға сатылған екен. Кейбір сымбатты жігіттер үш мың динарға дейін бағаланған. Құл сатушылықты арнайы пайда көзіне айналдырғандар олардың кейбірін ұрлап әкетіп сатса, енді бірін ата-аналары күнкөріс көзін қамтамасыз ету үшін, қарыз бен салықтарын төлеу үшін беріп жіберіп отырыпты. Байбарыс пен бауыры қастықпен қолға түсіріліп, қазіргі Түркия жеріндегі Сивас қаласында сатылған. Байбарыс кейін сұлтан болғасын сол Сивас қаласындағы құл базарға барған. Батырлықпен бірге бойына тақуалықты да сіңіре білген данышпан өзін құлдықтан сұлтандық дәрежесіне жеткізген Тәңірге шүкіршілік етсе керек. 

Жалпы, Дешті қыпшақтың ұлдары мен түркінің кіндігінен тарайтын жас жігіттер жауынгер, қайтпас қайратты болғандықтан, құлдыққа көбірек түскен көрінеді. Бұл туралы әл-Омари «қыпшақ даласынан шыққан түркілер ержүрек әрі дене бітімі көз тартарлық сымбатты болып келеді» дейді. Әсіресе католиктік Еуропа тарапынан Мысырға қарсы жасалған Крес жорықтары кезінде Орта Шығыста мәмлүктердің маңызы арта түскені белгілі. Кейіннен олар Айбек, Құтыз, Байбарыс сынды қолбасшылардың жасағында Крес жорықтарына қарсы ғазауат майданында үлкен жетістіктерге жетіп, алдыңғы Азия аймақтарында саяси күшке ие болды.

Ніл бойында салтанатты сұлтандық құрған мәмлүктер адамзат тарихындағы ұлы бетбұрыстарға оң ықпал етіп, ислам мәдениеті мен түркі өркениетінің өркен жаюына айтарлықтай сүбелі үлес қосты. Сондықтан да, мемлекеттің негізін қалаған Муизиддин Айбек, Сәйф әд-Дин Құтыз, әл-Мансұр Қалауын, әз-Захир Байбарыс сынды аса көрнекті сұлтандар түркі-мұсылман әлемі тарихында жоғары құрметке ие тегеурінді тұлғалар саналды.

Бұл ретте Сұлтан Байбарыс – адамзат тарихына бетбұрыс жасаған, өркениеттің дамуына айрықша ықпал еткен тегеурінді тұлға екені анық. Кейбір мұсылман тарихшылар оны пайғамбар әскерінің жеңімпаз қолбасшысы Халид ибн әл-Уалид және әйгілі сұлтан Салах-ад-дин Аюбимен салыстырады. Профессор Фуат Көпрүлі сияқты ғалымдар Байбарысты бұлардан да жоғары бағалайды. Мұсылман тарихшылар арасында Байбарыс жеңіске жеткен Айн-Жалут соғысын әзіреті пайғамбар заманындағы атақты Бәдр шайқасына теңеушілер де бар. Осы тұста, хақ дініміз – исламды әкелген Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) болса, оның сақталып қалуы мен өркен жаюына зор үлес қосқан Байбарыс сұлтан екенін баса айтқанымыз жөн. Өйткені, 1260 жылы болған осы соғыс алдында ислам діні үлкен қатердің алдында тұрды. Халифатты Хұлағудың қатыгез әскерлері басып алды, мұсылман елдерінің бірқатары отарлық қамытын киді, қалған бөлігін де үрей биледі. Екінші жақтан крес жорықшылары қыспаққа алып, ислам әлемінің жойылып кету қаупі тұрды. Бір айта кетерлігі, осы соғыста Хұлағу әскерін бастаған Кетбұға мен Шыңғыс ханның замандасы Кетбұға биді шатастырмаған абзал. Өйткені екеуінің арасында ғасырға жуық уақыт бар екенін ұмытпауымыз керек.

Бұл шайқас Байбарыстың жеңімпаздық қырын, қолбасшылық әлеуетін жарқырата көрсетті. Ұлы даланың төсін дүбірлеткен аталарының көшпенділерге тән соғыс өнерін көрсетіп, мұсылман әлемін қорғаған сұлтанды сол кездегі жылнамашылар пайғамбар сахабасына теңейді. Қалай болғанда да, бұл соғыс діннің қасиетті жерлерін қорғап, исламның тынысын кеңейткен символдық мәні асқақ ғазауат еді.

Аин-Жалуттағы даңқты шайқастан кейін билікке келген сұлтан, сол жылы жеңісіне арнап ескерткіш соғуға бұйрық береді. Ибн Абд әл-Хахиридің куәландыруынша, ол мейманасын тасытқан осы ұлы жеңіс үшін құдайға алғысын білдіргісі келген. Бұл жер Құранда айтылатын Талут пен Жалут арасындағы мифтік шайқас өткен жер саналатыны белгілі. Інжіл үзінділеріндегі Дәуіттің Ғолиятты жеңу және Гедеонның мидиандықтармен шайқасы, Саул патшаның алып філістірді жеңуі осы символдық жеңіске теңестіріледі. Аңыз желісінде Дәуіт пайғамбарға осы жеңістен кейін патшалық қонғаны айтылады. Осындай істерімен сұлтан Байбарыс өзінің пайғамбар мұрасына, оның сахабаларына адал қызмет қылғаны анық аңғарылады. Сол арқылы ол «қос құбылаға» бірдей қызмет қылған дін қорғаушысына айналды. Ол құбыланың бірі Мекке болса, бірі – Құдс яки Иерусалим екені белгілі.

Міне, Байбарыс осындай қаратүнек жағдайда арыстандай қайрат көрсетіп, жаудың бетін біржола қайтарып, мұсылман үмбетін құтқарып қалды. Кетбұға басқарған әскерді тасталқан етіп жеңіп, франктер мен армяндарға күйрете соққы берді. Хашхашилер сияқты іштен шыққан арамза ағымдарды тұншықтырып, діннің тазалығын қамтамасыз етті. Бұрын Мысырда ықпалды болған шииттік бағыттың орнына сүнниттік бағытты үстем етіп, Шафи мазһабының ықпалын теңестіру үшін әр қалаға төрт ірі мазһабтан қазылар тағайындады. Сол арқылы ханафи мазһабының кең тарауына жол ашты. Әл-Әзһардың мәртебесін биіктетті. Пайғамбарлар мен сахабалар, әулиелер мен рухани тұлғалардың мұрасына терең құрметпен қарап, сопылық жолға да ден қойды. Бұл тұрғыда батыр қолбасшы, көреген басшы ғана емес, руханиятқа бойлаған парасат иесі болғанын атап өткен жөн. Сол кезеңде Ибн Таймия сияқты қазіргі салафи ағымының негізін қалаған ғалымдар да болған. Байбарыс орта жолды ұстанатын ғалымдарды қолдау арқылы сол тұста салафилік ағымның кең тарауына жол бермеді. Халифатты қалпына келтіріп, ислам әлемінің айбатты қорғаушысына айналды. Андре Клот сондықтан қаһарлы сұлтанды «франктер, армяндар және моңғолдардың түбіне жеткен иман қаһарманы» деп бағалайды. Кейбір еуропалық тарихшылар оны «ба­тысты да бүлінуден аман алып қалған батыр» деп санайды.

Расында, Байбарыс билікке келмес бұрын Мысыр моңғолдар мен крес жорықшылары арасында әбден қалжырап, елдігінен ажырап, мүлдем құрып кету қаупі алдында тұрды. Тақ таласы толастамады, дарынсыз сұлтандар да елге тұтқа бола алмады. Сондықтан Байбарыс негізін қаламаса да, Мәмлүк мемлекетінің нағыз құрушысы болып саналады. 

Тарихи деректерге жүгінсек, Байбарыстың қолбасшылығымен Крес жорығына қарсы негізгі шабуыл 1265 жылы басталып, бірінен кейін бірі дұшпандарын тізе бүктірумен аяқталады. Осылайша, Сирияның бір бөлігі және Хижаз (Мекке мен Мәдина) бен Мысыр моңғолдардың шабуылынан аман қалады. Одан кейін Кіші Армения мемлекетіне қарсы жорықтар жасап, оларды да тізе бүктіреді.

Артынша мұсылман әлемінің бірлігін нығайту үшін кресшілер мен моңғолдарға қарсы Анадолыдағы мұсылман түріктеріне қол ұшын берді. Осылайша, Елбистанда Құлағу қолын екінші мәрте жеңіліске ұшыратады. Тарихи деректерде, Сұлтан Байбарыстың қолдауының арқасында түріктердің Анадолыда тұрақтап қалуына ықпал жасағандығы айтылады. Сол сияқты, Сириядағы соңғы кресшілер қалдығын жойып, Антакияда да ойсырата жеңеді. Осылайша, ол Таяу Шығыстың айбынды көсемі, мұсылман әлемінің қорғаны, асыл діннің алдаспаны – Сұлтан Байбарыс – «Абул-Футух», яғни «Жеңістердің атасы» деген атаққа ие болды.

Байбарыс тек жау жүрек жауынгер ғана емес, стратег қолбасшы әрі қажырлы мемлекет қайраткері, реформатор ретінде мемлекетті көркейтті. Мемлекеттік жүйені нық орнықтырды, орталық билікті нығайтты, халықтың әл-ауқатын арттырды. Мысыр сұлтандығына тиесілі территорияларды қорғай отырып, мемлекет шекарасын шегендеді. Байбарыс сұлтан тұсында қалыптасқан Мәмлүктер шекарасы мемлекет тарихында іс жүзінде өзгеріссіз қалды.

«Сайф Алла – Алланың алдаспаны»

Ел астанасы Каирде сарайлар мен мешіттер тұрғызып, қолөнер, сауда және өнер салаларын дамытуға зор ықпал жасаған Байбарыстың ізін Африканың алып елінен қазір де көруге болады. Оның Дамаскідегі кесенесі және оның жанындағы Зәкәрия медресесі – Байбарыс сұлтан атынан тұрғызылған айшықты сәулет туындылары саналады.

Сонымен қатар сұлтан Байбарыс Хомс маңындағы Халид ибн әл-Уәлидтің қабірін қалпына келтірді. Ал Халидтің әз-пайғамбарымыздың соғыстарында қол бастап, жеңімпаздығы үшін «Сайф Алла» атанған даңқты қолбасшы екені мұсылман жазбаларында айтылған. Кресшілер мен Хұлағу басқыншылығына табысты тойтарыс бергеннен кейін Байбарысты да сол заманның тарихшылары «екінші Сайф Алла» яки «Алланың алдаспаны» деп атай бастады. Мәмлүк сұлтаны осы арқылы өзінің діни танымын да айғақтай түскендей әсер қалдырады.

Байбарыстың тұсында ислам ғылымының шарықтаған дәуірі болды. Ол өзінің жеке қолдауымен мешіт-медреселер салдырып, Сириядағы моңғолдар қиратқан бекіністер мен ғимараттарды қайта қалпына келтіртті. Каирдегі және мұсылман әлеміндегі ғұламалар мен ғалымдарға үлкен қолдау көрсетіп, ғылымға айрықша ықылас көрсетті. Сол тұстағы Мысыр моңғолдар мен Крес жорығына байланысты өз елінен кетуге мәжбүр болған түркі және мұсылман ғалымдары паналайтын өркениет орталығына айналды. Мысалы, ол өзінің медициналық зерттеулерімен танымал болған ортағасырлық араб дәрігері Ибн Нефис сынды ғалымдарды қамқорлығына алды. Каир мен Сирияда арруханалар салдыртып, дәрі-дәрмекпен үнемі қамтамасыз етілуіне ықпал жасады.

Сол сияқты ол Айн-Жалут шайқасынан кейін Мысырдың екі маңызды қаласы – Каир мен Дамаск арасында түркілерге тән хабаршылар жүйесін құрды, осының нәтижесінде екі қала арасындағы хабарды төрт-ақ күнде алатын жетістікке жетті. Сонымен қатар, басқа да көлік жобалары ретінде көпірлер мен порттар салдырып, теңіз жолдарын кеңінен пайдалануға мүмкіндік жасады. Ауылшаруашылығын дамыту үшін суармалы жерлерді кеңейтіп, халықты егіншілікке баулыды.

Байбарыстың тағы бір еңбегі, ол қыпшақ тілін Мысырдың мемлекеттік тіліне айналдырды. Сарайда қызмет еткісі келетін кез келген жан түркі тілін меңгеруге тиіс болды. Ол жат жерде жүрсе де тегін ұлықтап, тілін дамытты. Сол сияқты, Қалауын сұлтан, Алмас әмір сынды кейбір билеушілер де араб тілінде сөйлемей, үнемі жандарына аудармашы ұстаған. Осының нәтижесінде Мәмлүктер дәуірінде түркі тілі Арабия және Солтүстік Африкаға дейін кеңінен таралып, сол кезеңде бірқатар арабша-түрікше сөздіктер де жазылған. Сол себепті біз сұлтан Байбарысты қай жағынан алсақ та, айрықша ардақтауға тиіспіз. Ол – бір қазақтың ғана емес, адамзаттың тағдырына әсер еткен, дүниенің дамуына ықпал жасаған, әрбір мұсылманға мақтаныш болған ұлы қайраткер. Өкінішке қарай, бүгінде бүкіл дүниежүзі білетін Салах-ад-динге қарағанда Байбарыс туралы әдебиеттер жоқтың қасы. Осы орайда Қазақстанның Байбарыс мұрасына иелік етуі – қуанышты жағдай. Мысырдағы теңдесі жоқ бұл тарихи мұралар Қазақстан үшін айрықша маңызға ие. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының қолдауымен Мысырдағы мәмлүк мұралары қамқорлыққа алынып, зерттеу, сақтау, қорғау жұмыстары іске асырылды. Дүниені дүбірлеткен даңқты сұлтанның мешіті біраз уақыт күрделі жөндеуден өтіп, қазақ елінің қамқорлығымен, Мемлекет басшысының қолдауымен қайта ашылды. Сондықтан Мысыр елінде Қазақстанды Байбарыс арқылы танитындар да күрт көбейген.

Дешті қыпшақ топырағында дүниеге келіп, жат жерде мәңгілікке дамылдаған түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы, асыл діннің алдаспаны – Байбарыс Сұлтан бүгінде Еділ мен Ніл арасындағы түркі-мұсылман халықтарының рухани байланысын жаңа деңгейге көтеріп, бауырлас елдердің достық нышанына айналған тұғырлы тұлға ретінде тарихта мәңгі қала бермек. Сол сияқты, Мысыр тарихында терең із қалдырған Құтыз, Қалауын, Айбек, Қайтбай, Айтбай сияқты тұлғалар да біздің қандастарымыз, сондықтан олар да қазақ тарихында лайықты орын алуға тиіс деп ойлаймыз.

«Өз дәуірінің Ескендірі»

Байбарыс сұлтанның мұсылман әлемінің қасиетті жерлерінің бәрін де санасында тұтып, қастерленгені белгілі. Ол құлау қаупі төнген Мәдинадағы пайғамбар мешітін жаңғыртып салып, Иерусалимдегі жартас күмбезін қалпына келтірді. Айта кету керек, бұл күмбезде әз Пайғамбар миғражға көтерілген қасиетті жартас орналасқан. 

Жалпы, қазіргі Израиль аймағында, соның ішінде Иерусалимде Байбарыс сұлтан салдырған, қалпына келтірген ғибадат орындары мен мешіттер көптеп саналады.

Сондай-ақ Аджлун, Рамала мешіттерін және Хомстың ұлы мешітіне жөндеу жұмыстарын жүргізді. Байбарыс ислам әлемінің тарихи тұлғаларын да назардан тыс қалдырған жоқ. Иерихон маңындағы Мұса пайғамбар қабірі, Ябнадағы Әбу Хурайра, Керак маңындағы Жапар ибн Абу Талиб қабірлерін қалпына келтіріп, Барғас, Антиохия және Қара шіркеулерінің орынына мешіттер салды. Өткен рухтарға құрмет пен ізет, пайғамбарға ұқсауға тырысқан ізгілік түркілік исламның негізгі құндылықтары екенін ескерсек, сұлтан Байбарыстың түркі-қыпшақтық тегі тағы да айқындала түскендей.

Түркілік тегін ұмытпаған, қай қиырда жүрсе де туған жерден тамыр үзбеген Байбарыс туралы тың мәліметтер, жаңа деректер табылып жатыр. Ол туралы әлі талай зерттеулер жасалып, кітаптар жарық көрері анық. Оның түркілік исламның алтын діңгегі Қожа Ахмет Ясауидің жолын ұстанғаны туралы да деректер бар. Ол – басқа тақырыптың еншісіндегі дүние...

Ұлы даланың әйгілі перзентінің біз жоғарыда келтірген көптеген даңқты атақтарынан сырт, «Искандар әл-заман, сахиб әл-қиран» немесе «Мустарид Хавал ад-дин» сынды жанама атаулары да болды. Біздің тілімізге аударсақ «Өз дәуірінің Ескендірі», «Адасқан дінді ұстанушыларды қайтарушы» деген мағына береді. Қысқасы, артынан аңыз ерген ұлы билеушінің даңқы туған жерінің де атағын күллі мұсылман әлемінде асқақтата түсері даусыз.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?