Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

2521
Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі - e-history.kz

Мысырдың Каир қаласында 8 ғасыр бұрын негізі қаланған «Сұлтан Аз-Захир Бейбарыс» мешіті қайта қалпына келтіріліп, салтанатты түрде ашылды. Биыл Ислам әлемінің қорғаушысы, ұлы дала билеушісі Бейбарыс Сұлтанның туғанына 800 жыл толды. Оның аясында 600 іс-шара өткізіледі деп жоспарланған. Соның бірқатары Мысырдың Каир қаласында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сапарға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делегация барды. Делегация құрамында Сенаторлар, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов және БАҚ өкілдері барды.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

«Сұлтан Аз-Захир Бейбарыс» мешітінің тарихы

Сұлтан Бейбарыс 1266 жылы мәмлүк сәулет өнері үлгісінде «аз-Захир Бейбарыс» мешітін салуға әмір береді.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Мысыр билеушісінің мақсаты – Мысыр тарихында Қыпшақ мәмлүктерінің орнын тайға таңба басқандай етіп қалдыру еді. Ол Мысыр мен Шам елінің төрт құбыласы түгел әрі біртұтас мемлекет болатынына үмітпен қарап, пішіні төрт бұрышты мешіттің іргетасын қалауға бұйрық береді. Жергілікті халық бұл мешітті қамал деп те айтады. Айтуларынша, мешіт жобасы жергілікті тұрғындарға соғыс жағдайына да ыңғайлы етіп салынған.

16-ғасырда мешітте елдегі негізгі діни рәсімдер өткізіліп тұрды. Алайда, мешіттің аумағы үлкен болғандықтан, жергілікті мемлекет оған тиісті қаражат жұмсап, нысанды сақтай алмады. Кейін құрылыс қирай бастаған соң Осман империясы ғимаратты әскери техника қоятын қоймаға айналдырды, ал француз басқыншылығы кезінде әскерлерге арналған казармаға айналды. Сол заманда мешіт Сиков сарайы деп аталды. 19-ғасырдың басында Мысыр губернаторы Мұхаммед Әлидің тұсында «Сұлтан аз-Захир Бейбарыс» мешіті наубайхана ретінде, кейіннен тіпті сабын зауыты ретінде пайдаланылды. Ағылшын оккупациясы кезінде ғимарат құрбан шалатын орын болды. Ол жұмыс 1915 жылы тоқтатылды. Мешіт 1928 жылдан бастап көне жәдігерлерді сақтау жөніндегі Араб комитетінің қамқорлығына алынды.

Мешітті реставрациялау iсi

Құрылысты Мысырдың Араб ескерткіштерін қорғау комитеті 1960-жылдары қолға алды. Алайда, тиісті қаражаттың жетіспеуі салдарынан мешітті бастапқы калпына келтіру жұмыстары бірде тоқтап, бірде қайта жанданды. Соңғы реставрациялау жұмыстары 1993-1996 жылдардың кезеңінде Мысырдың белгілі «Сад әл-Әли» және «10-рамадан» атты құрылыс компанияларының қатысуымен өткізілді.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Қос елге ортақ тарихи мәдени мұраны қалпына келтіру жұмыстарына Қазақстан да қатысты. 2006 жылы Мысыр президенті Хосни Мүбәрактың елімізге ресми сапары Қазақстан-Мысыр қатынастарындағы нағыз бір бетбұрыс жасады. Өйткені Мысыр басшысы Мәскеуден басқа посткеңестік елде алғаш рет болды. Келіссөздер кезінде Каирдегі Сұлтан Аз-Захир Бейбарыс мешітін қалпына келтіру жобасын бірлесіп іске асыруға дайындық расталды. 2007 жыл мешітті қалпына келтірудегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қазақстандық тарап қайтарымсыз негізде 4 миллион 500 мың доллар бөлді. Көрсетілген сома 2007-2009 жылдар ішінде тең мөлшерде бөлінеді. Мешітті қалпына келтіру жөніндегі шығыстардың қалған бөлігін египеттік тарап жапты.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Мешітті қайта қалпына келтіру жұмыстары 2011 жылы қазанда аяқталуы керек еді, алайда екі революцияның салдарынан Мысырдағы саяси және экономикалық дағдарысқа байланысты жұмыс тоқтатылды. Ғимарат құрылысы араға 7 жыл салып, 2018 жылы қайта жанданды.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Былтыр Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың 20-21 ақпан аралығындағы Мысырға сапары барысында әл-Азһардың жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайеб пен және Мысырдың Уақыптар министрі Мұхамед Мұхтар Жұмамен кездесулер өткізді. Кездесуде Қазақстан тарапы бұған дейін Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіруге қаржы бөлгенін айтты.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

 

Ашылу салтанаты: Бейбарыс – ислам әлемінің қорғаушысы

4 маусымда аумағы 10 мың шаршы метрге жететін көне мешіттің ашылу салтанаты өтті.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Салтанатты жиында Сенат төрағасымен бірге Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайеб, дін өкілдері, Қазақстан мен Мысырдың мемлекет және қоғам қайраткерлері сөз сөйледі.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Мәулен Әшімбаев Бейбарыс сұлтанның есімі жаһан тарихына дана әрі әділ билеуші, ұлы қолбасшы ретінде алтын әріппен жазылғанын айтты. Ол Бейбарыстың 800 жылдығы қазақ халқы мен мысырлықтар үшін мәні терең, маңызы зор оқиға екенін тілге тиек етті. Айтуынша, мешітті қайта қалпына келтіру – әлемдік тарих пен мәдениет үшін маңызды оқиға.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған іс-шараларға қатысушыларға өзінің жылы лебізін жолдады. Мемлекет басшысы бұл мерейтойды жоғары деңгейде атап өтуге баса мән беріп отыр. Мерейлі дата аясында 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Оның бір бөлігі Мысыр жерінде өткізіліп жатыр. Жалпы, екі халықтың байланысы тереңнен тамыр тартады. Соның бір бастауында Мысыр шежіресіндегі мәмлүктер кезеңі тұрғаны белгілі. Оның ішінде Бейбарыс сұлтанның есімі ерекше аталады. Ол – мемлекет басқару ісінде дана шешімдерімен дараланған билеуші. Ұлы қолбасшы Мысырды басқарып тұрған кезінде мешіт, медреселер салдыруға, елдің рухани іліммен бірге ғылым-білімді де қатар игеруіне үлкен көңіл бөлді. Бүгін күрделі жөндеуден кейін қайта ашылып отырған «Сұлтан Аз-Захир Бейбарыс» мешіті Мысыр мен Қазақстан үшін ғана емес, ислам әлемі үшін де бірегей мәдени мұра екені анық, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Палата спикері екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлкен үлес қосқаны үшін Қазақстан Президентінің Жарлығымен Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайеб І дәрежелі «Достық» орденімен және Мысыр Парламенті Сенатының төрағасы Абдель Уахаб Абдель Разек ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталғанын айтты.

Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Мысыр Араб Республикасы арасындағы достық пен сенімге негізделген дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толғанын атап өтті.

Қазақстан Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап Мысыр Араб Республикасымен байланыс жаңа деңгейде дамыды. Осы жылдар ішінде өзара ынтымақтастықты нығайту жолында түрлі салада ауқымды жұмыс атқарылды. Әсіресе, мәдени-рухани бағытта бірқатар бірлескен жобаны сәтті іске асырдық. Соның жарқын бір мысалы ретінде Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» университетін айтуға болады. Бейбарыс сұлтан мешітінің қайта қалпына келтірілуі де осындай бірлескен жұмыстың игі нәтижесі екені сөзсіз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Египет Президенті Абдул-Фаттах Ас-Сиси мешіттің жөнделуіне ерекше көңіл бөліп, үлкен қолдау көрсетті. Алдағы уақытта бұл орын біздің халықтарымыздың арасындағы алтын көпір болады деп сенеміз, – деді Сенат төрағасы.

Сұлтан Бейбарыс - «Екі құбыланың қызметшісі»

Бейбарыс Мысыр елінде ғана емес, Сирияда, Құдыста, Таяу Шығыста өте көп мұра қалдырған. Сондықтан да, оны «Екі құбыланың қызметшісі» деп атаған. Каирдегі салтанатты іс-шарада Ақпарат және қоғамдық даму министір Дархан Қыдырәлі осылай деп мәлімдеді.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Сұлтан Бейбарыс тек Мысыр елінде емес, бүкіл Таяу Шығыста мұра қалдырды. Сондықтан Бейбарысты Меккенің және Құддыстың қызметкері деп атаған. Өз заманында бабамыз Мұса пайғамбардың, Дәуіт пайғамбардың кешендеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді, сахабалардың мазарларын қалпына келтірді. Онымен қоса, көптеген мешіт пен медресе салдырды, – деді ведомство басшысы.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Қыдырәлінің айтуынша, Сұлтан салдырған ғимараттарында өзі туралы көптеген мәлімет қалдырған.

Мұның бәрі бір кітапқа жинақталды. Кітап ағылшын тілінде жарық көрді. Болашақта араб және қазақ тілінде шығады. Мұны Сұлтан Бейбарыс туралы көп дерек жинақталған дереккөз деп айтуға болады. Кітап «Байбарыс - арабтың және түріктің сұлтаны» деп аталды, – деді Ақпарат министрі.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітінің ашылу рәсімінде Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов бабамыздың 800 жылдығына орай тағы қандай іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтты.

Бүгін тарихи күн! Мысыр елінде еліміздің қолдауымен Сұлтан Бейбарыс бабамызға арналған мешіт ашылды. Бұл еліміздің де, әлемнің де тарихындағы елеулі оқиға деп айтуға болады. Сонымен бірге бүгін Мысырда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Оның ішінде қолөнершілердің көрмесі және гала-концерт пен халықаралық конференция өтеді, – деді Асхат Оралов.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Ораловтың айтуынша, мешіттің ашылуы - бабаларымызды ұлықтауға арналған қадамның бірі.

Елорда көшесінің біріне Сұлтан Бейбарыстың есімі берілді. Бірқатар ресми іс-шара өтіп жатыр. Жалпы, бабамыздың 800 жылдығына орай әртүрлі форматта ел көлемінде және халықаралық деңгейде 600-ден астам іс-шара өткізіледі, – деді ведомство басшысы.

Ол екі ел арасында Үкіметаралық комиссия жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Еліміздегі Мысыр елшісімен кездесіп, бірнеше келісімге қол жеткіздік. Соның бірі Астана да көрме өткізуді жоспарлап отырмыз. Биыл қарашада Мысыр елінің үкімет мүшелері Қазақстанға келеді. Біз бұдан әрі бастаған ісімізді жалғастыратын боламыз. Екі ел өкілдері мәдениет, өнер, спорт және туризм саласын дамытамыз деп жоспарлап отыр, – деді Оралов.

Сұлтан Бейбарыс туралы тың дерек

Ливан тарихшысы Омар Абдель Салам Бейбарыс сұлтанның соғыста қолданатын ерекше әдістерін әлі де зерттеуіміз керек екенін айтты.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Ислам әлемі туралы 150 кітап жаздым. Сол кітаптарымның негізгі тақырыбы ислам әлемі жайлы. Кітапта Сұлтан Бейбарыстың Таяу Шығыстағы әрекеттері мен Ислам әлемінде орны туралы баяндалады. Жалпы, Сұлтан Бейбарыс аз-Захир мешітін салды, онымен қоса мәмлүктердің Ливан жерінде мұрасы мол. Оның бүкіл әрекеті мұсылман елдерін крестшілер мен басқа да басқыншы империалистерден қорғау болды, – деді ғалым.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Профессор Мысыр билеушісінің шайқас кезінде ерекше тактика қолданғанын айтады. Оның айтуынша, Бейбарыс өз әскерімен бетпе-бет соғыса бермейді.

Сұлтан Бейбарыс Мысырдағы жасырын жолдарды жақсы білген. Мәселен, Мысыр жерін крестшілерден азат еткенде сол жасырын жолдарды пайдаланған. Олардың бекіністерін бұзып кіріп, тікелей шабуылға көшкеннен гөрі жергілікті жердің ыңғайына жүгінген. Ол бірнеше шайқасты солай жеңген болатын, – деді Омар Абдель Салам.

Мәмлүктанушы Қайрат Сәки сұлтан есімін дұрыс айтуды баба аруағына құрмет деп санайды. Оның айтуынша, дұрысы - Байбарыс.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Тарихи әдiлеттiлiктi орнату тек жалпыда ғана емес, жалқыда да болу керек деген уәждi басшылыққа алсақ, сұлтан Байбарыс есiмiнiң елiмiздiң бұқаралық-ақпарат құралдары арқылы да, ауызекi тiлде де бұрмаланып, қате түрде айтылып және жазылып келе жатқандығы – өкiнiштi жайт. Сұлтан есiмiнің Бейбарс деп бұрмаланған нұсқасы қазақ тіліне орыс тілі арқылы енген. В.Тизенгаузеннiң 1884 жылы жарық көрген «Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды» еңбегiнде алғашқы рет орыс тiлiнде сұлтанның есімі Бейбарс түрінде ұшырасады. Алайда В. Тизенгаузен: За правильность многих других татарских имен я не ручаюсь вследствие страшной неурядицы, которую мы находим в этом отношении у различных писателей или, правильно, в различных рукописях, передающих имя одного и того же лица на всевожможные лады. Установление настоящей имени каждого из этих лиц будет зависеть уже от дальнейших разысканий, – деп бұл мәселені бізге қалдырған, - деді ғалым Қайрат Сәки.

Каирде Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті

Сенат спикері Әшімбаев Қазақстан мен Мысырдың ортақ тарихи-мәдени мұрасын әрі қарай зерттеп, дәріптеу жолында осындай ғылыми конференциялар өткізудің маңызы зор екенін айтты.

Әл-Азһар – әлемдегі ең көне және бүгінге дейін үздіксіз қызмет етіп келе жатқан бірегей жоғары оқу орны. Бұл – мұсылман әлемінің ғана емес, жаһандық ойды өлшеусіз байытқан, адамзат көшін ілгерілеткен білім шаңырағы. Өз дәуірінде Бейбарыс сұлтан университетті күрделі жөндеуден өткізіп, оған екінші тыныс бергені тарихтан мәлім. Сондықтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына арналған конференцияның Әл-Азһар қабырғасында өтуін өте орынды деп қабылдаймыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Әшімбаевтың сөзінше, қазақ даласында туып, Мысырдың сұлтаны болған Бейбарыс түркі және араб жұртына ортақ аса көрнекті тарихи тұлға. Соған байланысты әйгілі қолбасшының өмір жолын зерттеу әлемдік ғылым үшін де өзекті әрі маңызы жоғары іс екені сөзсіз. Сол себепті бұл бағытта Қазақстан бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екенін атап өтті.

Біздің тарихи-мәдени байланысымыздың тамыры тереңнен бастау алады. Бейбарыс сұлтанның тұлғасы соның жарқын дәлелі. Ол қазақ даласында туып-өсіп, араб жерінде айтулы басшыға айналды. Бейбарыс секілді тұлғаның өмірі тарих ғылымы үшін өте маңызды екені сөзсіз. Сондықтан оның зерттеу және дәріптеу жұмыстарын одан әрі жалғастырудың маңызы зор деп есептейміз, – деген Мәулен Әшімбаев.

Конференцияда Байбарыс сұлтан туралы кітаптың тұсауы кесілді

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлімдеді.

Белгілі ғалым Мехмет Түтінжі (Sari Saltuk Baba) құрастырған ағылшын тіліндегі іргелі кітап Sultan Baybars, King of Arabs, non-Arabs and Turks. From the great steppe to the great sea (Арабтар, ғажамдар және түріктердің патшасы – Сұлтан Бейбарыс. Ұлы даладан ұлы теңізге дейін) деп аталады. Баһадүр Байбарыс бабамыз – ислам әлемінің қорғанына айналған араб-ғажам және түрік сұлтаны, қос құбылаға бірдей қызмет қылған асыл діннің алдаспаны. Кейбір мұсылман тарихшылар оны пайғамбар әскерінің жеңімпаз қолбасшысы Халид ибн әл-Уалид және әйгілі сұлтан Салах-ад-дин Аюбимен салыстырады. Мұсылман тарихшылар арасында Байбарыс жеңіске жеткен Айн-Жалут соғысын пайғамбар заманындағы атақты Бәдр шайқасына теңеушілер де бар, - деді министр.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Мұсылман әлемінің қасиетті жерлерінің бәрін де санасында тұтып, қастерлерген сұлтан құлау қаупі төнген Мәдинадағы пайғамбар мешітін жаңғыртып салып, Иерусалимдегі жартас күмбезін қалпына келтірді.

Аджлун, Рамала мешіттерін және Хомстың ұлы мешітіне жөндеу жұмыстарын жүргізді. Байбарыс ислам әлемінің тарихи тұлғаларын да назардан тыс қалдырған жоқ. Иерихон маңындағы Мұса пайғамбар қабірі, Ябнадағы Әбу Хурайра, Керак маңындағы Жапар ибн Абу Талиб қабірлерін қалпына келтіріп, Барғас, Антиохия және Қара шіркеулерінің орнына мешіттер салды. Ұлы билеушінің мұсылман әлеміне жасаған тарихи қызметін ұлықтап жатқан бүгінгі іс-шараның мәні мен маңызы зор деп білеміз. Жарық көріп жатқан жаңа кітапта сол кездегі тарихи жазбалар мен ескерткіштердегі тасқа басылған құнды дүниелер, құнарлы деректер жинақталған. Бұл зерттеу «Байбарыстануға» қосылған үлкен ғылыми еңбек боларына бек сенімдіміз. Бұйырса, Байбарыс және мәмлүк тарихы мен мәдениетіне қатысты, баһадүр бабамыздың тұлғасы мен тарихына қатысты іргелі зерттеу жұмыстары қолға алынады, - деп жазды ведомство басшысы жазбасында.

Мысырда Қазақстанның мәдениет күндері өтті

Каир опера театрында Қазақстанның Мысырдағы мәдениет күндеріне арналған гала-концерт өтті. Каирдің басты сахнасында отандық артистер, соның ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті. Олар: Алмасбек Алматов, Батыржан Мықтыбаев, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі, «Астана Опера» солистері, «Алашұлы», «Сұлу» топтары және басқа да өнерпаздар. Артистер эстрадалық, халық әндері мен классикалық шығармаларды орындады. Оларды дирижер Абылай Тілепбергеннің басшылығымен Құрманғазы атындағы ұлттық халық аспаптар оркестрі сүйемелдеді.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Концерт екі елдің мемлекеттік гимндерін орындаудан және Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың құттықтау сөзінен басталды. Залда жергілікті көрермен көп болды. Гала-концерт көрермендері Мысырдың дәстүрлі әуендерінің попурриін ерекше жылы қабыл алып, зор қошемет білдірді.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Гала-концертпен қатар Каир опера театрында қазақ қолданбалы өнерінің көрмесі өтті. Ұлттық киімдегі артистер мен қолөнершілер қонақтардың назарына қолдан жасалған дәстүрлі бұйымдарды ұсынды.

Гала-концерттен кейін ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Мысырдың мәдениет министрі Невин Әл-Киланимен кездесу өткізді.

Асхат Оралов әріптесіне мәдениет күндерін ұйымдастыруға көмектескені үшін алғыс айтып, Әл-Килани мырзаны және жергілікті артистерді Қазақстанға шақырды.

Сұлтан Бейбарыс - 800: Каир күнделігі

Мысырда Қазақстанның мәдениет күндеріне арналған іс-шаралар жоғары деңгейде өткенін атап өткім келеді. Каир тұрғындары мен қонақтары біздің артистеріміздің өнеріне тәнті болғанына сенімдімін. Әлемді қазақ мәдениеті мен өнерімен таныстыратын осындай іс-шаралар басқа елдерде де өтеді. Осылайша, мәдениет саласының қызметкерлері әлемдік сахналарда таланттарын көрсете алады. Министрлік бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, - деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?