Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мерзімді басылымдар: өңірлерде қандай тарихи мәселелер көтеріліп жүр?

1769
Мерзімді басылымдар: өңірлерде қандай тарихи мәселелер көтеріліп жүр? - e-history.kz

Сурет: el.kz

Өңірлік мерзімді басылымдар – өңірдің тыныс-тіршілігін айқындайтын бұқаралық ақпарат құралдарының алды. Олай дейтініміз, сағаттап яки минуттап жарық көретін ақпараттық сайттарға қарағанда мерзімді басылымдар танымға, жүйелі, дәйекті дерекке негізделген мақалаларды үнемі жазып отырады. Сондықтан да шығар, өңірлік мерзімді басылымдардың жай-күйі мемлекет пен қоғамның тарапынан ешқашан назардан тыс қалған емес. Күні кеше Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен Астанада екі күн бойы өңірлік мерзімді басылымдардың форумы өтті. Онда қазіргі медиаға, өңірдегі мерзімді басылымдарға қатысты күрделі мәселелер талқыланды. Аталған форум аясында «Қазақстан тарихы» порталы да ауқымды іс-шараға қатыса отырып, «Жалпы өңірдегі тарихи мәселелер қалай көтеріліп жүр? Мерзімді басылымдарда қазақ тарихына қатысты материалдар жарық көре ме?» деген сауалға жауап іздеп, жергілікті журналистермен тілдескен еді. Ендеше қадірлі оқырмандарымыздың назарына сол жергілікті мерзімді басылым тілшілерінің тарихи мәселелерге қатысты ой-пікірін ұсынып отырмыз! 

Тельман БЕЙСЕНОВ, «Turkistan Media Holding» басқарушы директоры, журналист, тарих ғылымдарының магистрі: 

- Жалпы оңтүстікте тарихи жерлер өте көп. Облыстың орталығы да – Түркістан қаласы. Ал Түркістан – бүкіл түркі жұрты киелі санаған рухани орталық. Өткен жылы мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев өзі өңірге келгенде Түркістанға рухани-мәдени астана ретінде ерекше мәртебе беру мәселесін қозғап өтті. Түркістан десе, бірден Қожа Ахмет Ясауи бабамыз ойымызға оралады ғой. Ол жердегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Арыстан баб, қазақтың 21 ханы, сұлтандары, батырлары, билері жерленген. Оның төңірегінде қаншама тарихи жерлер бар. Қазақтың қалқаны, қорғаны болған Қаратау бар. Небір қилы замандарда қазаққа пана болғандықтан, Қарт Қаратау деп те атайды. Қаратаудың Түркістан жағын күнгей дейді, Арқа жағын теріскей дейді. Шекарасын айтар болсақ, теріскей жағында Созақ ауданы жатыр. Ал күнгей жағы Сығанаққа дейін созылып жатыр, яғни қазіргі Қызылорда облысының территориясына еніп тұр. Түркістанның төңірегінде Қарнақ деген ауыл бар. Қазаққа белгілі тарихи жәдігер Тайқазанды сол жерде құйып, дайындаған. Оған қоса қазаққа белгілі тұлғалар білім алған медреселер де көп. 

Енді Оңтүстік өңірдегі тарихи мәселелерге тоқталсақ, біздің өңірде тарихи жерлер мен тарихи нысандар қалай көп десек, мемлекеттік қорғау тізіміне алынбаған тарихи, киелі жерлер де солай көп. Соңғы кезде өңірдегі мерзімді басылымдарда осы мәселеге қатты мән беріліп жатыр. Себебі Түркістанның даму бағыты – туризм саласы. Жыл сайын өңірімізге келетін адам саны да артып жатыр. Өзіңіз білетіндей, 2018-ден бері қаншама ғимараттар салынды. Сол үшін өңірде тарихты, тарихи объектіні таныстырып, насихаттау мақсатында біраз жұмыс жасалып жатыр.

Мәселен, Қаратаудың өзінде Балақорған, Қызқорған деген бекіністер бар. Түркістан өңірінің Ұлы Жібек жолының бойында орналасқанын ескерсек, осы бекіністер керуен жолын күзету үшін де пайдаға асқан. Ежелгі аңыз бойынша, жаугершілік заманда кішкентай балаларды Балақорғанға жасырып, жау қолынан сақтап қалған деседі. Қызқорғанға қатысты да сондай аңызға құрылған дерек бар. Енді сол бекіністің плита тастары бүгінде құлаған, ұрланған. Бекіністер мемлекеттік қорғауға алынбағандықтан, жергілікті халық үй-жай салу мақсатында пайдаланған, тіпті қиратып кеткен. Бұл – өте өкінішті жағдай, әрине. Былтыр Асхат Оралов мырза іс-сапармен біздің өңірге келген кезде осы мәселені өңірлік басылымда қаузап, Мәдениет және спорт министрлігіне арнаулы хат жолданған еді. 

Қаратаудың бергі жағында оғыздар мекен еткен Өгізтау жері бар. Ол жерде де үлкен тарих жатыр. Сосын Қаратаудың етегінде Жамантау деген жер бар, сол маңда Мықтардың үйі бар еді. Ал сол мықтардың үйлерін қаладан машинамен тиеп, адамдар үй салуға алып кетті. Сөйтіп мықтар үйінің негізгі бөлігі жоғалып барады. Егер осылай тарихи жәдігерлерді, мұраларды жоғалта берсек, бізге дейін өмір сүрген бабаларымыздың аманатына қиянат жасағандай боламыз...

 

Назарбек ҚОСШИЕВ, Атырау облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі:

- Тарих тақырыбы – қазақ халқының нағыз табиғатына жақын сала. Сол себепті, тарихтың әр саласына қарай үнемі оқырман назарына жақсы дүниелерді ұсынып отыру – мерзімді басылымның міндеті болуы шарт. Бізде бұл дәстүрлі түрде жолға қойылған. Тек Атырау өңірі ғана емес, жалпы Батыс Қазақстандағы ортақ тақырыптар турасында біз өлкелік басылымдармен тұрақты байланыстамыз.

2021 жылы Қостанай облысының Қызбел ауылынан шыққан Орта жүздің Өтей батырының ұрпақтары – екі жігіттің 1200 шақырымнан астам жаяу жорығын «Қызбел-Қобда-Қарабау» тақырыбымен «Atyraý» газеті тұрақты ақпараттық қолдау көрсетіп, «Қостанай таңы», «Ақтөбе» газеттерімен үздіксіз шығармашылық қарым-қатынаста болғанын атап көрсеткен жөн. Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Қарабау ауылындағы батырдың мәңгілік мекеніне туған жерінен әкелген топырағын салғанда да, үнемі ақпараттық тұрғыда насихаттадық. Бұл ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру үшін жас ұрпаққа зор сабақ болды.

Ал облыстың өз ішінде республикалық «Сарайшық» музей-қорығымен үздіксіз әріптестік қарым-қатынаста болып, олардың қызметін тұрақты ақпараттық насихаттау жолға қойылған. Музей-қорықтың басшысы, тарих ғалымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтардың көне қаланың ерекшеліктері, Алтын Орда дәуіріндегі құндылықтар, археологиялық қазба жұмыстары, т.б. тақырыптардағы мақалаларына облыстық газеттің бетінен әрқашан орын дайын.

Сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі Өңірлік комиссияның мүшелері газет бетінде «Құпия құжаттар ашылғанда...» айдарымен архивтен табылған құнды дүниелерді тұрақты жариялап отырғанына екі жылға жуық уақыт өтті. Оған қоса, өңірдегі өлкетанушылар М.Қипиев, Ө.Әлімгерев, Т.Жаңабаев, С.Мираш, тарихшылар А.Ахмет, Ж.Жұмабаева, С.Қуаныш, Л.Бердіғожин, т.б. ғалымдар – біздің тұрақты авторларымыз әрі оқырмандарымыз.

Әсіресе белгілі ғалымдар М.Тәж-Мұрат, А.Ахметтердің «Түркістан легионына» байланысты зерттеу мақалалары оқырмандар тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Атырау өлкесінің тарихи ерекшеліктеріне байланысты өлкетанушылардың да өлшеусіз еңбегін атап көрсету керек. Мысалы, көрнекті ғалым Халел Досмұхамедовтың ата-бабасы жерленген қорымның табылып, ондағы құлпытастардың оқылуы, сонымен қатар, қазақтан шыққан алғашқы физик ғалымдардың бірі, саяси қуғын-сүргін құрбаны Ғаділше Аяпбергенов туралы бұрын-соңды мүлде беймәлім болған ақпараттардың жариялануы газетіміздің мерейін өсірді.

Биыл Маңғыстау облысының құрылғанына 50, Ақтау қаласының іргесі қаланғанына 60 жыл толуына байланысты редакцияның бастамасына орай «Атырау-Ақпарат» және «Маңғыстау Медиа» ЖШС-тері арасында шығармашылық жоба бекітіліп, жұмыстар басталуда.

Біздің ойымызша, тарихи тақырыптар үнемі газет бетінен түспеуі керек. Өйткені ұлттың өткенін жазу – онсыз да кенжелеп қалған тақырыптардың бірі. Бұған дейін айтылмаған, жазылмаған ақтаңдақтар енді ғана жарыққа шығып жатыр. Өскелең ұрпақ соны біліп, санасына құйып өсуі тиіс. Сондықтан біз бұған аса мән беріп отырмыз.

 

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ, Қарағанды облысы, қалалық «Қарағанды хабары»  газетінің бас редакторы:

- Газет — аймақ айнасы. Казір ақпараттық технология дамып, ауылдардың өзі ақырындап интернет желісімен қамтылып жатыр. Сәйкесінше, газеттің жаңалық таратушы БАҚ ретіндегі рөлі төмендеді. Бұған басылымның оқырман қолына кеш жетуі де әсерін тигізіп отыр. Дегенмен газет оқитын ел бар. Олар баспа басылымдардан жаңалық емес, танымдық, рухани тақырыптағы жазбаларды, тарихи деректерді іздейді. Әсіресе аймақ тарихына қатысты тың деректерге деген қызығушылық басым. Сондықтан біз мүмкіндігінше осы бағытқа басымдық беріп отырмыз. Бұл ретте ақпаратты тексеру және тың дүниелерді табуда «Қазақстан тарихы»  порталының рөлі жоғары екенін де атап өткен жөн. Өйткені аймақтық редакциялардың көбінде шетелдік архивтермен жұмыс істеу, танымал спикерлерді табу мүмкіндігі жоқ.

 

Ермек ДАЙЫРБАЕВ, Абай облысы,  Аягөз ауданы, «Аягөз жаңалықтары» газетінің Бас редакторы:

- 90 жылдан астам тарихы бар «Аягөз жаңалықтары» – ең көне басылымдардың бірі. Біздің газетте рухани, мәдени, тарихи тақырыптағы дүниелер кеңінен қамтылып, жүйелі жазылып тұрады. Жер-су атаулары, батыр бабаларымыз туралы циклді материалдарға арнаулы айдар ашып, үзбей мақалалар жазып тұрамыз. Тарихи тақырыптар газетте ешқашан назардан тыс қалған емес. Мысалы, Нәстілек деген ақсақалымыздың «Банды атанған батырлар», Шұбартау көтерілісі, мақалалары,  Шақантай батыр, Байқотан би, Жобалай би, Ақтайлақ би, Байғара би туралы және тағы да осындай тақырыптағы сериялы мақалалар шыққан газетті таппай қалып, артынан редакцияға сұрап келгендер бар. Бұл дегеніміз – өңірімізден шыққан ардақты тұлғалар туралы рухани құндылықты қажет ететін, індетіп іздейтін оқырмандарымыз бар деген сөз. Биыл осы бағытта жоспарлап отырған дүниелер жеткілікті. Олар да уақытылы басылым жазылуышыларына жол тартады.

 

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ, Батыс қазақстан облысы, облыстық «Приуралье» газетінің Бас редакторы:

Бізде өңір тарихына қатысты жарық көретін материалдар ең әуелі Алашорда, соның ішінде Жымпитыда алғаш құрылған күнбатыс Алашорда жайлы мақалалардан басталады. Сол топырақтан шыққан азаматтар жайлы, Жаһанша Досмұхаммед жайлы терең зерттеулерге негізделген құнды материалдар жарияланады. Одан кейін ұлт-азаттық көтерілістің бастаушысы, атақты батыр Сырым бабамыз жайлы жақында көлемді мақала жарық көрді. Сырым бабамыздың өзі Өзбекстанда қайтыс болып, сол жақта жерленген ғой. Соның сүйегін туған өлкеге әкеліп, жерлеу керегі жайында жергілікті тарихшы, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыдықтың көлемді еңбегін газетімізге бастық. Жалпы тарихи мәселелер газеттің күн тәртібінен түспейді деуге толық негіз бар.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?