«Ит – адамның досы», - дейді қазақ мақалы. Олай болса осы мақалға негіздей отырып: «Төбет – қазақтың досы» , - десек артық айтпағандық болатыны сөзсіз. Сондықтан да біз мақаламызда қазақы иттің бірі де бірегейі төбет туралы қарастыратын боламыз.
Басты беттегі фото: www.tobet.kz
Төбет – қазақ даласында сан мың жылдардан бері өмір сүріп келген ит тұқымы. Қазақы төбет иттердің қаңқалары Шығыс Еуропадан Азияның Қиыр Шығысына дейінгі алқапта, мұз басу дәуірі алдындағы климаттық зоналы өлкелерден кездеседі. Қазақ төбеттері – адам баласының қолына үйренген алғашқы үй хайуандарының бірі. Қазақ төбетінің ежелден бері Ұлы Далада мал баққан адамдармен бірге тіршілік етіп келгендігіне жартастар мен үңгір қабырғаларындағы суреттер куә болады. Мысал үшін Алматы облысында тасқа қашалған ит суреттерінің салынған уақытын ғалымдар шамамен төрт мың жыл деп есептейді. Арғы дәуірлерде, атап айтқанда қытай жазбаларында ғұндардың алып иттері жайлы жазып қалдырған деректер кездеседі. Еуразияның ұланғайыр атырабында Шыңғыс хан құрған алып мемлекет тұсында Құбылай ханның ордасына саяхаттап келіп, осы жолда көрген-білгендерін жазып қалдырған әйгілі жиһангез Марко Поло (1254-1324) төбет иттердің дене тұрқы мен олардың көшпелілер өміріндегі орны туралы жазып қалдырған: «Тайыншадай биік денелі иттер – жабайы аңдарды аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда таптырмайтын көмекші». Сондай-ақ Марко Поло Құбылай ордасынан келе жатып, Шағатай ұлысына сапарын жалғастырған кезде қасқыр алатын дәу иттерді ханның сарайынан кездестіргенін жазады. Бұл иттерді баптауды басқа-басқа емес, ханның екі інісі айналысады екен. Бұл бір жағынан хандар мен сұлтандардың еріккендегі ермегі болса, қарапайым халықтың азық-түлік, тамақ табу көзі болды. Олар төбеттің ұстаған аңын азық ететін болған. Немесе иті ұстаған бағалы аңдардың терісін сойып алып сататын болған.
Қазіргі таңда әлемде иттің төрт жүзден астам тұқымы бар екен. Иттер Африканың ну жыны ормандары мен айтақыр шөлінде де, Солтүстік мұзды мұхиттың жағалауында да да, Гималайдың тасты, қар-мұзды биігінде де, Еуразияның төрт мезгілді белдеуінде де адамзат баласымен тығыз байланыста өмір сүріп жатыр. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы репрессия қазақтың төбеттеріне аса зардапты болыпты. Тері өңдейтін фабрикаға иттің терісі қажет болғанда мыңдаған жылдық сұрыптаудан өткен маң төбеттердің бостан босқа көзі жойылып, терісі фабрикаға, майы сабын зауытына жөнелтіліп отырған. Қазақы иттерді қырып тауысу үрдісі Кеңес Одағының бас көсемі Н.С.Хрущевтің заманында да болыпты. Ол итпен аң аулау тәсілін мәдениетсіздікке санап, жаппай қыруға бұйрық берген. Ал Қытайдағы қазақтар асыраған төбеттер Мао Цзе Дунның мәдениет төңкерісі кезінде жаппай құртылыпты. Төбет тұқымы жақсы сақталған өңірлер – Монғолия қазақтары деп саналады. Қазіргі күні ол жақта да жаһандану дәуіріндегі сапырылысқа түскенін ескерсек, төбет тұқымын сақтап қалу – аса өзекті мәселе. Төбет пен тазыны кезінде есепсіз қырған кеңестік дәуірдің қысастығының орнын толтыру оңай болмаса да, мемлекет қолдап отырғандықтан, бұл мәселенің де аз жылдың көлемінде өз шешімін табары сөзсіз. Себебі қазіргі күні сонау мұз дәуірінде жойылып кеткен мамонтты да тірілтіп шығару деңгейіне келіп қалған ғылыми әлеует төбетке де көмек қолын созары сөзсіз.
Фото: «ТӨБЕТ – ҚАЗАҚЫ ИТ», www.tobet.kz
Қазақ даласы бодандық қамытын киіп, Ресейдің қоластына қараған кезеңдерден бастап ғасырлардан ғасырларға ұласқан талай ұлттық құндылықтарынан айырылумен болды. Немесе түбегейлі өзгеріске ұшырады. Солардың бірі – ежелгі мал бағу дәстүрі болатын. Қазақ өмірінің білгірі Ақселеу Сейдімбек өзінің «Қазақ әлемі» атты еңбегінде: «Қазақ даласы отаршылдық салдарынан ғасырлар бойы тиімді жүргізіп келген мал шаруашылығынан айырылып қалды. Арқаның оңтүстігі мен солтүстігіне қарай қыстау-жайлау тәртібі бойынша төрт түлік малды аса көп шығынсыз отарлата көшіп-қонып келген малшылар отырықшылық дәстүрді игергенімен, бұрынғы қаншама игі дәстүрлер ұмытылып қалды», - дейді. Расымен де Сарыарқаның солтүстік бетіндегі қатал қыс пен оңтүстік жақтағы аптап ыстықты ескере отырып қапысыз шаруашылық жүргізу тәсілін меңгерген қазақ малшылары климат жағдайына бейімделген небір асыл тұқымды түлік түрлерін шығарып ала білген. Бұл түліктердің тұқымы өткен ғасырдың 20-30 жылдары бірнеше рет қайталанған алапат аштық пен тәркілеуде жойылып кетті. Адамымен қоса нәубетке ұшыраған түлікке қоса, осы түліктерді бағып-қағып иесіне адал серік болған маң төбеттердің де тұқымы құрып кетті немесе құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Бұл иттер де сан мың жылдар жүзіндегі сұрыптаудан өткен, қасқыр алатын нағыз алыпсоқтардың өзі болатын.
Ит тұқымының мән-жайынан хабары бар кәсіби мамандар мен қызығушылығы бар жандардың айтуынша бүгінгі Қазақстанда таза қанды төбеттер өте аз қалған екен.
Ендеше, төбет иттің тазы немесе өзге де иттерден айырмашылығы қандай? Төбет –дене тұрқы кесек те айбарлы, салмағы ауыр, осыған орай мінезі сабырлы ит тұқымы. Мал баққан дала қазағы үшін ең бастысы – сол малының амандығы. Ал осы амандыққа ең көп қатер төндіретін – даланың еркін қожайыны көкжал қасқыр болып келген. «Қасқырдың соқпасындай» деп атам қазақ қас қағымда келетін, жүріс-тұрысы шалт адамның қимылын бекер айтпаған. Себебі қасқыр отарға тапа-тал түсте шаба ма, немесе іңірде әлде таң қараңғысында келіп тиісе ме, оны ешкім біліп болмайды. Тек қырағылық, асқан сақтық керек. Адам баласынан айласын асырып кететін айлакерлігі бір басына жетіп артылатын азулы бөрінің иісін алыстан-ақ сезіп біліп, қарсы келіп қалғанда қаймықпай қарсыласатын иттің тұқымы – дәл осы төбет. Бір қызығы қасқырдың иісіе сезгенде немесе етін, терісін көргенде құйырғын бұтына қысып алып қыңсылап зытып беретін иттер болады. Қазақ баласы алыпсоқ маң төбет болатын төбетті күшік күнінен арнайы қасқырмен төбелесе дайындаған. Соның бір нышаны – төбеттің тамақ құятын итаяғының сыртын қасқырдың терісімен қаптап қоятын болған. Бұл – ата жауы қасқырдың иісін күшік кезінен-ақ мұрнына сіңіріп, одан қорқып емес, ас құйылған ыдыс ретінде сезінудің психологиялық ұтымды тәсілі болып саналады. Міне осы кезде ғана жас күшік өсе келе қасқырдан қорықпайтын нағыз қайсар да алымды-шалымды сақ төбет болып қалыптаспақ.
Қазіргі күні ауылды қойып қалаларда, көппәтерлі үйлерде алпылдаған арыстандай дәу алабайларды ұстайтын адамдар жиі кездеседі. Бұл иттер – аса тамақсау келеді. Мұндай иттерді ұстаудың өзі қалтаға біршама шығын. Ашыққан ызалы ит ашуланып иесіне, айналасындағыларға шабуылдаған жағдайлар көп. Ал дене тұрқы қаншама ірі болғанымен қазақы төбеттен мұндай кесірлі әрекет шықпайды. Төбет – үй иесіне масыл емес. Ол тамағын адалынан тауып жей алады. Ел басына күн туған замандарда қазақы төбеттер бір үйді асыраған жағдайлар туралы мәліметтер көп. Қолда аң ұстап, атып жерлік құрал-сайман болмағанда қазақы бәйтөбеттер дала кезіп, тау шарлап, азық етерліктей қоян, т.б. аң-құстарды алып келіп асыраған. Сонымен қатар таңертең малды өргізіп айдап кетіп, өрісте бағып жайып, кешке қарай аман-есен айдап алып келетін төбеттер ауыл қазағы үшін ертегідегі жағдай емес. Төбеттің табиғаты дәл солай. Таусоғар төбеттердің айдынын алты қырдың астынан сезіп білген далының айлалы жыртқышы қорқау қасқырлар үйірінің көптігіне сеніп шабуылдамаса, онымен айқасуға ешқашан батылы жеткен емес. Төбет баққан отар немесе табын да алаңсыз күйде жайылып, семіздік күйін жақсы алатындығы айтылады. Мұның бәрі табиғаттағы өзара әрекеттестіктің көрінісі емей немене?
Қазақ халқының этнографиясын бір кісідей зерттеп, көлемді еңбек қалдырған зерттеуші ғалым Жағда Бабалықұлы төбет туралы мынадай анықтама жазған екен: «Әлемдегі 116 ит түрі ішінде қазақтың таутөбеті ең ірісі болып табылады. Оның кеудесі, мойны, тұмсығы жуан, басы, аузы үлкен, тістері ірі, езулері салақтап жүреді. Тұмсығы келтелеу болса да жуан болып келеді. Жүні қалың, ұзын қылшықты. Бас жүні бет-аузын жауып тұрады. Құлақтарын да жүн басып алған». Ғалымның атап көрсетуінше қазақы төбеттің таутөбет, маңтөбет, бәйтөбет деген үш түрі бар екен. Осы атауларды айтқанда Бәйтөбет, Барақ т.б. төбетке қатысты есімдер еске оралады. Тіпті Төбет атты есімге қоса, рудың атауы да ұшырасады. Таутөбет – төбет түрлерінің арасындағы ең ірісі. Таутөбеттердің қасиеті – асқан төзімділігі. Таутөбет қыста үйшікке жатпай, суық жерде жата береді. Ал маңтөбет – иесімен бірге немесе жалғыз өзі далада күні бойы мал күзететін, қасқыр алуға аса бейім ит. Ал бәйтөбет – жүні тықыр, маңдайы жазық, арқасы сәл қайқая біткен ірі төбет тұқымы. Төбет тұқымының осы ерекшеліктерін ескере отырып, болашақта үш түрін де арнайы өсіру, санын тұрақтандыру қажеттілігі анық.
Қазақ төбетінің айбары мен қуаты оның алып дүрегей дене бітімінде ғана емес маңқ-маңқ етіп үрген қаһарлы дауысында, алты қырдың астындағы иіс пен дыбысты сезіп білетін мұрыны мен құлағының әбжілдігінде, сом аяқтары мен пышақтай азуында. Ежелден бергі жиһанкездер мен зерттеу экспедициялары жазып қалдырған деректер бойынша қазақ төбетінің дене тұрқы шомбал келеді. Ересек төбеттің еркегінің салмағы – 60-80 кг, ұрғашысының салмағы 40-60 кг болады. Жотасының биіктігі – еркегі – 65-80, ұрғашысы – 60-70 сантиметр аралығында болады. Денесі пропроциональ, басы қауақтай үлкен, мұрыны аса сүйір емес, келтелеу келген жалпақ, маңдайы жазық, көзі кішірек, құлағы салпиған емес, тікірейіңкі келеді. Мойны мен жотасы тұтасқан, бұлшықеттері жетілген, мойын тұсында терісі сәл қатпарланған болады. Тазылардың күші мойны мен кеудесінде болады. Жетілген бой тұрқының бұлшықеттері түсетін ауыр салмақты жеңіл еңсеруге қызмет етеді. Сауыры жалпақ әрі көбінесе сауыр жағы арқа тұсынан биігірек болып келеді. Сүйегі аса берік, аяқтары жуан да тарамысты, құйырғы ұзын немесе қысқарақ та болуы мүмкін. Төбеттің жүні қалың, қатты қылшықты, түбітті келеді. Жүнінің ұзындығы он сантиметрге дейін жетеді. Төбеттің түсі жағынан көбінесе қара, қоңыр, сұр, сарғыш қызыл және теңбіл болуы мүмкін. Кейбір төбеттердің қасында ақшыл ноқат болады. Мұндай итті қазақ төрткөз ит деп атайды. Төрткөз төбеттерді көбінесе қалмақшатыс деп қазақтар асырай бермейді.
Төбеттің мінезі ауыр болғанымен, ол өте сезіммтал және иесіне адал болып келеді. Егерде иесі оны жазықсыз ренжітіп, жазалаған жағдайда көңіліне ауыр алып қалып, кекшілдік танытуы да мүмкін. Қазақ төбеті де өзге иттер сияқты өзіне тиесілі аумақты ши басына немесе өзге де нүктелерге сару арқылы өзге төбеттер мен қасқырларға өзі туралы ақпарат қалдырып, қорғай біледі.
Фото: «ТӨБЕТ – ҚАЗАҚЫ ИТ», www.tobet.kz
Төбет – қасқыр текті иттер мен қасқырларға табиғатынан өш. Қазақтың сырттан төбеттері ауылға таяп келе жатқан адамның ниетін жақсы сезеді. Яғни өшпенділік ниеті жоқ қарапайым жолаушы болса, оған тиіспейді. Ал егер жат ниетпен келген суыт жолаушы болса, оны тіпті ат үстінен алып түсіруі де мүмкін.
Қазақы төбеттер күшігінен-ақ төбелес тәсілдеріне жетік болып өседі. Бұл – оның ересек ғұмырында талай шайқас, жекпе-жектерде басым түсуіне септігін тигізеді.
Төбет едi ол арынды –
Жотадай боп тұратын,
Арғы тегi, кәдiмгi,
Алыпсоқтан шығатын.
Алысқанды тiк келiп,
Жерге бiрақ ұратын, -
деп қазақтың көрнекті ақыны Темірхан Медетбек жырлағанындай, қазақы төбеттің айбарлы да шоқтықты түрінің өзі өзге иттердің мысын басып, жүрегін алып, сескендіріп тұрады.
Кез келген шаруамен шұғылданудың артында белгілі бір қаржы табу мүддесі тұратыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда қазақы төбетті асыраудың да өзіндік пайда әкелетін кәсіп екендігін жақсы білетін жандар оның игілігін де көріп отыр деуге толық негіз бар. Қазіргі күні ит төбелестіру – пайдалы әуестік. Бұл тіпті ежелгі замандардан бері жалғасып келе жатқан қызықтамалардың бірі. Бұл – қомақты бәс тігулер арқылы көрініс табатын, пайдасы шаш етектен кәсіп. Ит таластырумен айналысатындар ұқсас тұқымдар бойынша (спорттағы салмақ дәрежесі тәрізді) өзі үміт күткен төбеттерін шайқасқа қосқан кезде, әрине әрқашан үстем түсіп пайдаға кенелуді көздейді. Осы үмітті көбінесе сеніммен ақтайтын тұқымның дәл өзі – қазақты төбет. Табиғатынан берілген бұла дүлей күшке жүйелі баптап жаттықтыру қосылғанда қазақы төбет қалың көпшіліктің алдындағы жекпе-жекте алабайға да, кавказ овчаркасына да дес бермейтіні талай дәлелденген. Сондықтан да қазіргі күні осындай сайыстарға арналған қазақы төбеттердің бәсі жоғары. Бұл да болса үлкен мүмкіндіктің көзі болып табылады.
Қазақ төбетінің таза генефондын қайтадан жинақтап жаңғырту, оны республиканың түкпір-түкпірінен жинақтап, біріккен база жасау – бүгінгі күннің басты міндеті болып отыр. Осы орайда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жарлығымен бекітілген заңнамалық акт осы міндетті тиянақты түрде шешуге негіз қалап отыр. Қазақстанның, қазақ халқының ұлттық мақтанышы, этномәдени тұрғыдағы бірегей қайталанбас құндылығымыз болып саналатын қазақы төбетті сақтау, және өсімін молайтып, оны түрлі мақсаттарға пайдалану жолдарына кең жол ашылатын болады. Және бұл кешенді жұмыс жоспары, мемлекеті тарапынан бөлінетін жеткілікті қаржы арқылы жүзеге асырылады. Қазақы төбеттерді жойылып кетпей тұрғанда түркменнің алабайы сияқты танымал деңгейге шығарудың үлкен мүмкіндігі, келешегі бар. Осы тұрғыда 2023 жылдың басында қабылданған Қазақстан Республикасының Заңына үлкен үміт арта отырып, аталған заңдағы қазақы ит төбетті қорғаудың басты негіздемелеріне тоқталмақпыз.
2023 жылғы 3 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына біршама өзгерістер енгізе отырып, қазақы ит тұқымдарын сақтап, өсімін молайтудың заңдық негізін айқындаған. Бұл қазақы төбетпен қоса, тазыға да қатысты екенін атап өткен жөн.
Аталған заңның бірінші тарауы, 44-тармағында «жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган – жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында, қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласында басшылықты, сондай-ақ өз өкілеттіктері шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган» деп көрсетілген. Яғни қазақы тұқымды иттерді сақтап өсіріп санын молайтуға жауапты арнайы орган бұл қызметті жүзеге асыруда жануарлар дүниесін сақтап, өсіру т.б. іс-қызметтерді ұйымдастыру тәжірибелерін басшылыққа алып тиісті жұмыстарды атқаратын болады деген сөз. Мұнда тұқымы жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған қазақ төбетінің популяциясын тиісті деңгейге дейін өсіріп, қалыпты жағдайға жеткізу үшін отандық және шетелдік (әсіресе Түркмения) тәжірибелерге сүйену қажет болады.
Осы ретте қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту, пайдалану саласындағы жұмыстарды атқару Қазақстан Республикасындағы кинологиялық қызметтің іс-әрекет ауқымында жүзеге асырылатыны белгілі. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң 1996 жылғы 25 наурыздағы «Кинологиялық қызметтi жетiлдiру туралы» N 135 өкiмiнде отандық кинологтардың қызметтік құзіреті жөнінде былай деп белгіленген: «Қазақстан кинологтарының Қазақстан иттерiнiң Бiрыңғай Асыл тұқымдылары Кiтабын жүргiзу, асыл тектi иттерге тегi туралы құжаттарын ресiмдеу мен беру; Қазақстан кинологиясының мүддесiн Халықаралық Кинология Федерациясы мен шет елдерде бiлдiру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру туралы ұсынысына келiсiм берiлсiн».
Осыған қатысты айтарымыз – біздің республикамызда кинологиялық қызметті жүргізудің үлкен тәжірибесі бар. Халықаралық кинологиялық қызметтің жұмыс ауқымында әрекет ете отырып, отандық асыл текті иттерді, әсіресе қазақы төбет пен тазыны насихаттап таныту жолында лайықты қадамдар жасаудың да мүмкіндігі туындап отыр. Ендігі жерде ҚР заң шығару билігі арнайы қабылдап, ел басшысы бекіткен заңда көрсетілгеніндей отандық кинологиялық қызмет қазақы тұқымды иттерді машықтандыруға, баулуға, айтақтауға және оларды практикалық пайдалануға, оның ішінде спортта және аң аулауда пайдалануға өзге де даярлауға, қазақы тұқымды иттерді пайдалана отырып, зоотехникалық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге, қазақы ит тұқымдарымен жұмыс істеу бойынша сарапшыларды оқытуға және мамандарды даярлауға қатысты іс-әрекеттерді жүзеге асыратын болады.
Аталған заңның глоссарийінде «қазақы ит тұқымдары – ежелгі тұқымдар – қазақы ит тұқымдарының бекітілген стандартына сәйкес келетін қазақы тазы мен қазақы төбет» деген анықтама берілген. Демек қазақ ит тұқымдарының бекітілген стандарты деген не, бұл туралы алдағы күндерде халыққа нақты түсініктеме берілгені жөн деп білеміз. Себебі аталған стандартты халық білген жағдайға ғана қазақ ит тұқымдарының стандарты яғни қазақы тұқымды иттердің сыртқы тұрпаттық-бітімдік сипаттары мен пайдаланушылық қасиеттері бойынша сипаттамасын төбет немесе тазы асыраушылар өз жұмыс тәжірибесінде күнделікті нақты басшылыққа алатын болады.
Қабылданған заң бойынша қазақы тұқымды иттердің, яғни төбеттің бірыңғай тұқым-тегі кітабында олардың шығу тегі, тұқымдылығы, сыртқы тұрпаттық-бітімдік сипаттамалары мен өзге де қасиеттері туралы мәліметтер көрсетілетін болады, яғни бұл құжат болашақта қазақы тұқымды иттер туралы деректердің толық базалық жинағы болып қалыптасатын болады.
Аталған заңдағы қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін тиісті деңгейге дейін барынша молайту саласындағы мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаттары ретінде қазақы ит тұқымдарын сақтауды және өсімін молайтуды қамтамасыз ету және қазақы ит тұқымдарының таза тұқымдылығын сақтап қорғау екендігін ескерсек, бұл тұрғыда алдағы кезеңде атқарылатын шаруа аз болмайтындығы белгілі.
Аталған Заңдағы көңіл қуантатын баптардың бірі – қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласында ғылыми зерттеулер жүргізуді Қазақстан Республикасындағы ғылыми зерттеу ұйымдары жүргізетін болып міндеттелуі болып табылады. Биолог ғалымдардың кешенді зерттеу жұмыстары мен олардың нәтижелерінсіз бұл жұмыстың алға баса қоюы қиын. Себебі қазақ төбетінің тұқымын нақты таза түрде айқындап алып, оны әлемдік түрлерді мойындау, мақұлдауға қатысты тиісті талап пен стандартқа дайындап әзірлеме жасау – үлкен еңбекті, кешенді зерттеулерді зерттеуді қажеті етеді.
Төбетті түрікменнің алабайын әспеттегендей деңгейге жеткізу үшін халқымыздағы әдепкі қалыптасқан «төбет – кәдімгі көп иттің бірі» деген қасаң түсінікті тастауымыз керек болады. Төбетті кез келген иттің еркегі деп қана түсінетін жағдай да бар. Себебі қазақ иттің ұрғашысын қаншық, еркегін төбет деп атайтыны белгілі. Осыған орай «иттің еркегі төбет» пен «қазақы ит төбет тұқымы» ұғымдарын ажырата білген дұрыс болмақ. Төбеттің еліміздегі басын қалыпты деңгейдегі сан-мөлшерге жеткізіп қана қоймай, оның ары қарайғы халықаралық орны туралы да ойлануымыз керек. Осы тұрғыда атқарылатын іс-шаралардың нәтижесі жемісті болса, қазақтың ертеден бері келе жатқан айбарлы төбеті тұқымының сақталуына алаңдамауға болады.