Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сұлтан Оразалы публицистикасындағы замана шындығы

1424
Сұлтан Оразалы публицистикасындағы замана шындығы - e-history.kz

Сурет: adebiportal.kz

Академик Серік Қирабаевтың жазуынша, «...Сұлтан тұмса кезінен-ақ теледидардың көрігінде қайнап, шеберлігін шыңдады. Теледидардағы әдебиет, мәдениет, театр саласындағы сын ойлардың, жалпы көркем туындылардың барлық саласының жетілуіне қайрат етіп, өзі де барынша кемелденіп, тәжірибе толықтырып, көркемдік таным-түйсігін кеңейте түсті». Біз бұл мақаламызда ғалым берген бағаның байыбына барып, телепублицистің жетілу жолы мен кемелденген шағын дәлелдейтін шығармашылық шеберлігін тақырып ретінде қарастыруды өзімізше  мақсат еттік. 

Сұлтан Оразалының орақ тілді, озық ойлы телепублицист екені ешқандай даусыз. «Сөз өнері дертпен тең» деген тоқтамға келіпті хакім Абай. «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» теріп, өрнек салу әркімнің бағына бұйырмаса керек. Ойдың жанды тәржімәсі ретінде сөздің соғатын сойылы қорғасындай салмақты болған кезде ғана «ғалымның хаты өлмейді» деген  қағида өміршеңдігін өршіте түспек. Шынында да халықтың жүрегінде жатталып қалған алыптар есімі ұзақ жасайтыны кез келген жұмыр басты пендеге соқырға таяқ ұстатқандай айқын дүние. Олай болса, мәңгілкке құштар пенде атаулының бәрі осы ұзақ ғұмырға не себепті қолын созбайды деген заңды сұрақ туындайды.  Ол сұрақтың жауабын да өзіміз беруді жөн көрдік . Қасқа құлындай шауып өтіп, артына өшпес із қалдыруды мақсұт еткен ғұламалар аз болды ма? Адам бұл өмірде өзінің қолтаңбасын қалдыра білсе, қалуға лайық дүние тудырғанында деп білеміз. Шығармашылық саласында шоқтығы биік туындылар тудырып, артына мол мұра қалдырған Сұлтан Оразалы шығармашылығын әлі де жинақтап, жүйелі зерттей отырып, ұлт игілігіне айналдыру, жаһандану майданында бәсекеге түсіп жатқан қазақ телеөнерінің іс-әрекеттеріне ұтымды пайдалана білу – біздің абыройымызды арта түспесе, кемітпесі анық. Тұлға туралы басылым беттерінде жарияланып жатқан материалдар легі жетерлік, бірақ солардың ішінде нақтылы деректерге сүйеніп талдау жасалған ойлы еңбектер саусақпен санарлықтай ғана.

  Сұлтан Оразалының теледидар саласындағы салмақты ойлары мен салиқалы бағдарламалар ерекшелігін академик Серік Қирабаев, Зәки Ахметов, Сейіт Қасқабасов, Рахманқұл Бердібаев сияқты алып тұлғалар пікірінен аңғаруға болады. Серік Қирабаев «Телесынның Сұлтаны» деп жоғары бағалаған. Академиктердің айтуы бойынша, Сұлтан Оразалы қазақ теледидарының негізін қалаушылардың бірі болып саналады. Журналистер ортасынан оқ бойы озық шыққан телепублицистің қоғамдық санаға ықпал еткен бағдарламаларын да тілге тиек етеді. Бұл бағдарламалардың қоғамдық маңызын ашу күрделі дүние. Зиялы қауымның талғамынан үлкен бағасын алған еңбектердің шеберлік қырын ашудың өзі үлкен мектеп. Ол бағдарламалардың маңызы мен берілу формасы жайында профессор, ғалым Құдайберген Тұрсынов, Немат Келімбетов, Рымғали Нұрғали, Ақселеу Сейдімбек, Тұрсын Жұртбай, Серік Негимов сияқты жайсаңдар өз еңбектерінде тоқталып өткен. Газет беттерінде Сұлтан Оразалы жайлы жазылған естеліктер өте көп. Жазушы Әбіш Кекілбаев, Дүкенбай Досжан, Фариза Оңғарсынова, Несіпбек Айтұлы сынды руханият өкілдерінің де пікірлері бар. Елімізге танымал қоғам қайраткерлері мен журналист қауымы да бұл санатта жоқ емес. Бірақ, Сұлтан Оразалы шығармашылығын бір ізділікке салып, ғылыми сараптама жасалған материалдар саны кемде-кем. Телепублицистің өтімді бағдарламаларын зерттеу мен сараптау үлкен ізденістерді талап етеді. Сұлтан Оразалы шеберлігі кез-келген адамға иіле бермейтін құбылыс. Оған бір ғана қырынан келу аздық етеді. Жоғарыда айтқан академик, ғалымдар телепублицистің әр қырынан тоқталып, құндылықтарын сипаттаған. Біздің мақаламызда бұл пікірлер назардан тыс қалған жоқ. Керісінше, біз дәлелдеуге тырысқан телепублицист қырларын тіптен салмақты ете түседі. Телепублицист Сұлтан Оразалының шығармашылық жолына тереңінен үңіліп, қоғамдық пікір қалыптастырған бағдарламалар шеберлігінің сырын ашуды басты мақсат қып қойдық. Аты аңызға айналған бағдарламалар легінің бүгінгі қоғамдық маңызына да тоқталуды жөн көрдік. Осы мақсатты жүзеге асырудың негізгі міндеттеріне келер болсақ:

Телепублицист жайлы көптеген деректер мен еңбектердің бетін парақтау.  Бүкіл еңбектерді қарап шығып, жаңадан мәлім болып жатқан деректер мен жаңа мәлімметтер қатарын толықтыру;

Сұлтан Оразалы бағдарламаларының қоғамдық һәм танымдық маңызына тоқталып, берілу формасын анықтау;

Әр бағдарламасын ұлттық болмыстан іздеген телепублицист шығармашылығындағы ұлттық факторға негізделген қырларын ой елегінен өткізу;

Бағдарлама жасаудағы ерекшеліктерін сарапқа сала отырып, шеберлік қасиеттерін нақты фактілермен атап көрсету, жас мамандарға үлгі ететін қырларын сүзгіден өткізіп, оқырман айналымына қосу;

Қазақ телеөнеріне өз кезегінде сілкініс жасап, жаңалық еңгізген портреттік очерк жазу шеберлігінің шыңына бойлау;

Сұлтан Оразалы жазған әр публицистика мен бағдарламаның жанрын анықтап, берілу тәсілін сараптау; 

Терең танымдық көзқараста, демократиялық бағытты ұстанған публицистің өткір сыншы екенін ашып көрсету;

Телепублицистің танымдық қырларын ашу;

Сондай-ақ, телепублицист бағдарламаларын сарапқа салған бұрынғы жұмыстарды негізге ала отырып, оларды қайталамайтын тың тұжырымдар жасау. Сұлтан Оразалының айтқан публицистикалық ойларын әлем ойшылдарының пікірлерімен үндестіріп, рухани һәм ақиқатқа жетелейтін ұқсастықты іздеу немесе ортақ, озық ойлы пікір қалыптастыру.

Сұлтан Оразалының шығармашылығын жетік білетін ғалымдардың  тұжырымдамасы мен пайымын негізге ала отырып, аталған пікірлерді шығармашылық зертханасы арқылы ғылыми тұрғыда негіздеуге талпыну.

Ғылми мақалада жасалатын сараптамалар мен қорытындыларды тар шеңбердің аясында емес, әлемдік деңгейдегі ғалымдардың пікірімен сабақтас, әрі салалас салыстырулар жасау.

Сұлтан Оразалының тұлға образын сомдаудағы шеберлігі қазақ қоғамына ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де үлгі болғанын, сондай-ақ оған берілген көрермен бағасын нақтылай түсетін хаттарды да негізге ала отырып, тұжырымдама жасау.

Телепублицист шеберлігін негізге ала отырып, жас журналистерге экранда өзін ұстау мәдениеті мен интелектуалдық деңгейін қалыптастырудың соны үлгісін жасау. Сұлтан Оразалин шығармасының мәні мен мазмұнына жақындау үшін сөз басын Әбіш Кекілбаевтың бағасымен бастауды жөн көріп отырмыз. 

«... Қаршадайынан қай-қайдағыны ойлап, асау арманның соңында жүретін. Әлдебір жаңа жобаны іске қосып, уақыт жетпей, мұрнынан шаншылып жатқаны. Бүгін де солай, кеше де солай, тіпті, баяғыда аузы ашылған арманшыл албырт шағында да солай еді...

... Телевизияны әдебиеттендіруді бастап беріп жүргендердің бірі де осы Сұлтан Оразалин еді. Шалқайма креслода жайланып жатып алып , аузы алты қарыс Абай ауылының ділмарлығына басып, аузы-аузына жұқпай сөйлей жөнелгенін көргенінде, қаралай сенің де арқаң қозады екен. Қаршадай Сұлтанның телевизия тілін еркін меңгеріп, суда жүзген балықтай  байпаңдағынына біз де сүйсінетінбіз» дейді әйгілі қаламгер.

     Бұл пікірдің тереңдігіне үңілу үшін телепублицист шығармашылығының өзектілігі мен қоғамдық санаға қозғау салған тұсына тоқталуды жөн санадық.  Көгілдір экранда мәңгілік бейнесі қалған Сұлтан Оразалин кім еді? Жұрт жамыра мақтап, жұмыла көтерген телепублицист  бағдарламасының қоғамдық һәм тағылымдық мәні жайында сөз қозғамас бұрын, осы жолға келіп қосылған өмірдерегіне үңіліп көрелік .

   Бір басына парасат пен пайым қатар қонақтаған, өз заманының ірі тұлғаларының бірі Cұлтан Оразалы да  сиқырлы сөз өнеріне терең мән беретін. Өзі жүргізген хабарларының астарында сөз бен ойдың жымдасуы, көз ілеспес шапшаңдықпен алдыңнан жамырай қоздап, өз тылсымына еріксіз тарта жөнелетін.  Автор бағамында, сөз бен ойдың астарында біріге байланысқан көзге көп шалына бермейтін құпия, мол әлемнің жатқаны ақиқат. 

«Ой биік те терең ғой, тек соны жеткізетін сөз болмай тұр-ау», - деген қаламгерлерді Лев Толстой қатты кіналап: «Ой табылып, соған лайық сөз табылмады дегенге сенбеймін», - деген болатын. Демек, өмірдің көркем шындығын кернеуін келістіре, дәуір көшіне ілестіре отырып, тап басу қажет екен. Ұшқыр ой мен салиқалы талдау да публицист қаламының қарымдылығына тікелей байланысты. Тіршілік-тыныстың кең көлемді шежіресін баяндау да философиялық және ғылыми ой-пікірдің дамуымен ұштаса өріліп, суреткерді қайнаған өмір ортасына еріксіз ендіре түседі. Сарабдал ойдың тереңінен тартыла шыққан көрікті бейне өмірмен орайласа келе, суреттен жанды бейнеге ауысады. Кейіпкеріңнің көңіл-күйіне үңіле отырып, ой сандығын аша, рухани дүниесіне байланасың. Шынайы қалпында, әсірелеусіз мүсінделген бейне өзінің бар қырынан жарқырай ашылып, көрермен жүрегіне жол тартуы үшін оны адам күйінде алу керек. Әйгілі жазушы, аудармашы, драматург, телерадиожурналист, мемлекет жөне қоғам қайраткері Сұлтан Шәріпұлы (1941) - Абай елінің төл перзенті. Сұлтан Шәріпұлы көп балалы отбасында дүниеге келді. Әкесі Ұлы Отан соғысында қайтыс болып, анасы отбасының бар ауыртпалығын көтеруіне тура келді. Қазақ университетінің филология факуьтетін 1964 жылы тәмамдаған  Сұлтан Оразалинов қызмет жолын ұлттық теледидардан бастады. Онда көптеген әдеби-драмалык хабарлар, монографиялар жаза бастады. Зерттеуші кезінде «Асау арна», «Дөң асқан», «Жанартау», «Шалқар», «Айғайтас» атты хикаят-романдарын талдауда дарынды әдебиетшілік қарымын көрсетті. 
    С.Оразалинов – көп қырлы талант иесі. Ол бертінде қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері мен ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын зерттеуге арналған «Қиял мен өмірдің шындығы», «Тілсіз халық болмайды», «Ақиқаттың құқығы» тағы басқада тағылымдық кітаптар жазды. Төлтума туындыларының ішінде теледидар сахнасына арналып жазылған телепьесалар мен теленовелла, телеинсценировканың шоқтығы биік. Ел аузындағы аңыз бойынша жазылған «Кек» теленовелласы Махамбет ақынның өлмес рухына арналған. 
    Оразалинов - төл классикамызды да экрандаған қаламгер М.Әуезовтің әнгімелері бойынша төл экранға шыққан «Шатқалаң», «Үйлену» телеинсировкалары соның нәтижесі. Қазақ телевизиясында істеген жылдары ол ашқан алғашқы хабарлар «Сұхбат», «Қымызхана», «Сахна», «Айтыс», «Кездесу» циклдары арқылы байыды, жаңа көркемдік-эстетикальтқ кеңістіктерге шықты. 

С. Оразалиновтың каламгерлік қарымы эссе жанрында барынша ашыла түсті. Оның Ғ.Мүсірепов туралы «Алыптардың ақырғы сардары», Ғабиден Мұстафин жайлы «Сарабдал», Ілияс Есенберлин жөніндегі «Қайсар», Шыңғыс Айтматов женіндегі «Кемеңгер» деп аталатын эсселері - осы жанрдағы көрнекті дүниелер. 

Кезінде теледидардан айтыс хабарын ұйымдастырушылардың бірі болды. 
    1986 жылы республикалық өнер баспасына директор болып тағайындалды. Сол жылдары Мәдениет қызметкері, Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты атағына ие болды. Башқұрт А.Хакимовтың «Қос терек», «Қилы заман»,  Н.Еременконың «Күткен таң» шығармаларын қазақшалау арқылы ол - телепублицист, теледраматург, сыншы және аудармашы да. Ол өзінің қаламы жүйрік қаламгер екендігін мойындатқан еді. «Абай елінде» атты альбом - шежіре жазып, қазақ, орыс және ағылшын тілінде жарыққа шығарды. 
    «Тіл тағдыры - ел тағдыры» кітабында тіл саясаты жөніндегі нақты істерді, ғылыми-теориялық ойларды тұжырымдайтын, әр түрлі мақала, сұхбат-пікірлердің басын қосқан, мақалалардан тұрады. Осындай қаламгерлік көзқарас тұрғысынан сұрыпталып жазылған «Жүректің көзі ашылса» атты бір томдығы жанрлық байлығымен, мағыналы тереңдігімен оқырман көңілінен шықты. 
    Шет ел әдебиетінің озық үлгілерін қазақ теледидарына «жерсіндіру», қазақ жұртшылығымен табыстыру, таныстыру ісінде де Сұлтан бастаған үрдіс те өз мәресіне жетті. Оның А.Моруа әңгімесінің желісі бойынша «Райхан гүлі», «Өлім фабрикасы», Ж.Кассальдың хикаяты ізімен түсірілген «Тұтқын» тағы да осы іспетті телепъесалары қазақ теледидарының алтын қорына қосылған рухани олжа болды. 

 

 

Ал енді Сұлтан Оразалиннің газет беттерінде айтқан ойларын жоғарыда қарастырылып өткен публицистикалық талаптармен шендестіріп көрейік. Қазақ көгілдір экраны туралы публицист былай дейді: «Бізде тәуелсіз, ешкімге жалтақтамай, шындықты айтып отыратын телеарналар болуы керек. Оларды тұншықтырмау керек. Ондай арналар бұрын да туған болатын. Олар артық кетуі, белден басуы мүмкін. Қалай дегенмен де, біз тәуелсіз ой айтуға, жағынбай, тура да пікір білдіре алатын адамдарды тәрбиелеуге жол ашуымыз керек. Әйтпесе, қоғам дамымайды. Қазақ қоғамы бұрынғы бар қалпынан, бейнесінен айырылып қалады. Біз айырылып та қалдық содан. Жалтаңкөз, кім бастық болса соның табанын жалайтын, ертең ол кеткенде аузына келгенін көкіп жамандайтын екіжүзді елге айналып бара жатырмыз. Халқымыздың өзі сол екіжүзділікке қарай бейімделіп бара жатыр. Бірен-саран адамдар бар. Бірақ олардың тағдыры да Абайдың «Масғұт» поэмасында айтылғандай болып тұр. Ол поэмада жынды суды ішіп алған бір топ жынды жандарындағы жалғыз сау адамды жынды дейді. Ақыры, шыдамаған соң, жынды суды ішіп, әлгі сау адам да жындыға айналады. Сөйтіп бәрінің көңілі тынады. Құдай сондайдан сақтасын».

   Осынау қысқа жолдардың артында қазақ қоғамының үлкен дерті мен дерегі жатыр. Жоғалып бара жатқан болмысымызды іздеуге деген үндеу мен құлшыныс жатыр. Кімнің тарысы піссе, тауығына айналуға дайын тұратын қоғамның бет-бейнесі жатыр. Тәуелсіз елміз деп бөркімізді аспанға баяғыда атып жібергенбіз. Бірақ сол тәуелсіздік дегеніміз шынайы көзқарас тұрғысынан бүгінгі күнімізге қанағатпен ғана шектеле ме? 

Әрине, Сұлтан Оразалы тамырын баса айтып отырған бұл қазақ социумындағы ахуалды өзгертуге талпыныс жасайтын сіз бен біздің намысымыз дер едім.

   Публицист Абайдың «Масғұт» поэмасын мысалға алыпты. Бұл поэмадағы басты кейіпкер «мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма» деп ақталып кеткен Абайдың өзі болатын. Сол кездегі қоғамның ақынды түсінуге өресі жетпеді. Ал бүгін солай ма? Халықты тонап, ұлттық құндылықтарымызды аяққа таптап отырғандардың басым бөлігі сол білімдер. Білім де дұрыс бағытқа пайдаланылмаса адамзатқа қасіретін тигізеді. «Ібіліс жұмақтан білімсіздігінен қуылған жоқ». Білімді орнымен пайдаланатын мінезсіздігінен қуылды. Егер біз болашақ жастарды ұлт жанашыры ретінде көргіміз келсе, таза санаға, көркем мінезге тәрбиелеуіміз керек. Түсінген адамға публицист бұны ашық айтады.

   Мәселен, ілгеріде Сұлтан Оразалиннің  «Қымызхана» бағдарламасындағы тақырыптың өзі қоғамдық пікір тудыра алады. Сондай-ақ ұлттық сипаттың нышанын айқын бағдарлай алды. Тәуелсіз ел болдық деп даурыққан кездегі бағдарламаларымызға «Фобия», «Шіркін Life», «Бешбармак шоу», «Дуқол шоколад» (Тізе берсең тауыса алмайсың) сияқты жеңіл-желпі есім бердік. Егер кез келген бағдарламаның миссиясы қоғамдық пікір тудыру болса, бұл атаулардан қалыптасқан сананың қай бағытқа жетелейтінін бағамдай беріңіз. Бағдарламаны басқа елден көшіргені түк емес. Орыстың бізге таңсық болып жүргені, шетелдің қаңсығы еді. Библияда айтылыпты деген сөз бар: «Барлық ән айтылып кеткен, қалғаны қайталу ғана» деп. Мәдинетте қайталау деген ежелден бар. Бірақ қайталаудың жөні осы деп, еш өзгеріссіз қолданысқа еңгізу ағаттық іс. Егер біз көшірмені сол қалпы көшірсек, өзінше ойлай алмайтын жас баладан еш айырмашылығымыз болмайтын еді. Біздің бағдарламалар саны артқанымен, пісіп жетілмеген дүниелер туындайды. Өзгеге еліктеуден туындаған дүние өзіне біреуді еліктіретіндей болу керек. Жан-жақты дамытып, ұлттық мінезімізді қосқанда ғана бағдарлама төл туындымыз ретінде сіңісіп кетеді. Қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевша айтсақ: «Қайраткер Сұлтан Шәріпұлының еңбектері тақырыбы – кең, мазмұны терең, туған тіліміз бен туысқан тілдердің тағдыры үшін зор туындылар». Сұлтан публицистикасының кереметін осы тұрғыдан да озық қылып көрсетуімізге негіз бар.

«Жақсы тақырып-жарты мақала» деген жайсаңдар сөзін университет қабырғасына келгеннен бері құлаққа құйып келеміз. Бүгінгі телебағдарламалардағы қандай тақырып сіздерді қызықтырады деген сұраққа жастар арасынан сауалнама жүзгізіп көрдік. Жастардың көбісі «Mamma mia», «Наши Казаши», «Жар-жар», «Астарлы ақиқат», «Жұлдызды сәт», «Фобия», «Шіркін Life» сияқты көрермен қолдауын тауып жүрген бағдарламаларды атады. Сұлтан Оразалының «Сахна», «Қымызхана», «Сұхбат», «Айтыс», «Кездесу» сынды атауларының өзі адам санасын өз болмысына жетелейді. Бүгінгі таңдағы бағдарламалар атауының өзі жастарды қай әлемге жетектеп бара жатқанын бағамдай беріңіз.

Осы ретте публицистің субъективті пікірінен қоғамға керегін іздеп көрейік. Жалпы өзі Сұлтан шығармашылығында қоғамға керек жоғы бар ма екен? Өзінің бір сұхбатында:  Компьютер мен телевизиялық техниканы игеруде артта қалып отырғанымыз рас. Бұл ең алдымен білім беру саласындағы жүйесіздіктен. Мен кейде деректі фильмдер түсіріп, монтаждайтын маман іздеймін. Сонда осы жұмыспен тек орыс жігіттері айналысады. Олар ақшаны жақсы табуда. Ең арзаны, бір ауысымда жұмыс істегендері кемі 100-200 доллар алады. Олардың асып тұрған түгі де жоқ, орта білім иелері. Ал біздің жастар неге осыған ұмтылмайды?! Қазір үй шаруасындағы әйелге де компьютер мен интернет қажет болатын заман. Сондықтан мектептегі информатика сабағын жүйелі түрде тереңдей оқытып, мектеп бітірушілерге осы пәннен маман ретінде, арнайы сертификат берілгені жөн. Ол техникумды бітірген орта білімді мамандық ретінде бағалануы керек. Жастарымыз өмірге қажетті мамандықты игеру үшін түрлі техникумдар мен училищелерді көбейту керек. Бұрын орта білім беру бағытындағы білім саласы жеке министрлікке қарайтын. Ал қазір ғылым мен білімді қосып жібердік. Содан бастап ісіміз оңалған жоқ. Білім саласына келген әр министр келіп бір реформа жасаған болады. Бірақ оның нәтижесі көрінбейді. Ұлттық қауіпсіздікте жаңа ақпараттық технологияға тығыз қатысты. Қазір біздің елде ешқандай құпия жоқ секілді. Сондықтан әлемдік технология мамандарымен иық тіресе алатын өз мамандарымызды көптеп тәрбиелеу – кезек күттірмейтін іс.

Ал енді автор айтып отырған йық тіресу, бәсекелестік дегеніміз экономиканың ғана сайысы ма екен? Жаһанданудың жемісін біз де көруге міндеттіміз. Өзгелер бұл бәйгеге аянбай еңбек етіп, күш-қайратын жұмсап жатқанда біз қалай қарап отырмақпыз. «Майданға түспей бәйге алма» деген дана Абайдың өсиеті бар еді. Олай болса, Сұлтан Оразалы қазақ баласын, қазақ білімін бақталастыққа шақырады. Бақталастықтың, бәсеклестіктің ең жақсы түрі осы білім сайысы екенін ғұламалар әлдеқашан айтып кеткен. Бұл жолда «табандарың талғанша жарысыңдар» деді. Ұлттық сипатқа деген көзқарас осындай жеке пікірлерден-ақ білініп тұрады. Публицист тағы бір сөзінде ғылым мен білімді қосып жібергеніне өкпесін айтады. Осы орайда орыс ойшылы Ключевскидің пікірін қарастырып көрейік. «Ғылымды білімді болу деп жиі шатастырамыз. Бұл барып тұрған тұрпайы түйсіксіздік. Ғылым дегеніміз тек қана білім емес, ол таным, яғни білімді орынды пайдалану керек деген сөз». Осы екі автордың арасындағы сабақтастықтан пікір ортақтығын байқаймыз. Жоғарғы оқу орнын бітіріп, қызмет атқарып жүрген адамдардың барлығында дерлік өз деңгейінде білімдері бар. Әркімнің айтатын субъективті пікірі де өзінің ілімінен қалыптасады. Жеке пікір көп жағдайда ақиқат болып табыла бермейді. Ал ғылым ақиқат. Көзбен көріп, қолмен ұстап анықталғанда ғана көпшілікке жол тартылуы тиіс. Біздің қоғамдағы ғылымның құнын түсіріп жібергені осы салдардан деп ойлаймын. Бұл менің пікірім, және ақиқат болуы міндетті емес. Жоғарыдағы шенеуніктердің айтқан ойын, ішкі ілімін шығар күндей шындық ретінде қабылдап, заңға еңгізіп жатырмыз. Ол тұжырымдар ғалымдар қолынан өткізіліп, зердеге салынбаса; шындықты маңайына жуытпаса, онда ғылымның не керегі бар? Ғалым дегеніміз ұлттық идеологиядан бастап, қарапайым халықтың танымын көтеруші емес пе? Біздің қоғамда бұл екеуінің  соңғысы ғана бар. Қалғанын жеке адамдардың ілімі қалыптастырып жатыр. Телеарнадан бір кісі пікір білдіріп жатса, саясат айтып жатыр ма, ғылым айтып жатыр ма, айыра алмайтын дәрежеге жеттік. Ғылым мен білімге қатар қарамау керек екенін, публицист осы мақсатта меңзеп отыр деген ойға келеміз.  

Және ол көзқарас әрдайым ұлтты биік межеге, өреге шақырып отырады. Ұлттық телеарналарымыз ашылған кезде маман табылмайды деп қорқудың қажеті жоқ қой? деген сұраққа  – Әрине, егер құдай иіп, үш телеарна ашылып жатса, маман табылмайды деп қарап отырмау керек. Осыдан елу жыл бұрын телевизияның не екенін білмей тұрып, соны жасаған жоқпыз ба!? Сондықтан дұрыс басшы келсе, ол да дұрыс кадр тәрбиелейді. Неғұрлым талантты басшы білімді адамдарды жинайды. Ал дарынсыз басшы өзінен де төмендерді топтайды. Табиғаттың заңдылығы солай. Әсіресе, идеологиялық жұмыс атқаратын жерге кім болса соны әкеле беруге болмайды. Телевизияда істейтін адам отанын, халқын сүйетін азамат болуы керек. Мен телевизиядағы мамандығын қадірлеп, жан-тәнімен еңбек еткен ондаған адамды білемін. Сондықтан телеарналар ашылса, оған маман табылмай қалады деп қорқу – орынсыз. Өсіп келе жатқан жастар бар. Негізі, әр салада өнерді өрге сүйрейтін екі-үш талант болады. Солар басқасына көшбасшылық жасайды. Міне, сол секілді әр арнада үш-төрт мықты кәсіби маман болса, көшті түзеп әкетеді.

       Теледидар – синтездік өнер. Оның бойынан адамзат қиялынан туған барша музаның белгісін табамыз. Бір сөзбен айтқанда кез-келген ұлт көгілдір экраннан өзін көруі керек. Айнаның алдынан басқа біреуді көріп тұрсақ, қандай сезімде болар едік? Иә, публицист дұрыс айтады. Ұлттың идеясы, бағыт бағдары көгілдір экранда көрініс табатыны белгілі. Сол құдіреттің күшімен халықты тұрақтылыққа шақырып, толқулардың алдын алуға болады. Бұл әркімдердің қалпақпен ұрып алатын шаруасы емес. Таныс- тамыр арқылы қызмет берілуі мүмкін, бірақ дарын берілмейді. Дарындардың саны аз, бірақ олар арамызда бар. Оны көре білудің өзі өнер. 

Сұлтан Оразалы публицистикасы әрдайым фактімен келеді. Және оған адамдарды сендіреді. «Статистика өтіріктің үшінші түрі» деген әзіл-шыңы аралас пікір айтылып жүр. Бірақ, публицист келтіретін статистика өмірдің өзі. Біреудің сараптамасын емес, өзінің басынан өткерген шындықты тұщымды жеткізеді. «Көпті білгеннен емес, көпті көргеннен сұра» деп кеткен біздің қазақ дана ғой. Көпті білгенін көргенімен ұштастырған публицист пікірінен мысал келтірейік. «АҚШ-та негiзiнен қай партия жеңсе, сол партияның талантты өкiлдерi билiкке келедi. Оларда жерлестiк сезiмiнен гөрi идеялық, мақсаттық ниет басым жатады. Жаңа сайланған президент өзi қызмет еткен штаттың қабiлеттi адамдарын билiкке тартуы мүмкiн. Бiрақ олар сан түрлi сыннан өткен және президент алға қойған бағдарламаны жүзеге асыра алатын белгiлi адамдар болады. Соңғы 10-15 жылдан берi бiзде де командалық әдiс етек алып, барлық жүйенi қаулап кеттi. Бiрақ осының пайдасынан гөрi зияны басым. Өйткенi ол “команданы” бiрiктiретiн белгiлi идея, мемлекеттi көркейтетiн мақсат емес, жерлестiк, рулық ниет пен тамыр-таныстық, құлдық мiнез. Әкiм, яки министр не айтса, “Ләббай, тақсыр!” деп бас шұлғитын жарамсақ топтар. Мен өзiм он бес жылдай Әдiлет министрлiгiнде қызмет iстегенде көзiм оған анық жеттi. Министрлер өзгерген сайын ондағы басшы азаматтар түгелге жуық өзгерiп отырды. Олардың бәрi қабiлетсiз болғандықтан емес, жаңа министрдiң оқшантайына сыймағандықтан. Бұндай тәсiлдiң зияны ұшан-теңiз. Жаңа “команда” ес жиып, iстi игергенiнше уақыт өтiп кетедi де, жұмыс жүрмейдi. Ал ендi iске кiрiсе бастағанда министр ауысып, “команда жинау” қайта басталады. Бұл тәсiлдiң қоғамымызды кеулегенi соншама, ол облыстарға, аудандарға, тiптi, ауылдарға кеңiнен тарап кеттi»

Біздің кіші шенеуніктер халықтың емес, «командасындағы» басшыдан ғана қорқады. Оның өзі уақытша.Сәл дауыл болып, командасының кемесі қозғалса тайып тұрады. Қысқа күнде қырық құбылатын бұндай басшылардан, қарапайым ұлтшыл артық. Осы жүйеге деген қарсылық, публицист пікірінде дәлелді түрде көрініп тұр.

Бізкөлемді мақаламызға  арқау етіп отырған Сұлтан Оразалы публицистикасының өміршеңдігіне көзіміз толық жетті. Публицистиканың жеке адамның суъбективті пікірінен, ойларынан, бағдарламаларынан, жалпыға ортақ қоғамдық көзқарасынан қалыптасатынын аңғардық. Ұлттық сипаттың нышандары да осы публицистиканың бойынан табылады. Сұлтан публицистикасындағы ұлттық сипатты бағдарламаларынан іздеп көрейік. Қазақтың дала театры ретінде саналып келген төл өнері айтысты алғаш телеарнаға шығарған осы тұлға болатын. Бұл орайда ақын Фариза Оңғарсынованың бір сөзін келтіре кеткенді жөн көрдік. «Тірідей көрге түсе жаздаған ана тіліміздің туын көтеріп, алғаш мәселе қоюға батылы барған кім? Ол Сұлтан Шәріпұлы. О дүниелік болып кеткен айтысты Алланың өзімен келісіп алғандай қайта тірілткен кім? Ол да осы Сұлтан».  Сұхбаттың Сұлтаны атанған публицистің қазақ өнеріне, ұлттық сипатына сіңген еңбегін осы жолдардан-ақ сезінуге болады. Бірақ айтыс өнерін қайта тірілту оңай болған жоқ. Оған деген халықтың сенімі де жоғалып кеткен болатын. Өлгенді тірілтпесе де, өшкенді тұтату Сұлтан батылдығына тән қасиет болып шықты. Ең алғаш бұл өнерді көпшілікке ұсыну идеясы қалай пайда болып, оның жолындағы кедергілерге қайтіп төтеп бергені жайында автордың өз сөзінен білсек. «Бұл хабарды жасау идеясы 1971 жылдан бастау алды. Режиссер

Ы. Қасымов екеуміз Семей қаласында Ертіс бойындағы үш облыстың ақын- жазушыларын жинап, «Қайнар көзі шабыттың» деген үлкен хабарды республикаға көрсеттік. Хабарымызға белгілі айтыс ақыны Қалихан Алтынбаев қатысты.  Ол кезде «Жазу мәдениетіне көшкендіктен айтыс өнері тоқырады. Суырыпсалма ақындар жоқ» деген пікірлер зиялы қауым арасында үстем болатын. Айтысып жатқан ақындар да көрінбейтін. Сол жолы Қалекеңнен «Егер бір тақырып берсек, соған табан астында өлең шығара аласыз ба?»деп сұрадым. Ол келісті. Хабар тікелей эфирде жүргендіктен , тақырып беру мен таңдауға көрермен тікелей қатысты. Семейде жаңа салынған «Ертіс» қонақүйі туралы ұсыныс тақырып ретінде қабылданды. Бір минуттай ғана ойланған ақын қыза келе, селдей ақтарылып, жырлап берді дейсің, әрең тоқтаттық. Міне, осылайша табан астында суырып салып өлең айту өнерінің өлмегендігін дәлелдедік. 1976 жылы «Өнер көзі – халықта » деген хабарда режиссер К.Қорғанова екеуміз екі ақынның айтысын тұңғыш рет телеэкранға шығардық.  Оған Мұқаш Байбатыров пен Манап Көкенов қатынасты.

      Ал 1980 жылы Мәдениет министрлігі қазіргі Ғ. Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрында үш күнге созылған республикалық ақындар айтысын өткізді. Мен бұл айтыстың жұмысына телевизияның атынан бастан-аяқ қатынасып, «Айтыс» деген атпен төрт сағаттық хабарды ұйымдастырдық. Міне, осы талпыныстардан соң телеэкранда нағыз айтыс өнерін жандандыруды қолға алдым. («Айқын» газеті. 24 қаңтар, 2009 ж. )

   «Айтыс» өнерінің қайта маздағаны халықтың жоғын тапты, өшкенін жандырды. Айтыс пен телеөнердің табиғатындағы жақындықтың белгісіне де көрерменнің көзі жетті. Ұлттық телеөнердің өзіндік бет-бейнесін ашып, басқаларды қайталамайтын тың өнер түрін жасады. Қазақ тілінің құдіретін танытып, оның ілгері дамуына ықпал етті. Ұлтымыздың бейнелі ойлау қасиетін, көркем де бай тілі арқылы табан астында ғажайып сөз өнерін тудыратын қабілетін танытты. Айтыс өнерінің қайта жаңғыруының арқасында талай таланттың бағы ашылды. Сүбелі сөз бен маржан ойлардың тізбегіне халық айызы қанды. Небір адам бойындағы қиыншылықтарды да ұмыттырып жіберіп, тұла бойға тұма бастаудың қанын жүргізетін өнерді тыңдағанда бәріміздің делебеміз қозатын. Тәуелсіздік алған жылдары да азат сананы еркін жырлап, халыққа рухани медет сыйлаған ақындар еді. Бала кезімізден бастап осы өнерді көгілдір экраннан көріп, керемет қиялдың жетегінде кетуші едік. Айтысты жүргізуші Жүрсін Ерман болғымыз келді, шындықтың шылбырын шымбайға батыра сілтейтін Айбек Қалиев болғымыз келді, сызылта отырып көрерменді бір сызықтың бойына үйіріп алатын Айнұр Тұрсынбаева болғымыз келді, бірақ сол айтысты қалыптастырып, өнер өміріне алып келген Сұлтан Оразалы болғымыз келді ме? Айтыс өнерінің қиыншылықпен көгілдір экранға шыққанын біз білген жоқпыз. Ол жайында публицистің өз сөзінен білейік.

    Өкінішке орай, «Айтыс» хабарын бастауға сол кездегі Телерадиокомитет төрағасының бір орынбасары үзілді-кесілді қарсы болды.Ол кісі: «Сұлтан, айтысты көрсетсек басымыз дауға қалады. Ақындар әр облыстың атынан түсетіндіктен, қарсы жақтың кемшілігін қазбалап, біреулердің шамына тиеді, тіпті жершілдік сөздерге жол береміз. Оны орталық комитет қалай түсінеді?» деп әсіре сақтық жасады. Менің уәждерім өтпеді. Сөйтіп, 1983 жылы ақындар айтысы өтпей қалды. Осыны ескеріп,1984 жылдың жоспарына оны «Бәйге» деген бүркеншік атпен кіргіздім. Талдықорған және Қызылорда облыстарының ақын-жыршылары қатысқан алғашқы хабарды басшылыққа білдірмей Алматыдағы офицерлер сарайының тар сахнасынан желтоқсан айында жазып, дайын болған соң көркемдік кеңестің құзырына ұсындық. Тұңғыш телеайтыс 1984 жылдың 1-2 қаңтарында – жаңа жыл мерекесі күндері эфирден өтті. Ол қазақ қоғамына үлкен сілкініс жасап, өшкені жанып, өлгені тірілгендей әсер етті. Айналасы он шақты күннің ішінде мыңнан аса адам қол қойған жүздеген хаттар келіп түсті. Олар айтыстың тірі екеніне, оның бағы енді ашылатынына, болашағына зор сенім білдірумен қоса, телевизияның өзіндік бетін айқындағанын айтумен болды.

    Халықтың бұл қуанышы мен тілегі ұзақ болғанын біз де қалар едік. Айтыс өнері Сұлтан Оразалының ойлап тапқан дүниесі емес. Ол ақындардың да меншігі болып саналмайды. Халықтың қазынасы, мінезі, өресін көрсетер өнері. Тек оны көре білу, кедергілерге қымсынбай халықтың өз қалауын шекпен жауып өзіне ұсыну, публицист қолынан келді. Біз бұл істі ел болып мақтан етуіміз керек. Халықты егер үлкен бір теңізге теңесек, әр адамды тамшы деп алар едік. Сұлтан теңізге тебіреніс әкелген тамшы. Бұндай тамшылар бар кезде теңіз әрдайым қозғалыста болады. Бір орында тұрып қалған, тасқын болып мінезіне баса алмайтын теңізден сақтасын. Ондай теңізге өзгелер әрдайым күмәнмен қарайды. Ауру жұқтырып аламыз деп таянбай қояды. Ұлттық мінез бен сипаттың тамыры тамшыдан басталатынына көзіміз жетті.   Сұлтан Оразалы сынды ұлттық болмысты жаңғыртуға бәріміс ат салысқанымыз абзал. Бұл үлкен дода, ердің елдігі, таным мен рухтың кеңдігі сыналатын бәйге. Бұл адамгершілік атты майданға атыңды қосып жүлделі болсаң да олжалысың, болмасаң да олжалысың. Сұлтандар түскен бәйгеде кездесуге біз де асығамыз.

  Публицист шығармасындағы ұлттық сипатты әр бағдарламасынан мысал келтіріп, көрсетуге болады. Ұлттың сипаты мен рухы – оның әдебиеті мен өнерінде жатыр. Таза ақпарат пен даңғаза әуенге құрылған қазақ арналары мен радиосы халықты мәңгүрттікке баулап барады. Сондықтан көркем хабарлардың үлес салмағын арттыруымыз керек. Танымға жетелейтін ұлттық қасиеттерімізді, ескі жәдігерлерімізді насихаттау арқылы ұрпақ тәрбиесін қолға аламыз. Сұлтан Оразалының әр сұраққа берген жауабынан ұлттық мүддеге биік талғаммен қарайтынын байқаймыз. «Ұлттық телеарна қандай болу керек?» деген сауалды өзіне қойып, өзі жауап береді: Ұлттық арна – атына заты сай болса ғана өрісті болмақ. Онда ұлттық идеологияның барлық нышандары көрініп тұрса құба-құп. Ұлттың басты бейнесі оның тілі десек, бұл телеарнаның тұтастай қазақ тілінде жүруі қазір Қазақстанның барлық телеэкранынан қуылып шыққан мемлекеттік тілге аз да болса сеп болар еді.

    Бұл айтқан пікірдің ішінен Сұлтанның өзін көргіміз келсе, бағдарламаларын қарап шығу артық етпейді. Әйтпесе сөзі мен ісі келіспейтін демогогтар біздің қоғамда өріп жүр. Әлгі Қожанасырдың: «Мен бір адам көрдім үстінде киімі жоқ, мен бір киім көрдім ішінде адамы жоқ» дейтіні осыны меңзейді. Сұлтан Оразалы өзіне шақ киімнің ішінде табылатын адам. Әр хабарына ұлттық идеологияның белгілері мен бояуларын арқау етті. Публицист тағы бір сөзінде «Ұлттық арнадағы ақпараттар  да сол ұлттың мүддесі тұрғысынан сұрыпталып берілуі тиіс. Жұрт не айтса соны хабарлай беру – балаңдықтың белгісі. Әрине, ақиқаттың жолы тар. Өз еліңдегі шындықты толық жеткізу де оңай емес.  Оған ішкі, сыртқы себептер әсер етпей тұрмайды. Бірақ білікті, талантты, парасатты журналист ұлттық, мемлекеттік мүддені тұғыр етіп, ақ жүректен сөйлесе тілектестерін таппай қоймайды. «Қазіргі  телеарна қандай болу керек?»  деген мәселе шағын пікірдің аясына сыймайды. Көгілдір экранға қараған сайын көкірекке толатын шер аз емес. Соңғы жылдары Қазақстандағы телеарналардың белгілі бір топтардың мүддесіне қызмет ете бастауы ұлттың, халықтың қолжаулыққа айналуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан адамдардың рухани санасына айрықша ықпал ететін, тактикалық, стратегиялық мәні зор телеқаруды қолда бекем ұстамай халқымыздың көсегесі көгермейді» дейді.

    Бұл ретте Сауытбек Әбдірахмановтың БАҚ туралы айтқаны еске оралады. «Біз  тәуелсіздікке тәуелдіміз». Әрине, демократия дегеніміз кімнің аузына не келсе соны айта беру емес. Бірақ көзге көрініп тұрған шындықты айтып, халықты ағартуға бастамаса оның қоғамдық маңызы қайсы? Дамыған елдерде қоғамдық телеарналар мен газеттер болады. Біз де мемлекеттік, немесе жеке бір топтың мүддесін көздейтін БАҚ қана бар. Жеке топ халық бола алмайды. Шындыққа тура қарайтын болсақ, біздегі БАҚ публицист айтқандай көп жерде ағынан жарыла сөйлеуді ұмытып жүр. 

Асқар Сүлейменов өз уақытында: «Өнер билікке қызмет етіп кетті, түсінем. Бірақ түсіну дегеніміз - кешіру емес» депті.  Журналистиканы біреу өнер десе, енді бірі кәсіп деп жатады. Осы журналистика халықтың мүддесін ұмытып кетсе, болашақта оны біреу түсінгенімен, кешіре алмайтындар көп болуы ықтимал. Сұлтан Оразалы осыны меңзеп отыр. Өз еліңдегі шындықты жеткізу оңай емес екенін айтады. Бәріміз бір мүддеде болғандықтан сызылып қойған шеңберден аса аламаймыз. Біреуге мал қайғы,біреуге жан қайғының кебі сол. Алайда бұған еркіндіктің еш қатысы жоқ. «Құлдық пен еркiндiк – адамның әлеуметтiк дәрежесiне қатысы жоқ материалдар. Құлдық та, еркiндiк те рухтың ахуалы болып саналады. Қырық құлаш зынданның түбiнде жатып та еркiн, азат болуға болады. Алтын тақта отырып та құл болуға болады». Қазақ журналистикасының өрге жылжуын көздесек, публицист айтқан парасатты, азат сананың танымына жеткен кадрларды тәрбиелеп шығару қажет болады .

Сонымен Сұлтан Оразалы публицистикасындағы ұлттық сипатты шама-шарқымыз  жеткенше саралап көрдік. Әр айтқанынан көрінетін бұл факторды  бір мақалаға сыйдырам деу ағаттық болар. Кез келген еңбегінің тақырыбынан бастап мазмұндық танымына дейін ұлттық, төл туындыны тудыруға деген құлшыныс жасайтын публицист биігіне тамсана қараудан басқа ешқандай амалымыз жоқ. «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» дейді ғой хакім Абай.  Тау тұлғаның өрнекті, нақышты өнерінен үлгі ала отырып, одан да мықты пайым жасауға  ұмтыламыз. Бұған себепші болған тағы сол Сұлтан Оразалы шеберлігі. Мұның бәрі ұлтым деп соққан ұлы жүректің дүрсілінің қуаты. Қараша халық алдында көрсеткен мінезі мен махаббаты... 
 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?