Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Патша өкіметі Қазақстанды бағындыруда әртүрлі айла-амалдарға барды...»

3062
«Патша өкіметі Қазақстанды бағындыруда әртүрлі  айла-амалдарға барды...» - e-history.kz

Орыс отарының  жанымызға салған жарақаты әлі күнге дейін жазылған жоқ.  Денеге басылған таңба өшер, өзгерер, бірақ санаға басылған таңба өшуі мүмкін бе? Сол мөрдің төс табанындағы штрих белгі (таңба)  бәлкім, құлдық психология шығар.  Бұл белгі біздің санамызға бұдан бірнеше ғасыр бұрын бедерленген еді.  Әрине, ойлап кетсең омырауың сыздайды.  Сонымен орыс империясы қазақ даласын қандай жолдармен бағындырды,  осы бағытта нендей стратегиялық  айла-шарғыларға барды?  Мінекей, осы сұрақтар  төңірегінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бауыржан Бердіқожаұлымен аз- кем әңімелескен едік. Аталған сұхбатты өздеріңізге ұсынып отырмыз мәртебелі оқырман қауым... 

- Ардақты Бәуке,  алғашқы сұрағымды мынадан бастасам деймін. Ресей империясы Қазақстанды қандай жолдармен  отарлаған еді?

 

- ХІХ ғасырдан бастап патша өкіметі Қазақ даласын отарлауға белсенді түрде кірісті. Өйткені осы ғасырдың басында Ресей экономикасының жаңа капиталистік жолға түсуі, өнеркәсібі мен саудасының өрлеуі жаңа өнім өткізетін рынокқа және шикізат көзі болып саналатын аймақтарға қажеттілікті туғызды. Бұл мәселені патша өкіметі Қазақстан мен Шығыс елдерін отарлау арқылы шешіп, елдің табиғи байлықтарын, арзан жұмыс күшін, арзан шикізатты қажетіне пайдалану, неғұрлым мол пайда таппақ болды. Әсіресе, патша өкіметі мен орыс буржуазиясын табиғат байлықтары мен мал өнімдерінің шикізатына өте бай Қазақстан аса қызықтырды. Ондағы мал және мал өнімдері Ресей мануфактурасына ең қажетті шикізат көздерін беретін еді. Патша  өкіметі Шығыстан шикізат көзін іздестірумен қатар, Азияда орыс саудасын жандандыруға тырысты. 1817 жылы қабылданған «кедендік ережеде» Азиядағы  сауда-саттыққа үлкен мән беріліп, - «Азиямен сауда жүргізу Ресей үшін ұлы мақсат»  деп атап өтіледі. Осыған байланысты қазақ жері керуен жолдарының торабында орналасқандықтан Шығыс Түркістан мен Орта Азияның саудасына бақылау жасауына толық мүмкіндік берді.

 

- Негізінде қазақ даласы Ресей империясының  сыртқы саясатында Орта Азия, Ауғанстан, Шығыс Түркістан және Үндістан сияқты елдерге әскери жорықтар жасайтын ең қолайлы позиция ретінде де  аса маңызды болды ғой?  

 

- Әрине стратегиялық тұрғыдан қазақ жері таптырмас мүмкіндік болды. «Бұл жерден Қоқан мен Батыс Қытай ғана емес, ағылшындардың Үндістаны да қашық емес» делінген орыс деректерінде. Ресей империясының Шығысты отарға айналдыру, оның ішінде Үндістанға қожалық жасау мақсаты І Петр патшадан бастау алады. Қазақстанды Азияға басып кіретін «алтын қақпа» деп атаған ол, басқыншылық жоспарын мұрагерлеріне өсиет етіп қалдырады. «Император, - деді Макшеев деген орыс шенеунігі өз еңбегінде, - мұрагерлеріне Шығысты түпкілікті жаулау туралы жоспар құрды. Олар осы жоспар бойынша Шығысқа қарай үш бағытпен қимылдады: Шығыстағы Түркістаннан Үндістанға, оңтүстіктегі Кавказдан Персияға және Азиялық Түркияға» - дейді.  Ал орыс патшасы І Павелдің тұсында отарлық саясаттың негізгі тетіктері кең көлемде күш алады. Ол министр М.В. Ростопчинге Ресейдің сыртқы саясатының бағыт-бағдарын анықтайтын бағдарлама  жасауға тапсырма береді. М.В.Ростопчиннің жасаған жоспары І Петрдің «өсиетіне» сәйкестендіріліп, 1800 жылы қыркүйек айында дайындалады. Оны І Павел сол жылдың 2 қазанында бекітеді. Ростопчиннің бағдарламасында империяның аумағын ұлғайту ашық түрде айқындалып, Англия, Франция, Австрия және Пруссия сияқты мемлекеттердің күш-қуатын  әлсірету бағыттары көрсетіліп, Үндістанды бағындыру үшін қазақ даласы арқылы әскери экспедиция жөнелту және Осман империясын бөлшектеу қарастырылады. Осы жоспар бойынша қимылдаған патша өкіметі отар елдерді бөлісуде Англияның бірден-бір бәсекелесіне айналады. Азия департаментінің Орта Азиялық бөлім бастығы Ұлы князьға жасаған мәлімдемесінде мына жағдайды баяндайды. Онда былай делінген:  «Солтүстік Батыс және оңтүстіктегі Европа елдерінің жасаған тосқауылдары орыс халқына басқа жолдарды іздеуге мәжбүрледі. Сондықтан олардың еншісіне Азия ғана тиді. Орыстар бұл жерге барлық бағыттар бойынша бас салып ұмтылды.  Оған апаратын жол бұрыннан үш бағыттан тұратын. Кавказ арқылы Оңтүстікке, Солтүстік-Шығыстағы қазақ даласы арқылы Үндістанға және Шығыста Сібірден Ұлы мұхитқа және Қытайға» дейді. 

Үндістанның Англияның отарына айналуы, Қытай жағалауында ағылшын кемелерінің тұруы, Ресей империясының аталған жолдармен қимылдауы Англияның мүддесіне нұқсан келтіріп, орыс-ағылшын қатынасын мүлдем шиеленістіріп жібереді. Ресейдің шығысқа қарай жылжуының түпкі себептерін ашып көрсете келе Түркістан мен Батыс Қытайға ие болса, Азиядағы жағдайдың қалай өзгеретінін К. Маркс пен Ф.Энгельс былай деп түсіндіреді:  «Егер орыстар бұл аймақтарға енді соңғы 25 жылдағыдай дәл осы қарқынмен, осы жылдамдықпен және осы ретімен жүре беретін болса, онда 10 немесе 15 жылдан кейін орыстар Үндістанның қақпасын ұрып тұратын болады. Оларға қазақ даласынан өтсе-ақ болды, оңтүстік-шығыс Түркістанның біршама өңделген және құнарлы жеріне тап болады, олардың жаулаушылығына бірдеңе деп айту мүмкін болмай қалады. Бірнеше жылдар ішінде бұл жерде  әскер 50 немесе 60 мыңға жетіп, ол әскер Үндіге қарай кез-келген бағытта жорық жасауға жеткілікті болады» дейді. 

Орыстардың отарлау жолындағы саясаты кең көлемде болғанын К.Маркс пен Ф. Энгельспен қатар, мынадай да  дерек көзі растайды. Онда былай делінген: «Біздің оңтүстік-шығыстағы қозғалысымыздың басты мақсаты Үндістанға ұмтылысымыз болып саналады және біздің Орта Азиядағы барлық қимылымыз бен міндетіміздің түпкі мақсаты – Үндістан» дейді. 

Патша өкіметі Үндістанға иелік жасап, онда ағылшындардың мүддесіне соққы берумен қатар, шығыстағы мұхитқа шығып, Азияның бүкіл шикізатын  су жолымен тасымалдауды көздеді.  Н.Павлов деген орыс шенеунігі бүй деп жазады. «Біздің үкіметіміздің Батыс және Қиыр Шығыстағы теңіз күштерінің құрылысын аяқтамай жатып, Түркістан мақтасы үшін Үнді мұхитында флот құруға деген ұмтылысы шектен асқан қадам болды» -дейді. 

 

- Орыстардың осыншама Үндістанға көз тігуінің мақсаты не?

 

- Ең басты мақсаты мынау.  Біріншіден, Азиядағы теңіз жолына шығуына мүмкіндік ашады, екіншіден, Европадағы бәсекелесі Англияны шығыста тізе бүктіруге, үшіншіден, бүкіл Азияға өз бақылауын орнатуға мүмкіндік беретіндігі еді. Осыған байланысты патшаның алдына Бламберг, Торнау, Хрулев және тағы басқа әскери шенеуніктер Үндістанды жаулау туралы бірнеше жобаларын ұсынады. Сол жобалардың бірінде Шығыс Түркістан арқылы Үндістанға апаратын жолдың бойында жатқан қазақ даласына үлкен мән беріледі.  Бұл туралы М.К. Рожкова былай деп дерек келтіреді. «Жаркенттен Леха мен Үндістанға баратын жеңіл жол бар, бұл жолмен түйе өте алатындықтан, әскер де өте алады, сондықтан орыстардан қауіптенген ағылшындар Қарақорым өткелін күзетуде және Қытайлық Түркістанмен байланыс орнатуда» дейді. Бірақ ағылшындар қанша жерден сақтық шараларын жасағанымен, Үндістанда орыстарға төтеп бере алатындай күш жоқ болатын. Оған ағылшындардың әскери және саяси жағдайы туралы Кавказ таулы басқармасының бастығы генерал-майор Франкини және генерал-майор Гейнстің әскери министрге жазған №19 құпия баяндама-хаты дәлел бола алады. Онда былай делінген. «Үндістандағы ағылшындардың жағдайы өте тұрақсыз және сенімсіз болғандықтан орыс әскерінің берген кез-келген соққысы Шығыстағы Англияның құдіреттілігін жоя алады» дейді. Ресей империясының Үндістанға басқыншылық жорық жасамақ болғанын жоғарыда келтірілген деректерден басқа, сол уақытта жарық көрген Англияның «Таймс», «Таймс оф Индия», «Таймс оф Цейлон» сияқты ресми баспасөз құралдары да  атап өтсе, бұл жағдайды Вамбери, Мак-Георг, Керзон және тағы басқалардың деректерімен қатар кеңес тарихшылары да растайды.

Сонымен, Ресейдің сол кездегі Европадағы қарсыласы болған алып империя Англияның алдын орап, Орта Азия мемлекеттеріне жақындай отырып, оңтүстік-шығыс мен Шығыс Түркістанның түйісетін жеріне орнығып алуы, оны алдыңғы шепке айналдырып, сол арқылы әскери-саяси қайшылықтарын шешуі едәуір дәрежеде қазақ даласын толығымен бағындырып алуға байланысты болды. 

 

- Осы жерде орыс империясы қазақ жерін отарлау үшін қандай әскери стратегиялар жасады?

 

- Орыс империалистерінің қазақ жерін отарлауы мынадай әскери міндеттерден құралды:

1) гарнизондар мен бекіністер салу, тұрақты әскерлер мен казактарды орналастыру, қару-жарақ қоймасын жасау;

2)  Орта Азияға басқыншылық жорықтарына дайындалу. Өлкеде әскери-әкімшілік басқаруды енгізу;

3) Қоқан әскерлерін ығыстырып, қазақ жерін бағындыруды аяқтау;

4) Шекаралық аймақта Қытай әскеріне тосқауыл қойып, жауланған қазақ жерінде орыс-қытай шекарасын анықтау және тағы басқадай айла тәсілдері болды. Осылайша қазақ өлкесі Ресей басқыншыларының негізгі стратегиялық алаңына айналды.

Шығысқа бет алған патша өкіметі Түркия, Иран, Орта Азия және Қытаймен байланыс жасап, оларға қарсы белсенді әрекет жасау үшін 1819 жылы Сыртқы істер министрлігінің жанынан арнайы Азиялық департамент құрады. Сол жылы департаменттің құрамында Азиялық комитет өз жұмысын бастап, тікелей Орта Азия, Қазақстан және Қытайға байланысты мәселелерді қарастырумен айналысты. 

ХІХ ғасырдың 20 жылдары патша өкіметі бұл мекемелердің алдына Ресей империясының билігін әлі де мойындамаған қазақтарды дипломатиялық әдістермен және қарудың күшімен жаулап алуды міндет етіп қойды. Қазақтардың саяси бытыраңқылығы, ішкі руаралық жанжалдар, күрделі сыртқы әсерлердің салдарынан Қазақстанды басып алуда Ресейге жеңілірек тигенімен, орыстар бұл жағынан өте сақ қимылдайды. Патша өкіметінің еркін қимылдауына мүмкіндік бермеген, біріншіден, ХVІІІ ғасырдың аяғында жоңғар хандығын жойып, өз мекендеріне қазақтардың қайта қоныстануына рұқсат беріп, оларды бағыныштылықта ұстағысы келген Қытайдың жергілікті өкімет орындары болса, екінші жағынан, 1814 жылы қазақтарға қарайтын Ташкентті басып алу арқылы, оларды өз ықпалына түсірмек болған Қоқан хандығы тұрды.  Аталған екі мемлекеттің Қазақстанға салған назарлары Ресей империясының стратегиялық маңызы бар өлкеге басып кіруіне кедергі жасады. Осыған байланысты патша өкіметі Қазақстанды бағындыруда әр-түрлі іс-шаралар мен айла-амалдарды  кең қолданады. 

Олар бірінші кезекте Қазақстанның саяси тәуелсіздігінің қалдықтарын құртудан бастады.  Көрінекті зерттеуші М. Қойгелдиевтің сөзімен айтқанда «Ресей империясы Қазақстанды өзіне біржола қарату ісіне кіріскен сәтте, оның отарлау саясатының негізгі мақсаты, сондай-ақ ол мақсатты іске асыру құралдары қалыптасып қалғанын аңғаруға болады. Негізгі мақсаты - бар байлығымен қазақ жерлерін иемдену болса, ал бұл мұратты іске асырудың басты құралы етіп, онсыз да толық қалыптасып және қатайып үлгермеген қазақ қоғамындағы мемлекеттік құрылымды біржола жойып, сол арқылы ұлттық тұтастық пен саяси бірліктің нығаюына мүмкіндік бермеуді таңдап алған еді» дейді.

Қазақ қоғамын ыдыратуды мақсат тұтқан орыс әкімшілігі талай рет сыннан өткен «бөліп ал да, билей бер» деген «қитұтырқы» саясатты іске асырып, қазақ руларын бір-біріне айдап салады. 1915 жылы шыққан қазақтың «Айқап» журналының №1 санында отарлық саясаттың нағыз бет-пердесін былай деп ашқан: «Екатерина патшаның Орынбор және Сібір генерал-губернаторларына шығарған жарлығында:

1) Қырғыз-қазақ халқының бір рубасыларын екінші рубасыларымен араз етіп, бірінің етін бірі жеуге себеп болыңыз;

2) Сұлтандарын бір бірімен иттей тартысатындай іс қылыңыз;

3) Қырғыз-қазақтың басшы адамдарын сұлтандарымен араз қылып, сұлтандарын өз қол астындағы  ақсақал адамдарымен араз қылыңыз. Араларына от түскен уақытта жанып кетердей көкір-сөкірлерді даярлай беріңіз. Осылайша араларына от тұтатып, береке бірлігін алсақ, өзара азып-тозғандықтарынан қазақ жұрты бөтен патшалықтың қол астына көшіп кетуге немесе бізге қарсы шығуға еш дәрмені болмас. Өз-өздері қырылысып, жеңілген жағы жеңген жағынан өш алу үшін Ресей патшалығынан қорған іздер. Сол уақытта Ресей үкіметі араларына төре болып, екі жағын кезекпен қуаттап тұруы керек. Түрлі амалдармен сұлтандардың күшін кетірсек, өзімізден озып ешқайда кете алмас» дейді. 

 

- Сонымен бұл қитұрқы саясат толығымен жүзеге асты дейсіз ғой?

 

- Әлбетте солай болды. Ресей патшалығының бұл амалына қазақ-қырғыз алданып тұзаққа түсіп, араларында күнде соғыс, күнде барымта, күнде тартыс болып, аттан ат, қазақта намыс қалмады. Осы күнге дейін де үш ру араларында татулық жоқ.  Үкімет айлалы болып қазақты өздерінің ойлаған амалына түсіріп алды.  Сөйтіп, береке-бірлігін кетіріп әбден  әлсіретті. 

Патшаның жарлығын саяси құрал ретінде пайдаланған орыс шенеуніктері қазақтарды бағындыруда аянып қалмады. Алдымен Орта жүз қазақтарын жаулап алып, отарлаған патша өкіметі, оларды Ұлы жүз қазақтарына айдап салып, өз мүддесіне пайдаланады. Атап айтқанда, олардың арасында ертеден келе жатқан жер дауын ушықтырып, орталарына от тастап, бір бірімен жаудай соғыстырды. Нәтижесінде қазақтар өзара қырылып, малдарын барымталап, бітіспес жауға айналды. Осыны шебер пайдаланған орыстар қарамағындағы қазақтарды қорғаймыз деген сылтаумен, Орта жүздің ханы Бөкейге «әскери көмек» береді, сондай-ақ  «ерекше» қарулы атты әскер жасақтап, Ұлы жүздің ауылдарын шабуға аттандырады. Орыстардан қару-жарақ, әскер алған наймандар жалайырларды қырғынға ұшыратады. «Ілгері уақытта,- деп ашына жазады жалайырлардың сұлтаны Сүйік Абылайханов  Батыс-Сібір генерал-губернаторына жіберген хатында, - наймандар малдарымызды ғана барымталайтын, ал соңғы уақытта үйлерімізді тонап, ұлдарымыз бен қыздарымызды тартып әкетуде» дейді. Орта жүзбен болған тең емес талас-тартыста Ұлы жүздің рулары ауыр соққының астында қалып, тоз-тозы шығады. Бұл жағдайды өз пайдасына шешуге тырысқан патша өкіметі сәті келді деген оймен татар саудагерлерін арнайы нұсқаумен Ұлы жүз руларының ауылына жібереді. Патша өкіметіне көп уақыттан бері қызмет жасайтын татар саудагерлері мен молдалары қазақ даласында орыс билігін насихаттайтын құралға айналып, «Орыс, патша, Ресей» деген түсінікті қазақтардың санасына сіңіріп, орыстарға бағындыру үшін көптеген қызметтер атқарады. 

 

- Қазақтардың отарлыққа белшесінен батуға татардың указной молдаларының да жасаған ықпалы мол болды ғой?

 

- Иә. Татар өкілдерінің орыс саясатының құралына айналуы ІІ Екатеринаның патшалығынан бастау алады.  Ол 1784 жылы 27 қарашада Сібір және Уфа генерал-губернаторларына жарлық шығарады. Онда «Қазақтардың әр түрлі руларына молдаларды тағайындау біздің бұрынғы жарлықтарымызды іске асыруға көмектеседі. Оларды бізге шын берілген қазан татарларынан іріктеңіздер. Қызметке жіберер кезде жақсылап нұсқау беріңіздер. Берілген нұсқауларда татарлар қазақтарды орыстарға берілген рухта тәрбиелеуді, шекараларда жиі-жиі болатын тәртіпсіздіктердің алдын алуды естен шығармауы керек. Бұл татарлардың жол шығынын төлейтін болыңыздар, ерекше көзге түскендеріне сый-құрмет көрсетіңіздер»- деп татарлардың міндеттерін белгілейді. Татар өкілдері  қазақ даласында үгіт-насихат жүргізумен қатар тыңшылық кәсіппен айналысып, қазақтар мен Қоқан хандығында және Қытай  патшалығында болып жатқан саяси жағдайларды және әскери күш-қуаты туралы мәліметтерді орыстарға уақытында жеткізіп тұрған  қызметтері үшін көптеген жеңілдіктер мен ақшалай сыйлықтар алып отырған. Қазақтардың сеніміне кіріп, «екіжүзді» саясат ұстап, орыстардың «шашбауын» көтерген татар өкілдеріне наразылық білдірген қазақтың белгілі демократ-ағартушысы Шоқан Уәлиханов орыс әкімшілігіне былай  деп хат жазған. «Қазақ даласын татарлардан тұратын Орынбор муфтилігінен бөліп, молдалыққа тек жергілікті қазақтар мен қожалардан тағайындап, Орта Азиядан шыққан ишандар мен қожаларды және татар семинаристерін қазақтардың қонысында мекендеуіне тыйым салу қажет» дейді. Қазақ ауылдарына орыстардың арнайы нұсқаумен келген татар саудагерлері жоғарыда баяндалған міндеттерді  іске асыруға жедел  кіріседі. Қазақ ауылдарының арасында сауда-саттық жасап, қазақ сұлтандарының сеніміне әбден кірген татарлар сұлтан мен оның билеріне Ресей билігін насихаттап, елге тыныштық тек қана Ресейдің қол астына өткен жағдайда ғана орнайтынын, Орта жүз қазақтары тартып әкеткен ұлдары мен қыздарын, малдары мен дүние-мүлкін орыстар ғана алып беріп, олардан қорғайтынын ұдайы насихаттаумен болады.  Осылайша орыс әкімшілігінің дем беруімен болған Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының арасындағы тұтанған руаралық жанжал, қазақ билеушілерінің татар саудагерлерінің ұсынысын қабыл алуына, сөйтіп орыс патшасына «қазақтарды Ресейдің қол астына алуы» туралы және оларды өз қандастарынаң қорғауы жөнінде өтініш жазып, орыс билігін мәжбүрлікпен қабылдатады. Қазақ билеушілері бұл шешімге жеке өздері емес, қазақ ру басылары мен билерімен және қоғамдық пікірмен санаса отырып келген еді. Ол уақытта қазақ қоғамында белгілі институттар мықты болғандықтан сұлтандардан бастап хандарға дейін билікті жеке-дара  жүргізбей, кез-келген мәселені елдің игі жақсыларымен бірге жиындар мен мәслихаттар арқылы шешкен еді.

Сұлтандардың Ресейдің билігін «өз еркімен» мойындауы қазақтардың басқа да руларына орыс әскерінің көмегімен билігін орнатып, хан болуды көксеген деген пікірді орыс деректанушылары мен империалистік дерттен арыла алмаған кеңес идеологтарының Ресейдің отаршылдық саясатын бүркемелеу үшін қалыптастырды. Себебі хандар мен сұлтандар қазақ мемлекетінің негізгі тірегі болғандықтан, оларды әшкерелеп, жеккөрінішті ету арқылы қазақ халқының  санасынан біржола өшірсе, онда болашақта да  қазақ халқы олардан теріс айналып, хан, сұлтан, билеуші деген ұғымдардан бас тартып, бір мемлекеттің аясына бірікпес деп ойлады. Сонымен қатар орыс идеологтарының тағы бір арам ойы қазақтың орысқа бағынуына патша өкіметінің еш қатысы жоқ, қазақ билеушілерінің өздері келіп жалынған деген түсінік жатты. Соның нәтижесінде Абылай мен Кенесары сияқты хандарды қазақ халқын қанаушы, Әбілхайыр хан және тағы басқа сұлтандарды өз пайдалары үшін орыс билігін «өз еркімен» мойындап, орыс әскерлерін қазаққа өз билігін сақтап қалу мақсатында шақыртқан деген көзқарасқа әкелді. Алайда бәрі айналып келгенде, қазақ хандары мен сұлтандарының орыс билігін мойындауына патша өкіметінің отарлық саясаты мәжбүрлегенін көптеген деректер растайды. Сол деректердің біріне назар аударсақ онда былай делінген. «Қазір үйсіндер мен наймандардың арасында үлкен жауластық жүріп жатыр»  деп жазады Сүйік Абылайханов.  Омбы облысының бастығы Броневскийге,  «Біз Сізден қастық ойлаған наймандардың бетін қайтаратын орыс әскерін күтудеміз. Мүмкіндік болса, маған 100 немесе 200 әскер жіберсеңіз наймандардан қорғанар едік. Әйтпесе, біздің қазақтар жаппай көшуге дайындалып жатыр. Мен болсам ұлыстармен бірге көшуге немесе Қараталда жалғыз қалу туралы әлі шешімге келген жоқпын. Өтінемін, тездетіп әскер жіберіңіз» дейді. 

Мінекей, біз Сүйік Абылайханов сұлтанның осы хаты арқылы орыс әскерін дәстүрге сай әкесінен балаға мұра ретінде қалатын сұлтандық лауазымын сақтау үшін емес, жалайырларды орыстардың арандатуымен шапқыншылық жасаған наймандардан аман алып қалу мақсатында шақырғанын көреміз. Ал оған екінші дәлел 1818 жылы 12 қазанда Батыс Сібір генерал-губернаторы Глазенаптың Сүйік Абылайхановқа жіберген №297 хаты бола алады. «Сіздің көмекке сұраған казак әскерлеріне келетін болсақ, біздің шептен жылына екі рет сіздердің қоныстарыңызға дейін сауда керуендерін күзететін казак әскерлері аттанады. Казак әскерінің командиріне берілген нұсқау бойынша, олар сіздерді наймандардың тонаушылық әрекеттерінен сақтап, алдын алу шараларын ұйымдастырады» делінген. Осыдан-ақ  тарихымызда қалыптасқан қазақтардың орыс билігіне «өз еркімен» кірді деген пікірдің қаншалықты қисынсыз екендігін, оған енді  барынша басқаша көзқараспен қарайтын уақытың келгендігін шын түсінуіміз керек шығар…

 

-Тұщымды әңгімеңізге көп-көп рақмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?