Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жас тарихшылар халықаралық конференция ұйымдастырды

2526
Жас тарихшылар халықаралық конференция ұйымдастырды - e-history.kz

2022 жыл 28 қазанда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында жас тарихшы-ғалымдардың ұйымдастыруымен «XVIII-XIX ғғ. қазақ хандарының, сұлтандарының және батырларының өмірі мен қызметі жаңа деректерде: зерттеу проблемалары» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.  

Конференция соңғы жылдары ресейлік архив қорларынан алынған жаңа тарихи деректер, соның ішінде қазақ даласының бірқатар тарихи тұлғалардың Ресей билігімен ресми хат алмасу бойынша жазылған құжаттарын ғылыми өңдеу негізінде XVIII-XIX ғғ. Қазақстан тарихының белгісіз аспектілерін зерттеуді өзектендіруді мақсат етті. Шара барысында тарих, тарихнама, деректану, сонымен бірге жаңа замандағы Қазақстан тарихының проблемалары бойынша жаңа зерттеу нәтижелерімен бөлісу міндеттері анықталған еді. Қойылған баяндамалар келесі өзекті мәселелерді талқылауға бағытталды: XVIII-XIX ғғ. билеуші элитаның өмірі мен қызметін зерттеудегі теориялық-методологиялық проблемалар; XVIII-XIX ғғ. тұлғалар тарихы бойынша жаңа деректер; жаңа замандағы Қазақстан тарихының проблемалары.

Ғылыми шараға ғалымдар, тарихшылар, шығыстанушылар, архивистер, академиялық институт, ЖОО өкілдері, білім беру саласының қызметкерлері, соның ішінде шет елдерден -  Түркия, Ресей, Қырғызстан, Қалмақ елінен мамандар және БАҚ өкілдері қатысты. 

Конференция жұмысы Институт директоры З.Е. Қабылдиновтың құттықтау сөзімен басталды. Сонымен қатар Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ә. Қара және институттың Бішкек қ. филиалының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Р. Байдилдеев құттықтауларын жеткізіп, конференция тақырыбының өзектілігі туралы ойларымен бөлісті. Институтыың бас ғылыми қызметкері, профессор М.Ж. Әбдіров қазақ арасынан шыққан Ресей офицерлері мен генералдары туралы баяндамасымен конференцияның негізгі бөлімін ашты. Ресей Ғылым академиясы Қалмақ ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.д. В.Т. Тепкеев қазақтар туралы XVII- XVIII  ғғ. ойраттың  әдеби-тарихи ескерткіштері туралы баяндамасын жасады. Профессор О.Х. Мұхатова жаңа замандағы Қазақстан тарихын зерттеу проблемаларына тоқталып, тарихнамадағы зерттеу бағыттарына, ерекшеліктеріне тоқталды. Қарастырылған кезең бойынша зерттелінген және зерделеуды қажет ететін мәселелер шеңберін айқындап берді. Қырғыз ғалымы, Т.Қ. Чоротегин Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің Аймақтану және қырғызтану кафедрасының профессоры ХІХ ғасырдағы қырғыз-қазақ мәдени байланыстарының тарихы туралы Шоқан Уәлиханов пен Арстанбек Буйлашұлы мысалында ғылыми баяндамасын жасады. Екі ел арасындағы достық, оның тарихындағы ортақ мәселелерге назар аударды. Профессор С.М. Борбасов «Қожаберген Жәнібекұлы – Абылай ханның сенімді серігі және сардары» атты баяндама жасап, ауызша деректерден қызықты мәлеметтерді келтіріп өтті. Ал тарих ғылымдарының кандидаты Ә.Қ. Шашаев Әлмерек батырдың өмірі туралы айтып, оның қазақ-жоңғар соғысындағы ерлігін ашып жеткізді. Тарихшы Р.Е. Оразовтың баяндамасы  Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрестің соңғы кезеңі және жеңілу себептеріне арналды. Ол Кенесары тұлғасының, қызметінің тарихы мен зерттелу проблемаларын жетік меңгергенін көрсетіп, қазақтың соңғы ханы туралы жан-жақты деректер мен тың мәліметтер келтірді. Тарих магистрі А.Д. Арепова болса, XVIІІ ғ. қазақ-башқұрт қатынастарының даму ерекшеліктеріне, екі елдің ара қатынасының бұзылу себептеріне тоқталып өтті. Жас тарихшылар да конференция жұмысының барысында белсенділік танытты. Тарих ғылымдарының кандидаты Т.Ә. Рысқұлов қазақ қоғамындағы сұлтандар институтының эволюциясы, яғни оның пайда болу, тарихи даму және жойылу меселелерін ашып берді, Анкара университетінің PhD докторанты О.Б. Қуанбай дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері Құлсары батырдың өмірі мен қызметіне ресейлік архив деректері негізінде талдау жасады, ал А.С. Тылахметова Абылай ханның Ресей империясымен және Орта Азия елдерімен қарым-қатынасына тоқталып, архив деректерінен қызықты мәліметтер келтіріп,  зерттеу қорытындыларымен бөлісті. 

Сонымен қатар конференция жұмысының барысында «Жизнь и деятельность казахских ханов, султанов, батыров XVIII в. – первой половины XIX в. Сборник архивных документов и материалов» атты архив жинағы және үш тілде жарық көрген «XVIII ғ.- XIX ғ. бірінші жартысындағы қазақ хандарының, сұлтандарының және батырларының өмірі мен қызметі (ресей архивтерінің деректері негізінде)» ұжымдық монографиялардың тұсаукесері жасалды. 

Жинақ ресейлік архив құжаттары мен материалдарынан құрастырылған. Басылымда Ресей Федерациясының:  Омбы облысының тарихи архиві, Орынбор облысының біріккен мемлекеттік архиві, Ресей империясы сыртқы саясаты архиві, Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архиві, Ресей мемлекеттік тарихи архиві, Ресей мемлекеттік ежелгі актілер архивінің XVIII ғ. – XIX ғ. бірінші жартысындағы қазақ хандарының, сұлтандардың, батырлардың және басқа да әлеуметтік топтардың өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар ұсынылған.

Ал монографияда XVIII ғ.–XIX ғ. бірінші жартысындағы қазақ хандарының, сұлтандарының және батырларының өмірі мен қызметінің беймәлім қырлары Ресей архивтерінің құжаттары мен материалдары негізінде қарастырылған. Мәселені зерттеудің теориялық-методологиялық негіздері, тарихнамасы мен деректеріне шолу жасалып, қазақ қоғамындағы хандық билік, сұлтандар және батырлардың институттары зерделенген. Абылай, Уәли және Кенесары хандардың қызметі, жүргізген ішкі және сыртқы саясаттары, сонымен қатар қазақ сұлтандарының қоғамдағы қызметі, көрші мемлекетермен қарым-қатынастағы рөлдері зерттелген. Сырым, Құлсары, Саржан, Есет, Жанқожа, Жоламан батырлардың тұлғалық сипаты мен қызметі архив деректері негізінде сараланыпты. Бұл жас ғалымдар  тарапынан XVIII ғ.–XIX ғ. бірінші жартысындағы қазақ хандарының, сұлтандарының және батырларының өмірі мен қызметін зертеуге қосқан үлесі болып табылады.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция соңында қарар қабылданып, жоғарыда тұсаукесері жасалған еңбектерді кітапхана, архив, музей, ғылыми зерттеу ұйымдарына  сыйлау туралы, сондай-ақ конференция материалдарын жинақтап, электронды түрінде жариялауға ұсыну жайлы т.б. шешімдер қабылданды. 

Н.Н. Құрманалина

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы 

Тарих және этнология институтының

ғалым хатшысы, PhD

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?