Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Елтоқ Ділмұхамедовты ел біле ме?

1781
Елтоқ Ділмұхамедовты ел біле ме? - e-history.kz

Қазақтың арғы-бергі тарихын шаң басқан мұрағаттан ақтарып, кейінгі ұрпаққа мұра ретінде қалдырған тарихшылар баршылық. Солардың бірі һәм бірегейі Елтоқ Ділімбетұлы Ділмұхамедов болатын. Алайда «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтірілісі» деген сүбелі еңбек жазған Елтоқ Ділмұхамедовты ел біле ме? Қылышынан қан тамып тұрған Совет заманында Сталиннен қаймықпай Хан Кене туралы монография жазу ерлікпен тең болатын. Міне осы ерлікті Елтоқ Ділімбетұлы қамал алар қырық жасында жасады.

«Елтоқ Ділімбетұлы Ділмұхамедов 1903 жылы 21 қыркүйекте Шымбай уезінің Көккөл болысының Көккөл ауылында (қазір Қарақалпақ АКСР Бірінші май совхозы) дүниеге келген. Елтоқтың кеңес уақытында алған төлқұжатында осылай жазылған.

Ал отбасының тарихы бойынша Елтоқ мал төлдейтін мезгіл – көктемде туған. Бұл жылы егін шықпай, халықты аштық жайлаған екен. Бала әлсіз болып туылғандықтан, оның адам болып кетуі екіталай-тұғын. Осы мерзімде үй иесінің қойы егіз қозы табады, бұл, әрине жақсылықтың нышаны еді. Ата-анасы жаңа туған баланы егіз қозының ортасына жатқызады, сәби жылынып, тыныштанады, бойын көтере бастайды. Сондықтан да әкесі Ділімбет Қондыбайұлы баласы туған күні Көккөл аулының қарияларын жинап алып, кеңесе отырып, еліміз тоқ болсын деп ырымдап, Елтоқ деген ат қояды.

Елтоқ Ділмұхамедовтың әкесі Ділімбеттің отбасы көп балалы еді. Ділімбеттің әйелі үш рет егіз бала туды. Дүниеге келген 22 баланың ең кенжесі осы Елтоқ.

Елтоқтың балалық шағы негізінен өзінің төрт ағасы Жолыш, Наурызалы, Патулла, Елубай мен апасы Зылиқаның ортасында өтті.

Отбасында көп бала болғандықтан, олар ұжымдық рухта, бір-біріне қамқорлық жасап, қолдау көрсетуге тәрбиеленді, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарауды үйренді. Балалардың бәрі жасынан жұмысқа орналасуға тиіс болатын: ең үлкен ағасы Жолыш Арал теңізінің Мойнақ аралындағы балық кәсіпшілігінде жұмысшы боп істеді. Елубай ағасы әртүрлі байларда малай боп жүрді. Патулла үйдегі шаруашылыққа көмектесті. Отбасындағы шаруаның негізгі ауыртпалығы соның мойнында болды: жаздыкүні жер жыртты, егін салды, егін суарды, шөп шабумен, астық жинаумен тағы басқа жұмыстармен айналысты.

Наурызалы ауыл мектебінде, одан кейін Қарақұм медресесінде оқуға тиіс болатын. Әкесі бар баласын оқытуға қарсы емес еді, бірақ Наурызалыдан басқасының оқуға ынтасы болмады. Әкесі шаруаны ұқсату, шыдамдылық, беріктілік, еңбектің зейнетін түсіну сияқты жақсы қасиеттерді балаларының бойына жастайынан сіңірді.

Көккөл поселкесінде негізінен қарақалпақтар мен қазақтар тұратын. Олар өздерін жақын деп қана емес, туыспыз деп есептейтін, оның үстіне екі халықтың тарихи, мәдени, тілдік, аймақтық және саяси ортақтығы астасып жататын. 

Көккөл қарақалпақтары мен қазақтарының достығы еңбекте де, олардың бірлескен демалысында да нығая түсті. 

Қай ортада болмасын, қонаққа шақырысу, достық көңілде әңгіме-сұхбат өткізу, ақыл айтысып, пікір алмасу дәстүрі кеңінен тарады.

Көккөл ауылдындағы мәдени орталық – медресе болатын, медресе діни қауымның ғана емес, сонымен қатар қазіргі 10 жылдық білім көлеміндегі білімі бар зиялы мамандардың да ошағына айналды. 

Оқитындар саны діни де діни емес те білім алғысы келген тұрғындардың әртүрлі тобынан құралды. Дегенмен медресе заманауи орта мектепке сәйкес болғандықтан, оған түсу үшін бастауыш мектеп шеңберіндегі дайындық қажет болатын. Сондықтан медресе балаларына бастауыш білім беруге мүмкіндіктері бар тұрғындардың әлеуметтік жағдайлары жоғары ортасынан шыққандарды көбірек оқытып, кедей балаларын көп қабылдаған жоқ. Мұғалімдер мен оқушыларды асырау үшін барлық қаржы тұрғындар мен оқушылардың ата-аналарынан мал, ақша мен тамақ өнімдері түріндегі өз еркімен берген жәрдемінің есебінен түсіп тұрды. Оқу негізінен қыркүйек пен мамыр айлары арасында жалғасты, жазда балалар каникулға шығатын.

Елтоқ Үлкен ағасы Наурызалыға тамақ тасып тұру үшін ол оқитын үйден 10 шақырым жердегі Қарақұм медресесіне барып кеп жүруге мәжбүр болатын. 

Қарақұм медресесінің оқушылары каникул уақытында, яғни мамырдан қыркүйекке дейінгі аралықта көшпелі қазақтардың балаларын оқыту үшін Қоңырат қаласынан Гурьев қаласына дейін Үстірттегі көшпелі қазақ ауылдарына баратын. Жағдайлары жақсы ата-аналар мұғалімдерді әртүрлі сыйлықтармен, яғни малмен және заттармен марапаттайтын.

– Әлі есімде, – дейтін Елтоқ аға, – үлкен ағам Наурызалы адайлардың көшпелі қазақ ауылынан екі түйе мен аздаған киіз алып келген. Бұл медресені бітіргендер де Қарақалпақстаннан Үстіртке дейінгі, Гурьевтен Орынборға дейінгі  шалғай да жақын ауылдарға барып дәріс берді.

1916 жылы Елтоқтың ата-анасы туған жерлері Көккөлден кетуге мәжбүр болды. Туған жерден аластауға ІІ Николай патшаның 1916 жылғы 25 маусымда империалистік соғыс майданындағы әскерлер тұрған аудандарда қорғаныс ғимараттары мен әскери жолдар салу үшін бұратана халықтардан 19 бен 43 жас аралығындағы ер адамдарды тарту туралы жарлыққа қол қоюы себеп болды. Патшаның бұл жарлығына қарсы болған халық Шымбай уезінде және Шымбай қаласында наразылық көтере бастады. Учаскелік жасауыл Микельджанянц өлтірілді.

Көккөл ауданының болыс билеушісі Тоқымбет Қошанов менің әкеме Патулланың империалистік соғыс майданының тылдағы жұмысына жөнелтілетіні жөнінде хабарлады, – деп әңгімесін жалғастырады Елтоқ аға, – әкем оның бұйрығын орындаудан үзілді-кесілді бас тартты, басқа ата-аналар да ұлдарын майданға жіберуге қарсы шықты. Жергілікті билік зорлық шараларын қолдана бастады. Нәтижесінде Көккөл ауылында халық көтерілісі орын алып, ел туған жерлерін тастап көше бастады. Елтоқтың ата-анасы Амударияның жағасына, одан Ақтөбе облысына Бестамақ станциясына, қазіргі Алшын ауданының Горький атындағы кеңшарына қарай көшті, ол жерге 1914 жылы тұрмысқа берілген қыздары Зылиха, туыс ағайындары Тәжібаев Көшенбай мен Есмағамбетов Мұхим тұратын. Отбасы бұл жерге көшіп келгенде, өкінішке қарай, қыздары мен күйеу баласы сүзектен қайтыс болған екен. Олар туыстары Тәжібаевтардың үйінде уақытша тұрды, одан кейін қысқы уақытта жұмыс күшін қажет етіп отырған Елжан Итесов байдың үйін паналайды.

1919-1920 жылдар Ресейде де, Орта Азияда да бүкіл әлемге әйгілі болған қоғамдық күйзеліске тап келген аштықпен, сүзекпен байланысты болды. Қапас уақыттың түнерген бұлттары Мұғалжар мен Торғай аймақтарынан бастау алып, Арал теңізіне дейін созылды. Осы қиыншылық кезеңде, яғни 1918 жылдың қысында Елтоқтың ата-анасы Елжан Итесов байдың босағасында жүріп, аштықтан өледі.

Қоғамдық қауіптің төніп келе жатқанын сезген әрі өзінің бай ошағының тыныштығын іздеген билік тап иелері өз босағаларында жүрген қызметкерлерді, малайлар мен жұмысшыларды қуа бастады. Өмір сүретін еш жағдайы жоқ, басында баспанасы болмаған жасөспірім Елтоқ Ділімбетұлы сорлаған бейшара күйде қала берді» делінеді деректерде.

Елтоқ Ділімбетұлы тұрмыстың ауыр кезеңдерін бастан өткеріп, байларға жалданып жан сақтайды. Алайда ол білім жолына түсіп, өзінің болашағы үшін күреседі. 

«1921 жылы Елтоқ ағасы Наурызалымен бірге Қоңыраттан сол кездегі Хорезм Кеңестік Республикасының астанасы Хиуаға келеді. Мұнда ол Хорезм Кеңестік Республикасының Орталық атқару комитетінің қазақ-қарақалпақ бөлімінің қызметкері коммунист Бадраддин Сидрасуловтың көмегінің арқасында  кешкі сауат ашу мектебінде оқуға мүмкіндік алады. 1922 жылы сауатын ашқаннан кейін 19 жасар Елтоқ В.И.Ленин атындағы тоғыз айлық кеңестік партия мектебіне түседі. Осы жерде комсомолдар қатына алынады, ал 1924 жылдың 1 мамырында Лениндік үндеумен партия қатарына кандидат атанады.

Елтоқ Ділімбетұлы 1924 жылдың қаңтар-ақпан айларында қоршалған қала ішінде кеңестік Хиуаға қарсы Джунаидханның контрреволюциялық шабуылын талқандауға белсене қатысады. Қоршаудан құтылғаннан кейін 1924 жылдың ақпанынан мамыр айына дейін қаруланған еріктілердің қатарында ол қашлақтар мен аудандарда басмашылықтың қалдықтарын жоюға қатысады. 

Майданнан оралғаннан кейін кеңестік партия мектебін аяқтап, сол жылдың шілде айында ол Ходжейлі қаласына жұмысқа жіберіледі. Мұнда Елтоқ Ділімбетұлы қыркүйек айына дейін Қопалы ауылында (қазіргі «Ленинизм Байрамы» колхозы) партия ұйымында хатшы болып істейді, одан кейін Ташкентке оқуға жіберіледі. 1924 жылдың қазанынан 1930 жылдың мамырына дейін В.И.Ленин атындағы Орта Азия Коммунистік Университетінің студенті болады. 1925 жылдың 16 желтоқсанында оны БК(б)П мүшелігіне қабылдайды. 

1927 жылы Елтоқ Ділімбетұлы Қарақалпақ АКСР Қоңырат аудандық партия комитетіне бір жылдық тәжірибе жұмысына жіберіледі. 1928 жылдың тамызында ол Ташкентке қайтып келіп, 1930 жылы университетті тәмамдайды.

ОАКУ-ды аяқтағаннан кейін 1934 жылға дейін Қызылорда өлкелік, Қостанай облысаралық партия мектептерінде партия тарихынан сабақ береді, одан кейін Ақтөбе жоғарғы коммунистік ауыл шаруашылық мектебінің доценті болады.

1934 жылы БК(б)П ОК оны Ташкентке Орта Азия жоғарғы коммунистік ауыл шаруашылығы мектебіне ауыстырады. Мұнда ол доцент бола жүріп, Ташкенттің марксизм-ленинзм институтының тыңдаушысы болады. Аталмыш институтты аяқтағаннан кейін 1938 жылы Шымкент қаласындағы партактивтің облыстық курстарында және 1939-1940 жылдары Ташкентте Өзбекстанның БК(б)П ОК партиялық курстарында марксизм-ленинизм негіздері кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істейді. 1942 жылдың тамызынан 1947 жылдың тамызына дейін ол Ташкент медициналық институтының марксизм-ленинизм кафедрасына жетекшілік етеді. Сол жерден Қазақстан КП Ок-нің қолдаухаты бойынша ол Қазақстанға ауыстырылады және Қазақ КСР ҒА тарих, археология және этнография институтының аға ғылыми қызметкері болып жұмыс істейді», - деген деректер бар.

Сондай-ақ Елтоқ Ділімбетұлы 1928-1929 жылдары Ташкентте ОАКУ қазақ-қарақалпақ студенттерінің әдеби үйірмесінің старостасы болады. Бұл үйірмеге кезінде Мұхтар Әуезов, одан кейін Сәкен Сейфуллин жетекшілік еткен болатын.

«Сәкен Сейфуллиннің тікелей көмегімен оның бірнеше өлеңі газет беттеріне, фольклорлық жинақтарда жарияланды. Сол кездері Қазақстан мен Қарақалпақстанның кеңестік әдебиетінің мінездемесі туралы әдеби жарыссөздерге (таластарға) қатысты, оның жекелеген пікірлері (сөздері) баспа бетіне шықты, атап айтқанда, қазақ-қарақалпақ студенттерінің «Кедей айнасы» журналына басылды (1924 жыл, №4). Елтоқ Ділімбетұлы Өзбекстанның кеңестік жазушылар одағының әдеби журналында Абай Құнанбаев пен Жамбыл Жабаев туралы ғылыми мақалалар жазды. 

Қазақстанның әдебиеті мен мәдениеті жайлы баяндамалар жасады («Өзбекстанның кеңестік әдебиеті», 1935 жыл, №5, 1936 жыл, №6). Оның марксизм-ленинизм туралы көптеген мақалалары жарық көрді. Әдеби және педагогикалық жұмыспен қатар, 1941 жылдан бастап оның Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс тарихы бойынша ғылыми-зерттеу қызметі басталды. 1946 жылы Орта Азия Мемлекеттік Университетінде Ғылыми Кеңестің отырысында ол «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі» тақырыбы бойынша тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін иемденудегі диссертациясын табысты қорғап шықты. Бұдан кейін Елтоқ Ділімбетұлы 1947 жылы Ташкенттен Алматы қаласына келді», - делінген деректер.

Өкінішке қарай 1951 жылы Кенесары Қасымов қозғалысының феодалдық-монархиялық сипатта болды деп есептелуіне байланысты, оның алғашқы кандидаттық дисертациясы жарамсыз деп табылды. Осыдан кейін тарихшы Советтік идеологияның жағдайына икемделіп, тарихи еңбектер жазады. Алайда ол өзінің бұл еңбектерінің Кенесары ханға арналған монографияға жетпейтінін іштей білетін. Мұны біз Елтоқ Ділімбетұлына әйелі Ляля мен қызы Эльзаның естелігінен байқаймыз. Мысалы тарихшының жұбайы Ляля Лутфуллақызы өз естелінде:

«...1946 жылы біз Алматыға көшіп келдік. Күйеуім Ғылым академиясында жұмыс істей бастады, ол сол кезде тарих ғылымдарының кандидаты болатын. 1946 жылы Ташкентке «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың жетекшілігімен ХІХ ғасырдың ортасында болған ұлт-азаттық қозғалысы» тақырыбында диссертация қорғады. Алматыға ауысу арқылы көшіп келдік. Бір ғалым өзбек ағайын Өзбекстанға қайтатын болып, біз Қазақстанға қайтып келдік. ҚазКСР Ғылым Академиясының Президенті Қ.И.Сәтбаев, Тарих және археология институтының бөлім меңгерушісі Е.Бекмаханов болатын. Ермұхан Бекмаханұлы Ташкентте диссертациясын қорғаған кезде Елтоққа оппонет болған. Елтоқ оның жетекшілігімен үнемі жұмыс істеді. 

1951 жылы жалғанғылымдылық үшін қудалаулар, айыптаулар басталды. Бекмаханов өзінің докторлық диссертациясын Москвада қорғады, ол да Кенесары Қасымов бастауымен болған ұлт-азаттық қозғалыс туралы еді. Оның оппоненті академик Анна Михайловна Панкратова болды. Ол Сталинге де сабақ берген ірі ғалым болатын. Менің күйеуім мен Бекмахановты Москваға шақыртты, олардың кандидаттық, докторлық дипломдарын тартып алып, партия қатарынан шығарды. Бекмахановқа ұлтшыл және жалғанғылымды дәріптеген деген айып тағылып, оны үштік соттың шешімімен Сібірге, Қиыр Шығысқа жиырма бес жылға айдады. Елтоқты бала кезінен малай боп, байлардың малын баққаны үшін қатты соттаған жоқ. Оны партиядан, жұмыстан шығарды, біршама уақыт ол тығылып жүрді. Мен Жоғарғы партия мектебінің емханасында терапевт-дәрігер боп істедім. Дегенмен Елтоқ жалған ғылыммен айналысушы емес, нағыз ғалым ғой, өзінің «Қарағанды жұмысшыларының революциялық қозғалысы» деген жаңа диссертациясын жаза бастады.

Бекмаханов екі жыл отырды. Оның лагердегі нөмірі есімде жоқ. Әйелі Халимаға Қазақстанда қалуға болмайды деді. Ол шешесімен және екі ұлы Елмұхан мен Сермұханды алып Ташкентке кетті.

Екі жылдан кейін таңғажайып жағдайда Бекмаханов қайтып келді. Бұл 1953 жылы, Сталин өлердің алдында болатын. Оны құтқарған А.М.Панкратова екен, ол сол кезде КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болатын. Панкратова өзінің оқушысы болған Сталинге барған: «Қазақтың жас талантты ғалымы Кенесары Қасымов туралы ғылыми жұмысы үшін жиырма бес жылға айдауға жіберді, мен оның оппоненті болғанмын, оның жұмысын жазғанда өзім жетекшілік еттім, сондықтан өзімді оның тағдырына қатыстымын деп есептеймін. Онда мені не үшін Жоғары Кеңестің депутаты етіп тағайындадыңыз? Жас қазақ маманы ғана емес, менде кінәлімін», – деген екен. Сталин оған: «түсініктеме жазып беріңіз», мен «қарап шығамын депті». Панкратова бәрін егжей-тегжейлі жазып, өтінішін Сталинге береді» - деп жазады тарихшының жұбайы.

Ал бұл туралы әйгілі тарихшы Ермұхан Бекмаханов өз естелігінде мына бір қызықты деректі жеткізеді. 

«Мені келген ұшаққа отырғызды. Ұшаққа отырып жатып, мені енді ұшақтан лақтырады екен деп ойладым... Біз бірден Москваға МҚК-не ұшып келдік. Есікті бір солдат ашты, офицер көтеріліп келеді екен, мен есік аузында тұрып қалдым. Ол менің жаныма жақындап келіп: «Сәлеметсіз бе, Ермұхан Бекмаханұлы» деді. Екі жылда бірінші рет өз аты-жөнімді естідім. Айдауда тек нөмірмен атайтын. «Отырыңыз, сіз толығымен ақталдыңыз. Сіздің докторлық диссертацияңыз да қайтадан орнына келтірілді, жұмыс істей беруіңізге болады», – деді», -деп еске алады тарихшы. 

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, кинорежиссер Эльза Елтоққызы өз естелігінде әкесінің Кенесарыға қатысты монографияны қалай жасырғанын баяндайды. 

«Менің бала кездегі естеліктерім негізінен әкемнің кабинетімен байланысты, кабинетте беті папкалар мен қолжазбаларға толы жазу үстелі, үсті төбеге тірелетін шыныланған шкаф тұратын. Оның жанында жоғарғы сөрелерден кітап алуға арналған саты, әкемнің жасыл диваны мен жастықтың үстінде жататын көзілдірік. Марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларымен қатар, шығыстанушылар: В.В.Бартольдтың, А.Н.Бернштамның, Н.Я.Бичуриннің, Б.Г.Гафуровтың,  Л.Н.Гумилевтің, В.В. Радловтың, С.Ф.Ольденбургтің, Б.А.Литвинскийдің және т.б. іргелі еңбектері тізіліп тұратын. 

Біздерге жазу үстелі мен кітап сөресіне жақындауға немесе қандай да бір затты алып,  орнын алмастыруға қатаң тыйым салынатын. Тағы есімде қалғаны, көмір пеш, оның іші төбесіне дейін қиынды қағаздармен, газет қиындыларымен, шимайланған қағаздармен, көптеген қолжазбасы бар папкалармен толып тұратын. Осының бәрі – әкеміздің мұқият әрі жауапты зор еңбегінің дәлелі. Ол кезде әкем өзінің досы әрі пікірлесі Бекмахановпен бірге зардап шеккен кандидаттық диссертациясының орнына «ХХ ғасырдың басындағы (1900-1917 жылдар) Қазақстанның тау-кен жұмысшыларының революциялық қозғалысы» тақырыбындағы жаңа диссертациясын жазып жатқан болатын.

Біраз жылдардан соң, Қазақстан тарихы бойынша деректі фильмдер түсіру мүмкіндігіне ие болғанымда, мұражайлардың жоғары буын қызметкерлері менің Елтоқ Ділімбетұлы Ділмұхамедовтың қызы екенімді біліп, маған оның соншалықты еңбексүйгіш болғанын, табанды да мәдениетті болғанын айтып берді. 

Әкемнің Москвадағы тағы бір кездесуі есімде, сол 1973 жылы докторлық диссертациясын қорғауға келгені болатын. Әкем Жоғарғы Аттестациялық Комиссияның шақыруы бойынша келді. Біз КСРО ҒА қонақ үйінде жаттық. Сонда мен оның жұпыны бірақ өте ұқыпты киінгенін бірінші рет аңғардым. Қолын сермей, телефонмен таныстарымен сөйлесті. 

Әкем «ХІХ ғасырдағы Солтүстік және Орталық Қазақстандағы, тау-кен зауыты өнеркәсібі және жұмысшы табының қалыптасуы» тақырыбы бойынша еңбегін табысты қорғап шықты. Елуден аса ғылыми еңбектің және үш монографияның авторы.

Бірақ ол өзінің Кенесары Қасымов жорықтары туралы алғашқы ірі еңбегін қатты қадірлейтін. Оның бір данасын сақтап қалды. Ондаған жылдар бойы ол еңбек бірнеше рет жасырылды. Диванның астындағы орын сенімсіз болатын. Соңғы рет мен оны жертөледен, клеенкаға мұқият оралған, тосап құйылған банкалар мен бастырылған әрі үстінен құммен жабылған жерінен алып шықтым» - деп жазады  Эльза Елтоққызы.

Естеліктен байқағанымыздай тарихшы «ХІХ ғасырдағы Солтүстік және Орталық Қазақстандағы, тау-кен зауыты өнеркәсібі және жұмысшы табының қалыптасуы» сынды тақырыптардағы еңбекті амалсыз жазған. Оның ең басты құнды еңбегі 1946 жылы жазылып, қорғалған Кенесары ханға арналған монография болатын. Егер тарихшы батылдық танытып, Хан Кене тақырыбын көтермеген кезде біз Елтоқ Ділмұхамедов туралы білмес пе едік, кім білсін?

Суреттер: ғаламтор бетінен

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?