Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Архив және болашақ ұрпақ

3624
Архив және болашақ ұрпақ - e-history.kz

21 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде «Архив және болашақ ұрпақ» атты республикалық жоба басталды. Республиканың барлық өңірлеріндегі архивтер бір мезгілде балалар мен студенттер үшін  есігін айқара ашты. 

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің архивтер және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Борашев ашты.

– Ұлттық архив қабырғасында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Ашық есік күнінің басты мақсаты – мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев жариялаған Балалар жылы аясында балаларды архив құжаттарымен таныстыра отырып, жас ұрпақты ұлт тарихын  білуге тартып, насихаттау. Республикамызда бүгінгі таңда 218 республикалық, облыстық архивтер бар, барлығы бүгін дәл осы кезде өздеріңіздей жас жеткіншектердің архив жұмысымен танысуына мүмкіншілік туғызып отыр. Жалпы республикамыздың архивтік қорында 26 млн. бірлік архивтік құжат жатыр, олардың ішінде мемлекетіміздің тарихи фактілері мен оқиғаларын куәландыратын аса құнды құжаттар бар. Бұл құжаттар сонау 16-ғасырдағы ел тарихына қатысты, Абылайхан, Кенесарының көрші держава қытай, орыс мемлекеттерінің басшыларымен жазысқан хаттарынан бастап, кеңестер кезеңіндегі еліміздің басынан өткен түрлі жағдайлар осы архив құжаттарының ішінде жатыр. 

Оның ішінде саяси қуғын-сүргін, XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы ашаршылық, жастар қозғалысының тарихы, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің қалыптасуы туралы құжаттар бар. Сіздер ақпараттық-технологияны меңгерген жақсы мамандар болуларыңыз мүмкін, бірақ сіздердің бойларыңызда елге деген ұлтжандылық сезім, патриотизм болмаса ертең біздің елімізге пайдасы аз болады. Отанды сүю елдің жазба тарихымен танысудан басталады, – деді ол. 

Сондай-ақ Қуат Қаһарманұлы жас өрендер мен жиналған көпшілікке ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың арнайы лебізін оқып берді. 

 

Одан кейін Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова  сөз алып, балаларға мемлекеттің маңызды құжаттары сақталған архив жұмысының тарих пен қоғам өміріндегі ролі туралы, ұлттық қордағы елдің тарихы қалай сақталып, қалай пайдаланылатыны туралы айтып берді. «Бұл бірегей құжаттар құрамы фотоқұжаттық көрмелердің құрамына енгізіледі, оларды пайдалана отырып дәрістер мен мектеп сабақтары дайындалады» деді ол.

Қолжазбалар және сирек кітаптар қоры орталығы есепке алу, сақтау, көрме залының оқу залы ұйымдастыру бөлімінің бөлім басшысы Анар Баймағамбетова Мәдениет және спорт министрлігі архив ісі және құжаттарды басқару комитеті ұйымдастырған Ашық есік күнінің бұдан былай жыл сайын өтетінін, оқушыларды орталық бөлімдердің жұмыстарымен таныстыратынын айтты.

Жансерік Бейсенқұлов: 

– Реставрация және консервация бөліміндегі реставратормын. Қазір балаларға реставрация жұмыстары бойынша қысқаша шолу жасаймыз.  Реставрация дегеніміз бірнеше циклден тұратын процесс қой, соның ішіндегі екі процеске яғни ылғалды және құрғақ реставрацияға тоқталамыз. Келген кітаптар мен қолжазбаларды тазарту бойынша экскурсия болады және мастер класс өтеді. Мастер-класта құжаттардың жетіспеушілігін толықтыру бойынша жұмыс болады, бұл екі түрлі тәсілмен жасалады. Жапон қағазы және қолмен құю әдістерін көрсетеміз 

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Балалар жылы аясында өткізіп жатқан жобасы бойынша шамамен 9 мың оқушы контингентін қамтитын 400-ден астам түрлі форматтағы іс-шаралар өткізу жоспарланған. Астана қаласының № 30,59,90,51 және тағы басқа мектептерінен келген оқушылар  Ашық есік күні Архив қызметінің бағыттары бойынша экскурсия жасап, тақырыптық фотоқұжаттық экспозициялар мен көрмелерді аралады. Архив жұмысы туралы деректі фильмдер көрсетілді. Қазақстан тарихы, ұлттық салт-дәстүрге қатысты викториналық сұрақтарға жауап берді. 

Суреттер: Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінен

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?