Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қаракерей Қабанбай атындағы әскери марапат болу керек – Камал Әбдірахман

2369
Қаракерей Қабанбай атындағы әскери марапат болу керек – Камал Әбдірахман - e-history.kz

Бұған дейін «Қазақстан тарихы» порталында «Қаракерей Қабанбайдың дипломатиялық қызметіне мән беруіміз керек» деген тақырыпта журналист, мәдениет қайраткері Камал Әбдірахманның сұхбаты жарияланған болатын. Биыл 330 жылдық мерейтойы еліміз бойынша кең көлемде тойланып жатқан батырдың тұлғасы туралы мәдениет қайраткері салмақты ойын жеткізді. Ал бұл жолғы сұхбатта Қабанбай, Бөгенбай секілді батыр бабаларымыздың құрметіне орай әскери бекіністер мен орден, медальдар неге берілмейді? Сондай-ақ Қабанбай батыр заманында барлау жұмыстарын қалай жүргізді? Осы және өзге де сұрақтарды Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы Камал Әбдірахманға қойдық.

– Қабанбай батырдың соғыс тактикасына қатысты әр түрлі деректер айтылады. Мәселен «Құйрық жеу» соғысы, «Айқораланды» ұрысы немесе «Үлкәр жәрік» соғысы деген секілді. Жалпы батырдың соғыс жүргізудегі қандай айла-тәсілдері болған?

– «Құйрық жеу» соғысы, «Айқораланды» ұрысы және «Үлкәр жәрік» деген атаулар Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп қияннан өзіме дейін» деген кітаптағы ойдан шығарған дүние. Қазақта жорыққа шығатын қолды маңдайалды, оң және сол жақ қол деп үшке бөлген. Шын мәнісінде әр соғыстың жер және тағы да басқа жағдайына байланысты әскери тактикасы өзгеріп отырған. Мәселен 1730 жылғы Аңырақай соғысы қазақ пен қалмақтың арасындағы ең шешуші шайқас болды. Екі жақтан соғысқа 30-60 мың адам қатысқан деген әңгіме айтылады.

Аңыздарда осы соғысқа дейінгі хан кеңесінде мынадай әңгіме болған екен дейді. «Соғысты қалай бастап, қалай аяқтаймыз» деген кезде Қабанбай «Бұл соғыстың ең қауіпті тұысы қалмақтың сүйреп келе жатқан зеңбірегі. Сондықтан біз зеңбіректі бөліп тастайтындай және созатындай амал қарастыруымыз керек. Осы себепті бізге кірер жағы етектей, шығар жағы қуықтай жер табу керек» депті. Міне әскери тактика деген қайда жатыр? Сонда Хангелді батыр «Ондай жерді білемін. Мына жақта Аңырақай деген жер бар. Бір жағы жартасқа, екінші жағы көлге тіркеледі» депті. Қазақтың қолы Аңырақайға қозғалғанда оның артынан қалмақта жүріп отырады. Осы арқылы қалмақтың зеңбірегін жойып, жерді созу керек болады.

Генерал лейтенант Абай Тасболатов Қаракерей Қабанбай батыр және сол кездегі қазақ атты әскерінің тактикасы мен стратегиясы туралы бір жігіт кандидаттық диссертация қорғады деп айтып еді. Біздің соғыстың барлығы дерлік далалық және атты әскер соғысына лайықталған деп ойлаймын. Әйтсе де бізде аз да болса жаяу әскер болған. Ата-бабаларымыз кез келген соғыс тактикасын осы соғысқа байланысты қабылдап отрыған. Жаңа өзің айтқан Шорға соғысында Қабанбай мен тағы бір батыр бір мәселеге келісе алмай қалады. Әңгіме мынада: біздің әскер межелі жерге жетіп алып, екі жақта келе жатқан жауды күтіп, тыныстап жатады. Хан кеңесінде Қабанбай батыр «Жау екі бағытпен шаршап, шалдығып келе жатыр. Біз тың кезде әрі жаудың басын қоспай шабайық» депті. Ал екінші батырымыз «Екеуінің басын бір жерге қосып шауып тастамаймыз ба?» деп өз ойын айтады. Бұқар жырау бастаған хан кеңесінде Қабанбай батырдың ұсынысы қабылданады. Аттары мен өздері шаршап келе жатқан жаудың бір қолына шауып, содан кейін екіншісін қырып тастайды. Соғыс тактикасы деген осы.


– Жалпы майданға шықпас бұрын кез келген қолбасшы барлау жұмыстарын жүргізеді. Қабанбай батыр өз заманында барлау жұмыстарын қалай жүргізген?

– Кейде маған ол кездегі барлау жұмыстары қазіргі күнмен салыстырғанда көш ілгері болғанба деген ой келеді. Мәселен Қаракерей Қабанбай мен бүкіл қазақ қолының барлау жұмыстарын Көлбай батыр деген адам басқарған екен. Талдықорған өңіріндегі Алакөл ауданында Көлбай деген ауыл бар. Кезінде сол жерге батырдың ұрпақтары қоныстанып, ауылдың аты Көлбай аталып кетіпті.

Жаугершілік заманда барлаушыны жансыз деп атаған. Қазақ жансыздары қалмақтың арасында, қалмақтың жансыздары қазақтың арасында өріп жүрген. Жасыратын несі бар екі жақта да жансыздар болған. Бір қызығы ол кезде қазақ пен қалмақ аудармашысыз еркін сөйлескен. Ал қазір екі халық тілмашсыз сөйлесе алмайды. Содан кейін қалмақты мың жерден жау көрсең де, бүгінгі қазақтың 20-30 пайызы қалмақтың қыздарынан туған. Мысалы Абылай ханның бір әйелі қалмақтың қызы емес пе? Қабанбай батырдың кенже баласы Әлінің бір келіншегі қалмақтың қызы еммс пе? Біздің ауылда екі апамыз қалмақтың қызы болатын.

Ұзын сөздің қысқасы, ол кезде барлау жұмыстары өте жақсы жүрген. Мысалы жүзбасыларын білмесе де мыңбасылары мен жаудың қайда қозғалғанын біліп отырған. Тағы бір қызық бір мәселе, кез келген соғыстан түскен олжа бөлінеді. Көлбай батыр өзіне берілген олжаны құпия жұмыс атқарған адамдардың отбасына беріп отырған. Қабанбай батыр осыны ескеріп Көлбайдың өзіне бөлек олжа сақтап отырады екен.


– Бүгінде Аягөз қаласында Қабанбай батырдың атындағы әскери бөлімше жұмыс істейді. Біз неге Қабанбай, Бөгенбай секілді батыр бабаларымыздың құрметіне орай әскери бекіністер мен орден, медальдар бермейміз?

– Бұл мәселе көптен бері көтеріліп жүр. Қазіргі таңда Қабанбай мен Бөгенбайдың атында әскери бөлімшелер бар. Бірақ экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев «орден мен медальға келген кезде дау туады» деп бұл мәселені жылы жауып қойды. Мысалы Қаракерей Қабанбай атындағы қолбасшыларға берілетін әскери марапат болғаны жөн еді.

Кезінде патшалы және Кеңестік Ресейдің кезінде қолбасшыларға берілетін жоғары дәрежелі марапат және төменгі құрамаларға үлестірілетін бөлек марапат болды. «Бізде солай етейік» дегенде әр кім өз атасын сүйреп, шу шығып кетіп ақын аяғында бұл мәселе шешілмей қалды. Бірақ сол кезде «Қазақтың бас батыры кім?» деген мәселе көтерілді. Бұл сұраққа сіз бен біздің жауап бергеніміз ақылға сыймайды. Оны Қабанбай батырдың замандастарынан сұрауымыз керек.

Мысалы Дарабоз, Ханбатыр деген атты халық неге берді? Ешкімге берілмеген құрмет. Бұқар жырау «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалды Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Қаз дауысты Қазыбек» деп айтпады ма? Осылардың ішінде Жәнібек Шақшақұлынан басқасының бәрі Қаракерей Қабанбай батырдан үлкен болатын. Қанжығалы Бөгенбай мен Қаз дауысты Қазыбек би Қабанбай бабамыздан кем дегенде 15-20 жас үлкен адамдар. Бұқар жырау үлкен адамдардың алдына Қабанбай батырды неге шығарды? Қазақ үлкен адамның алдына кіші адамды шығармайды. Демек ол өзінің дәрежесіне лайық болып тұр.

Ал Үмбетей жырау «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай» деп тағы да Қабанбай батырды алға шығарып отыр. Тағы Үйсін Саршуас жырау «Абылайдай төреңіз, қасыңа кеп тақ құрған» дейді. Осы өлеңде Абылай Қабанбай батырды қорған тұтқан деген мағына тұр. Ал енді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Қазақта Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр болған емес» деп айтады. Бұдан бөлек нәсілі басқа Құрбанғали Халиди қалмақ шапқыншылығы кезеңіндегі батырларды санап келеді де, осылардың ішінде халықтың қолдауына айрықша ие болған Қаракерей Қабанбай батыр деп тұжырым жасайды.

Бір қызығы осы аталған төрт тұлғаның төртеуі де найман емес. Екеуі арғын, біреуі үйсін және татар болатын. Осыдан-ақ қазақтың бас батырының кім екені көрінеді. Бұл мәселеге келгенде әлі талай талас-тарыс дау болуы мүмкін. Бірақ Қабанбайға байланысты өз замандастары Бұқар жырау, Үмбетей жырау және Мәшүр Жүсіп Көпейұлы секілді тұлғалар өз бағасын беріп қойған.


– Қазіргі таңда Қабанбай батырды зерттеп жүрген кәсіби тарихшылар бар ма? Мәселен бізде батырға қатысты аңыздар көп қой. Қытай және орыс деректерін зерттеп, аңыз бен ақиқатты ашып айтып берген жан бар ма?

– Қабанбай батыр Ертөстік немесе Керқұла атты Кендебай емес, тарихи тұлға. Сондықтан батыр туралы «романда немесе ана бір пьесада жазылыпты» дегенді абайлап айту керек. Өйткені олардың барлығы әдеби көркем шығарма. Ал көркем әдебиетте тарихи шындық бола бермейді. Ең бірінші Қабанбай туралы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Қазақта Қаракерей Қабанбай батырдай батыр болған емес» жазды. Одан кейін алғаш рет 1945 жылы Қайым Мұхамедханов Қаракерей Қабанбай дастанын зерттей отырып, өте көлемді мақала жазды. Сол мақаланың ішіндегі мені керемет таңғалдырғаны бірде бір жерде Сталин деген сөз жазылмайды. Сталиннің атын атамай шығарма жазылмайтын кезеңде бұл айрықша ерлік болатын. Осыған қарап Қайым Мұхамедхановтың кереметтілігіне көз жеткізуге болады.

Одан кейін 1969 жылдан бастап профессор Мәди Дауылбаев, Дәрішев, Бәйішев секілді үлкен ғалымдар және Баянбай Құсайынов секілді ақсақалдар батыр туралы еңбек жазды. 1979 жылы «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» деген академиялық кітап шықты. Аталған еңбекті Қазақстан Ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарды. Осы кітапта бірінші рет «Қаракерей Қабанбай батырдың моласы Ақмоладан 30 шақырым жердегі Октябрь совхозының территориясында» деп жазылды. Оған дейін Дәрішев, Бәйішев және Дауылбаевтар осы туралы жазып кеткен екен. Өкінішке қарай біз оны оқымағанбыз. Бұл мақаланы жазған Қаракерей Қабанбай батырдың тікелей ұрпағы профессор Болатжан Абылқасымов екен.

Одан кейін профессор Мұхтарбек Кәрімовтың «Қаракерей Қабанбай» атты кітабы жарық көрді. Кезінде ол Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетіне қарасты тарих кафедрасының меңгерушісі болды. Бұдан бөлек қытайдағы қандасымыз Зейнолла Сәнік пен Бейсенғали Садыхан, Жақып Мырзахан және менің Қаракерей Қабанбайға арналған кітабым бар. Негізі біз қолда бар деректерге сүйендік. Сондай-ақ Қабдеш Жұмаділов рен Зейнолла екі бірдей романы жарық көрді.

Жеке өз басым Қаракерей Қабанбай батыр туралы 18 дастан мен елдің аузында айтылып жүрген аңыздарды және 6 профессордың орыс пен қытай деректерінен алынған ақпаратының басын біріктіруші адаммын. Осы деректердің басын біріктіріп белгілі бір қорытынды шығаруға талпынамын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні батыр туралы тарихи деректер арқылы сөйлеген абзал.


– Тұшымды сұхбатыңызға көптен көп рахмет.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?