Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бәйімбет және Қара батырлардың ұрпақтары

2584
Бәйімбет және Қара батырлардың ұрпақтары - e-history.kz

Бәйімбет Ақкісіұлы мұрағаттық деректерге қарағанда, 1680 жылы дүниеге келіп, 1749 жылы опат болған. Өз заманындағы батыр, XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы Әбілхайыр хан саясатын қолдаған, Кіші жүздің саяси өміріне белсе­не қатысқан тұлға. Ол 1710-1748 жылдар арасында рубасылық (старшиналық) міндет атқарған. Бір кезінде, 1720-1730 жыл­дар арасында осы рубасылықты інісі Қара батыр атқарған.

Бәйімбет Ақкісіұлынан жеті арыс тарайды: 1. Қойлыбай (шамамен 1710-1775 ж.ж.); 2. Шегірбай (шамамен 1712-1779); 3. Бәйтерек (шамамен 1714-1780); 4. Жантерек (шамамен 1716-1789); Екінші әйелінен – 5. Қорлыбай (шамамен 1720- 1770); үшінші әйелінен – 6. Қожаберген (шамамен 1726-1801). 7. Қобыса (шамамен 1740-1815). Сөйтіп, Бәйімбет үш әйелінен он перзент сүйген. Олардың үшеуі – қыз. Аттары белгісіз.

Бәйімбеттің жеті арысы – XVIII ғасырдың 50-90 жылдарын­да Кіші жүз хандығының саяси өміріне араласқан адамдар. Әкесі Бәйімбеттің жолымен Қойлыбай, Қорлыбай, Қожаберген Нұралы ханның кезінде хан жасағының құрамында ел қорғау міндеттерін атқарған. Олар 1770 жылғы «Шаңды жорық» деп аталатын, қалмақтардың өзінің тарихи Отаны Жоңғарияға қайту кезеңіндегі құбылысқа белсене қатысқан. Нұралы хан патша үкіметінің қатаң нұсқауына сәйкес көшіп бара жатқан қалмақтарды Еділ мен Жайықтың арасына қайтару үшін күш салған. Алайда қалмақтар бұл қарсылықты бұзып, әрмен қарай көше берген. Осыған сәйкес Жем бойында Нұралы хан бастаған 30 мыңдық қол, үдере көшіп бара жатқан Торғауыттардың легіне шабуыл жасады. Қалмақтардың 40 мың қолымен қанды шайқасқа түсті. Осы шайқаста үлкен шығынға ұшыраса да қалмақтар Нұралы ханның қоршауын бұзып, Жемнен әрі өтіп, Бершүгір тауы арқылы Талдыққа жетті. Нұралы ханның әскерінен де көп жасақ шығын болды. Осы шайқаста Қорлыбай Бәйімбетұлы қаза табады. Ал Қожаберген, Көтібар, Достан, Қайдауыл бастаған шекті жасақтары Сырым Датұлы бастаған халық-азаттық қозғалысына қатысқан.

Қара – Ақкісінің екінші баласы. Жоғарыда көрсеткендей Ақкісінің сегіз ұлы, жалғыз Сұлу атты қызы болған. Оның балаларының үлкені – Бәйімбет (шам. 1682-1749 жж.). Бәйімбеттің және Қараның өмір жолдары қарайлас. Олар жай­лы өткенде жарияланған «Ағайынды қос батыр» деген тақырыпта толық айтылған.

1710-1749 жылдар арасындағы Кіші жүздегі саяси, әскери, әлеуметтік өмірге бұл екеуі де белсенді араласады. Бәйімбет те, Қара да Кіші жүз ханы Әбілхайырдың сенімді атқарушылары болған. Оны Ресейдің Кіші жүзге келген елшісі А. Тевкелевтің күнделігінен айқын көруге болады. Бәйімбет пен Қара Кіші жүз бен Қалмақ хандығы, Кіші жүз бен Хиуа хандығы, Кіші жүз бен Башқұрлар, Кіші жүз бен Ресей арасындағы қарым-қатынастарда Әбілхайыр ханның құпия тапсырмаларын абыроймен орындап отырған екен.

1710 жылы Ырғыздың Арал беткейіндегі Қарақұмда өткен Бүкілқазақтық құрылтайда Әбілхайыр сұлтанды Кіші жүз ханы етіп көтеруде Бәйімбет пен Қара, Атантай мен Ботантай белсенділік көрсетіп, Әбілхайыр ханның көзіне түскен екен. Осы кезден бастап бұл екеуі Әбілхайыр хан өмірінің ең соңғы сәтіне дейін бірге болған. Барақ сұлтан (зұлымдық әрекетімен) шағын топпен келе жатқан Әбілхайыр жүз қаралы күшпен тарпа бас салғанда Қара батыр ауыр жараланып, 1748 жылы Телғара саласына келгенде (Ырғыздың терістік жағында, ша­мамен 30 шақырымдай) көз жұмған. Сол жерде жерленген. Ол жерді Қара батыр қорымы деп атайды. 1749 жылы басын қарайтып, белгі тас қойған екен.

«Қара батырдың екі әйелі болған. Бірінші әйелі – табынның қызы. Қара батыр деген атының өзі Бөкенбай батырдың әкесі Қара батырдың құрметіне қойылған ат болуы да ықтимал. Өйткені Бөкенбай батыр Қарамен қауышқанда «Жиен бала...» деп амандасады екен. Соған қарағанда, Ақкісі мен табын Қара батыр арасында зор сыйластық қатынас болған ғой деп шамалауға болады. Ақкісі екінші баласының атын Қара деп қойған болар деп болжамдаймыз. Ал Қара батыр Ақкісіұлының екінші әйелі қалмақтың Саранжа деген қызы болыпты. Сол Саранжадан тараған Қара батыр ұрпақтарын «қалмақтар» деп әзілдейді екен. Бұлай айту ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін келген» деп жазады З. Байдосов.

Патша үкіметі Қазақ хандығының бас билеушісі Тәуке ханның (1681-1718) өмірінің соңғы кездерінде немесе ХVІІІ ғасырдың басынан-ақ «қырғыз-қайсақтардың» ішкі өміріне жиі назар аудара бастады. Ресей 1696-1716 жылдар арасында қазақ хандығына 32 елшілік жіберген екен. Олардың әрқайсысы қазақ елінің әскери қуатына, өндіріс, сауда, ауыл шаруашылығы, қалалары, т.б. өмірлеріне, ру-тайпалық құрылымдарына ерекше назар аударды. Келген елшіліктер осы жағдайды шұқшия зерттеді. Бұл кезде Тәуке хан, Қайып хан, Әбілхайыр хан Жоңғар қаупіне орай Ресей елімен тиімді қатынаста болу, тіпті Ресей қоластына өту мәселесін де ой­лана бастады. Ал патша үкіметі Тәуке ханға, Сыр бойында хандық құрған Қайып ханға, Қазақ елінің батыс беткейіндегі Әбілхайыр ханға бөлек-бөлек елшіліктер жіберді. Соның бірі 1718 жылы мамыр айында Әбілхайыр ханға жіберген Борис Брянцев бастаған елшілік еді. Бұл елшілік Самара арқылы Ба­тыс Қазақстанды қақ жара Жем бойындағы Әбілхайырдың ор­дасына келген еді. Осы елшілікті Жайықтың бергі бетінен (ша­мамен Жайық қалашығының шығысынан) Әбілхайыр ханның тікелей тапсырмасы бойынша Әлім тайпалық бірлестігінен Бақтыбай би басқарған топ, ішінде Бәйімбет батыр, Қара батыр, т.б. барлығы 25 адам қарсы алып, үш тәулікте Жемнің жоғарғы ағысындағы Хан ауылына келген екен. Брянцев Әбілхайыр ор­дасында үш жарым ай немесе тамыз айының аяғына дейін жа­та-жастана жүріп сөз жүргізген. Әбілхайыр хан Бәйімбет пен Қараға елшінің қасында болып, оған барынша жағдай жасауды тапсырыпты. Оның үстіне, Брянцевке елді, жерді көрсету ойы­мен қазақ ауылдарын аралату белгіленіп, Әбілхайыр хан оны жүргізуді, ішінде Қара батыр да бар арнайы топқа жүктеген екен. Ресей елшісі 1716 жылдың тамыз айының аяғына та­ман Ресей патшасы І Петрдің құптаған бағдары бойынша Сыр бойындағы Қайып хан ордасына жүретін болған. Әбілхайыр хан Бәйімбет батыр мен Қара батырға Брянцевті Сыр бойының орта ағысындағы Қайып ханға жеткізуді және елшімен бірге бір айдай болуды тапсырған екен. Әрине, Әбілқайырдың бұл екеуіне бұндай тапсырма беруінің де астарының бар екендігіне шек келтіруге болмайды. Қазақ билеушілерінің арасындағы саяси бәсекелестікке байланысты Қайып хан мен Брянцевтің арасындағы болған әңгіме желісін бақылау бұл екеуіне жүктелген болар деп шамалауға болады. Өйткені, Қайып пен Әбілхайыр екеуі де ел назарына түскен үлкен саясаткерлер ретінде өзара аңдысқан тұлғалар болатын-ды.

Кіші жүз қазақтары мен текежәуміт түрікпендер арасындағы шиеленісті қатынастарда да Бәйімбет пен Қара Әбілхайыр хан тапсырмасымен талай рет аса қауіпті жолдарға шыққан екен. Соның бірі 1728 жылғы Доңызтауда болған түрікпендердің шабысындағы Бәйімбет батыр мен Қара батырдың Бақтыбай батыр қосынындағы ерлігі еді. Жаз айының бірінде, 3000-нан Мұса түрікпендер күші Қошқаратадан өтіп, Доңызтауға күн кештете келіп тірелген. Мақсаты Шекті елін шабу. Осы жағдайды біліп отырған Бақтыбай батыр өз қосынын үшке бөліп, оң қатарына Бәйімбет бастаған 200 жасақ, сол қанатына Қара бастаған 200 жасақ қойған. Олар таң қараңғысында түрікпендерге екі жақтан лап қойған. Осы кезде жаудың есін жиғызбай, 500 күшпен Бақтыбай батыр ұрандатып, қақ маңдайдан соққан екен. Түрікпен әскерін үрей басып, бас сауғалап, өздерін-өздері қоса көктеп қашыпты. Сөйтіп 700-дік қол 3000- дық түрікпендерді талқандап, жеңіске жетіпті. Бақтыбай ба­тыр осы шайқасты Тевкелевке баян етіп, Қара батыр тіктірген үйдегі елшіге берген қонақасы дастарханының басында әңгімелеген екен. Бұны естіген А. Тевкелев: «Енді білдім, мен ағайынды Бәйімбет батыр мен Қара батыр қамқорлығында қауіпсіз жағдайда екенмін ғой», – деп қалжың айтыпты.

Бәйімбет, Қара батырлар туралы деректер Орынбор облыстық (1-ші қорда) мұрағатында, Мәскеудегі Ресей империясы сыртқы саясатының мұрағатының (АВПРИ) «Қырғыз-қайсақтар ісі», «Қалмақтар ісі», «Башқұрлар ісі» деген қорларындағы құжаттарда кездеседі.

Міне, сол Қарадан Тілеубай (шам. 1698-1774 жж.), Досболай (шамамен 1730-1805 жж.), Есболай (шамамен 1735-1810 жж.), Шеге (шамамен 1737-1815 жж.) болып тарайды.

Бұл төртеуі де елдің жақсыларының қатарында көпке танымал адамдар бо­лыпты. Осы төртеуі 1771 жылғы Жем бойындағы қазақ-қалмақ шайқасына қатысып, айтарлықтай ерлік көрсеткен екен. Еділ бойынан өзінің тарихи Отаны Жоңғарияға көшкен 150 мыңдық қалмақтардың ұлы көшін және оны қорғап келе жатқан 40 мыңдық қалмақ қолын Нұралы хан бастаған 30 мыңдық қазақ қосыны қарсы алып, соққы берген екен. Нұралы ханға патша үкіметі көшіп бара жатқан қалмақтарды кері, Еділ бойына қайыру, Жоңғарияға жібермеу жайын қатты тапсырған екен. Алайда қалмақтар Жем бойындағы шайқаста көп шығынға ұшырағанына қарамастан, Жамантау, Жақсытау аралығымен Ырғыздың Құрдымына бет алып, ол арқылы Қаратаудың терістігімен Балқашқа шығыпты. Жоғарыдағы айтқан Жем бойындағы шайқасқа Әлім-Шөмен, Жетіру, Байұлы бір-бір түменнен барлығы, 30 мың қол шығарған екен.

Қарадан тараған төртеудің ішінде Досболай ақын-жыраулыққа бейім, шешен, сурыпсалма жыршы болыпты. Бәйімбет және қара батырдан тараған ұрпақтар жайлы шежірелік деректер профессор З. Байдосұлының «Ақкісі энциклопедиясы» атты кітабында толық баяндалған.

 

Заңғар Кәрімхан

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?