Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ақкелін топырағынан шыққан академик

2146
Ақкелін топырағынан шыққан академик - e-history.kz

Иә, иә, бұл – ұлы ғұламамыз Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туған ауыл, кіндік қаны тамған топырақ. Кешегі өткен шынжыр балақ, шұбар төс Шорманның, оның аты алты алашқа әйгілі ұлы – Мұса мырзаның ауылы.

Ел алдында сөз ұстап, қара қылды қақ жарған ежелгі билерімізден қалған:

«Қой асығы демеңдер,

Қолыңа жақса - сақа ғой,

Жасы кіші демеңдер,

Ақылы асса - аға ғой» деген сияқты ғибратқа

толы сөздерді, мен осы мақаламның арқауы болып отырған ардақты інім Алтынбек Нухұлына арнағым келеді.

Осы орайда, «сөздің соңы, басталуынан белгілі» дегендей, мақала мазмұнын - қазіргі кітап оқи бермейтін қауымға басқаша құру керек деп шештім. 

Сондықтан Алтынбектің биографиясына аздап тоқтап, халқымыздың «Азамат» - атты ұғымға тура берген дана анықтамасын:

«Жүйрікте де жүйрік бар,

Қазанат жөні бір басқа

Жігітте де жігіт бар,

Азамат жөні бір басқа» -

тағы да ескере отырып, оның Азаматтығын ғана сипаттап беруге көңіл қойдым.

Ол, 1962 жылы 10 маусымда Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Қаныш Сәтбаев кеңшарының Теңдік ауылында туған. Ескіше айтсақ, бұрынғы Семипалатинск (Семей) губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысының №4-ші ауылы.

Иә, иә, бұл – ұлы ғұламамыз Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туған ауыл, кіндік қаны тамған топырақ. Кешегі өткен шынжыр балақ, шұбар төс Шорманның, оның аты алты алашқа әйгілі ұлы – Мұса мырзаның ауылы.

«Жігіт жақсысы нағашыдан» демекші, Мұса мырзаның туған жиені – ұлтымыздан шыққан тұңғыш ғалым Шоқан Уәлихановтың нағашыларына жиі келіп еркелеп, айлап жатып, демалған жері. Қандай қасиетті жер, қандай қасиетті топырақ. 

Менің өзімнің де туған ауылым осы жерге өте жақын, бұрынғы Ақкелін болысының №6-шы және 7-ші әкімшілік ауылдары. Бұқар жырау бабамыздың Кесенесі тұрған Далба тауларының Сарытауы. Қазіргі Қаныш Сәтбаев ауылы (бұрынғы Қараащы, Шадыра, Қ.Сәтбаев кеңшары) біздің Қотыр Қызылтаудың ары жағында. «Тас лақтырсаң, көрші ауылдың қотанына түседі» деген жағдай. Қазіргі әкімшілік бөлінісі бойынша ғана Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданы.

«Шөп шыққан жеріне шығады» дейтін де аталы сөз бар халқымызда. Тылсымы терең қасиетті топырақта өнген өрен, өскен оғлан да өміршең өсімдік сияқты болашақта тағы да құнарлы өнім бере алатын болса керек. 

«Ат болатын тай саяққа үйір,

Адам болатын бала қонаққа үйір» - демей ме сыншыл қазақ?! Осындай Алланың нұры жауған жерде дүниеге келген бала Алтынбек те, кезіндегі бала Абай сияқты - көзі қарақты, аузы дуалы ел ақсақалдарымен ерте араласып, туа біткен зеректігінің арқасында, өзіне зор мақсаттар қоя білетін алғыр оғлан болып ер жетті.

Кейініректе оның анасы Күлше апамызбен бір сұхбаттасқан кезімізде айтқан көп зерделі сөздерінің ішіндегі: «-Осы Алтынбек баламнан үлкен азамат шығады-ау деген үмітіміз бар. Себебі, әрбір істі бастарда «Құдай қаласа...» - дейтін әдеті бар,» - дегені де есімде берік сақталып қалыпты. 

Осы орайда, «Алып та анадан туады» демекші Алтынбектің асыл анасы туралы да қысқаша мағлұмат беріп өтейін. Оспанова Күлше Сыздыққызы Баянауладағы ұлы реконкиста (қазақ жерлерін ойраттардан қайтарып алу кезеңі) кезінде Олжабай батыр Төртуыл рулық бірлестігін бастап келіп, осы жерге тұғырлы қоныстандырған Сүйіндік елінің қасына ерген Бегендік-Қозған елінің қызы. Күлше анамыз – халқымызға Мәшһүр Жүсіп, Жүсіпбек Аймауытов сияқты Сүйіндік-Күлік елінен шыққан ұлы адамдарды берген қасиетті Әулиелі Қызылтауда дүниеге келіп, кейін Ескелдінің қасындағы Жаңажол ауылында тұрған. Бұл ауыл қазір Мәшһүр-Жүсіп есімімен аталады. 

Күлше анамыздың маңдайынан сүйген Мәшһүр Жүсіп бабамыздың асқақ рухы бүгіндері Алтынбектің бойына да сіңген тәрізді. 

Алтынбектің әкесі – Мұзафаров Нухы да өмірдің сан сынынан өткен адам, Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, Берлиннен жеңіспен оралған. Қызыл жұлдыз, 1-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Нухы атамыз соғыстан кейін де еңбекке етене араласып, тағы да бірнеше рет марапатталды. Қаныш Имантайұлымен төрт атадан туысатын Нухы ағамыздың баласы Алтынбекті де осындай асқақ рухта тәрбиелеген тәрізді. 

Міне, көрдіңіздер ме, Мәшһүр Жүсіп бабамыздың батасын алған Күлше анамыз бен тектілігі терең Нухы атамыздан жай бала қалай ғана тусын?! 

Дегенмен де, ата-анасы дүниеге келтіріп, текті тәрбие берген 5 ұлдың ішіндегі Алтынбектің талайы да, тағдыры да өзгеше еді. Егер де, тектілік генінің 17 ұрпақта жақсы жұмыс істейтінін ескерсек, онда жыр атасы Сүйінбай ақынның: 

«Сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған,

Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған,

Қарғадан қарға туар қарқылдаған,

«Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр,

Пайдасы «өз басынан» артылмаған», - деген сияқты, әр заман үшін де «аса өзекті» толғауын Алтынбекке арнар едім. 

Бүгінгі Алтынбек – «өз басының емес, халықтың пайдасы үшін, әсіресе кешегі: «Елім деп еңіреп өткен ардақты бабаларымыз, аталарымыз және ағаларымыздың асыл рухтарын асқақтатуға» бар жан-тәнімен еңбек етіп келе жатқан азамат. 

Сонымен қатар, екінші айтқым келгені, генетиканың мәнін түйсікті түрде түсіне білген ұлы халқымыз - «бауыр еті баланы» да түрлеп, жүйелеп тастайды. Мысалы, Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз:

«Бір бала бар – атасына жете туады,

Бір бала бар – атсынан өте туады,

Бір бала бар – көтінен кері кете туады», - деп, баланы 3 түрге бөлген. 

Кейінгінің дана өкілі Құлыншақ ақын баланы енді 4-ке бөледі. Оның артына қалдырған ұлағаты: «Баланың аты бала, баспақ емес. Ал баланың да баласы бар. Ең алдымен баланың төрт түрі болады.

Бірінші бала – үй баласы,

екінші бала – ауыл баласы,

үшінші бала – аймақ баласы,

төртінші бала, ең жақсы бала – ел баласы.

Ел баласы алдымен елдің елдігін ойлар,

Өз басының ғана емес, дүниенің басқаға да кеңдігін ойлар.

Ел баласы егіз бола бермейді.

Ол көбінесе жалқы туады.

Өйткені оны халқы туады.

Ол елім деп белін буады.

Атаның жолын қуады.

Ауыл баласын айлалап, аймақ баласын аймалап соңына ертеді.

Үй баласы-үйкүшік, от басында ошақ қасында қалады...», - түрінде бізге жеткен асыл мұрамыздың бірі. 

Осындай ұлы бабаларымыздың сөзін түйіндеп көрсем, «атасынан өте туған» және «үй баласынан – ел баласы» сияқты өсу жолынан өткен қазіргі Алтынбек сипатталғаны да бірден байқалады. 

Міне осындай, бойындағы білім мен ғылымға деген құштарлық пен құмарлық, жерлік және гендік деңгейде қалыптасқан деуге тұрарлық жас талапкер - «Құласаң нардан құла» дегендей, сол кездегі еліміздегі жоғары оқу орындарының флагманы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) химия факультетіне түсіп, оны 1984 жылы үздік бітіріп шығады. 

Еңбек жолын да өзінің ұстазы – еліміздің ғұлама-химиктерінің бірі, физикалық химия және электрохимия кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы, профессор Хабиболла Құсайынұлы Оспановтың кафедрасында зертханашылықтан бастап, өзінің ғылым шыңына ұмтылған алғашқы қадамын нық басты. 

Өзі таңдап алған ғылыми бағыт бойынша Ресейдің Иваново қаласында зерттеуші-тағылымдаушы ретінде шеберлігін шыңдап, аспирантураға түсті. Осы жылдары Алтынбектің Сәтбаев Баймахан мен Нүркенов Оралғазы сияқты (ғылым докторлары, профессорлар, мемлекеттік және арнайы сыйлықтардың лауреаттары) азаматтармен өмірлік достығының да іргетасы қаланды. 

1990 жылы «Унитиол мен оның Zn(II), Cd(II), Pb(II) иондарымен кешендерінің термодинамикалық және кейбір физика-химиялық қасиеттері» тақырыбында кандидаттық, ал 1995 жылы «Кезеңдік жүйе топтарының IB, IIB, IIIA, IVA кейбір металдардың унитиол және унитиол кешенінің термодинамикасы» тақырыбында бар-жоғы 32 жасында докторлық диссертациясын сәтті қорғаған Алтынбек, өз кафедрасында ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор сияқты біліми және ғылыми атақтар арқылы ұстаздық және ғалымдық өсу жолынан өтті. 

Өзінің ғылыми жетістіктерін өндірісте сынау мен ендіруге деген жігері мен құштарлығы, оны енді өз күшін басқа салада да сынап көруге мәжбүрледі. Ол еліміздің Экономика министрлігінің микроэкономика саясаты бас басқармасы мұнайхимия бөлімінің бас маманы болып, еліміздің экономикасын дамыту ісіне де өзінің үлесін қоса білді. 

Алайда, Алтынбектің алар өрісі мен шығар шыңы да басқа еді. Ол өзінің ағалары, өзінің өмірлік үлгі тұтар тұлғалары - Мұса Шорманов пен Қаныш Сәтбаевтың салып кеткен сара жолдарын ешқашан ұмытпаған еді. Ол білім мен ғылым жолы болатын. Қанекеңнен қалған: «Ғылым мен білімсіз Қазақстанның, тіпті кез-келген елдің ешқандай болашағы жоқ» - деген, өзектілігі әлі де терең қанатты сөздерін өзіне де өмірлік кредо мен мәселелі мақсат қылып, оны шешу жолдарын да үнемі ойлап жүретін. 

Оның үстіне 90-шы жылдары елімізде білім беру ісінің де сапасы төмендеп кеткен еді. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың да: «Білімнің санынан гөрі сапасы маңыздырақ. Көп нәрсені біле тұра, ең маңызды нәрсені білмеу – білімді пайдасыз етеді» деген нақыл сөздері де оның көкейінде жүретін. 

Міне, осындай тынымсыз ойлар оны тоқсаныншы жылдардың соңында білім саласына мойнын қайта бұрғызды. Ол 1999-2001 жылдары еліміздің Білім және ғылым министрлігінің жоғары білім және ғылым департаменті мемлекеттік стандарттар және нормативтік база бөлімінің бас маманы, Жоғары оқу орындарын аттестаттау бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған кездері, еліміздегі білім саласының түйткіл және әлсіз тұстарын бағамдап та үлгерді. Кез-келген істің әлсіз тұстарын шынайы сараптай білу, осы мәселенің шешімін табудың дұрыс стратегиясы мен тактикасын табудың бірден-бір жолы екенін түсіне білген Алтынбек, енді бұрынғы әдетімен тағы да еңбек жолын «өндірістің түпкі көзінде жалғастыруды» ұйғарды. 

Сондықтан ол 2001-2004 жылдары өз еліне оралып, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік унивеситетінің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры қызметін атқарып, Жоғары оқу орнында жүргізілетін ғылымның ұйымдастырушылық қыр-сырына қанықты.

«Отызында орда бұзып, қырқында қамал алу» жолдарын жетік меңгерген Алтынбектің осы салада да «қанаты қатып, топшысы бекіді», 2003-2008 жылдары Қарағандыдағы Көпбағдарлы гуманитарлық-техникалық университеттің, Павлодардағы Инновациялық Еуразия университетінің, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры қызметтерін атқарды. Аталмыш Жоғары оқу орындарының деңгейін көтеру арқылы, оның өзінің де өресі биіктей түсті. 

Ұлы Бабамыз Бұқар жырау өзінің көп толғауының бірінде:

«Жақсыдан жаман туса да,

Жаманнан жақсы туса да,

тартпай қоймас негізге.....», - демей ме?!

Өзі пір тұтқан Қаныш Имантайұлының ұлы өсиетін де бір сәт ұмытпаған Алтынбек, 2009 жылы еліміздің Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары қызметіне келгенде, еліміздің «аз қаржыландыратын» ғылым саласын көтермекші болып, «идеалистік» мақсатпен келіп еді. Осы жолынан кейін, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі кеңсесінің индустриалды-инновациялық даму бөлімі секторының меңгерушісі болған кезінде де тайған жоқ. 

«Ғылым – теңіз, білім – қайық» делінеді халықтың тағы бір даналығында, ол - 2016 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болып екінші рет келген кезде, ғылым мен білімді шебер ұштастыра білуінің және тарихи тұлғалар мен ұлы ғалымдарды (Тұлғатану саласы) мемлекеттік деңгейде ұлықтауға сіңірген еңбегінің арқасында үлкен жетістіктерге жетті. Бір жыл өтпей аймақтық деңгейдегі институтты Алтынбек Нухұлы Мемлекеттік педагогикалық университет статусы, яғни дәрежесіне жеткізді. 

Сонымен қатар, қысқа ғана уақыттың ішінде Мұса Шорманұлы, Сұлтанбет сұлтан, Әлкей Марғұлан сияқты ұлы тұлғаларымызға тұтастай тарихи-мемориалдық, ғылыми-білім кешендері мен орталықтары құрылып, еліміздің рухани игілігіне ұсынылды. «Павлодар облысының 100 тарихи тұлғалары» атты мемлекеттік және орыс тілдерінде шыққан 200 қысқаметражды фильмдер де қазіргі заман талабына толық сәйкес келетін біліми-танымдық және мәдени тағылымның асқақ үлгісіне айналды.

«Адам бойында бір жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды», - деген екен түркілік Шығыстың ғұлама ойшылы Жүсіп Баласағұн. Алтынбектің бойындағы осындай айтулы қасиет - еңбекқорлық. Ол елімізге, еліміз үшін қан мен тер төккен ұлы тұлғаларымызға, әріптестері мен достарына рухани және адами қызмет пен көмек көрсету қажеттілігінен туған еңбекқорлық. Осы қасиетті жолда бір сәт те толастамаған еңбек. 

Елі мен жеріне мемлекеттік деңгейде де қызмет етуге деген құштарлық оны 2021 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат депутаты дәрежесіне де жеткізді. Еліміздің осы бір жоғары Заң шығарушы органында оның қайраткерлік қасиеті де барлық қырынан ашылды. Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі ретінде, ол осы салаларда бірталай игілікті істердің бастамашысы болып келе жатыр. 

Алтынбектің өзіне тән ерекшелігінің бірі, оның құр бастамашы болып, бастаған істерін жиындардағы жалаң сөз жүзінде ғана қалдырып қоюды жаны сүймейтіндігін және нақты жетер жеріне жеткізетіндігін де айтқаным дұрыс болар. 

Осы тұста аузы дуалы Мөңке бидің өз заманында-ақ айтқан: 

«Кер заманның кезінде,

Айнымалы, төкпелі биің болады.

Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,

Әр тұста бас қосқан жиын болады» - толғауын қалай ұмытпақпыз?! Оның тікелей мұрындық болуымен және қатысуымен Елордамызда академик Қаныш Сәтбаевқа – ғұламаның өзіндей заңғар ескерткіш ашылды. Еліміздің Парламенті Сенатының депутаттары арасында «Жыл Сенаторы» құрметті есіміне ие болды. 

Бірақ, Алтынбек Нухұлы – «Елім үшін көп істер атқардым» деп тоқмейілсімейді. Ұлы классигіміз Мұхтар Әуезовтің: 

«Жеттім деген – жығылады,

Толдым деген – төгіледі», - деп айтқан қанатты сөздері де оның өмірлік ұстанымы болып келеді. 

Шераға Мұртаза айтпақшы: «Өмірінің тал түсі, алпысына» да жасы жақындап қалған, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат депутаты, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, химия ғылымдарының докторы, профессор Алтынбек Нухұлының елі мен жеріне бергені көп, ал берері одан да көп.

 

Бораш ТӨЛЕУОВ,

ҚР Ұлттық ғылым

академиясының академигі,

химия ғылымдарының докторы,

профессор, Қ.И. Сәтбаев атындағы

сыйлықтың лауреаты,


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?