Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алтай көтерілісінің тарихы 1-бөлім

2136
Алтай көтерілісінің тарихы 1-бөлім - e-history.kz

Бүгінгі қазақ жұртына Оспан батыр аты кеңінен танымал. Ол туралы бұлай депті, солай істепті дейтін аңыз да көп. Осының өзі батыр атағының қаншалық қастерлі, қаншалықты биік мәртебеге ие екенін аңғартса керек. Батыр, әрине, өзі туа салмайды, оны заманы мен елінің тілегі қатар көтеріп тарих сахнасына шығарады. Шыңжаң жеріндегі XX ғасыр басындағы жағдайлар мен елдің ішкі арпалысты күйі Оспандай ұлдың тууына алғы шарт болған болатын. Біз бұл жазбада жалпы Алтай көтерілісін егжей-тегжейлі сөз етпекшіміз.

1933 жылы 12 сәуірде тұтқиыл төңкеріс жасап, саяси өзгеріспен Шың Шыцай Шыңжаңның саяси-әскери, әкімшілік және экономикалық құқығын түгелдей қолына түсіріп, билік басына келді. Осыдан кейін мойыны алыс жатқан Қытайдың орталық үкіметінен көрі, көрші Совет одағымен дос болуды саяси дұрыс шешім деп таныды. Ол оның бір жағынан коммунистерге жан басқаны болатын. Осыған байланысты Қытай компартясының мүшелерінен де бірқаншасы Шыңжаңға келе бастады.

Бұл қарым-қатынас 1935 жылдан бастап тіпті күшейе түсті. Совет және Қытай компартиясының өкілдері Шыңжаңға келіп Шың Шыцайға ақылшы, кеңесшілік жұмыстар жүргізе бастады. Әсіресе Совет одағынан келген кеңесшілер Қазақстан жерінен қашқан Алаш идеясынмен таныс зиялылардың соңына шұқшия түсіп, ұлт азаттық идеясының халық арасында жайылмауына барынша күш салды. Бұны бір жағынан үгіт-насихат арқылы жүргізуге тырысты. Осындай шақта Шыңжаң қазақтары арасында да мәдени өзгерістер қатар жүріп жатты. Алтайда алғашқы газет шықты, жаңа үлгідегі мектеп ашылды. Мектепте Совет одағынан қашып келген Зият Шәкәрімұлы секілді және басқа да училищелерде оқыған қазақтың зиялы азаматтары мұғалім боп сабақ өтті. Алтай аймағының әкімі Шәріпхан Көгедаев тұтас аймақта мектептер ашып, балалар оқытты. Осындай белсенді мәдени қозғалыстардың арқасында Алтай елінің көзаясы кеңейіп, саяси сауаты да ашыла бастағанға ұқсайды.

Алтай елінің бұлқынысы негізі әріден басталған болатын, оның басты себебі – әуелде Чиң династиясының патша ордасына тікелей қараған Алтай аймағы 1919 жылдан бастап Шыңжаң құрамына кірді. Осы кезден бастап есеп алу да, салық та көбейе түсті. Бұрын Алтай елі қыстау, жайлауды бөлісуден тартып, жер дауы, жесір дауы, би сайлау, төрені таққа отырғызу деген секілді өздерінің барлық саяси және әкімшілік істерін өздері шешетін, тіпті басқыншы жаумен соғысу, ел қорғау секілді әскери қимылдарда да өз беттерінше шешім қабылдап келді. Осындай мол еркіндікте өсіп-өніп, малды, жанды болды. Ал жаңа заңнан кейін бұл еркіндіктің көбінен құралақан қалды. Ел ішінде мылтығын шошаңдатып үкімет әскері жүретін болды. Бұның бәрі, әрине, еркін елге ауыр тиді.

Билігінің алғашқы жылдарында орнығып алуды ниет етіп, жұмсақ саясат жүргізген Шың Шыцай 1936-38 жылдарға келгенде шеңгелін қыса түсті. Ел ішіндегі зиялылар мен елдің беделді, сөзі өтімді адамдарын бірін жиын болады, бірін тағы басқа деп шақыртып алып шетінен ұстай бастады.

Алтай өңірінде 1935 жылдан бастап сақшы орындары арқылы халық ішіне жасырынып тыңшы (бұндайларды тайни деп атайтын) орналастырып, жерлік үкімет басындағылармен ел ішіндегі өзіне сенімсіз деп қараған әр ұлттан шыққан алға басар адамдардың қимылдарына, тіпті халықтың күнделікті әрекеттеріне дейін бақылаушылық жүргізіп, жасырын мәлімет алып, өзінің Алтай халықына бағыттаған саяси қаскұнемдік қылмысын жасаудың әзірлігін көре бастады.

Өлкелік сақшы мекемесі «Алтай бөлімшесінің берген негізгі матерялдары бойынша Алтай қазақ бастықтарының ішінде жаңа үкіметке қарсы құпя ұйымның барлығын көрсетеді», – деп қарап Алтай халқын аяусыз саяси қысым астында ұстауды баса дәріптейді. Сөйтіп Алтай аймағындағы 30-дан астам ел беделділерінің сар ізіне шөп салып, әрқайсысына жеке-жеке қылмыс жинап, тыңшылар арқылы олардың күнделікті әрекет қимылынан жасырын мәлімет алып отырды. Халыққа зианкестік істеуден титтей де тайынбайтын ар-намысын сатқан тыңшылар қожайындарының емеурініне ықтай жалдау арқылы ауыр арандатушылық жүргізіп, 1933 жылы қарашада Алтай аймағына шуан фу (үгітші) болып келген Бұрһанмен байланыстырып, «Қазақ, мұңғыл жұрт бастықтары, қала саудагерлері, үкімет қызыметкерлері өзара астаса отырып жаңа үкіметке қарсы қаскүнемдік тудырмақшы. Бұл қаскүнем топтарда қазақ, мұңғыл, ұйғыр қатарлы ұлттардан адамдар бар», – деп мәлімдейді. Олардың мәліметінде бұл ұйымның басшылық мүшелері: Әлен уаң, Бұқат бейсі, Ғаппас мүпти, Жанымхан тәйжі, Дәлелхан тәйжі, мекеме бастығының орынбасарлары Мұқаш, Бәди Әубәкір, Шоқай залың, Қарқұл залың, Мәмила зәңгі, Қақыш би, Мырзағали, Қажынаби үкірдай, Қабыл тәйжі, Қылыш тәйжі, Дәулетше тәйжі, Әз залың, Сағидолла бейсі, Құлжа қажы, Қасымбек үкірдай, Сақари кожаң, Ниғыметолла, Нәзір тәйжі, Баянбай үкірдай, Байқадам үкірдай, Ақыт қажы, Ғабділманап Ақытұлы, Есімхан, Зателбай көпес қатарлылар болды.

Ұсталған бастықтар: Мәңкей, Бұрһан, Дүйсебаев, Жаназаров, Ережепов, Баймолла, Қалдаев, Жу Шұңхуй, Қалел тәйжі; Өлген басшысы Қылышбай, өлген мүшесі Салымбақы үкірдай, – деген жалған қылмыстық іс жасап шығып, Алтай аймағының қаласынан ауыл-қыстақ малшылық өңірлеріне тыңшылық жүргізу әрекетін тіпті де жиілете түсіп, осы бір шекера аймағында мал шаруашылығымен шұғылданып келе жатқан момын, бейуаз халықты ауыр қысымға алып терорлық арқылы мықтап шеңгелдеуді көздейді.

Жерлік милитарист Шың Шыцай 1937 жылы тамызда айтылмыш «Бүлік тудыру, қаскұнемдік ісін» жасап шығып тұтқындауды бастайды, әуелі Үрімжіде Дубан мекемесі мен өлкелік үкіметтің негізгі кадрларын арт-артынан қолға алады. Қазан айында Қожаняз қатарлы бір қанша жоғары дәрежелі манасаптыларды тұтқындайды. Алтай аймағының Сарсүмебе қаласынан Әсенбай, Мәметқан дамолла, Ғұпыр шаңия, Ясын ажы қатарлы ұйғыр зиялыларын қолға алып Әсенбайдың қора-жай, былғары зауоды, мың дананың үстінде былғары, мың ағаштан астам астығы мен мәл-мүліктерін тәркілейді.

1938 жылы ақпан айының орта мөлшерінде Шың Шыцай Дубан мекемесінде қорғаушы болған Зо Шаушян деген адамды құпя міндетпен Алтайға жібереді. Алтайға келгеннен кейін оның бұл келуінен хабарсыз сақшы мекемсі «күмәнді адам» деп тоқтатып тергеуге алғанда, ол: «Өзінің дубан (Шың Шыцай) жағынан жіберілгендігін, дубан төте нұсқау беріп, Алтайда үкіметке қарсы топтың бар екенін, олар «Қытай-мұсылман мемелекетін» құрмақшы болғандығын, бұл қаскұнемдік топтың мүшелер Алтай уәли мекемесінің бас хатшысы Мәңкей, алтын кен мекемесінің бастығы Лю биң, жәрдемшісі Яң биң және Жу Шұңхұйлар (Жу Дұңжяу) екендігін; Алтайға тез барып, тез қайтып келуді, бірақ сөзсіз анықтап шығу керек екендігін» міндеттеп жібергендігін айтады. Алтай сақшысы бұл жағдайдың шын-өтірігін Үрімжіден сұрағанда, Үрімжі сақшы орны құпя сырды әшкерлеп қойғандықтан Зо Шяушынды «Тез арада үрімжіге жөткеп жіберуді» тапсырады. Сүйтіп Зо Шаушян Үрімжіге жөткеліп әкетіледі.

Осы уақиғадан аз уақыт өткенен кейін-ақ 1938 жылы ақпан айының соңын ала бір кеште Алтай аймағының орталығы Сарсүмбе қаласында зор көлемде тұтқындау жүргізіліп, сол кезде «Шыңжаң Алтай гәзетінің» бастығы, аймақтық оқу-ағарту мекемесінің бастығы, қосымша уәли мекемесі сыртқы істер бөлімінің бастығы Жу Шұңхұй, Алтай алтын кен мекемесінің бастығы Фаң Чыңюан, уәли мекемесінің бөлім бастықтары: Сәлім, Шабдан қатарлы үкімет қызыметкерлерін және малшы Темырғали (бір қолы шолақ), егінші Оников (орыс), бір қанша ұйғыры бар 30-дың үстінде адам қамауға алынады. Осы жолғы зор көлемді қырғындаудан сәл бұрын Алтай бөлімше бәнкінің бастығы Ақмолла, Сарсүмбе аудандық үкіметтің бастығы және бір қанша ұйғыр саудагерлер тұтқындалады.

Сүйтіп Шың Шыцай жағынан жасалған жалған дело «бүлік тудыру қаскұнемдік» делосының Алтай аймағындағы желісі деп қаралған қайдағы бір «Үкіметке қарсы қаскүнемдык топтың қытай-мұсылман мемелекетін құрмақшы», – делінген жалған ісі Алтай аймағы халқының мойнына түскен қанды буғаулық болып халықты саяси жақтан еңсе көтертпеудің алғашқы қадамына айланды. Бұны әрине советтік кеңесшілері үйреткені айдан анық.

1938-жылы қыста Алтай аймағында тағы бір «Маулев делосы» деген жалған іс тексеріле бастайды. Совет одағы консулының: «Қазақстан қызыл армясынан Маулев деген адам қашып өтті, осыны тексеріп тауып берсе», – деген талабы негізінде Өлкелік қоғам қауыпсіздік мекемесіне тексеріп іздеуге қатаң бұйырық түсірді, әрі Өлкелік қоғам қауіпсіздік басқармасынан бөлім бастығы Лу Тянлу, бөлім кадрі Сулиндерді (орыс) Алтайға барлау жасауға жіберді. Оларға тыңшылар «Маулев Жеменей ауданының Сауыр жеріндегі Алтынбек дегеннің үйінде жасырынып жатыр», – деген жалған мәлімет береді. Алтай қоғам қауіпсіздік мекемесі Алтынбекті дереу қолға алып қатты қинап тергейді. Алтынбек қысым астында «Маулевті Әлен уаң адам шығарып үйіне әкеліп тастағанын, кейін тағы да Маулевті жөткеп Нұртаза дегеннің үйіне апарғандығын» жалған мойындайды. Алтай сақшысы «Маулев делосына» қатысы бар деп Әбдік, Әбілқасым, Шеряздан, Мәуке, Алтынбек, Нұртаза, Ниғымет қатарлы жирманың үстінде адамды қолға алып тексерсе де Маулевтан ешқандай дерек таба алмайды. Бұл «Маулев делосы» Алтай халқына зорлап таңылған тағы бір обалды жалған іс болатын.

1939-жылы Шүй Ючың Алтай сақшы бастығы, Рін Жыңру орынбасар болып Алтайға келгенен кейін ол екеуі тізе қоса отырып «Маулев делосын» жалғастыра түседі. Түрмедегі Алтынбекті тағы да он неше күн қинап сұраққа тартқандықтан Алтынбек «Әкімшілік мекеме бастығы Шәріпхан Алтайда үкіметке қарсы, Совет одағыына қарсы топ ұйымдастырды. Ол тікелей Жапоняның түрткісінде болып отыр. Маулев Жапоняның тыңшысы, оны Әлен жұнуаңның үйіне Шәріпхан апарып тастаған», – деп жалған мойындама береді. Сүйтіп бұл делоға қазақтың жоғары жік қайраткерлерінен 50-ге тарта адам, өзге де ұлт қызыметкерлерынен де көптеген адам шатыстырылып, өлім жазасына кесілгендер мен өзін-өзі өлтірді делінгендер 5-6 адамға жетеді.

Ал Маулев 1940-жыл Ақсудан ұсталады. Маулев мойындауында Алтайға мүлде келмегендігін, Алтайдың ахуалын тіпті білмейтіндігін айтады. Сүйтіп Алтай аймағынан талай адамды нақақ шарпыған «Маулев делосының» сыры айпарадай ашылады.

1938 жылы тамызда ел ішінде «Көктоғай ауданындағы қарақас руының тәйжісі Халел Нұртазаұлы ұсталады екен», – деген сыбыс тарайды. Осыдан хабар тауып қауіптенген Халел қозының күзем жүнін қырықтырып қапқа салып, ауыл маңына оқтан қорғанатын қорғанысын жинаттырып, біраз адамды маңына топтап қарсылық көрсетуге дайындалады. Халелдің бұл әрекетінен тыңшылар арқылы хабар тапқан сақшы орыны сақшы кадрі Ырысбекті «Халелдің өсекке сенбеуін, үкімет орынының Халелді ұстау ойының жоқ екендігін» айттырып, Халелді алаңсыздандырады. Арада біраз уақыт өткізіп жіберіп 1938 жылы қыркүйекте Халелді Көктоғай ауданында жиын бар деп шақырады. Халел өзінің екі інісі Сәли, Қаби қатарлы бес адаммен Көктоғай қалашығына барады. Олар үкімет орнының даярлап қойған үйіне кіріп шай ішіп отырғанда Сарсүмбеден арнаулы Халелді ұстау үшін барған әскерлер басып кіріп ұстайды. Халелдер жағаласып қарсылық көрсетсе де қасындағыларын ұрып жығып Халелдің тісін сындырып, байлап әкетеді. Осыдан бір жеті өткенен кейін Алтай әкімшілік мекемесінің бас хатшысы, Қазақ-қырғыз ұйымының бастығы Пан Дихұй Мәңкей Мәмиұлын түнде үйінде жатқан жерінен әскери күшпен басып кіріп қолға алады. Шың Шыцайдің қанды терорлық әректі қалың халықтың өшпенділгімен ызалы кегін қозғайды. Сарсүмбе ауданындағы Қарақұл залың, Көктоғай ауданындағы Ақтеке билер екі жерден адам топтап әрекет жасау арқылы Мәңкей мен Халелді тартып алып қалу қамына кіріседі. Бірақ олардың бұл талпыныстарын барысын тыңшылар арқылы Шың Шыцай сақшы орнына мәлімдеп қойғандықтан олардың жоспары іске аспай қалады.

1939 жылы қыркүйекте Шың Шыцай мұңғыл, қазақ, қырғыз – үш ұлт құрылтайын ашамыз деген желеумен Шыңжаңның жер-жерінен үш ұлттың қоғамда беділі бар адамдарынан 280-нен астам адамды Үрімжіге шақырып алады.
Алтай аймағынан Шәрыпхан уәли, Әлен уаң, Бұқат бейсі, Қажынәби үкірдай, Өгізшыбай залың, Оспан тәйжі, Далелхан Сүгірбаев, Жанымхан тәйжі, Сүлеймен үкірдай, Дәулетше тәйжі, Шөкей дүңше, Зейнел балуан, Жолды залың (мұңғыл), Ирымсұрын (мұңғыл), Торедұңше (мұңғыл), Табын бейсі (мұңғыл), Ямылиқа мүпти, Ғаппас мүпти, Мұқаш Жәкеұлы, Әбілмажін гүң, Раздан имам, Кәкен тәйжі, Көкенай тәйжі, Бәди молла, Қалибек үкірдай, Сағидолла бейсі, Қабыл тәйжі, Кеңесбай, Қазанбай жұйжаң, Енжылқан молла, Нұрмұхамет үкірдай, Ыбырайхан үкірдай, Нәсіпқан, Қалым тәйжі, Рахат тәйжі, Боранбай тәйжі, Нәзір тәйжі, Керейбай, Шөлтім бейсі (мұңғыл) қатарлы 45 адамның аттарын атап отырып шақырып әкетеді. Аттарын шақырғандардан Шіңгілдегі Баянбай, Байқадам, Дөнен, Бөкейхан, Сақсайбай қатарлы бір бөлім ел басшылары бара алмай қалады.

Алтай аймағынан үш ұлт құрылтайына шақырылған бұл адамдар Шың Шыцайдің 1935 жылдан тартып тыңшылары арқылы бақылауға алған, айтылмыш «Қытай-мұслман мемелекетін» құрмақшы болған үкіметке қарсы қаскұнмдік топтың басшылары еді.

Үш ұлт құрылтайын ашу деген желеумен шақырып алған уәкілдерді қатаң бақылауда ұстаған Шың Шыцай құрылтай аяқтар кезде «Халық қолындағы қаруды жиып алу комисиясын» құрып, ел қолындағы құралды түгел тапсырып беру жөнінде әрқайсы ру басшыларына хат жаздырып, Алтайға Жу Жінжың бастаған құрал жию комысиясын жіберіп, ел ішінен құрал жинатады. Ал уәкілдерді жалғасты қолға ұстап тұрады. Үш ұлт құрылтайына бара алмай қалған Шіңгілдегі Баянбай үкірдай, Байқадам үкірдай, Бөкейхан залың, Сақсайбай үкірдай, Жақсыбай би, Дөнен залыңдарды 1939 жылы қарашада әскер жіберіп тұтқынға алады.

Сөйтіп Шың Шыцай 1939 жылдың соңында Алтай халқы ішіндегі бас көтерер атақ-абыройы, мансабы бар адамдарды дерлік қолда бақылауда ұстап, басты бір бөлімдерін тұтқынға алады. 1939 жылы тағы да Алтай сақшы мекемесі Алтай аймағы мен басқа аймақтардың қатынас тораптарына бақылаушы орналастырып, келген-кеткендерді қатаң тексеруге алады. Осы жылы Алтай сақшы мекемесінің бастығы болып келген Шу Ючиң Алтай аймағында «Үш тал сіріңке» деп аталатын жалған істі жасап шығады.

Бурылтоғай жол торабын бақылайтын сақшылар жүргіншілер ішінен Ли Жыңуын деген қытайдың жаңқалтасынан үш тал сірңке шырпысын тауып алып, бұны байланыс жасаудың белгісі деп қарап, сол адамды түрмеге алады. Деректерде «бір жақтан қатты қинап сұраққа тартады, енді бір жақтан ақша беріп шырғалап жалған мойындама жазуға зорлайды» делінеді. Мүмкін бұл адамның өзі алдын-ала дайындалған шпион болуы ғажап емес. Натижеде Ли Жыңуын: «Жапоняның күшін үгіттеуге келдім, Маң Жыңцай, Ма Юлин дейтіндермен байланысты болдым, үш тал сіріңке шырпысы жасырын байланыс жасаудың шартты белгісі еді», – деген жалған мойындама береді. Осы жалған мойындама негізінде Алтай сақшы мекемесі осы іске қатысты деп қазақ, мұңғұлы бар 60-тай адамды қолға алады.

1939 жылы қыркүйекте Жу Жінжиң деген әскери мансапты Алтайға келіп, Үш ұлт құрылтайына шақырылмай Алтайда қалған ел басышылары мен ел беделділерінен 600-дің үстінде адамды Сарсүмбе қаласына жиып алып, құрал тапсыру жүнінде жиын ашады. Мылтық тапсыру жөнінде бұйырық түсіреді. Ол: «мылтық жоқ дегенге сенбейміз. Жоқ деп сылтауыратпаңдар, елдеріңдегі мылтықтың тізімін және оны әкелетін көліктеріңнің санын мәлімдеңдер», – деп қоқаңдайды. Шынында ел ішінде бар құралды Шың Шыцай 1938 жылдан бұрын түгел жиып алған, ел қолында мылтық жоқ болатын. Бірақ шындыққа сенбеген Жу Жінжиң жиынды қатаң басқарып, ел басыларын жеке-жеке сұраққа тартады. Қинау, бопсалау тәсілдерін жүргізеді. Жиын үстінде 77 жастағы Қарақұл залың мен Өнерхан тәйжіні қолға алады. (Бұл екі адам ұсталған күні Алтай түрмесінде қинаумен өлтіріледі). Қаба ауданындағы үкірдай Қомжапты бірнеше күн бөлек орынға қамап қинап сұраққа тартады. Шошып кеткен Қомжап «менің қол астымдағы елде 70 мылтық бар, тапсырып беремін деп», – деп жалған мойындама жазады. Жу Жінжиң «Қомжаптың аз елінде мылтық болғанда басқа елде неге жоқ. Сендер өтірік айтып отырсыңдар», – деп айбар шегеді. Қатты қысымға ұшырап жандарынан қорыққан ел басылары елдеріндегі «бар құралды» жиып беруге қолқат беріп қайтуға мажбұр болады. Жу Жінжиң әр ауданның әкімі, сақшы бастығы, Үрімжіден келген уәкілдерден қосып «Мылтық жинау комысиясын» құрады да, ел басыларына «Қысқа уақытта мылтық, оқ дәрі, тіпті әйелдердің жіп иретін ұршығындағы қорғасынына дейін тапсыруды» міндеттеп, әр-бір ауданнан жинап әкелген ел басыларын 1939 жыл желтоқсан айының соңын ала елдеріне қайтарады. Көктоғай аудан әкімі ауданға келе сала-ақ, 1939 жылы 24 желтоқсан күні, Көктоғай ауданында қазақ ұлтының діни жетекшілерінің бірі, ақын, ойшыл, 71 жастағы Ақыт қажыны үйінен тұтқындайды. Сол күні оның баласы Қалманды жиын бар деген сылтаумен шақырып, жүретін жолына жасырын әскер орналастырып, жол ортада қасындағы жолдастарымен бірге ұстап екетеді.

Шың Шыцай Алтай аймағында ауыр саяси езгі жүргізуден сырт 1938 жылдан бастап ауыр эканомикалық салық салып, халық сол ауыртпалықтан еңсе көтере алмай күйзеледі. Ірі қараға 3%, ұсақ малға 5% бажы салығы салынады. Салықты алуға тек екі тісті еркек қой алу деген шарт қояды. Бұл шарт әсіресе эканомикалық қуаты төмен малшылар үшін қатты қиынға соғып, өздерінде еркек қой болмағандар бір ірі қарасын бір еркек қойға ауыстырып бажы төлеуге мәжбүр болады. Айырбас бажы 6%, қан бажы 5%-ға көтеріліп малшылардың қонағына тіпті әйелдердің қалжасына сойған малдарға дейін бажы алып қалың елді зар илетеді. Бұлардан басқа халықтан алатын алман-салықтар барған сайын ауырлай түседі.

Шың Шыцай үкіметі Совет одағымен келісім жасасқанда, Шыңжаң жерінде кен ашуға, әскер орналастыруға, телеграф жүргізуге шектеусіз құқық береді. Алтай жері кен байлықтары мол өлке болғандықтан бұл өлкеде көптеген кен орындары ашылады. Алтын және уран қазу, оны Совет одағына жөткеу оңайласа түседі. Бұл бір жағы қазақтарға өз жерін көпе-көрнеу тонап жатқандай көрінсе, екінші жағынан алтын қазуға қажетті көлік пен жұмысшыны да халық ішінен алды және жұмысшы құқы қорғалмады.

Шындығына келгенде, қаскұнем, сұрқия жендет, миллитарист Шың Шыцайдің бүкіл Шыңжаңның жер-жері сияқты Алтай аймағында жүргізген қанды терорлық саяси езгісі мен ауыр экономикалық бұғауы Алтайдың шиленіскен қайшылыққа толы саяси жағдайын қалыптастырды. Алдарында тек өлім мен өмір таңдауы ғана қалған Алтай халқының тағдыры Шың Шыцайдің кертартпа үстемдігіне қарсы Алтай көтерілісінің бұрық ете түсуінің нақты себебі болды. Бұл көтеріліске тек мал шаруашылығымен айналысатын қазақтар қатысқандықтан Шыңжаң тарихында «Алтай малшылар көтерілісі» деп те атайды.

Бұл бөлімде біз Алтай көтерілісіне себеп болған алғы шарттарды бір сүзіп өттік.

(Жалғасы бар)

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?