Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ғұндар мен ежелгі түркілер мәдениеті

4929
Ғұндар мен ежелгі түркілер мәдениеті - e-history.kz

Түркі этногенезисінің маңызды жағы оның қалыптасуына көптеген ежелгі этностардың қатысуы болды. Бұл жайт, әсіресе, алдымен хунну кейіннен көбіне хун (ғұн) деп аталған этноспен араларындағы мұрагерлік байланыстарда шешуші рөл ойнады. Көне түркілердің біздің заманымыздың V ғасырына дейін шамамен екі мың жылдық этникалық даму кезеңін көрсететін генеологиялық процестің даму барысы негізінде төмендегідей болған: сақ, юеджи, усун (үйсін), қиян, жунди, ди, чиди, теле, хор, сиянби, жужжан, динлин, қиянқун, қырғыз, қыпшақ, шығыс және батыс сарматтар, алан, угор, юебан тармақталуының өз ішінде бір мықты бұтақ бөлінеді, бұл - ғұндар- ашина-түрктер еді.

Ғұн қағанаты

Орталық Азияда ең көне мемлекеттердің негізін қалаған «түркі тілдес» ғұндар туралы алғашқы тарихи мәліметтерді көне Қытай деректері (этнос атауы ретінде ху, хун, хунну, хюнқ-су, хсюнг-ну түрінде) берген. Ғұндар біздің дәуіріміздің алғашқы мыңжылдығының шамамен V ғасырында, негізінен, түркі суперэтносы болып өзгеріп, тарих сахнасынан кеткен. Тарихи тұрғыдан бір халық ретінде аз ғана уақыт өмір сүрген ғұндар туралы алғаш рет б.з.д. 1764 жылғы, кейінірек б.з.д. 822 және 304 жылдардағы Қытай деректерінде айтылады. Екі дәуірдің екі мыңжылдығын қауыштырған ғасырлардағы Азия (Қытай) мен ежелгі Еуропа дереккөздерінде ғұндар туралы ең құдіретті суперэтнос және армия-империя ретінде баяндалады. Ғаламшарымыздың шығыс жарты шарының ең үлкен империяларының бірін құрған (б.з.д. III - б.з. V ғғ.) ғұн түркі тайпалық одақтары Алтайдан Қытайға, Каспий теңізі мен Солтүстік Кавказдан Азов теңізіне, Шығыс Еуропаға дейінгі кең-байтақ территорияны алып жатқан, олардың батыс бұтағы 405 жылы Римге кірген, ал шығыс бұтағы V ғасырдың соңы - VI ғасырдың бастарында Үндістанға қарай ілгерілеп, Гупта империясын құлатқан. Этнотарихи шындық мынадай: ғұн-түркілері Еуразияда күшейіп, олардың ықпал ету алаңы кеңейген сайын осы алып территорияның басқа этностары да олармен біте-қайнасып кеткен. Б.з.д. IV ғасырда ғүн-түркілері 24 ру-тайпадан құралған құдіретті билік орнатқан. Б.з.д. III мыңжылдықтан бастап, Солтүстік Қытайдан Азияның батысына қарай барлық бағыттарда ғүн-түркі суперэтносының күшею, кеңею процесі жүрді. Осыған байланысты ұзақ ғасырлар бойы Орталық Азиямен шекаралас болған қытайлар ғұн- түркілерімен шайқасып, жеңіліс тапса да, өздерінің ата-бабасы деп санайтын Солтүстік Қытайдың жергілікті халқы болып саналатын қарақытайлардың ғұн тектес екенін мойындайды.Ғұн-қытай бірлесуінен дүниеге келген «прото-ғұн этникалық субстраты» біртіндеп өзге этностарды да өз құрамына қосып, алуан текті (гетерогенді) сипат алды. Бірақ ол өзінің этникалық өзегін - ғұн-түркі генотипін үнемі энергетикалық күшінде сақтай отырып, Ұлы Даланың қатал климаттық жағдайында өмір сүруге бейімделіп, халық-армия ретінде соғысу қабілетін арттыра түсті. Бұл тұрғыда олар тек халықтарды ғана емес, Ұлы Даланы да, оның қаталдығын да жеңген тұңғыш азиялық халық. Төл жазуы болмаған ғұн тілінің кейіннен өзінің тамаша жазба ескерткіштерін дүниеге әкелген түркі тілі болып өзгергеніне тарих куә. Егер ғұн және түркі тілдерінің протолингвистикалық негізі бір болмаса, олардың тілінде мұндай «күтпеген төңкеріс» болмас еді. Дәл осы процестің жалғасы ретінде кейінгі ғасырларда осы түбірден түркі тілдері тармақталып, әлемнің үлкен бір «түркі тілдері семьясын» дүниеге әкелген, тарих сахнасында генотиптік біркелкілігін сақтаған жаңа түркі мемлекеттері мен империялары пайда болды. Ежелгі Азия тарихына қатысты классикалық зертеулердің авторы, көрнекті француз азиятанушысы Рене Груссе бұл процестің басында «түркі-моңғол тектес ғұн тайпаларының» тілі мен мәдениеттерінің біртіндеп бір- бірінен өзгешеленіп, бүкіл Еуразия кеңістігінде алуан түрлі әмбебап этномәдени жүйе қалыптастырғанын атап көрсетеді. Жалпы ғылымда ғұн және түркі тілдерінің бір түбірден тарайтыны туралы белгілі бір пікірталастар болса да, соншалықты пікір айырмашылығы жоқ деуге де болады. Бұған агностикалық тұрғыда қараудың өзі негізсіз саналады. Себебі Лев Гумилевтің пікірінше «Түркі тілдері семьясына кіретін телес, жаңа ұйғыр тілі мен ғұн тілі арасында лингвистикалық ұқсастықтардың бар екендігі туралы деректердің тікелей нақты дәлелелдері бар». Ал түркі тектес ұйғырлар ғұн, түркі, моңғол және қытай әлемдерін үнемі бір-біріне жақындататын этникалық орта қызметін кейінгі дәуірлерде де жалғастырған. Ал осы процестің түркі-татар бағыты Азияның батысына - Еуропаның Шығысына қарай бет алған. Американың танымал антропологы Карлтон Стивенс Кун тамаша зерттеулерінің негізінде мынадай қорытынды шығарған: «Ғұндар мен түркілер темір дәуірінде Еуропаға таралғаннан кейін» мұндағы нәсілдік құрам толықтай өзгеріске ұшыраған, ал олардың өзі де еуропалық нәсілдің белгілерін Азияға «алып барған». Түркі халықтары өзіндік антропологиялық ерекшелігін сақтап қалғандықтан, әрі тарих бойы Еуразияның алуан түрлі антропологиялық ерекшеліктерін өзіне алғандықтан, олар эстетикалық тұрғыдан да ерекше физиономиялық белгілер алып, әртүрлі климаттық шарттарда өмір сүре білетін төзімді, ширақ әрі салауатты өмір сүру салтын меңгерген. Көріп отырғанымыздай, V ғасырға дейін түркілердің түбір-этнос ретінде өзінің эволюциялық даму сатысын көрсететін генеологиялық ағашында ғұндардан бастап, ежелгі Орталық Азияның бүкіл негізгі этнобірліктері орын алған. Кейінгі тарихи процестерде (әсіресе, V-VII ғасырларда) ғұн-түркі суперэтносының ішкі дамуы түркі түбірін алға шығарып, осылайша түркілер енді VII-VIII ғасырларда Орталық Азияның үстем халқына, әрі басым әскери күшіне айналған. Яғни, тарихи тұрғыдан Еуразияның Ұлы Ғұн дәстүрі тамаша түркі дәуірі арқылы өз жалғасын тапқан.

 00001262.jpg

  

Ежелгі түркілердің өмір салты

Прототүркі тарихы қола дәуірінен - б.з.д. 2500-1700 жылдар арасында болған «Афанасьев мәдениетінен» бастап, б.з.д. XVII-IX ғасырларды қамтитын «Андронов мәдениетімен» жалғасқан. «Афанасьев мәдениеті» б.з.д. Ш-II мыңжылдықтарды қамтитын Оңтүстік Сібір - Орталық Еуразия мәдениеті болып саналады. Ал «Андронов мәдениеті» болса, б.з.д. XVII-IX ғасырларды қамтитын Батыс Сібір, Орта Азия және Оңтүстік Орал мәдениеті. Тарихи деректерден көне түркілердің осы аймақтарда тіршілік етіп, жаугерші-көшпелі мәдениетке ие болғаны, б.з.д. 1700 жылдардан кейін Алтай таулары (көне түркіше Алтай - «ал қызыл тау») мен Тәңір таулары (көне түркіше - «Теңір тағ», қазіргі атауы - Тянь-Шань) арасындағы аймақтарда өмір сүргені мәлім. Көне түркілер Еуразияның шығысынан батысына қарай жылжыған сайын тарихта алғаш рет өздерінің антропологиялық даму барысында моңғолдық және еуропалық нәсілдердің белгілерін, ал кейінгі дәуірлерде Азия мен Еуропа мәдениеттерінің ерекшеліктерін еркін өркениет жүйесінде бірлестірген. Этногенезисінде ең алдымен ғұндар мен басқа да протоазиялық этностар орын алатын көне түркілер біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдық пен біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығында Еуразияның полиэтникалық және полилингвистикалык өркениет құрылысын қалыптастырған. Қиын да күрделі географиялык жағдай мен қатал климаттық өзгерістерге байланысты Еуразияның Оңтүстік Сібір аймағы мен Каспий теңізі арасындағы алып кеңістікте үнемі қозғалыста болған, әрі төзімділікке үйренген түркілер орман аңшылығынан көшпелі малшылыққа, ал бұдан кейін белгілі бір нақты шаруашылық түріне дейін «дала өркениетінің» барлық сатыларынан өткен. Қазіргі Шығыс Түркістан, Моңғолия және Алтай аймағы- ежелгі дәуірлерде, ерте орта ғасырларда ормандағы тіршіліктен далалық тұрмысқа өтіп, одан кейін алғашқы шаруашылық пен әлеуметтік тұрмыс жүйелерін қалыптастырған түркілердің отаны болған. Бұл аймақ - теңіз деңгейінен 1200-1400 метр биіктікте орналасқан жайлаулар. Іpі шөгінді жыныстар мен тау жоталарынан тұратын бұл территориядағы Алтай тауларының биік шыңы -Белуханың («биік бел» сөздерінің тіркесінен туындаған) биіктігі 4509 метр. Түркі мәдениеті мен мемлекеттілігінің бесігі болып саналатын Өтүкен аймағы теңіз деңгейінен 4000 метр биіктікте орналасқан. Жонғария мен Гоби шөлінде жылдық жауын-шашын 100 мм, ал Шығыс Түркістан, Моңғолия және Алтай аймақтарында - 200 мм. Қатты суықта ауа температурасы минус 50 дәрежеге дейін төмендейді. Қыста жердің басым бөлігін қар басып жатады. Ал жылдың басқа мезгілдерінде қалың орманды тау беткейлері толықтай жасыл желекке оранады. Бұл аймақтардан Қытай мен Иранға қарай созылып жатқан территория ұшы-қиырсыз шөл мен иен даладан тұрады. Көне түркі қоныстарының географиялық жағдайы бұл территорияда көбіне мал шаруашылығының дамуына мүмкіндік берген. Осыған байланысты олардың шаруашылығы мен тұрмыс-тіршілігінде жайлау мен қыстау маңызды орын алған. Көне түркілер ат, қой, түйе өсіріп, қойдың жүнінен жіп иіріп, кілем, алаша тоқыған. Негізгі қорегі - сүт өнімдері болған. Жылқы мен қой етін сақтау қажеттілігі «алғашқы консервілеу» тәжірибесінің дамуына жол ашқан. Түркілер жол жүру және жүк тасымалдау мәселесінде түйе керуендерін, арбаларды немесе шаналарды пайдаланған. Арба мен шаналардың үстіне, тағы сол секілді басқа да шаруашылық құралдарының үстіне ойма суреттер салған (түркілер мұны «тілек» деп атаған). Саудада көбіне аттар мен түйелерді, ал жайлау мен қыстауларға көшетін кезде малға жегілген арбаларды пайдаланған. Қытай дереккөздерінен мәлім болғандай, түркілердің бір жерден келесі жерге апаратын көш керуені «жүздеген арбаның, басқа да жегілген көліктердің түзу сызық түрінде ілгерілеуі» секілді көрініс тудыратын болған. Киіз үйлер мың жылдар бойы түркі тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігі болған. Түркілер өздері өмір сүрген жерді, әрі осы киіз үйді «жұрт» («юрт») деп атаған. Көштің соңында, межелі жерге жеткенде «киіз үйлер» тігілген. Мемлекеттік тұлғалар үшін әсем, кең, дөңгелек киіз үйлер тігілетін болған. Қалың, суық өткізбейтін киізден, иілген ағаштардан құрастырылған киіз үйлердің төбесінде ашылып-жабылатын ауа жолы - «бұхары» (буы), яғни шаңырақ болған. Киіз үйлердің есігі - «күннің шығатын бағытына құрмет» белгісі ретінде шығыс жаққа қарай ашылған. Кейінгі тарихи дәуірлерде отырықшылыққа көшкен түркілердің өмір сүрген қоныстары кірпіштен және басқа да материалдардан салынған үйлер болған. Түркілер даладағы тұрмыс-тіршілігі мен мал шаруашылығында жылқысыз өмір сүрмеген. Олар әскери жорықтарға мінетін, жүк тасуға жегілетін аттарды өсірудің тамаша тәжірибесін меңгерген. Б.з.д. 127-ші және біздің заманымыздағы 46 жылы қытай деректерінде бай ғұн-түркі тайпаларында «үйірлер мен отарлардағы жануарлардың саны адам басына шаққанда 20-ға жететін» деп көрсетілген. Азия ғұн-түркілерінің саны шамамен 1,5 миллион болған деп болжанғанын ескерер болсақ, олардың шамамен 30 миллион малы болып, мұның 4 миллионы шамамен жылқы болған. Молшылық кезеңдерінде олардың аттарының саны 12 миллионға дейін жеткен. Салыстыру үшін былай деп айтсақ да болады: тіпті 1 миллион атты асыраудың өзі ғұн түркілерінен сан есе көп болған Қытай мен Үндістанда да мүмкін емес болатын. Бүкіл Еуропаның жайылымдарының өзі 1 миллион жылқыны ұстауға жеткіліксіз еді. Соған қарағанда ғұндар мен олардың мұрагері болып саналатын көне түркілер жүз мыңдаған пассионар атты әскер құра алатын, әрі оны үнемі тоқтаусыз соғыстарда жабдықтап отыра алатын болған. Түркілердің шаруашылығында аңшылық және малшылықпен қатар, егіншілік те маңызды орын алған. Қытай деректерінде олардың тары мен бидай өсіргені, ауыл және қала тұрғындарының жібек құртын өсірумен, қыш ыдыс жасаумен айналысқаны туралы баяндалады. Мұны сол территорияларда жүргізілген археологиялық қазбалар да растайды. Көктүркі әміршісі Қапаған қағанның Қытаймен жасасқан келісім-шартының бір тармағы «Көктүрктерге егіншілік құралдары мен тұқымдық дәннің берілуі» жөнінде болған. Ғұндар мен көктүрктердің заманында егіншіліктің дамығанын көрсететін дәлелдердің бірі - олардың Алтай аймағында пайдаланған 10 шақырымдық суғару каналдары (арналары) болып саналады. Түркілер сол дәуірлердің өзінде бұршақ, сүмбіл, қарбыз, түрлі жеміс, жүзім және т.б. дақылдарды егіп, баптап, өсіруді білген. Сол кезеңде егістік даласын «тағырлағ», ал егіншіні «тағыршы» деп атаған. Олар егіс жұмыстары үшін темір тісті соқа пайдаланған. Көне түркілер батысқа қарай жылжыған сайын шаруашылық тәжірибесін де дамытып, қарапайым металлургия өнеркәсібімен (темір, қола, алтын және т.б. өңдеу) және алыс аймақтармен сауда жасау жұмыстарымен айналысқан. Көктүрктер өз заманында византиялықтарға темір сатқан. Өз дәуірінің бай соғыс тәжірибесін, тұрақты армия құру машығын меңгерген түркілер соғыс қаруларын жасауда да өздерінің басымдықтарын көрсеткен. Түркілердің шайқастарда пайдаланған «кері шегіну тактикасы», «далаға, шөлге қарай ығыстыру тактикасы», «қасқыр басу тактикасы», «Тұран немесе Ай тактикасы» (дұшпанды айнала қоршап ұстау) оларды жеңіске жеткізетін әскери тәсілдері болатын. Түркілердің тарихи мәдениеті мен дәстүрлі тұрмыс-тіршілік салты практикалық және эстетикалық бастаулардың біртұтастығын қамтамасыз етіп, ұдайы даму барысында бір-бірін ынталандырып отыру арқылы өз қабілетін үнемі сақтап қалған еді.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі;

Жаваншир Фейзиев «Түрк әлемі»,

Лев Гумилев «Ежелгі түркілер»,

Кляшторный С.Г «Түркі тайпаларының ежелгі тарихи мәселелері»,

Фарук Сумер «Оғыздар, түркімендер»,

Махмұд Қашқари «Диуани лұғат-ат түрік»

Дайындаған: Ықылас Ожайұлы

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?