Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

90-шы жылдардағы жекешелендіру немесе «Есеңгіреу терапиясы»

4646
90-шы жылдардағы жекешелендіру немесе «Есеңгіреу терапиясы» - e-history.kz
Бюджеттік саясат кіріс бөлігінің кенеттен қысқаруымен байланысты қолайсыз экономикалық жағдайларға бейімделді, басқаша айтқанда аман қалу стратегиясы іске асырылды

Кеңес Одағы ыдырап, тәуелсіздігімізді қолға алған алғашқы жылдары халыққа оңайға тимеді. Ел тұрғындарының өмір сүру деңгейі нашарлай отырып, шаруашылық механизмдердің кемшіліктері біртіндеп өрши түсуі, әлеуметтік және саяси проблемалардың тереңдей түсуі жүйелік дағдарысқа әкелді.

Экономикалық реформалардың бірінші кезеңінде Қазақстан рубльдік аймақта болды. Сондықтан Қазақстан Ресей Федерациясындағы әлеуметтік, экономикалық және саяси жағдайлардың өзгеруіне тәуелді болды.

1992 жылы қаңтарда баға либералданды. Тауарлар мен қызмет түрлерінің басым бөлігіне арналған көтерме бағалардың 80%-ы, жеке бағалардың 90%-ы босатылды. Бағаның либералдануы Ресей тарапынан мәжбүрленді. (1991 жылдың қазан айында). Б.Н.Ельцин «Есеңгіреу терапиясын» тудырған Бес Жарлыққа қол қойды. Орташа жылдық инфляция Ресей үкіметі болжамдаған есептен асып түсті.

Әңгімені әріден қозғасақ, сонау тың игеру жылдары елімізде өндіріс пен ауыл шаруашылығы жақсы дамып, мықты аймақтың біріне айналдырды. Тың игергеннен бері республика совхоздары мемлекетке 17,7 млрд. пұттан астам астық сатты. 10-бесжылдықтан кейін Қазақстан жыл сайын мемлекетке орта есеппен 1 млрд. пұттан жоғары астық өткізіп тұрды. Еліміз өндірілетін тауарлы бидайдың 25-28%-ін, жалпы одақта жүн өндірудің 24%-ін, қаракөл терісінің 33% -ін берді.

Республикада 2077 совхоз, 415 колхоз жұмыс істеді. Колхоздар мен совхоздарда қормен қамту 15 жылда (1967-1982) 4 есе, электрмен қамту 3,4 есе өсті. Ауыл, селоға қызмет көрсететін барлық салалар — химия, жем, ауыл шаруашылық машиналарын жасау, су шашу тағы басқа құрылыстар қарқын алды. Республика егістіктерінде 239 мың трактор, 109 мыңнан астам астық комбайындары, 184 мың жүк автомобильдері, көптеген басқа техника жұмыс істеді. 

1971-1982 жылдары ғана 7,9 млн. адам жаңа үйге көшті, яғни әрбір екі тұрғынның бірі жаңа үйге көшті. Адамдардың денсаулығын сақтау саласында 46 мыңға жуық дәрігер еңбек етті.

1985—1990 жылдары ауыл шаруашылығы дағдарысқа ұшырады. Ауыл шаруашылығының төменгі дәрежеде дамуының егізгі себептері мыналар: шаруалардың экономикалық ынтасының шаруашылықта қыспаққа алынуы, колхоздық секторларды жою және мемлекеттік меншікке алу, совхоздарды көбейту. Шаруашылық еңбегі үнемі әкімшілік бақылауында болды. Бұның бәрі шаруашылық бастамаларын төмендетуге, қоғам еңбегінің нәтижесіне немқұрайлы қарауға әкелді. Тұрғындар ауылдық жерлерден кете бастады. Егер 1950 жылы Қазақстанда 3760 колхоз болса, ал 1985 жылы 388 ғана қалған.

Бұның нәтижесінде бірнеше тұрғындар пункттері басқарусыз қалды. Жалпы алғанда 1956-1965 жылдармен салыстырғанда 1966-1975 жылдардағы дәнді дақылдар түсімі әр гектарға шаққанда орта есеппен 1,9 центнерге артты. Осы мерзімде Қазақстан одаққа үш мәрте 16,4 миллион тоннадан асырып астық тапсырды. Бұл көрсеткіш оныншы бесжылдықта Маусым сайынғы сипат алды. Жан басына шаққанда 1986-1990 жылдары Қазақстанда 1556 килограмм астық өндірілді. Орталық басшылық болса республика алар межені қол жеткен табыстардан жоспарлай отырып, бұрынғыдан бетер биіктетті. Алдымен астықтың жалпы түсімін 28-29 миллион тоннаға, ал он екінші бесжылдықта 31,5 миллон тоннаға жеткізуді талап етті.

90-жылдардың басында КСРО ыдырап құрамындағы мемлекеттер тәуелсіздігін алғаннан кейін әр ел өз бетінше әрекет ете бастады, дегенмен көп мәселе Ресей рублінің жағдайына байланысты болды. Осыдан келіп мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру етек алды. 1992 жылы сауда, қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету нысандарынан, яғни кіші жекешелендіру нысандарынан басталды. Бірінші жылы 6200 кәсіпорын жекешелендірілді. 1993-1995 жылдары 15 мыңнан аса кәсіпорын жекешеленді.

1994 жылы жаппай жекешелендіру басталды. Ол үшін инвестициялық жекешелендіру қорлары (ИЖҚ) құрылды, тұрғындар арасында Чектер бөлінді.

Жекешелендірудің бұл формасы экономикалық емес, әлеуметтік-саяси мотивтерге, яғни әлеуметтік әділеттілік қағидасын іске асыру талпынысы мотивіне ие болды. Ресейде ваучерлер бастапқыда жеке бағаға ие болды, олардың иегерлері ваучерлерді айналымға жібере алды. Қазақстанда инвестициялық жекешелендіру купондары тек инвестициялық жекешелендіру қорына салынды. ИЖҚ бір кәсіпорынның 20%-дан астам акцияны купондық аукционда сатып алу құқығы болмады. Сондықтан оның табысқа кенелуі орын алмады, экономикалық жағынан дұрыс болмады.

Жекешелендіру саласындағы кемшіліктерге қарамай, белгілі бір табыстарға да қол жеткізілді. Олардың ішіндегі ең бастысы, экономиканы басқаруда мемлекет рөлінің азаюы, нарықтық экономикаға бейімді жаңа шаруашылық субьектілерін құру болды. Бюджеттік саясат кіріс бөлігінің кенеттен қысқаруымен байланысты қолайсыз экономикалық жағдайларға бейімделді, ол аман қалу стратегиясына бағытталды.

Ал Қазақстанның тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылдағы мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру үдерісін төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады, дейді мамандар.

Мұның басы 1991-1992 жылдар аралығы, яғни Қазақстанның тәуелсіздік алу кезеңіне тұспа-тұс келеді.

2-кезең 1993-1995 жылдарды қамтиды. Бұл кезең Президенттің 1993 жылғы 5 наурыздағы Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы 1993-1995 жылдардағы мемлекет иелігінен алу және жекешелендірудің ұлттық бағдарламасына» сәйкес жүзеге асырылды.

3-кезең 1996-1998 жылдар аралығын қамтыған. Бұл кезең бағдарламасының басты мақсаты жекешелендіру үдерісін аяқтау жолымен ел экономикасында жекеменшік секторлардың басымдылығына қол жеткізу және оны бекіту болған.

4-кезең 1999 жылғы 1 маусымдағы қаулысымен бекітілген «1999-2000 жылдарға арналған жекешелендіру және мемлекеттік мүлікті басқарудың тиімділігін арттыру бағдарламасына» сәйкес жүзеге асырылды.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?