Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Халық жадында мәңгі сақтау

1487
Халық жадында мәңгі сақтау  - e-history.kz

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту туралы Мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығының қабылдануына «Қаһармандар" республикалық қоғамдық қорының басшысы Сабыр Ахметжанұлы Қасымовтың өтініштері себеп болғаны белгілі. Жыл қорытындысы бойынша Мемлекеттік комиссия мүшесі, Жобалық кеңсенің басшысы және әдіснама жөніндегі Кіші комиссияның басшысы С. А. Қасымов Qazaqstan Tarihy порталына Президенттің Мемкомиссия мүшелерінің алдына қойған мақсаттары мен міндеттері бойынша бірқатар маңызды мәселелерге айқындық енгізген кеңейтілген сұхбат берді.

- Сәлеметсіз бе, Сабыр Ахметжанұлы! Мемлекет басшысының Мемлекеттік комиссия құру туралы шешім қабылдауына не себеп болды?

- Президент Қ.К. Тоқаев өзінің алғашқы сөздерінен бастап, әсіресе өзінің сайлау алды науқаны мен ұлықтау салтанатында сөйлеген сөзінде либералдық реформалар жүргізілу, «еститін мемлекет» қағидатын іске асыру және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру туралы жариялаған болатын. Сондықтан, біз «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының атынан үндеулерде көтерілген басқа да мәселелермен қатар, Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия құру туралы да ұсыныс жасадық. Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаев пен Мемлекеттік хатшы Қ.Е. Көшербаев Білім және ғылым министрлігіне біздің өтініштеріміздің негізділігін тексеруді тапсырды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының 2020 жылғы 25 ақпандағы бұйрығымен біздің дәлелдерімізді тексеру үшін құрамында 25 тарихшы, саясаттанушы және заңгер бар жұмыс (сарапшылық) тобы құрылды. Ғалымдардың бұл тобы, негізінен, біздің дәлелдерімізді растады, өз ұсыныстарын қосты және «Саяси қуғын – сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» тұжырымдамасын қабылдады, жиырма үш ғалым осы тұжырымдамаға қол қойды, ал екеуі: топ жетекшісі - Ғылым комитеті төрағасының орынбасары А.Б. Жаркенов және осы топтың мүшесі К. С. Алдажұманов қол қоюдан бас тартты. Ғылым комитетінің басшылығы «тұжырымдама» сөзін өз еркімен «қорытынды» деп өзгертіп, оны ел Президентінің Әкімшілігіне жіберді.

Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі (сектор меңгерушісі Ғ.Абзалбек айналысты) хаттама дайындап, сол кездегі бөлім меңгерушісі Г.С. Нығметовтың қолы қойылып, Мемлекет басшысына жолдады. Президент Қ.К. Тоқаев Мемлекеттік комиссияның құрылуын қолдады, осы жазбаға ол «Келісімін» деген бұрыштаманы қойды.

Осыдан кейін Президент Жарлығының жобасын барлық «мүдделі» ведомстволармен келісу, мемлекеттік комиссия туралы ережені дайындау, оның құрамын таңдау және басқа да бюрократиялық мәселелер оңайға түскен жоқ. Бұл мәселелер Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімімен бірлесіп шешілді. Президент Әкімшілігінде Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары В.В. Порубаймех бастаған Мемкомиссияға жәрдем көрсету жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Қара жұмысты атқару үшін бұл топқа мүше етіп мені де қосты.

Министрліктер мен ведомстволардың бірқатар басшылары Мемлекеттік комиссияның құрылуын қолдамады. Олар, негізінен жасырын түрде, саботаж жасады немесе жекелеген мәселелердің оң шешілуіне кедергі жасады. Бірақ ортақ күш-жігермен, соның ішінде прогрессивті депутаттардың көмегімен олардың қарсылығын еңсере алдық. Кейбір шенеуніктер «толық» ақтау деген сөзге қарсы болды, өйткені олар қуғын-сүргінге ұшырағандардың барлығын ақтау мүмкін емес деп есептеді. Ақиқатты ауызша да, жазбаша да дәлелдеуге тура келді. Қысқаша айтқанда, Мемкомиссия осылай құрылды. Егжей-тегжейін, бәлкім, кейінірек айтармын, қазір уақыт жоқ.  

- Заңсыз сотталғандарға қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жұмыстары қайта құру жылдарында басталды. Бұл үдеріс қалай жүрді?

- Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмыс осы қуғын-сүргіннің бас идеологы және ұйымдастырушысы И.В. Сталин қайтыс болғаннан кейін, «Хрущев жылымығы» деп аталатын жылдары басталды. Билікке Л.И. Брежнев келгеннен кейін ақтау үдерісі тоқтап қалды.

Қайта құру жылдарында ақтау процесі қайта басталды. Мен мұны саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудағы «горбачев-яковлев» кезеңі деп атаймын. Ақтаудың бірінші кезеңі де, екінші кезеңі де Кеңес Одағы тұсында, елдегі Коммунистік партияның саяси басшылығымен жүзеге асты. Сондықтан, әрине, олар бұл партияның өз халқына жасаған қылмыстарының барлығын аша алмады. Ақтау әдістері екіұшты болды, «жоғарыдан» жүргізілді: ақталуы қажет деп саналғандар – ақталды.

Мұнда мен орыс халқының көрнекті ұлы, нағыз патриот және демократ, КОКП ОК хатшысы Александр Николаевич Яковлевтің рөлі туралы айтқым келеді. Соның бастамасы бойынша барлық ықтимал қарсылықты жеңе отырып, Кеңес Одағы бойынша жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау процесі басталды. Кеңес империясы құлағаннан кейін ол Ресей Федерациясындағы арнайы комиссияны басқарды. Оның бастамасы бойынша Президент Б. Н. Ельцин 1990 жылдары Ресейдегі репрессия құрбандарының көптеген санаттарын ақтады. Мысалы, Президент Ельциннің Жарлықтарымен саяси қуғын - сүргіннің құрбаны болған ресейліктер-діни қызметкерлер, әскери тұтқындар және сталиндік қуғын-сүргін құрбандарының басқа да санаттары ақталды. Ал біз бұл жұмыстарға енді ғана кешенді түрде кірісіп жатырмыз.

Александр Николаевич Яковлев Ресейді демократиялық және прогрессивті мемлекетке айналдыруды шын жүрегімен қалады, ол КСРО МҚК-нің «Желтоқсан-86» - дан кейін Қазақстанның зиялы қауымы мен саяси элитасын репрессияға ұшырату туралы ұсынысына қарсы шыққандардың бірі болды. 

- Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда тоталитарлық кезеңде қуғын-сүргінге ұшырағандарды оңалту жөніндегі жұмыс жалғастырылды. Көптеген мемлекеттік құрылымдарда үлкен жұмыс жүргізілді, қажетті құқықтық база құрылды, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңы қабылданды. Менің білуімше, сіз мемлекеттік комиссияны басқардыңыз. Неліктен бұл процесс аяқталмай қалды?

- Иә, Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан кейін, «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» 1993 жылғы 14 сәуірдегі Заңды іске асыру аясында прокуратура, ҰҚК, ІІМ органдары және соттар саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша айтарлықтай үлкен жұмыс істеді. Жалған айып тағылып, бей-берекет сотталғандарға қатысты үкімдер жойылды немесе қылмыстық істер қайта қаралды. Яғни, процессуалдық құжаттары рәсімделгендер заңды түрде ақталды. Бірақ бұл заңды тәуелсіздігіміздің екінші жылының басында, негізінен бұрынғы коммунистерден құралған Жоғарғы Кеңес қабылдаған болатын. Ол негізінен ресейлік ұқсас заңнан көшіріліп алынды. Оған Қазақстанда орын алған саяси қуғын-сүргін құрбандарының ең үлкен санаттары кірмеген.

Зерттеушілер мен журналистер жазғанды жақсы көретін 1937-1938 жылдардағы Үлкен террор - зиялы қауым мен танымал адамдарға қарсы қуғын-сүргін, бүкіл Кеңес Одағында жүргізілді, мұнда барлық одақтас республикалар, бұрынғы кеңестік тоталитарлық империяның барлық халықтары бірдей зардап шекті. Қазақстан мен қазақстандықтар да шет қалған жоқ.

Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін 1928-1932 жылдардағы қазақстандықтардың жаппай саяси қуғын-сүргінімен ұштасып, қазақ халқының тең жартысының қырылуына әкеліп соқтырған саяси науқандар ең үлкен қасірет болды. Көпшілік әлі күнге дейін қазақтардың жартысы сол кезде аштықтан ғана қайтыс болды деп есептейді. Көптеген қазақстандықтар большевиктік-Сталиндік биліктің халық көтерілістерін басу, Қазақстаннан және тұрғылықты жерлерінен қуғындау және басқа да жазалау әрекеттері барысында сотсыз және тергеусіз атыстармен сүйемелденетін түрлі авантюралық және халыққа қарсы науқандарды (эксперименттерді) күштеп іске асыруы кезінде өлтірілді және қаза тапты. біз тұңғыш рет солардың санын анықтауға тырысып отырмыз.

Арнайы қабылданып, Сталин бекіткен, содан кейін дәйекті және қатаң түрде Ф.И. Голощекин және оның командасымен жүзеге асырылған «Қазақстандағы Кіші Октябрь» бағдарламасы қазақстандықтарға, олардың отбасыларына, қарттар мен жас балаларға қарсы бұрын-соңды болмаған қатыгез және адамгершілікке жатпайтын қуғын-сүргіннің саяси және идеологиялық негізі болды. Алайда, жоғарыда аталған заң қабылданғанға дейін қазақ ауылы мен селосының бұл қасіреті зерттелмеді, ескерілмеді, республикамыздың өзге де ерекшеліктері мен өзгешеліктері ескерілмеді.

Егер біз осы жолы халыққа қарсы осы акциялардың қандай мақсатпен, қандай әдістермен жүргізілгенін соңына дейін жеткізсек, жан-жақты әрі объективті түрде зерттесек, олардың қандай әлеуметтік салдарлар мен адам құрбандарына әкелгенін анықтасақ, онда «алапат қасіретке», большевиктік-Сталиндік биліктің кінәсінен қазақ халқының жартысының өліміне әкеп соққан объективті себептерді Қазақстанда да, басқа елдерде де көрнекі түрде көрсетеміз әрі дәлелдейміз. Сонда біз халқымыздың бұл қасіретіне халықаралық баға беру мәселесін сенімді әрі нанымды түрде қоя аламыз. Сондықтан Президент Қ. К. Тоқаевтың Жарлығымен құрылған Мемлекеттік комиссия, 10 жұмыс тобының 5-уі, негізінен, шаруаларға қатысты саяси қуғын-сүргінді зерделейді деп шешім қабылдады.

Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі бір емес, екі комиссия болды. Бірінші комиссия Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1991 жылғы 14 қарашадағы бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы, ірі және жартылай феодалдық байларды тәркілеуге және шығаруға қарсы іс-қимыл жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы, ауыл шаруашылығын социалистік қайта құруды нығайту және кулачество мен байларға қарсы күрес туралы үш қаулысын зерделеу және бағалау жөніндегі Қаулысымен құрылған. Мен осы комиссияның хатшысы әрі мүшесі болдым.

Халық депутаты, академик М.Қ. Қозыбаев бастаған комиссия салмақты қорытындыға келді, Қазкрайкомның, ҚазЦИК-тің және ҚазССР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулыларына объективті баға берді, оларды халыққа қарсы және жаппай саяси қуғын-сүргінге әкеп соқтырды деп таныды. Алайда, бұл мәселені қарау Жоғарғы Кеңестің отырысы мен талқылауына шығарылған жоқ, тек оның Президиумының қаулысын қабылдаумен шектелді. Комиссияның тұжырымдары мен шешімдері толыққанды іске асырылған жоқ. Саяси қуғын-сүргін мұрағаттары жабылды, олар тек таңдаулыларға ғана қолжетімді болды.

Комиссия мүшесі ретінде мен, бұл актілерді олар қабылданған сәттен бастап жарамсыз деп тану туралы ұсыныстар енгіздім, олай болғанда билік органдарының барлық әрекеттері мен құқық қолдану практикасы заңсыз деп танылып, ал оларды іске асырудан зардап шеккендер ақталған болып саналар еді. Төралқа, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау қуғын-сүргін мәселелері жөніндегі дайындалып жатқан заңға енгізілетінін алға тартып, менің осы бағыттағы ұсыныстарым мен басқа мамандардың ұсыныстарын қабылдамады. Алайда, бұл да істелінбеді.

Екінші комиссия депутат ретінде менің бастамам бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қаулысымен 1997 жылғы 8 желтоқсанда, Парламенттің жаңа елорда – Ақмолаға ауысуы қарсаңында құрылды. Ия, бұл жерде мені, мәселенің бастамашысы ретінде, комиссия төрағасы етіп сайлады. Біз жоспарлы жұмысты бастап кеттік. Отаршылдықтың зардаптарын жою проблемалары жөніндегі халықаралық актілер мен стандарттарға негізделе отырып, зардап шеккен халықтың құқықтарын қалпына келтіру патша өкіметі мен тоталитарлық-коммунистік режим қабылдаған Қазақстан мен қазақтарға қатысты айқын репрессивті сипаттағы негізгі акциялар мен актілерге талдау жасау және саяси-құқықтық баға беру міндетін қойды, қуғын-сүргіннің құрбандары мен түрлерінің әртүрлі санаттарын анықтады, Қазақстан аумағындағы қуғын-сүргіннің ерекшеліктерін айқындады. Бірақ, мен Парламент депутаттарының келесі құрамына кірмегендіктен, комиссия жұмысын тоқтатты. Келесі депутаттық құрамдарда негізгі жұмысты комиссияның күрделі жұмысымен үйлестіре отырып, демалыстар есебінен өз уақыты мен денсаулығын аямай, осы жүкті өзіне алған басқа альтруист болған жоқ. 

Жалғасы бар...

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?