Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлттық туындыдан ұлттық иіс аңқып тұруы керек

1655
Ұлттық туындыдан ұлттық иіс аңқып тұруы керек - e-history.kz

Кино – қоғам өзгеріске түскелі бері бірге келе жатқан, барша жаратылыс иелерінің ішкі жан күйін, сезімін, толғанысын көрсететін қасиетті өнер. Сол өнердің ішінде, әрине, қазақ киносының да алар орны ересен. Бірақ оның бүгінгі хәл-ахуалы жайлы күмәнді сауалдар өте көп. Әсіресе бұл тарихи киноларға қатысты сөз болғанда, жиі айтылады. Сондықтан қазақ киносы, тарихи киноға байланысты кинотанушы Дана Әмірбековамен тілдесіп, аз-кем сұхбат құрғанды жөн көрдік. 

Кино өнерінде тарихи жанрдың алатын орны ерекше, маңызы зор. Өткенімізге үңілдіріп, төл тарихымызбен танысуда шынайы деректер берілген тарихнамаларға қарағанда аталмыш жанрда таспаланған көркемтуындыны көре салу әлдеқайда жеңіл боп тұрады. Алайда көрермен қауым көп жағдайда тарихтағы фактілерге емес, режиссер қиялынан туындаған көркем әлемнің шынайылығына нануға бүйрегі бұрып тұратындай. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

Себеп – экран өнерінің құдіретінде, күштілігінде. Әсіресе, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін экран алдында отыратын бүгінгі заманда киноның алар орны зор. Өйткені біз құлағымызбен естігенге қарағанда, өз көзімізбен көргенімізге әлдеқайда көбірек сенгіш боп жаралғанбыз. Осы ретте көріп отырғаныңыз көркем дүние екенін миыңызбен түсініп отырсаңыз да, түпкі санаңызда көргеніңіздің әсері басымырақ болады. Адам психологиясын зерттейтін ғалымдардың айтуынша солай.

Ендеше көркем шындық пен тарихи шындық фильмде байланыспай қалса, көрермен қай шындықты жоғары бағалағаны жөн?

Киноның өзге өнер түрлерінен артықшылығы да, қасіреті де – оның икемділігінде. Біреулер үшін кино өнер болса, екіншілер үшін бизнес. Демек табыс көзі деген сөз. Ал үшіншілер үшін ол – идеология құралы. Икемін тапқандар айласын асырып, өздеріне қолайлы «шындықты» трансляциялау арқылы шынды өтірік, өтірікті шын етіп көрсетеді. Ең алғаш Лениннің ойына келген экран өнерінің бұл ерекшелігін бүгінде әр мемлекет өз саясатының ығына қарай икемдеп пайдаланып жатыр. Осы ретте тарихта орын алған кез келген оқиғаны он режиссер он түрлі етіп түсіретінін баса айтқым келеді. Бұл тұрғыдан көрерменге мұқият болып, көркем туындының шынайы фактілерге сүйенген деректі фильм емес екенін естен шығармауы маңызды.

Сонда кино арқылы қоғамдық санаға төңкеріс жасау һәм өзгеріс әкелу мүмкін бе?

Әлбетте. Адамның сана-сезіміне ықпал етуде кинодан асып түсетін өнер түрі жоқ. Бұрынғылар ата-әжесі мен ата-анасының тәрбиесін көріп, ғибратқа толы әңгімелерін тыңдап, ұлттық дәстүрді бойына сіңіріп, дүниетанымын қалыптастырған. Ал ғаламтор дамыған бүгінгі буынның тәрбиешісі де, ақылшысы да – экран. Осындай аудиовизуалды заман адамдары үшін ең негізгі өнер түрі, әрине, кино болып саналады. Оған қоса фильмнің идеясы, көтеріп отырған тақырыбынан бөлек, режиссердің баяндалып отырған оқиғаға деген субъективті көзқарасы да маңызды. Бір қызығы, өмір өнерге қалай әсер етсе, өнер де өмірге дәл солай зор ықпал ете алады. 90-шы жылдары қазақ киносында «жаңа толқын» бағыты пайда болды. Бұл бағытта жұмыс істеген режиссерлердің фильмдерінде сол кездегі геосаяси апаттан кейінгі халықтың мүшкіл жағдайы бетпердесіз, шынайы суреттелді. Экранда жарқын болашағына сенбейтін, үміті үзілген, жігерсіз кейіпкерлер пайда болды. Байқағаным, аталмыш фильмдерді көріп өскен адамдар да сол кейіпкерлер тәрізді болып қалыптаса бастады.


WhatsApp Image 2021-10-12 at 12.40.06.jpeg

Кинотанушы, Дана Әмірбекова


Ал Америкада, дәлірек айтсақ, Голливуд фильмдерінде бәрі керісінше. Фильмдерінде әлемді алпауыт апаттардан құтқарып жатқандар Американдықтар, сәтсіздіктерге мойымай, қиындықтарды жеңіп шығатындар да Американдықтар, жер жүзінің адамдары қоныс аударуды армандайтын бірден-бір жер жанаты да – Америка. Бұл фильмдерді көріп өскен көрермен де Американың ұлылығына, оның тұрғындарының қайсар, батыл, әділ, бай, ауқатты екендеріне кәміл сенеді. Планетамызға қауіп-қатер түссе, Американдықтар адамзатты құтқара алатынына еш күмән келтірмейді. Идеология деген – осы. Экран арқылы өз елі мен жерін дәріптеп, өзгені де, өздерін де соған иландыру. Біздің фильмдерімізде де қайсар, батыл, білімді, білікті, адал кейіпкерлер қажет. Өзіне емес, бәке-көкесіне сенетін, жетістікке білімі мен біліктілігінің арқасында емес, жағымпаздығы мен қулық-сұмдықтарының арқасында жететін, қазақ тілді кейіпкерді міндетті түрде түк көрмеген надан етіп суреттейтін фильмдерден шаршап, әбден қажыды халық... Сол сияқты тарихи жанрдағы фильмдерімізде де жақсыларымыз бен жайсаңдарымыздың аттары аталып, халқым деген хандарымыз бен елім деген ержүрек батырларымыздың жарқын келбеті экран арқылы көптеп дәріптелетін болса, халықтың рухы асқақтай түспек.

Иә, әр елдің идеологиясын дәріптеуде тарихи жанрдағы фильмдердің маңызы зор. Бір өкініштісі, отандық киногерлер түсірген тарихи фильмдер көбіне кинотанушылар мен қоғам тарапынан сынға ұшырап жатады. Жалпы, қалай ойлайсыз, отандық кинематографияда оңтүстіккореялық «Ханзада Жумоң», «Құйынды мекен» секілді көп сериялы тарихи кинотуындылар неге жоқ? Отандық кино саласына не жетіспейді?

1990-шы жылдары болған тоқыраудың салдары кино саласына да өз әсерін тигізбей қоймады. 1990-2000 жылдар аралығында жылына 1 туындыға қаржыны әрең бөліп отырған кездер де болды. Қомақты қаржыны талап ететін тарихи жанрдағы фильмдер екінші планға ысырылды. Ардақ Әмірқұловтың 1991 жылы жарыққа шыққан «Отырардың күйреуі» фильміне жеткілікті қаржы бөлінбегендіктен, заман лебін беретін керемет декорация жасап, актерлерге көздің жауын алатын костюмдер тігу мүмкін болмады. Фильм оқиғасын жарық пен көлеңке контрастында ойнау арқылы минимализм мен аскетизмге сүйеніп баяндаған Әмірқұлов кино тілі мен көркемдік деңгейі тұрғысынан жоғары бағаға лайық туынды түсірді. Қаржының жоқтығы режиссердің ой ұшқырлығына, киноның көркемдік деңгейіне әсер еткен бірден бір мысал. Аз қаражатқа Сатыбалды Нарымбетов, Болат Қалымбетов қатарлы режиссерлер де тарихи жанрда өз туындыларын түсірді.   Дегенмен қазақ киносындағы тарихи жанрдың қайта жандануына себеп болған 2005 жылы жарыққа шыққан «Көшпенді» фильмі. Киносыншылар мен көрермен қауымның сынына қалған аталмыш фильм сәтсіз шыққанына қарамастан, «Қазақфильм» киностудиясының әбден ескірген көне техникасын жаңартып, шетелден шақыртылған білікті мамандардан тәжірибе жинап, тарихи жанрдағы туындылар түсіру тұрғысында білім алуға өзіндік септігін тигізді. Ал 2012 жылы жарыққа шыққан Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильмі қазақ экранына жол тартқан ең ірі әрі бірегей жоба болды. «Қазақфильм» және «Sataifilm» киностудияларының бірлесуімен жүзеге асқан кинотуынды түсірілім барысында бас-аяғы он бес мемлекеттің киномамандарының көмегіне жүгінгені белгілі. Осы тұрғыда «Көшпенді» фильмінің 90 пайызын шетелден шақырылған мамандар құраған болса, «Жаужүрек мың бала» фильмінің кинотүсіріліміне атсалысқан топтың 90 пайызын өз киногерлеріміздің толықтырды. Содан кейін барып Рүстем Әбдірешевтің «Қазақ хандығы», Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмдері түсірілді. Әрине, бұл туындылардың да кемшіліктері жоқ емес. Дегенмен тарихи жанрға бет бұрғанымызға аса көп уақыт бола қоймады. Енді-енді тәй-тәй басып келе жатырмыз десек те болады. Болашақтан үмітім зор.

«Қыз-Жібек», «Атамекен», «Менің атым Қожа» іспеттес бүгінде қазақ киносының классикасына айналған туындылар жарыққа шығу үшін не қажет?

Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов, Мәжіт Бегалин қатарлы қазақ кинорежиссурасының іргетасын қалаған классиктеріміздің туындыларымен тең дәрежеде тұратын фильмдер шығуы екіталай, күмән тудырады. Аттары аталған бұл кісілер дала академиктері еді. Бесік жырын тыңдап түс көріп, ата-әже ертегісін тыңдап, жыр-дастандарды жаттап, қазақтың дәстүрі мен салт-санасын, дүниетанымын, діні мен ділін бойларына сіңіріп ер жеткен бұл кісілердің өз ұлтын сезіну деңгейі, қоршаған әлемді қабылдауы бүгінгіден бөлек болған. Сол себепті де, түп-тамырларынан айырылмаған бұл кісілердің әр туындысынан өз ұлтымыздың иісі аңқып тұратын. Ал бүгінгі буынның көргені – Голливуд пен Ресей мультфильмдері, оқығандары Батыс пен Еуропа философтары мен жазушыларының шығармалары. Тыңдағандары – өзге ұлт өкілдерінің әндері. Қазақ тілінде сөйлегенді былай қойғанда, түсінбейтіндері қаншама. Ал өз түп-тамырынан айырылған адамның ұлттық туынды түсіруін күту Сэмюэль Беккеттің пьесасындағыдай Годоны күткенмен бірдей. Ендеше ұлттық кинематографиямызға өз үлесін қосқысы келетін жас киногерлерге ең алдымен ұлттық әдебиетіміз бен төл поэзиямызға, халық әндеріміз бен халықтың қазынасы болып табылатын фольклорымызға үңілуді кеңес қылар едім.


4164e51693efaa60f0c1c860ab815f35.jpg


Қазақ киносының ең үздік туындыларына қай фильмдерді жатқызар едіңіз?

* Менің атым Қожа (1963) – А.Қарсақбаев

* Тұлпардың ізі (1964) – М.Бегалин

* Атамекен (1966) – Ш.Айманов

* Қыз-Жібек (1970) – С.Қожықов

* Балкон (1988) – Қ.Салықов

* Қиян (1989) – С.Апрымов

* Айналайын (1990) – Б.Қалымбетов

* Көзімнің қарасы (1994) – С.Нарымбетов

* Кардиограмма (1995) –Д.Өмірбаев

* Әлемнің мейірлі енжарлығы (2018) – Ә.Ержанов

Уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге көп Рақмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?