Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Отандық және шетелдік ғылыми әдебиеттегі 1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы аштық

2581
Отандық және шетелдік ғылыми әдебиеттегі 1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы аштық - e-history.kz

2021 жылғы 21 қыркүйекте ҚР БҒМ Ғылым комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 1920 жылдардың басындағы ашаршылықтың 100 жылдығына арналған «Отандық және шетелдік ғылыми әдебиеттегі 1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы аштық» тақырыбындағы дөңгелек үстел өткізді.


ҚР Президенті Қасым Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында 1921-1922 жылдар болған ашаршылыққа, тарихымыздың осы «ақтаңдақ» беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келетіндігіне, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайымның жоқтығына, оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырып жатқандығын айта келе: «миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалған жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді», - дейді Мемлекет басшысы.

Дөңгелек үстелдің тақырыбының өзектілігі біріншіден мемлекет басшысының ашаршылықтың 100 жылдығына орай тарихи құжаттарды мұқият және кешенді зерттеудің қажеттігінде, екіншіден «ИРН АР09259227 «1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық және оның зардаптары (жаңа мұрағат және жазба дереккөздер негізінде)» жобасын жүзеге асыру аясында жаңа, бұрын-соңды қаралмаған мәліметтерді жинауда еді.


IMG-20210921-WA0025.jpg


Дөңгелек үстелге қатысушылар қазіргі кездегі Қазақстанның тарих ғылымының зерттеулеріне, кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихының жаңа тұжырымдамасын жасауға талпыныс жасалғанын атап өтті. Оның ең қайғылы беттеріне ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда кеңестік кезеңде «жабық» тақырыптарының бірі – 1921-1922 жылдардағы ашаршылықты жан-жақты зерделеу қажеттігін айтып өтті. 30-жылдардың басындағы 1932-1933 жылдардағы аштықты зерттеуге көп көңіл бөлінеді, ал алдыңғы 20-шы жылдары болған жаппай аштық біршама «көлеңкеде» қалып, жүйелі зерттеу нысанына айналмады. 1917 жылы билікке елді, соның ішінде қазақ өлкесін басқарудың күштік және командалық-әкімшілік әдістерін қолданған большевиктер келгені белгілі. Қарама-қарсы күштермен қарулы қақтығыс аясында олар өнеркәсіптік кәсіпорындарды ұлттандыруды жүргізді, азық-түлік салығы енгізілді. Осы және басқа шаралар 1920 жылғы бұрын-соңды болмаған құрғақшылық пен егіннің жетіспеушілігіне, 1919-1922 жылдарда болған жұт, әсіресе дала тұрғындары арасында жаппай ашаршылық пен эпидемиялық аурулардың тарауына әкелді. Сол қайғылы оқиғалардан бері 100 жыл өтсе де, ашаршылықтың себептері, ауқымы мен салдары әлі күнге дейін отандық және шетелдік тарихнамада тиісті бағасын алған жоқ және қалың жұртшылыққа ұсынылған жоқ.

Аштық пен эпидемиялық аурулардың қатар болуының, денсаулық сақтау жүйесінің дұрыс ұйымдастырылмауының, аштық пен жұқпалы аурулардан өлген адамдардың, ауылдық жерлерде, сондай-ақ көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын қазақ халқының көпшілік бөлігінің тіркелмегендіктен қазіргі кезде аштықтан қаза тапқандардың санын анықтау қиыншылық тудырып отыр. Тарихи-демографиялық зерттеулерде 1 миллионнан астам адамның саны аталған. Аштықпен күресу үшін кеңес үкіметі әртүрлі салықтар енгізіп, азық түлік бөлді, көптеген тамақтану асханалары ашылып, аштыққа көмек көрсету комиссиялары құрылды.

Жалпы 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың тарихнамасы, себеп-салдары, ауқымы туралы жаңа мұрағат деректері, Орынбор мен Новосібір облыстарындағы мұрағат құжаттары, аштық болған губерниялар жекелей талданып, сол жылдары аштықпен күресте үлкен рөл атқарған ұлт зиялыларының мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары айтылған болатын.

      Арайлым Қоңқабаева, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері, тарих магистрі

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?