Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тіл мен тарих - рухани даму тетіктері

3950
Тіл мен тарих - рухани даму тетіктері - e-history.kz

Сурет: https://egemen.kz/article/199816-orkeniet-pen-damudynh-qaynar-kozi

2021 жылдың қазақ елі үшін өз ерекшелігі бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ХАЛЫҚ БІРЛІГІ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ РЕФОРМАЛАР – ЕЛ ӨРКЕНДЕУІНІҢ БЕРІК НЕГІЗІ» атты Қазақстан халқына Жолдауында биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отырғандығын айтып, тәуелсіздігімізді ең қастерлі құндылығымызға балады. 

Қазіргі жаһандану кезеңінде жас мемлекет үшін ұлттық құндылықтарды сақтап қалу – аса маңызды мәселе. Олардың қатарына әлбетте тіл, рухани мәдениет, діл т.б. жатқызуға болады. Сондықтан қазақ тілінің дамуы барысын жіті назарда ұстау, қадағалау қажет-ақ. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев бұл үрдіске оң бағасын беріп, қазақ тілінің, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналып келе жатқанын жеткізді. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейгендігін әрі бұны заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі ретінде түсіндірді. Расымен, мысал үшін, қазіргі таңда ата-аналардың өз еркімен балаларын қазақ тілінде балабақшада, мектепте білім мен тәрбие алуын қалауы – қоғамның таңдауы. «Қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ», – деген сияқты елімізде өзге тіл бойынша да шектеу туралы айта алмаймыз. Тілге қатысты жекелеген мәселелер ара-тұра туындап жататыны бар, алайда оларды өз уақытында оң шешімін тауып отыруына қоғам болып атсалысқан жөн. Жолдауда да Атазаң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік қазақ тілі бар, ал орыс тілі ресми тіл мәртебесінде екендігі қадап айтылды. Қадыр Мырза Әли ақынымыз айтқандай: «Өзге тілдің бәрін біл. Өз тіліңді құрметте!» дегендей еліміздің әр азаматы, қазақ тілін үйренуге, білуге бағыт алуға тиісті. Ал қосымша қанша тілді, оның ішінде орыс, ағылшын т.б. меңгерсе де өз еркі. Дегенмен қазақ тілін меңгеруге деген қажеттілікті, сұранысты арттыру жолында шараларды әлі жетілдіре түсу қажет.

Мемлекеттің алдыңғы қатарда дамуына білім, ғылым саласының тигізер әсері маңызды. Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз. Осыған қатысты бірқатар мәселелерді шешу бойынша шараларды бастау үшін Президентіміз нақты тапсырмаларды атап көрсетті:

- саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін 2021 жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу;

- жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу;

- Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізу;

- құзырлы министрлік осындай ғылыми мекемелерді іріктеудің және қаржыландырудың айқын әрі ашық ережесін әзірлеуі;

- грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отырғандықтан, ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастыру;

- Ұлттық ғылыми кеңестер шешімдерінің әділдігі туралы мәселе де күн тәртібінен түспей тұрғандықтан, апелляция институтын енгізу.

Аталған тапсырмалардың орындалуы ғылымның сапалы жолмен дамуына көп септігін тигізбек. Мәселен, тарих ғылымы саласында тың зерттеулерді сапалы түрде жүргізу архив қорларындағы материалдармен жұмыс жасауға байланысты. Қазіргі пандемия жағдайында отандық архивтердің өзінде жұмыс жасау қиындық туғызуда. Себебі карантиндік шараларға байланысты архивтің оқу залдары ізденушілер үшін 2021 жылдың өзінде бірнеше рет белгілі бір мерзімдерге жабық болды. Шетелдергі архивтерде де оқу залдарының жұмыс жасау кестесі, қабылдайтын адам санының шектеулігі, тіпті көршілес Ресей қалаларына жету жолдарының өзі қиындап әрі қымбаттап кеткені аян. Бұл тарихи зерттеулерді жүргізуде мамандарға өз кедергілерін келтіріп, уақыт мерзімінің шектілігі де кері әсерін тигізуде. Қоғамда орын алуы мүмкін осы сияқты теуекелдер үшін де ғылыми зерттеулерді жүргізу мерзімін ұзарту оң шешім болар еді. Яғни ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін өзекті деп айтуға болады. Бүгінгі таңда жалпы ғылым саласының мамандарын санға емес, сапаға жұмыс істеуі үшін ынталандыру жүйесі қажет. Ол алдағы уақытта жыл сайын 50 үздік ғылыми қызметкерге премия тағайындауда ескерілсе игі. Құзырлы министрлік басшысы А.Аймағамбетовтің ғылым саласында оң шешімдерді жүзеге асыруда үлесін тигізіп келеді. Олардың қатарында гранттық конкурстарды үш жылда бір рет емес, жыл сайын өткізу, жас ғалымдарға жеке гранттық конкурстар ұйымдастыру шараларын ерекше атап өтуге болады. Ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру, ғалымдарға тұрақты және лайықты жалақы төлеу мәселесі жыл сайын ғылымға бөлінетін қаржы есебінің өсуіне байланысты, яғни 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына жеткізу көзделгендіктен, қиындықсыз шешілуге тиіс деп санаймыз. Жоғарыда ғылым саласы бойынша ел басшысы қойып отырған тапсырмалар да өз мерзімінде жүзеге асырылса, нұр үстіне нұр болмақ.

Жолдау аясындағы әрбір көтерілген мәселе нақты шешімін тауып, жүзеге асырылуы өз кезегінде тиісті ұйым басшыларының талапты еңбегін қажет етеді. Бастысы, халық бірлігі мен ел тыныштығы орнаған жерде мемлекетіміздің өркендеуінің негізі нығайып, жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік молаяды.

Құрманалина Н.Н.

PhD, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?