Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы тарихи тұлғалар

6906
Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы тарихи тұлғалар  - e-history.kz
Әбіш – барлық дерлік еңбектерінде қазақ елінің тарихы мен тағдырына тоқталған және тарихты жалықпай көп зерттеген жазушы

Ә.Кекілбаевтың тарихи тұлғаларға арналған еңбектерін негізінен екіге бөліп қараймыз: Бірінші, әдеби-көркем шығармалардағы тарихи тұлғалар (Абыл, Сүйінғара, Бекет ата, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Әбілқайыр хан, Абылай, т.б.). 

Екінші, ғылыми зерттеулерінде қамтылған тарихи тұлғалар. Олар негізінен: Қарабура, Шотан батыр, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Әбілқайыр, Барақ сұлтан… 

Әбіш – әдебиет майданында кемел ой, көркем сөзімен белгілі жазушы. Қандай шығармасы болса да оқушысын баурап алады. Оның кейіпкері Еңсеп – тек еңбек адамы ғана емес, өнер адамы. Абыл шерткен керемет күйлерді және тарихымыздың аса қиын кездерін суреттейтін шығармасы – халық тағдырын жан-жақты бейнелейтін туынды. Қазақтың атбегілеріне арнаған шығармасы қандай болса, «Автомобиль» де сәйгүлікке мінгендей делебеңді қоздырады. Өндіріс пен геология тақырыбына жазған шығармаларында да – «Ұйқыдағы арудың оянуы», т.б. – халқымыздың тарихы қамтылған. Әбіш – барлық дерлік еңбектерінде қазақ елінің тарихы мен тағдырына тоқталған және тарихты жалықпай көп зерттеген жазушы. 

Қаламгердің алғаш жарыққа шыққан шығармасы «Бір шөкім бұлт» болатын. Осы шығармасының өзі оның үлкен сөз зергері екенін көрсеткен-ді. Көп ұзамай, 1967 жылы «Күй» жарық көрді. «Күй» классикалық туынды болатын. Әрине, кезінде оны өз дәрежесінде бағалағандар аз еді. Сол аздың ішінде Г. Бельгер: «…«Күй» стиліндегі эпиктерге тән байсалды баяндау, философиялық, психологиялық тереңдіктерге бару, кең тынысты, бейнелі, иірімді тілдік құралдарды пайдалану секілді ерекшеліктерімен құнды", – деген болатын. 

«Күй» артынан «Ханша дария хикаясы» жарыққа шықты. Осы еңбегі алдымен орыс, сонсоң басқа тілдерге аударылып жарық көрді. Жазушының тарихи тақырыпқа жазған шығармаларының бірі – Ақсақ Темір туралы. Одан соң – «Үркер» романы. Демек, оның шығармаларындағы тарихы тұлғалар – Абыл, Бекет ата, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Әбілқайыр хан, Қарабура әулие, Шотан, Сүйінғара батырлар, Әйтеке би – біздің тарихымыздағы аса көкейкесті мәселелер болғандықтан, оларды кеңінен жіктеуге міндеттіміз. Абыл күйші мен Сүйінғара батыр (Дүйімқара) тарихы жазылған «Күй» повесі туралы Әбілқайыр Спан: 

«…Жазушы Ә. Кекілбаев – ұлы гуманист. Өз сөзімен айтқанда, оған бір халықты керемет, бір халықты керемет емес дейтін нәрсе жат, оны қай уақытта да жек көреді… Тек жек көріп тынбайды, осы жолда күрескер де бола алған. Осы қыры «Күйде» де көрінеді. Мұнда ол «түрікмендер жаман, қазақтар жақсы» демейді. Жамандық пен жақсылық екеуіне де ортақ – қазақтың Дүйімқарасының түрікмендегі сыңары – Көкбөрі, қазақтың күйшісінің түрікмен ішіндегі егізі – Дәулет…», – деп анықтама береді («Заңғар». – А., 2008, 81-82-беттер). Орысша аудармасында кейбір тараулардың түсіп қалғаны туралы автордың өз жауабы арқылы түсіндіріп: «Есіл «Күйдің» жал-құйрығы солай күзелген де қалған… Мұндай жағдайға «Үркер» де түсіпті», – дейді (85-бет). 

Ә. Кекілбаевтың «Ханша дария хикаясының» тақырыбы – Шыңғыс хан. Соңғы кездері қазақ жұртында Шыңғыс хан туралы екі түрлі көзқарас бар. Біріншісі Шыңғыс хан шабуылынан кейінгі қыпшақ тайпалары ғана емес, көптеген халықтардың саяси және экономикалық жағдайының нашарлауын, әлсіреуін, яғни зардабын көрсетеді. 

Екіншіден, Шыңғыс ханды жақтайтын, яғни оның жаулап алушылық саясатының прогрессивтік мәні жөнінде пікір айтушылар (“ол болмаса қазақ тарихы да әдіра қалатын еді”) бар. 

Жалпы, Совет Одағына қараған елдердің тарихында татар-монғол, әлде монғол-татар шапқыншылығы деген термин мықтап қалыптасты. Шын мәнінде ол монғолдың да, татардың да емес, Шыңғыс ханның шапқыншылығы. Монғол тілдес халықтар түркі тілдес халықтармен салыстырғанда өте аз еді. Қазір монғол тілдес халықтар (қалқа, қалмақ, бурят, ойрат, торғауыт, дүрбіт, т.б.) саны түркі халықтарынан бірнеше есе аз және бұрын да, қай заманда да солай болған. Ал қазіргі Монғолияның мемлекеттік тілі – қалқа тілі. 

Егер Шыңғыс хан шапқыншылығы болмағанда, біздіңше, Қазақстанның көптеген қалалары мен мәдени орталықтары, сол жерлерде мекендеген көп халықтың шаруашылығы құлдырамаған болар еді, ал Қыпшақ мемлекетінің орнында сол бір алып ел мен ұлы мәдениеттің пұшпағы сынды көптеген ұлттар пайда болмай, тек бір ұлт – қыпшақ халқы қалатын еді. 

Сонша халықты қырып-жойған Шыңғыс хан империясынан оның туған халқы монғолдар не жақсылық көрді? Сол кезде-ақ көп халық емес еді, Шыңғыс ханнан кейін тіпті азайып қалмады ма? Шыңғыстың тікелей өз ұрпақтары да әр халықтың құрамында жоқ болып кетпеді ме? Оның немересі негізін қалаған құдіретті мемлекет – Алтын Ордада қыпшақ тілі мен мәдениеті салтанат құрды, ал монғол тілі мен мәдениетінің ізі де қалған жоқ… 

 

9bf475e0343005b5948fb9c71de641d3.jpg

Әбекең шығармаларын мұқият оқыған зерделі оқушы осы айтылған тарихи жайттар турасында толғанбай қалмайды. Ұлы тұлғалар ішінде А.Македонский, Ю.Цезарь, берідегі Наполеон мен Гитлерді мысалға алсақ, олардың да туған халқын аспанға шығарған ештеңесі жоқ, керісінше: дүние жүзін бағындырамын деген Македонский Грекияны әлсіретті. Соңынан бұл ел Римге бағынышты болды. Цезарьдің шектен тыс билік құмарлығынан Римде бес ғасыр өмір сүрген республикалық басқару жүйесі жойылып, императорлық, яғни бір адам билеп-төстейтін басқару жүйесі дүниеге келді. Осыны пайдаланып, Израильден шыққан ағайындар христиан дінін дүниеге әкеліп, сол арқылы Римді құлатып қана қойған жоқ, бүкіл Еуропа халқын құлдыққа салды. Әбіш жазған Шыңғыс пен Ақсақ Темір – қанша ұлы жаулаушы, қанша асқақ билеуші болса да, өлімнен қашып құтылмайтын жұмыр басты пенде. Осы екі тарихи тұлға туралы талай ғұламалар жазды. Бірақ Әбекең олар туралы халық аңыздарына сүйеніп жазған екен. Ұлы әміршілердің құдіреті мен дәрменсіздігін ірі суреткер Ә. Кекілбаев кең көлемде, жан-жақты көрсетеді. Дәрменсіздіктің басы жұмыр пенденің бәріне ортақ екенін жеткізеді. Дәрменсіздік, әлжуаздық латын тілінде vulnerable, орыс тілінде уязвимый, әсіресе, ұлы әміршілерге тән қасиет немесе ауру екенін автор көркем тілмен баяндаған. 

«Елден шыққалы біраз болыпты. Одан бері айтқаны болып, атқаны тиіп, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ сайран салып келе жатқанымен, бұның өзін мысқалдап болдырта түсетін өлшеулі ғұмырдың алдамшы жылдарының бірталайын ада еткені есіне енді оралды…», – деген жолдар Шыңғыстың ішкі толғаныстарының аз болмағанын көрсетеді.  «Ханша дария хикаясының» эпилогында: 

«Қытай диқандары жер бетін қан жылатып, өмір бақи жеңілмейтін жиһангер атанған Шыңғыс ханнан да кек қайтарған арудың денесіне тауап етіп, әрқайсысы бір-бір күрек топырақ салғанда, Гүрбелжін ханшаның моласы осындай шартараптан өзіне шақырып тұратын найза төмпекке айналыпты. Осынау адамға қысастық қылғанның зауалы ақыры адамнан болатынын айтып, жер түбінен ұран салып тұратын киелі төбенің еңсесі мәңгі биік болу үшін әрлі-берлі өткен жүргінші Темір-Олхоға бір уыс топырақ қосып отырады. Ал енді Гүрбелжіннің Шыңғыс ханнан қалай кек алғанын өзінен басқа тағы бір адамға айтып берген кісі де Темір-Олхоға бір уыс топырақ қосқан адам болып есептелетін көрінеді», - деп ханшаның ерлігін адамзат ешқашан ұмытпайтынын білдіреді. Енді Ақсақ Темір туралы аз сөз. Ақсақ Темір жорықтарынан тек түркі халықтары ғана емес, бүкіл мұсылман елдері зардап шекті. Әріден таратсақ, түркі тайпалары селжуктер баса-көктеп кіргенде Византияның көп ғасырдан келе жатқан арбасы мықтап аударылды. Сол күннен бастап Византия Түркия деп аталды. 

Түрік мемлекеті, яғни Осман империясы тек Византия жерін иеленіп қана қойған жоқ, сонымен қатар бүкіл Еуропаға ұмтылды. Түрік сұлтаны Баязит Еуропаның көп жерін алып, біріккен әскерін талқандағанда, Еуропа үшін ол екінші Атилла боп елестеген еді. Сөйткен Баязитті 1401 жылы түркі халықтарынан шыққан жаңа бір әмір Ақсақ Темір өлтірді. Ол тірі қалғанда Британияға бір жорық жасап, бүкіл Еуропаны түріктің қол астына қарататын еді. Ол Алтын Орданы талқандап, Ресей еркіндігіне жол ашты. Ақсақ Темір дүниені бағындырам деп жүріп, өз жұртына – бүкіл түркі халықтарына қиянат жасады. Түркі халықтары, жалпы, бүкіл мұсылман әлемі Ақсақ Темір лаңынан кейін бұрынғы дәрежесінде еңсе тіктей алған жоқ, есесіне Еуропа күшейді. Ол сондай-ақ Қытайдың күшеюіне жол ашты. Содан бері бүкіл түркі әлемі Еуропа, Ресей және Қытай тепкісіне түсіп, бұрынғысындай бас көтере алмай келеді. 

Соңғы жылдары Өзбекстанда Ақсақ Темірді дәріптеу бар. Ақсақ Темірге нағыз құрметті Еуропа мемлекеттері көрсететін реті бар және көрсетіп те келеді. 1996 жылы Самарқанда өткен Ақсақ Темірдің 660 жылдық мерейтойы шығындарын Германияның Эденауэр компаниясы көтерді. Еуропада Ақсақ Темір шын мәнінде ерекше құрметке ие. Барлық энциклопедияларда оның суреті берілген. Ақсақ Темір жорықтары болмағанда, ағылшын, француз, неміс, орыс тілдерінің бүгінгідей үстемдікке жетуі, жалпы, христиан дінінің кең қанат жаюы екіталай болатын. Ал түркі тілі дүниежүзілік үстемдігінен айырылмас еді. Ақсақ Темірдің біз білетін жақсылығы – Самарқанда бірнеше, Түркістанда бір ғимарат салғызғаны. Бірақ сол Самарқанда Жалаңтөс батырдың өзі үш ғимарат тұрғызды емес пе?! Әлем тарихындағы ұлы тұлғалар арасында Қазақ тарихына тікелей қатысы бар Шыңғыс пен Ақсақ Темір туралы Әбіш Кекілбаев шығармалары оқушыға көп ой салады. Ұлы әмірші дүниені қанша дүркіретсе де, ажал тырнағынан құтыла алмады. Оның жан қиналысы мен азабы туралы Әбекең аса көркемдікпен жазған: 

«…Ол қайтадан есеңгіреп кетті. Енді жан-жағын шетсіз-шексіз құла түз жайлап алды. Білем-білем шағылдар да әлдеқандай шимай жазуларға толып кеткен сияқты. Бұл сөніп бара жатқан жанарының соңғы қуатын шым-шым сарқып, қадалып келіп оқиды-ақ. Әлдебір уақыттарда барып зорға-зорға ажыратқандай болды. Күллі дүниені «Барар жерің бәрібір жердің асты» деген шимай жазу қаптап кетіпті. Ол тағы көзін ашты. Төбесінен қара қоңыр күңгірт бірдеңе төніп тұрды. Бірақ әмірші бұл жолы өзінің үйреншікті алтын күйме, атлас шатырында жатқанын әлде баяғыда өзі салдырған тас зынданда жатқанын ажырата алмады». Сансыз адамның қанын төккен ұлы әміршінің жан азабын суреттеумен «Аңыздың ақыры» романы аяқталады. Әбіш бейнесін сомдаған тарихи тұлғалар ішінде Әбілқайыр хан туралы жазбалардың ерекше құнды екенін айтқымыз келеді. «Үркер» романы Кеңес Одағының дәуірлеп тұрған кезінде жазылды. Алайда автор көптеген тарихи шындықты тұспалдап жеткізе білді. «Үркер» Әбілқайырдың Ресейге өз еркімен қосылу үшін хат жазып, жауабын тағатсыз күтіп жатқан эпизодтан басталады. Сол тарихи хаттың жалған аудармасы тек жазушы Кекілбаевты емес, әрідегі бүкіл Алаш ардагерлерін, сол кезеңді мұқият зерттеп, Кіші жүздің Ресей басқыншылығына қарсы ғасырлар бойы күрескенін жақсы білетін И.Крафтты да жаңылыстырған болатын. Бұл жалған аударма 1999 жылға дейін, яғни түпнұсқа оқылғанға дейін қаншама зерттеушілерді жаңылыстырды? Сөйтсек, Әбілқайыр хатының түпнұсқасы мен орыс тіліндегі аудармасының арасы жер мен көктей екен (А.Исин. Әбілқайыр хатын қалай оқыған дұрыс. Абай, 2-2001. ). 

c14efa2cb52801b4f6f96b8ea8d7a6e7.jpg

Әбілқайырдың ақ патшаға өтініші тек башқұрт халқымен арадағы қарым-қатынасты қайта орнату турасында ғана еді, ал бодандық туралы сөз жоқ болып шықты. Нақ сол тұста бодандық туралы сөз болуы да мүмкін емес еді. Себебі осы кезге дейін айтылып келгендей, жоңғар халқы емес, Ресей тарапынан ұйымдастырылған Ақтабан шұбырынды оқиғасынан соңғы соғыстан Әбілқайыр жеңімпаз болып шықты. Енді Әбілқайыр хатының жазылу тарихына тоқталайық. І Петр Ресей тағына келген күннен бастап Қазақ мемлекетіне қатты шүйілді, сол саясатын 1725 жылы өзі көз жұмғанға дейін жалғастырды. “Ресейге бағынышты талай халық бар, қазақ та солардың бірі ғана болуы тиіс”. І Петр мен оның айналасы қазақтарға жоңғарларды айдап салған соғыстан өздері күткендей нәтижеге жете алмаған соң, енді басқаша айла құра бастады. Олар Әбілқайырдың мөрі басылған бір хатты қолға түсіру керек деп ұйғарды (А.Исин, И.В.Ерофеева). Әбілқайырдың қолы қойылып, мөрі басылған хатты қалай да қолға түсіру Тевкелевке тапсырылды. Бұл тапсырма ауызша ғана емес, жазбаша түрде де берілген. Тевкелев қағаздары арасынан талай құжат табылыпы. І Петр Астраханьға келген сапарында Тевкелевке мынадай нұсқау берген: 

«стараться, …несмотря на великие издержки, хотя бы до миллиона держать, но токмо, чтоб только одним листом под протекцию Российской империи быть обязались». Бұл құжатты алғаш рет И. В. Ерофеева жарыққа шығарды. І Петр мақсаты өзі өлген соң арада алты жыл өткенде орындалған. Бірақ бұл хат, осы уақытқа дейін айтылып келгендей, бодан болуға өтініш еткен хат емес еді. Әбілқайыр башқұрт елімен арадағы бұрынғы достықты қайта орнатуды көздеген. Осы уақытқа дейін біз Әбілқайыр хатының орысша жалған аудармасын пайдаланып, Кіші жүз ханын нақақтан айыптап келіппіз (А. Исин). Әрине, бұл – басқа тақырып. Біздің мақсатымыз – бодандық мәселесінің тіпті де Әбілқайырдан емес, І Петр мен оның айналасынан шыққанын еске сала кету. Әрине, І Петр саясатын орыстың кейінгі патшалары да жалғастырды. Бірақ орыс патшалары тарапынан қазаққа істелген ең үлкен қиянат Ақтабан шұбырынды оқиғасы еді. Ақтабан шұбырынды оқиғасын ұйымдастырушылардың бірі – И. Унковский. Осы уақытқа дейін Қазақстан тарихында оны дипломат деп жазып, қазақ халқына қарсы алапат қастандықтың негізгі авторларының бірі екені жасырылып келді. 

Айта кетейік, кезінде Шоқан Уәлиханов қазақ халқының, сондай-ақ барлық өмірі Ресейге қарсы күреспен өткен Әбілқайырдың орыс патшасына өз еркімен бодан болуға ниет білдіргеніне күдікпен қараған. Ол Әбілқайыр мен Ресей арасындағы қақтығыстар туралы көптеген мәліметтер жинап, осы бір күрделі мәселеге сол кезде-ақ назар аударған болатын. Әбілқайыр хан турасында “Ресейге өз еркімен қосылуға бастамашы болған” деген жалған ақпаратты таратып-қалыптастыру Ресей империясының, одан соң кеңестік тоталитарлық режимнің сасық пиғылынан туған әрекет еді. Кешеге дейін біз соған сеніп келдік. 1989 жылы Алаш ардагерлері ақталды. Ал 1991 жылы Х. Досмұхамедұлының «Аламан» атты кітабы жарыққа шыққан соң, Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылды деген тақырып келмеске кетуі тиіс еді, алайда тарихшыларға Әбілқайыр ханды ақтап шығуға әлі де бірнеше жыл керек болды. Ақиқатқа көз жеткізген ендігі ұрпақ үшін Әбілқайыр – өмір бойы кеудесін оққа төсеп, елін қызғыштай қорыған, 48 жыл ғұмырын Ресей басқыншылығына қарсы арпалыспен өткізген ұлы тұлға. Кіші жүз қазақтары мен Ресей арасындағы қақтығыстар мен соғыстар әрқайсысы 150 жылдан тұратын екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең туралы Мұрат Әбдіров: 

«…С конца XVII – начала XVIII в. начинается ожесточенная и кровополитная, длившаяся 150 лет, казахско-казачья война. С этого момента вся история взаимоотношений казахов с яицкими (Жайық өзені) казаками заполнена взаимными набегами, враждой, захватом пленных и угоном скота. Борьба шла не на жизнь, а на смерть, с переменным успехом, и в этой борьбе не было ни победителей, ни побежденных, никто не хотел уступать…» және: «Многострадальная казахская земля обильно полита кровью наших предков, отстаивовших право на мирную жизнь на древней, исконно своей территории…», – деп жазған еді(История казачества Казахстана, 44-45-беттер). Ал 150 жылдық (1731-1880 ж.ж.) екінші кезең туралы Халел Досмұхамедұлы: 

«Осы екі ғасырдағы патша өкіметінің жұмысы қазақты әбден бағындырып алып, көпір қылып Азияға аттау болды. Қазақтың амалы таптайын деп тұрған патша өкіметінен құтылу болды. Дәуірлеп келе жатқан орыс байларының капиталымен жауласам деп, Кіші жүздің жүз жарым жылдай тарихы қанмен жазылғандай болды…» ( Аламан, 51-бет), – дейді. Жалпы, қазақтың сыртқы жаулары: шығыста – жоңғар, батыста Ресей (казачьи отрядтар мен қалмақтар) еді. 1758 жылдан соң Қазақ елі жоңғардан құтылды. Оның есесіне енді Оңтүстіктен Орта Азия хандықтары қазаққа бүйідей тиді. Бұл мәселеде олар Ресеймен одақтастығын көрсетті. “Жұт жеті ағайынды” деген… Атамекенін қорғау үшін қазақтарға тек орыстармен ғана емес, Орта Азиядағы көршілермен де соғысуға тура келді. 1580 жылы құрылған Ресейдің Яицкое (Уральское) казачьи войскосы ХVІІ ғасырдың ақырында (I Петр таққа отырған соң) Кіші жүз жеріне шабуылын үдетті. Осы қиын кезде қазақ елін қорғаған қолбасшылар ішінде ерекше көзге түскені Әбілқайыр болды. Кіші жүздің Ресеймен соғысы 1709 жылы Әбілқайыр хан болған соң бір жүйеге келіп, жақсы ұйымдастырылды. 1707-09 жылдары башқұрт халқының ұлт-азаттық көтерілісіне Әбілқайыр Арал мен Каспий арасындағы елден 3 мың сарбазбен барып, көмек көрсеткен. 150 жылдан бері Ресей қол астында болған башқұрттар оны өз еліне хан сайламақшы болып жатқанда, 1709 жылы күзде қазақ билері шұғыл шақыртып алып, Кіші жүзге хан сайлайды. Бұрын Кіші жүзде хан болған жоқ, үш жүз бір орталыққа бағынатын. Әбілқайырдың 1709 жылға дейінгі ерліктері мен еңбегі ескеріліп, оны Кіші жүзге хан етіп сайлау жөнінде шешім қабылданған. Әбілқайыр Тәуке хан шақырған билер кеңесіне кеткен соң, башқұрт көтерілісі жеңіліс табады… 

Ал Ресей басқыншылары мен Кіші жүз арасы күннен-күнге қиындап еді. 1721 жылы орыс-казактар мен қалмақтардың атаман Балмашнов басқарған тобы Ойыл өзеніне дейін шабуыл жасап, көп тұтқындар мен мал айдап әкеткен. 1722 жылдың қаңтарында 300 қазақ сарбазы қарымта қайтару үшін Шаған өзені жанындағы қысқы станицаға шабуыл жасап, 70 казак-орысты айдап әкетеді. Осы жылы ақпанда қазақтар Теке қаласы жанындағы жылқы табынын айдап кетіп, Жайық казактарын жаяу қалдырады. Сөйтіп, Жайық казактары I Петрдің парсы еліне қарсы жорығына қатыса алмады. Қатты кектенген I Петр жоңғарларды артиллериямен қаруландырып, оларға жаңа қаруды үйретуге капитан И. Унковскийді жіберді. Мұның соңы - 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды». 

Батыстан казак-орыс отрядтары мен қалмақ әскерлері шабуыл жасаса, Шығыстан жоңғарлар Түркістан қаласына дейінгі жерлерді түгел басып алып, елді азып-тоздырды. Батыстан шабуылдаған казактар мен қалмақтар Түркістанға жете алмады. Себебі сақадай сай Әбілқайыр әскері оларды тоқтатып қана қойған жоқ, Еділден әрі асырып қуып тастады. Соғыстардың бірінде қалмақ ханы Аюке өлтірілді (1724 жыл, 19 ақпан). Әбілқайырдың батыстан қаптаған орыс әскерлері мен қалмақтарға қарсы шабуылы туралы И. В. Ерофеева: 

«…Внезапное появление Абулхаира в районе Яика с крупными воинскими силами вызвало большую панику волжских калмыков. Тайша Досанг немедленно отправил к Аюке бывших вместе с ним тайшей с предложением, чтобы сам хан выступил на передовые рубежи калмыцких улусов с собственным войском, а также оказал ему военную помощь посылкой людей и оружия. Однако Аюка не имел возможности оказать подобную поддержку своему вассалу, т.к. не располагал в данный момент достаточным количеством боеспособных воинов для отражения натиска 20-тысячного войска казахов и настойчиво просил у астраханского губернатора военной помощи. В ответ на эти усиленные обращения за помощью губернатор А.П.Волынский распорядился отправить к калмыкам с Закамской линии артиллерийскую команду и 6 эскадронов солдат для охраны улусов хана Аюки, но обещанная им военная поддержка в тот момент уже реально ничего изменить не могла. 28 ноября 1723 г. в Военной коллегии были получены донесения кн. А.П.Волынского, датированные последними числами августа, что войска Абулхаира в первых же сражениях с калмыками наголову разбили улусы тайши Лекбея численностыо около 2 тыс. семей, захватили большое количество пленных, множество голов скота… 

…Затем дружины казахских джигитов устремились вглубь калмыцких кочевий. Обеспокоенные действиями казахов на юго-восточных границах России, царское правительство направило 12 декабря 1723 г. хану Аюке грамоту с требованием оказать помощь русским властям в отражении наступления совместных казахских и каракалпакских отрядов…“, - деп жазған болатын. 1725 жылы екі жақ тұтқындар алмастырады. Әбілқайырдың осы бір жанкешті қимылы дер кезінде жасалған қимыл болды. Батыстан шапқан орыс пен қалмақтың жойқын шабуылын уақытында тоқтатпағанда, қазақ елі түгелдей орыс басқыншыларының қол астында қалатын еді. Әбілқайыр басқарған Кіші жүз қазақтары Ақтабан шұбырынды апатына ұшырамады. Олар батыс жақ шекараны қауіпсіздендіріп болған соң, енді жоңғарларға қарсы аттанды. Сөйтіп, I Петрдің шұғыл жоспары іске аспады. 1726 жылы Ордабасыдағы халық жиналысында Әбілқайыр біріккен қазақ қосындарының қолбасшысы болып сайланды. Бұланты жағасындағы (1728), Аңырақайда (1729/30) ойраттарды талқандаған соғыстарда оның қолбасшылық қабілеті ерекше жарқырай көрінді. Осы уақытқа дейін біз оқып келген жалған тарих Әбілқайырдың ерлігі мен халқына сіңірген өлшеусіз қызметі жөнінде ләм демейді. Керісінше, оны қазақ елін Ресейге бодан қылды деп нақақ айыптайды. 1738 жылы Әбілқайыр өмірінде тағы бір ерекше оқиға болды. Сол жылы башқұрт халқының Ресейге қарсы кезекті көтерілісі бұрқ етті. Ресей үкіметі башқұрт көтерілісін басу үшін оларға қазақтарды айдап салып, «бір оқпен екі қоян» атып алмақшы болды. 1738 жылдың ақпанында генерал Татищев Әбілқайырға хат жолдап: 

«Башқұрттардан қазақтар кек алуына жақсы жағдай туды. Әрбір башқұрттың басын әкелген қазақ жігітіне 60-100 рубль ақша беремін”, – деп хабарлады (Б. Олкотт. Әбілхайыр хан. Аруана, 1994, 23 қыркүйек). Татищев ұсынған ақшаның көптігі сонша, 60 сомға 12 жақсы ат алуға болатын еді. Әйткенмен Әбілқайыр ақшаға қызыққан бірде-бір қазақты башқұрттарға қарсы қиянатқа жібермеді. Керісінше, ол бұрынғысынша башқұрттарға көмек көрсетті. Алайда осы жайтты Ресей тарихшылары әдейі бұрмалап жазып келе жатыр. Бұған Брайн Олкоттың зерттеуін оқығанда көз жеткіздік. Осы мәліметтер Ә. Кекілбаевтың «Үркер» романында толық берілмесе де, тұспалдап айтылады. «Үркердегі» аса құнды мәліметтердің бірі – Ақтабан шұбырынды кезінде жоңғарларға Ресей тарапынан көптеген зеңбірік пен оқ атар қару-жарақтың берілгендігі. 

Тағы бір құнды дерек – Әбілқайырдың бәйбішесі Бопайдың Адай Мырзатай батырдың қарындасы екендігі. Ол Адай шежіресінде де жазылыпты. Осы уақытқа дейін Әбілқайырдың қазақ тарихындағы орнын кеңінен зерттеген И.В. Ерофеева және басқалар бұл деректі байқамаған болатын. Олар Бопай сұлуды төренің қызы деп жазды. Жалпы, «Үркер» – аса қиын кезде жарыққа шықса да, қазақ тарихына қатысты көп құнды деректің көзі болып табылатын шығарма. Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан» атты драмалық дастаны – өлеңмен жазылған төрт көріністі пьеса. Оқырман бұл жерде Әбекеңнің ақындық шабыты мен философиялық толғаныстарынан нәр алады. Осынау аса құнды драмалық шығарма Фридрих Геббельдің (1813-1863) «Нибелунгілер» трилогиясына ұқсас. Автор бұл шығармасында өзінің арман-мүддесін, халқымыздың тағдырын, ғасырлар бойғы мақсат-тілегін Абылай бейнесі арқылы берген. Енді Ә.Кекілбаевтың халқымыздың тарихына арналған зерттеулерін байыптап қарайық. Олардың арасында «Елдік пен ерлік киесі» атты Қарабура әулиеге арналған көлемді мақаласы бар. Мұнда Әбекең аңыз бен шежірені барлық уақытта шындыққа балауға болмайтындығын айтады. «Шежіреге айтқызсаңыз, ол – Тама батырдың баласы. Ал Тама батыр атақты «Қырымның қырық батыры» дастанының бір тарауы «Қарадөң балалары» топтамасында, Мұрын жыраудың айтуынша, былайша өрбиді: Қарадөң батыр, оның баласы Жұбаныш, оның баласы Ер Бегіс, оның баласы Ер Көгіс (кейде Тоғыс деп те аталады), оның баласы Тама, одан Тана туады. Жырау бір топтаманы осы арадан үзіп, Нәрік хан мен оның баласы Шора батыр туралы жеке жырлайды», - деп көрсетеді. (Қарабура, А. 1997. 14-бет.) Одан ары: «Қарабура Таманың баласы болуы мүмкін бе? Мүмкін емес. Өйткені тамалар – Х ғасырдан бұрын да бар этникалық атау. Ал Қарабура – адам болсын, жоқ тек ұран ғана болсын, мейл,і Х-ХI ғасырларда дүниеге келген Қарахан мемлекетіне байланысты құбылыс… …Қарабура Таманың өз кіндігінен тууы қандай мүмкін болмаса, нақты деректерге қарағанда, XV ғасырларда өмір сүрген Нәріктің де Қарабурадан тууы еш мүмкін емес. Өйткені Нәрік XV ғасырда Қаратау бойынан соңына ызғындай рулы ел ертпей, салт басты сабау қамшылы көшіп барып, Қазақ хандығының шонжары бола салмайды. 

Ал XV ғасырда Еділ бойында өмір сүріп, Қаратауға келіп дүние салған десек, онда Қарабура Қожа Ахмет Иассауидың жаназасын шығаруы еш мүмкін емес. Ендеше, Тамалардың ұранына айналып, көне Созақта күмбезі тұрған Қарабура Қарахан мемлекетінде туып, Қара мен Боғра хандардың құрметіне осындай атқа ие болған перзент болса ғана, түркі дүниесіне дін таратушылардың алғашқы легіне, есімі Қожа Ахмет Иассауимен бірге аталатындай сый-құрметке ие болуы мүмкін”, – деп түсініктеме береді. Сұлтан Сатұқ Боғра хан туралы Қарахан мемлекетінің алғашқы зерттеушісі Ш. Уәлиханов «…воитель за веру» деп және оның 915-955 жылдары мемлекет басында отырғанын исламды қабылдағанын, Тараз, Қашғар, Баласағұн қалалары сол кездің мәдениет орталықтары болғанын жазады (Шығармалар. 4-том, 117,407-беттер.), Ә. Кекілбаев зерттеулері Шоқанмен сабақтас келеді. Ә. Кекілбаевтың қазақ тарихына қатысты зерттеулерінде ерекше орын алатын тарихи тұлғаның бірі – Әйтеке би. Жалпы, қазақ еліндегі билер институтыны тарихын соңғы екі ғасырда көптеген ғалымдар зерттеді. Солардың ішіндегі ең ірілерін айтсақ, XIX ғасырда Ш. Уәлиханов, XX ғасырда С. Зиманов болатын.

Ал Әбіш ағамыз да Әйтеке биге қатысты барлық деректі жан-жақты зерттеген. Әйтеке бидің ХVІІІ ғасырда өмір сүргендігі туралы Ш. Уәлиханов еңбектерінде кеткен қате соңғы жылдарға дейін көптеген зерттеушілерді жаңылыстырды. Ал Әбекең осы тақырыпқа қатысты материалдарды мұқият зерттеп, Әйтеке бидің ХVІІІ ғасырда емес, тек ХVІІ ғасырда ғана өмір сүргенін дәлелдеді. «Жеті жарғыны» жасақтаған әйгілі үш бидің тарихтағы орнының аса үлкен екенін айта келіп, Әйтеке би туралы: 

«…Алаш ішінде Алшыннан. Алшын ішінде Әлімнен. Әлім ішінде Төртқарадан. Төртқараның Қарашы. Қараштың Сейітқұлы. Сейітқұл болғанда, кәдімгі Әз Тәукенің төртінші атасы, атақты Қасымхан өлген соң біраз уақ қазақ билігін қолына алған Шығай Жәдікұлы 1581 жылы күллі ұлысымен Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде, қасына төртқара Сейітқұл дегенді ерте кетпейтін бе еді, сол Сейітқұлдың дәл өзі. Сейітқұлдың сегіз баласының аты жер жарған. Ең атақтысы Жалаңтөс, сол кезде бар болғаны бес жаста екен. Сол Жалаңтөс Нұратада жүріп, Бұхар мен Тамды маңындағы қазақ ұлыстарын билеп, Ақназар ұлы Дінмұхамедтің көзіне түседі. Ол - кәдімгі Хафиз Таныштың «Абдулла-нәмесіндегі» Дінмұхамед. Қасым өлгесін шырқы бұзылған қазақ хандығының еңсесін тіктеп берген екесі Ақназардың саясатын одан әрі жалғастырып, Абдолла әулетінен өрбитін билеушілермен батыл тайталасқа шығып, қазіргі Орта Азияның кейбір шаҺар мемлекеттерінің тізгінін өз қолына ала білген қазақ ханы Жалаңтөс те Дінмұхамедтің сол күресі үстінде көзге түссе керек», – деп оның туып-өскен ортасы мен айналасындағы тарихи тұлғалар туралы нақты мәліметтер келтіреді. 

1748 жылы Әбілқайыр ханды Неплюевтің тапсырмасымен өлтірген Барақ сұлтанды ақтап шыққан атақты билер ішінде Төле би мен Әйтеке би болғандығы туралы жалған мәлімет Ш. Уәлихановтың «Сот реформасы туралы жазбалар» (1-том, 1961, 506-бет.) атты еңбегінде жазылып кеткен болатын. Расында, бұл оқиғаға Төле би де, Қазыбек би де, Әйтеке би де қатысқан жоқ. Біріншіден, Төле би мен Қазыбек би Барақты ешқашан жақтаған емес. Екіншіден, Әйтеке би ол кезде дүниеде жоқ болатын… Әбіш – осы шындықты алғаш анықтағандардың бірі. Барақ туралы: «…Төрт биге, атап айтқанда, Кіші Орданың Алшын Төртқарасының Қаратоқасына, Қаракесегінің Қожанабы мен Мәмбет аталығына, Орта жүздің бағаналы Найманының Өтебайына өз атынан сәлем жолдап, егер солар Әбілқайырды өлтіргенің теріс болды десе, басымның еркін соларға беремін»,- депті. Көріп тұрмыз, бұлардың арасында Төленің де, Әйтекенің де аты жоқ. Ю. Гуляевтің күнделігінде келтірген бұл деректі С. Абдрезяков қуаттайды», – дейді ол. 

Барақ сұлтанның 1735 жылы Ресей патшасына хат жазып, бодан болуға өтініш жасағанын да және оның 1742 жылдың күзінде Орынбор генерал-губернаторы Неплюевке барып ант бергені, патшаға елшілікке батыр Сырымбет Бекбасұлын жібергені туралы да алғаш Әбекең жазған еді. Бірінші болып Әбіш Кекілбаев жазған осы мәліметтер кейін И. Ерофеева зерттеулерінде түгелдей қолдау тапты. Патша өкіметі, Орынбор басшылары Әбілқайыр ханның қазасын тойлап жатты. Ең басты қуаныш - ол қазақ сұлтанының қолынан қаза тауып отыр. Ал қазақтар жағы Барақты өлтіріп қана қоймады, жанында болған Сырымбет сынды адамдарды да аямады. 1750 жылы сәуір айының басында жазған хатында адай Мырзатай батыр (Әбілқайырдың бәйбішесі Бопайдың ағасы) Ю. Гуляевке Барақтың өлтірілгенін хабарлады. Мырзатай батыр сол хатта Барақтың жанында болып, Әбілқайырды өлтіруге қатысқан Сырымбет батырды және оның бала-шағасын Әбілқайыр балалары Ералы мен Нұралының жазалап өлтіргенін жазған еді (Материалы по истории КазССР. Т.2. ч.2. стр. 341). 1753 жылдың 3 қаңтарында Нұралы ханның Тевкелевке жазған хатында осы оқиғалар толық баяндалады. Барақ өлімінен кейін ол інісі Ералының Сыр бойындағы ауылына адам жіберіп, Барақтың өлтірілгенін, алайда басқа қаскүнемдердің әлі тірі екенін және олардың ауылының қазір қай жерде отырғанын хабарлайды. Осы хабарды естіген Ералы өз жасағымен асығыс аттанып, Барақтың ауылын талқандайды. Сол жолы Сырымбет батырды, оның үй ішін түгелдей қырып тастаған. Бұл тарихи мәліметті алғаш рет Б.С.Сүлейменов пен В.Я.Басин жариялаған болатын. Олардан қалған: 

«…Семью его, также и семью Баракову и все имение, служителей, служанок и верблюдов их… в добычу получил…», « чрез одну ночь… всех трех злодеев разорил…» (Сулейменов Б.С., Басин В.Я.Казахстан в составе России. /Приложение/ 189 – бет), – деген мәліметке қарағанда, Барақ әулетінен тек бір ғана әйел аман қалған екен. Ералы Барақ пен Сырымбет батырды үй ішімен қырғаннан кейін оның ағайындары құн сұрап, билер сотына шағым жасайды. Міне, осынау аса маңызды, қиын, әйгілі сот процесін атақты Төле би басқарады. Және осы жолы қазақ билерінің әділ соты жарқырап көрінеді. Сырымбет батырдың туыстары Сырымбетті кінәлі екендігімен келіседі, алайда оның жазықсыз балалары мен әйелдерін қырып тастағаны үшін Ералыға құн төлетуді сұрайды. Алайда Төле би Ералының екі қылмысын да кешіреді. Кешіріп қана қоймайды, Сырымбеттің туыстарын Ералыға құн төлеуге міндеттейді (Баллюзек Л.Ф. Народные обычаи, имевшие, а отчасти и имеющие в Малой киргизской орде силу закона. //Записки ИРГО. 1871. Вып. 7//; Добросмыслов А.И. Тургайская область. Оренбург. 1900. Стр.84.; Материалы по казахскому обычному праву. А.1948. Сб.1. Стр. 204). Осы материалдарды тауып, біздің замандастарымыз үшін алғаш жария еткен И. Ерофеева: 

«…Толе-бий не только оправдал сына Абулхаира, но и присудил сородичам Сырымбета уплатить в его пользу два куна, а остальные четыре куна султан им простил» (304-бет), – деп жазған еді. Бұл жерде аса құнды тарихи мәліметпен Төле бидің Барақты ақтағаны жоққа шығарылады. Жоғарыда көрсеткеніміздей, Ш. Уәлиханов еңбектерінде қате жазылып кеткендіктен, Төле би мен Әйтеке би Барақты ақтады дегенді кеңес заманындағы зерттеушілер де негізге алған еді. Бірақ бұл деректің қате екендігі XIX ғасырдың өзінде-ақ анықталған. Нақты айтсақ, бұл Л. Баллюзектің 1871 жылы жарық көрген зерттеуінде жазылған. Одан соң Добросмысловтың 1900 жылғы еңбегінде жазылды. Осы тарихи мәліметтер кеңестік қазақ ғалымдарының назарынан тыс қалмаған болатын. 1948 жылы Алматыда жарық көрген «Материалы по казахскому обычному праву» атты жинақтың 1-бөлімінде берілген болатын. Алайда бұл мәліметтер көп ұзамай ескерусіз қалды. Оған негізгі себеп - 1950 жылдардың соңында Ш. Уәлиханов еңбектерінің жарық көруі болған сияқты. Шоқан еңбегіндегі қате мәлімет Әбілқайыр тарихына да, Төле би тарихына да нұқсан келтірді. Міне, осы кемшілікті жоққа шығарған мәлімет Ә.Кекілбаев еңбектерінде – 1997 жылы, ал, И.В.Ерофееваның зерттеулерінде 1999 жылы көрсетілді. Бұл жерде Ә. Кекілбаевтың тарих зерттеушісі ғана емес, деректанушы екенін де мойындауға тура келеді. Әбекеңнің зерттеулері Төле би тарихын зерттеушілер үшін де үлкен сый болғаны анық. Кейбір жазушылар Барақ сұлтан Әбілқайырды Ресейге бодан болғаны үшін өлтірді деген қауесетті қолдап, оны нағыз патриот етіп көрсетуге тырысты. 

Ал Ә. Кекілбаев Барақ сұлтанның 1735 жылы Ресей қол астында болуға ниет білдіріп хат жазғандығын, 1742 жылдан бастап ресми бодан болып, Ресей шенеуніктері бұйрықтарын орындағанын, яғни патша өкіметінің нағыз шынжыр балақ, шұбар төс қолшоқпары болғандығын көрсетті. Барақ сұлтанның Ресей қолшоқпары болғаны туралы өз заманында Ш. Уәлиханов та жазған еді. 1740 жылы Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтанның Ресейге ант беру салтанатында олардың башқұрт көтерілісін басқарған Шона батырды ұстап береміз деп уәде бергеніне ашуланған Әбілқайыр балалары Нұралы мен Ералы кетіп қалады. Олардың ашуланатын себебі, әкесі Әбілқайыр өмір бойы башқұрт еліне көмек қолын созды, ал Әбілқайырдың мұнысын қазақ елінің игі жақсылары түгелдей қолдаған. Сол Шона батырды Әбілқайыр Қабанбай батырдың қол астындағы Найманның Қаракерей ауылына жіберіп, паналатады. Осы мәселе туралы Ш. Уәлихановтың: 

«Поселившись в степи, он сделался опасен как для России, так и для Джунгарии: первая боялась, чтобы он снова не возмутил башкирского народа, вторая была напугана его самозванством: какой-то Шуна, погибший претендент на джунгарский престол, был так любим джунгарским народом, что последний готов был во имя его восстать против тогдашнего хана Галдан Серена», - деп жазғаны – тарихи шындық. Ал Ресей басшылары башқұрт көтерілісінің басшысын қолға түсіру үшін Барақ сұлтанды жалдайды (Себебі Барақ қол астындағы азғантай елмен 1742 жылдың күзінде Ресейге бодан болуға ант берген еді. Ал өтінішті Ресей патшасына 1735 жылы жазған болатын. Ант беру кезінде оған көрсетілген сый-құрмет Әбілмәмбет пен Абылайға көрсетілген құрметтен әлдеқайда асып түсті). Әрине, Ресеймен одақтас жоңғар елінің басшысы да осы істі Бараққа жүктейді… Бараққа тез арада Шона батырды ұстау әлде өлтірудің сәті түспейді. Ол нөкерлерімен Қабанбай ауылын аңдуға кіріседі. Қауіпті сезген Қабанбай Шона батырды Қарқаралыдағы Қазыбек бидің ауылына жөнелтеді… Бараққа Ресей мен жоңғар басшылары тарапынан қысым күшейеді. Барақтың жоңғармен қатынасы күшті болғаны соншалық, бір баласын аманатқа беріп қойған еді. Ш. Уәлиханов бұл туралы:«Когда Барак султан посылал к Галдан-Серену в замену прежнего аманата своего сына Шигая, то Галдан-Серен обещал ему отпустить его сына Шигая, если он поймает мнимого Шуну», - деп жазған (1т., 436-б). 

Шона батырды күшпен ала алмайтынын түсінген Барақ амалы таусылып басқа айла қарастырады. «Мен Шона батырға қарындасымды беремін, құдандалы боламыз!» – деп кісі жібереді. Ол тіпті қарындасын көндіріп те қояды. Ұзатылатын күні мен ырым-жырымы келісіліп, Шона батыр қызды алып кетпекші болады. Барақ оны тұтқындау үшін жендеттерін сайлап, тағатсыз күтеді. Қазақ батырлары мен Қазыбек би Барақтың арам пиғылын сезіп, Шонаны белгіленген күні жібермей қояды. 

Шона батыр қазақ арасында қартайғанша өмір сүріп, дүниеден өтеді. Осы жайт Орта жүз батырлары мен билерінің башқұрт халқына Әбілқайыр сияқты әскери жәрдем бермесе де, туысқандық көмек көрсеткенін айғақтайды. Екінші жағынан, қазақ елінің бетке ұстар би-батырларының Әбілқайыр саясатын қолдағанын көрсетеді. Сондай-ақ, Ә. Кекілбаев – Әйтеке би туралы зерттеуінде Жәнібек батырдың екеу екенін алғаш көрсеткендердің бірі. Бірі Кіші жүздегі сұлтан Жәнібек болса, екіншісі – Арғын Шақшақ Жәнібек… 

Біз Кекілбаевты Батыс Қазақстанның тарихы мен мәдени мұрасын зерттеушілердің ішіндегі ерекше ірі тұлға деп танимыз. Оның әдеби шығармалары мен тарихымызға арналған зерттеулері қазақ шеңберінен әлдеқайда асып кеткен, бүкіл түркі халықтарына ортақ екенін мақтанышпен айтамыз. Ата-бабаларымыздан қалған рухани мұра, басқа туыстас халықтармен салыстырғанда, орасан зор. Жалпы, қазақ – адамзат тарихында ерекше орын алатын халық. Қазақ тілінде басқа халықтар секілді диалект жоқ. Өз руынан қыз алмайтын салты бар. Кең-байтақ аумақты жайлаған халықтың тілі мен тұрмыс-салтының бірдейлігі дүние жүзі ғалымдарын таң қалдырады. 

Осы жетістіктер – ХVІІІ ғасырға дейін өмір сүрген, бір орталыққа бағынған, біртұтас Қазақ мемлекетінен қалған мұра. Қазақ хандығының ыдырап, Ресейдің боданына айналғаны туралы соңғы ғасырларда жазылып келе жатыр. Солардың ішінде Батыс Қазақстан тарихы ерекшеленеді… Осы күрделі тақырыпты және рухани мәдениетімізді зерттеуге Ә. Кекілбаев ерекше үлес қосты. Әбіш Кекілбаев қазақ шежіресі мен аңыздарын аса мұқияттылықпен пайдаланып, халық игілігіне жарату керектігін нақты дәлелдермен көрсетті. Сонымен қатар ол шежіре арқылы тарих жасайтындарға талай рет ескерту де жасады. 

Самат Өтениязов

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?