Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Түрік әлемі: қазақ халқының балалар ойындары

1914
#Түрік әлемі: қазақ халқының балалар ойындары - e-history.kz
Көптеген зерттеушілердің айтуынша, қазақтың ұлттық ойындарының арғы тегі біздің жыл санауымыздан бұрынғы замандардың өзінде қалыптасып, жүйеге түсе бастаған.

Зерттеушілердің біразы қазақ ойындарын көңіл ашу ойындары, спорттық ойындар және балалар ойыны деп бірнеше түрге бөліп жүргенін айта кету керек.  

Өткен жолы белгілі зерттеуші Зейнолла Сәніктің еңбектеріне сүйене отырып, қазақ халқының арасында кеңінен таралған осы спорттық ойындарына тоқталған болатынбыз.  

Бүгін енді осы балалар ойындардың тәрбиелік мәніне тоқталғалы отырмыз. Келесі бөлімдерде оның түрлерін сөз етеміз.

Қазіргі таңда балалар ойыны деген ұғымға міндеттелмейтін, балаларды қуаныш сезіміне бөлейтін, жеткен ойын нәтижесінен рахат алуға мүмкіндік беретін балалардың қарым-қатынас түрі, әрекеті, ісі деген анықтама берілген. 

20190810181341403_big.jpg
 

 Яғни кенеттен іске асатын, кейде организмнің қандай да бір қызметін дамыту үшін және тұлғаның ойлау қабілетін арттыратын арттыруға мүмкіндік беретін процесс.
Ал қазақ ұғымындағы ойын мүлдем басқаша ұғымға негізделген. Ойын – тәрбие бастауы, дағдыға, жетістікке бағыттау құралы саналған. Белгілі этнограф Зейнолла Сәніктің жазуынша, қазақ баласын ойын арқылы тәрбиелеген. Керек болса, тіптен бесікте жатқан сәтінен-ақ тәрбиелеуді меңгерген.

«Біздің қазақ баланы ойынмен тәрбиелеудің маңызын ежелден түсініп, оны ананың әлдиінен бастаған. Қазақтың бесік жырларының өзінде сәбиді ойынмен тәрбиелеудің ұшан-теңіз жыр маржандары мен аңыз-әңгімелері жатқаны жұртқа аян», - деп атап өткен З.Сәнікұлы.

  Иә, ойын ұлттық мұра ғана емес, жан-жақты тәрбие құралы. Қазақстандық ғалым Е.Сағындықов былай деп жазады: «Қазақ халқының фольклорын, ұлт ойындарын жинаушы этнограф Ә.Диваев (1856-1932) өзінің «Қырғыз (қазақ) балаларының ойыны» деген еңбегінде ойының бала тәрбиелеудегі маңызын айта келіп, сол кездегі қалыптасқан әдет-ғұрып бойынша жас ерекшелігіне қарай жасөспірімдерді негізінен үш топқа бөледі. Бір жастан жетіге дейін - нәресте, жеті жастан он бес жасқа дейін – бозбала, ал он бестен отызға дейін – жігіт. Осының негізінде қазақ ойындары да «сәбилер ойыны», «бозбалалар ойыны» және «жігіттер ойыны» деп үш топқа бөлінеді. Сонымен бірге Ә.Диваев мынаны атап көрсетеді: «... Бұл жерде менің айтарым, егер қыз баланың қолдан жасайтын қуыршақтары мен ер балалардың балшықтан жасап алатын жылқы мен түйе сияқты жануарлар мүсіні болмаса, қазақта балалар ойыншығы мүлде жоқ. ... Бірақ антропологиялық көзқараспен қарайтын болсақ, олардың осы ұсқынсыз ойыншықтары балалардың өз жасампаздық қиялынан туындаған құнды дүние болып есептеледі. Баланың әртүрлі ойындары мен ойнауы әрі өзі туып, өмір сүрген ортасына байланысты алған әсері мен түсініктері олардың қиялын қозғап, жасампаздық шабытын оятып, алғашқы іс-әрекетке жетектейтін, осы арқылы баланың өзін қоршаған дүниені танып-білуіне алғашқы қадам жасайтыны туралы бағалы пікір болып табылады...» (Е.Сағындықов, «Қазақтың ұлттық ойындары», 11-бет).

  Балалардың ойыны және оларды ойынмен тәрбиелеудің маңызы туралы белгілі педагог А.С.Макаренко былай деп жазады: «Ойын – балалар өмірінде өте зор маңызы бар нәрсе. Үлкендердің қайраткерлігі, жұмысы, қызметі қандай маңызды болса, балалардың ойыны да сондай маңызды. Ойында бала қандай болса, үлкейгенде жұмыста көбінесе сондай болады. Сондықтан болашақ қайраткерлер, ең алдымен, ойын арқылы тәрбие алады...». «Ойын дегеніміз – ұшқын. Білімге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты... Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес» (В.А.Сухомлинский), «Егер бала ойнамаса, онда оның не ауырғаны немесе шамадан тыс педагогикалық ықпалға ұшырағаны...» (Н.К.Крупская). 

big_7f6e48a851c326d4386965d9633c2a30.jpg


Ал зерттеуші З.Сәнікұлы өз еңбектерінде балалар ойындарының түр-формасы, тәсілі, мазмұнына қарай отырып, оның мынадай ерекшеліктерін атап өткен. Олар ұғынықты тіл, жатық жыр-тақпақтармен айтылады және орындалатын санамақ ойындары, ертегі аңыз және сол ертегілерден қалыптасқан ойындар, асық ойындары және қоршаған ортаны таныту ойындары.
Енді осы ойын түрлеріне тоқталсақ:

  1. Қазақ балалар ойындары балалардың жас ерекшелігін, ұғым деңгейін есепке ала отырып, көбінде ұғынықты тіл, жатық жыр-тақпақтармен айтылады және орындалады. Сол себепті оны балалардың игеруі тез болады. Ал мазмұн жағынан ең әуелі сан үйрету, тіл ұстарту, сауат ашу әліппесіне жетілдіру тақпақтары бірінші орынға қойылады. Мысалы, «Санамақ» ойыны:
 
Бір дегенім – білеу,
Екі дегенім – егеу,
Үш дегенім – үскі,
Төрт дегенім – төсек,
Бес дегенім – бесік,
Алты дегенім – асық,
Жеті дегенім – желке,
Сегіз дегенім - серке,
Тоғыз дегенім – торқа,
Он дегенім – оймақ,
Он бір қара жұмбақ.
 
  Автордың айтуынша, бұл арада, біріншіден, сан үйрету, екіншіден, егеу, үскі, қайрақ (білеу), т.б. заттардың не екенін, оның тұрмыста қандай маңызы барын ұғындырады. Үшіншіден, осы ойынды өлең ұйқастарына түсіріп, балалар оңай жаттап ала қоятын тақпақпен, музыкалық ырғақпен келтіріп, балаға эстетикалық тәрбие де береді.

  Қазақ арасында «Санамақ» ойынының 6-7 түрі бар. Бірінен-бірі қызықты айтылатын солардың қай-қайсысы балаларға сан үйретуді және зат танытуды әр қырынан ұғындыратын оқулық іспетті.
Қазақта сан үйретумен қатар әріп таныту ойындары да бар. Мысалы,

  «А» дегенім – арман,
Талапты қуып кететін.
«Б» дегенім – бақыт,
Еңбектенген жететін.
«Ж» дегенім - жалқаулық,
Өмірі босқа өтетін...
 
   Бұл тақпақта әрі әріп таныту айтылады, әрі «арман», «бақыт», «жалқаулық» деген сөздерге анықтама беріп, арманға талаптансаң жетесің, бақытқа еңбектенсең жетесің, жалкаулык кылғанның өмірі босқа өтеді» деп, үлкен тәрбиелік мәні бар ойынды ұрпаққа үлгі ретінде көрсетеді. Осындай санамақ және әріп таныту тақпақтарынан тек екеуін ғана мысалға келтірдік.
 
Түйе, бота маң басқан,
Төрт аяғын тең басқан,
Шұнақ құлақ бес ешкі,
Қос-қос құлақты қос ешкі,
Төрт қозылы екі қой,
Бәрін бірге ойлап қой!
Тамақта жоқ, аста бар,
Қабақта жоқ, қаста бар.
Шашта жоқ, баста бар,
Тауда жоқ, таста бар.
Бұл қай әріп?
 
  Қазақ балаларына арналған жаңылтпаш ойындары да – балаларға тіл ұстарту тұрғысынан шығарылған əрі қызықты, әрі салмақты ой салып, олардың ой-өрісін кеңейтіп, толғамын толықтыратын тамаша ойын түрі.
 
  2. Ертегі-аңыз айту және сол ертегі-аңыздардан қалыптасқан ойындар арқылы бала тәрбиелеу де қазақ өмірінде көп кездесетін тәрбие тәсілі болып есептеледі. Белгілі педагог В.А.Сухомлинский: «Мен бастауыш мектептерде ертегіге еркіндік берілмеген деп білемін. Ертегі – балалардың жасампаздығы. Бұл жасампаздық балаларға тән. Ертегісіз балалық шақты елестетудің өзі қиын», - деп жазған екен.

  Қазақ ауылдарының бірінде бір топ бала ойнап жүріпті. Олар да өз араларынан ақылды, зерек әрі шешен Бақытбай атты баланы би сайлап, ауыл балалары арасындағы ұрыс-жанжалды Бакытбайға айтып, соның әділ билігі арқылы татулыктарын сақтап жүреді екен. Күндердің бірінде төркіншілеп келе жатқан келіншек пен жігітке жолшыбай сайтан жолығып, әлгі келіншектің күйеуімен ұқсас қалыпқа кіріп алыпты. Мұны ешкім де ажырата алмапты. Сайтан мен адамды ажырататын би іздеп, таба алмай жүргенде бұлар ауыл маңындағы ойын балаларына жолығады. Балалар бұл жағдайды ұққан соң: «Мұны біздің Бақытбай атты биіміз шешеді», - деп сол жерге аялдатады. Бақытбай бір құмыра дайындап, ұқсас екі жігітке: «Анау жерден бері жүгіріңдер! Кім бұрын келіп, мына құмыраға кірсе, келіншек - сонікі, артта қалғанды өтірігі үшін жазалау керек», - деп екі жігітті жүгіртеді.

  Екі жігіттің бірі бұрын келіп, құмыраға кіріп кетеді. Бақытбай құмыраның аузын тығындап болған соң, үкім жариялайды. «Көпшілік, мінеки, сайтан мен адам паркы ажыратылды. Мына құмырадағы - сайтан, егер ол сайтан болмаса, мына құмыраға сыймас еді. Ал артта қалған жігіт – нағыз адам. Келіншегіңді ертіп, еліңе қайт!» - деген екен.

  Төменде бірден таныстырылатын «Түйе, түйе, тұзын қайда?», «Мысық пен тышқан», «Түлкі соғу», т.б. ойындар да осындай балалар ертегілерінің ойынға айналдырылған түрі болып келеді. Мұндай ертегі-аңыздардан ойынға айналдырылған балалар ойындары – олар үшін ұғымды, қызықты әрі оларды тапқырлыққа, ерлікке, ептілікке, шешендікке тәрбиелейтін, сондай-ақ оларға қазақ өмірінен, оның салт-дәстүрі, тарихынан мол сауат беретін ойындар. 

загружено.jpg


  3. Қазақ балалар ойындарының бірі – асық ойындары. Өйткені асық – қазақ балаларының өзі жасап алатын әрі алыстан іздемей, әркім өз үйінен дайындауға болатын ұлттық ойыншығы. Төменде таныстырылатын «хан ойыны», «үйірмекіл», «төрт асық», «сасыр», «қантай ату», «үшке шықтым», т.б. ойындардың бәрі де асық ойындарының қатарына кіреді. Асық ойыны балалар үшін өте қызықты. Сол себепті оны ойнап өспеген қазақ баласы кемде-кем. Бұл ойын арқылы балалар сан үйренеді, ұтыс жолдарын, дәлдікті, шеберлікті, ептілікті үйренеді. Бұл ойындардың бойында ауыл этнонимі, мал шаруашылық этнонимі, тұрмыс-салт этнонимі мол болғандықтан, балаларға білім беретін жағы да бар. Қазақ өміріне сәйкескен асық ойындары қызықты болғандықтан, соның соңына түсіп, еңбектен, үй жұмысына қарасудан құр қалатын ойынпаз балалар да кезігеді. Бұдан тыйылу үшін халқымыздың «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой жайып, көтен жеген озар» деген дана сөзі де бар.
 
  4. Автордың жазуынша, қазақ балалар ойындарының тағы бір ерекшелігі - табиғат таныту, хайуанаттарды және олардың ерекшелігін ұғып-білуді негіз еткен. Айталық, «Хайуанаттар қалай үндейді?», «Біз не дейміз?» деген сияқты ойын түрлері бар. Екі баланың сұрақ-жауабы ретінде ойналып, ұтыс жасалатын бұл ойындағы мынадай диалогқа ден қойыңыз:

  Жылқы – кісінейді, арқырайды, шұрқырайды, оқыранады:
Сиыр – мөңірейді, өкiредi, азынайды;
Қой, ешкі — маңырайды, мекіренеді;
Мысық - мияулайды, пырылдайды;
Бүркіт – саңқылдайды, пыштақтайды;
Торғай шырылдайды;
Бұлбұл сайрайды;
Қарға қарқылдайды;
Бөдене бытпылдайды;
Шыбын ызыңдайды;
Сауысқан шықылықтайды;
Түлкі - ырсылдайды, шәңкілдейді;
Жылан - ысылдайды, суылдайды;
Құндыз сыңсиды;
Арыстан - гүрілдейді, ақырады;
Түйе боздайды;
Жолбарыс - күркірейді, буырқанады, т.б.
Сол сияқты тағы бір ойында:
Түйе боталайды;
Сиыр бұзаулайды;
Қой қоздайды;
Ешкі лақтайды;
Жылқы құлындайды, т.б. делінсе және бір түрінде:
Жылқыны - моһ-моһ, қойды - пұшайт-пұшайт, ешкіні - шөре-шөре, түйені - көс-көс (кей жерде copaп-copaп), сиырды - аухау-аухау (кей жерде шәугім-шәугім), итті - кә-кә-кә, мысықты пыш-пыш деп шақырады делінеді, т.б.

  «Міне, осындай ойын түрлері арқылы балаларға мал шаруашылығы және басқа хайуанаттардың ерекшеліктерін ұғындыратын сауаттық білімдер беріліп, ол білім ойын арқылы ұғындырылады. Сол сияқты төменде беріліп отырған «Ұшты ма?» атты ойында ұшатын хайуан- жәндіктерді ұшпайтын дүниелермен парықтай білу туралы сауат берілсе, «Мүше табу» ойынында адамдар өз денесіндегі мүшелердің орнын қалай парықтап, олардың орнын дәл табу туралы, «Саусақ табыспақ» ойынында балалар өз саусақтарын қалай атауды үйренсе, «Сөз құрау» ойынында балалардың сөз, сөйлем құрау шеберлігін арттыру, олардың ойлану-толғану қабілетін одан ары жетілдіру жағы қарастырылады. Сайып келгенде, балалар ойынында балаларға мол білім беретін қызғылықты дүниелер баршылық.
…Өз ұрпағын «бауыр ет, қолқа жүрегіне» балап, «балалы үй - базар» деп есептейтін қазақ халқы бала тәрбиесіне о бастан ерекше назар аударатындықтан, өздерінің үміті, болашағы, тіпті бүкіл бір халықтың болашақтық қамы үшін, атап айтқанда, бала тәрбиесі үшін ұшан-теңіз балалар фольклорын ұрпаққа мұра ретінде қалдырып кеткен. Сол мол мұраның мәуелі саласы балалар ойындары болып келеді», - деп жазылған З.Сәніктің зерттеу еңбектерінде.

Пайдаланылған әдебиет:

Зейнолла Сәнік. Көптомдық шығармалар жинағы/ VII том. –Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2017.

    Жалғасы бар: 

    

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?