Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Түрік әлемі: қазақ халқының спорттық ойындары

1784
#Түрік әлемі: қазақ халқының спорттық ойындары - e-history.kz
Көптеген зерттеушілердің айтуынша, қазақтың ұлттық ойындарының арғы тегі біздің жыл санауымыздан бұрынғы замандардың өзінде қалыптасып, жүйеге түсе бастаған.

Зерттеушілердің біразы қазақ ойындарын көңіл ашу ойындары, спорттық ойындар және балалар ойыны деп бірнеше түрге бөліп жүргенін айта кету керек. 

Өткен жолы белгілі зерттеуші Зейнолла Сәніктің еңбектеріне сүйене отырып, қазақ халқының арасында кеңінен таралған осы көңіл ашу ойындарына тоқталған болатынбыз. 

Бүгін енді қазақтың спорттық ойындарына тоқталғалы отырмыз. 

Зерттеуші өзінің зерттеу еңбектерінде қазақтың спорт ойындарын негізінен ат үсті спорт ойындары және ат үсті күш сынасу ойындары деп екіге бөліп қарастырған. 

Сонымен қатар, сәйгүліктердің жүйріктігін, жүрісін, күшін, жорғасын сыннан өткізу ойындары, азаматтардың атқа міну шеберлігін, ат үстінде өнер көрсету шеберлігін сынау ойындары, сондай-ақ жаяу жарыс, арқан тарту, балуанға түсіру, шалма тастау, садақ ату, сақпан тарту, нысанаға ату сияқты мергендікке, дәлдікке жетілдіретін сан алуан ойын түрлеріне тоқталып өткен. 

7BloOr3tg5BeBE8fxG17U88ZpX2ka2.jpg

Енді осы зерттеу еңбегінде кездесетін кейбір жайттарға тоқталып өтсек. «Тарихи жазба деректерді ақтарып көргенімізде жоғарыда аталған ұлттық ойындарымыздың арғы тегі сонау біздің жыл санауымыздан бұрынғы дәуірлерде жатқандығы мәлім болды» деп атап өткен З.Сәнік «Сүй патшалығы тарихы» деген жазба ескерткіштің «Жағрапиялық дерек» деген бөлігінде кездеседі» деп мына бір дерек келтірген. «Бесбалық (қазіргі Жемсары) – құмды аймақтың терістігінде. Ол – алдыңғы Хан патшалығы тұсында (біздің заманымызға дейінгі 206 жыл, заманымыздың 25-жылдары) үйсіндердің жұрты. Соңғы хан патшалығы тұсында (заманымыздың 25-220 жылдары) Жүйчы ордасы (ғұндар) тұрған жер. Айналасы бес мың шақырым. Бұратаналардың көне бес қаласы болғандықтан «Бесбалық» деп аталған. Бесбалық аймақ ордасын құрудан бұрын бұратаналар мен түріктер үнемі қоныстанған...» («Үйсін туралы зерттеу», 337-бет). 

Бұл жазба дерек уақыт жағынан мына бір тас ескерткішке дәл келеді. 1988 жылы маусымда Бәйтік тауының үш жеріндегі тас суреттерге тексеру жүргізілген. Мұнда шауып бара жатқан жылқы, шалма атып тұрған адам, қазақ үй, үйдің аяқ жағында ағып жатқан бұлақ, шалғын шөп, өріп жүрген аң, т.б. түсірілген. Мұны «Үйсіндер туралы» атты жазба деректердегі: «Үйсіндердің жігіт-желеңдері шетінен сайлауыт сарбаз болып келеді... Садақ асынып, құс, тышқан атады» деген сөздермен ұштастыратын болсақ, ата-бабаларымыздың сол кездің өзінде сәйгүліктерін сайлап, ат үстінде садақ ату, шалма тастау өнеріне жетік екендігін аңғаруға болады», - деп пайым жасайды. 

Зерттеушінің жазуынша, VIII ғасырдағы Тоныкөк құлпытасындағы: «Қағаны әскерімен аттанды, «жарыс жазығына жиналайық» десіпті. Ертіс өзенінен өткелсіз өттік, жарыс жазығында он мың қол жиылды» деген жолдарға да тоқталып өткен. «Ғалым М.Жолдасбековтің талдауынша, Күлтегін батыр Түрік қағанатының ержүрек қолбасшысы болғанда Тоныкөк оның ақылгөй, толғамды шешені әрі жырауы еді. Сонда Ертістің арғы жағындағы Орхон жазығында Түрік қағанатының ат жарыстыратын жарыс жазығы, бәйге төбесі бар болса керек... ХІ ғасырдың ірі ескерткіші «Түркі тілдер сөздігінде» М.Қашқаридың «түркі тілі араб тілімен бәйгеге қосылған аттай тең шабысқа түсті» деген сөздер кезігеді (М. Қашқари, «Түркі тілдер сөздігі», 10-11 беттер). Демек, біз бұл жазба деректерге қарап түркі халықтарында ат баптайтын, оның жүйріктерін бәйгеге қосатын салт сонау замандардың өзінде Көшпенділердің өмірімен бірге жасасып, сол өнердің табиғи мұрагері бүгінгі қазақ халқы екендігін анық аңғара аламыз”, - дейді ол. 

11870790_982095565167133_4992044434753780398_n.jpg

З. Сәніктің жазуынша, сол сияқты балуан салу, күрес сияқты ұлттық ойындарымыздың да тарихы тым арыда жатыр. «Ши-Ан қаласы маңындағы 140-қабірден шыққан мыс тақтайға екі адамның күресіп жатқан суреті түсірілген. Бірі – белден, бірі – бақайшықтан алып тұрған (қазақтың «балуан – бақайынан» деген сөзін еске келтіріңіз) бұл суретті археологтар түр-тұлғасын, киімдерін зерттей келе «батыс өңір адамы» деп тұжырымдаған. Уақыт жағынан бұл Хан елі мен Үйсін елінің құдаласқан дәуіріне тура келетіндігіне қарап, біз балуандардың Үйсін елінің балуандары екендігін, әрі сол заманның өзінде, яғни бұдан екі мың жыл бұрын атабабаларымызда балуан салу дәстүрі барлығын аңғара аламыз. М.Қашқаридың «Түркі тілдер сөздігінде» «шалу», «күрес» (1-том, 471-бет) деген атаулар кезігеді. Сол мыңжылдың алдындағы «күрес» сөзін дәл өз мағынасында бұзбай, екі адамның күш салыстырмасын байқататын балуандық сайыс ретінде қолданып келе жатқан халық - түркі халықтары арасында тек қазақтар ғана”, - делінеді оның еңбектерінде. 

Этнограф өз зерттеулерінде түркі халықтарының өз кезінде үлкен думанмен өтетін аркыдыру ойын түрлері бұл күнге жете алмай, үзіліп қалған немесе кейін келе басқаша салтпен келіп қалыптасқан деген ой айтқан. «Айталык Әбілғазы Баһадүр ханның баяндауынша, Оғыз хан бір жылы Арқадағы жайлауында ұлы той жасап, шүлен таратады. Шүленге жылқыдан – айғыр, түйеден - бура, сиырдан - бұқа, қойдан қошқар сойғызып, ұлы мереке істейді («Асыл арналар», 129-бет). Қазір мұндай салт түркі халықтарында жоқ деуге болады. Оның орнын салтанатты астойларда құр ат, ту бие сойып, көкпар тарту, балуан түсіру, қыз қуар, бәйге салу, т.б. ойындары басқан. 

Түркі дәуірінің жазба деректеріне қарағанда, сол кезде біздің ата-бабаларымызда тобық доп, сырық, шеңберек, қылышпаздық, т.б. ұлттық спорт ойындары болған. М.Қашқаридың «Түркі тілдер сөздігінде»: «Тобық шоқпармен ұрып ойнайтын доп» (1 том, 492-бет), «Талас ат бәйгесінде және тобық доп ойынында майдан шекарасына тартылған арқан» (1 том, 471-бет) деп түсініктеме берілген. Біз көрген «Түрік Энциклопедиясында»: «Бүгінгі ат үстінде ойналатын тобық доп (чәнгән) - Орта Азиядағы түркі тайпаларының қадым заманда ат үстінде ойнайтын ойындарының бір түрі. Ат добы Орта Азиядан Үндістанға тараған. Ол жерден ағылшындар көріп, Еуропаға апарады. Кейін поло («polo») деген атпен дүниеге танылған», - деп жазылған (29 том, 383-бет). Бәлкім, бұл біздің бабаларымыздың әлемдік спорт мәдениетіне қосқан үлесі шығар. Кейін бұл мәдениеттің бізде жалғаспай қалғаны өкінішті-ақ. Дегенмен тобық жасыру ойынының осы уақытқа дейін жеткені сол ата дәстүрінің бізде қалған сарқыты”, - дейді зерттеушінің өзі. 

Осылай деп атап өткен ол Батыс пен Шығыс мәдениетінің тоғысқан түйінінде өмір кешіп, ұлы «Жібек жолы» мәдениетінің бойында жасаған біздің ата-бабаларымыздың сол кездегі спорттық мәдениетінің кейбір мұралары мен кейін қалыптасқан түрлерінің біразына жеке-жеке тоқталып өткен. 

13102017151251_kiz kuu.jpg

Енді сол ойын түрлеріне тоқталсақ: 

«Тобық доп» ойыны - қазіргі ат үсті доп ойынының арғы тегі. «Тобық доп» ойынын ойнау үшін ең әуелі он неше метрлік майдан құрып, оның екі жағына екі қақпа жасаған. Ірі қараның тобығынан жарғақпен қаптап доп жасаған, содан соң ырғай сияқты шоқпар бас ағаштан ұратын құрал дайындаған. Адамдар екі топқа бөлініп, шауып келе жатып ат үстінен тобық допты қарсы жақтың қақпасына қарата ұрған. Қақпаның сызығынан дәл өткізуіне қарай ұпай есептеген. Оны шоқпармен ұрып ойнайтындықтан, «Шоқпар доп» деп те атаған. Түркия ғалымдары бұл доптың Үндістан арқылы Орта Азиядан Еуропаға тарағандығын анықтаған. 

Сырық ойыны 

Алдымен атқа жегілген арбаның ортасына діңгек сияқты мықты сырық орнатқан. Содан соң арбаны сүйреген ат майданды айнала шауып отыратын болған. Ойыншы бала сырықтың төбесіне шығып шыркөбелек айналып немесе төбесімен тік тұрып, яғни бір қолымен тіреп тұрып шауып бара жатқан ат-арбаның сырығын бойлап, әртүрлі өнер көрсеткен. Үйсін елінен осындай керемет ойындарды көрген ханзу саяхатшылары мұны «сиқыр ойыны» деп аударған әрi қайран қалған.

Жалғасы бар:
           

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?