Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Түрік әлемі: қазақ халқының спорттық ойындары ІІ

2418
#Түрік әлемі: қазақ халқының спорттық ойындары ІІ - e-history.kz
Көптеген зерттеушілердің айтуынша, қазақтың ұлттық ойындарының арғы тегі біздің жыл санауымыздан бұрынғы замандардың өзінде қалыптасып, жүйеге түсе бастаған.

Зерттеушілердің біразы қазақ ойындарын көңіл ашу ойындары, спорттық ойындар және балалар ойыны деп бірнеше түрге бөліп жүргенін айта кету керек.  

Өткен жолы белгілі зерттеуші Зейнолла Сәніктің еңбектеріне сүйене отырып, қазақ халқының арасында кеңінен таралған осы спорттық ойындарына тоқталған болатынбыз.  

Бүгін енді осы ойындардың «Күміс алу», «Қамшы тастау», «Теңге ілу», «Жамбы ату», «Тымақ ұру», «Теңге ату» секілді ат үстінде ойналатын түрлері және "сиқырлы таяқ", "қазық ұрды", "асау мәсте"к секілді көне ойын түрлеріне тоқталғалы отырмыз. 

Ат үсті өнері

Шідер шешу 

Кешкіліктерде бас қосқан отырыстарда ойналатын қазақ халқының ұлттық ойындарының ішіндегі ой жүгірту арқылы шешетін күлдіргі ойынның бірі – шідер шешу ойыны болып табылады. Бұл ойынды ойнау үшін барлық адам үйге отырғызылады. Үзігі жоқ ұзын жіп немесе жіңішке кендір дайындалады. Шідер шешетін адам сыртта болып, шiдерді шештіруші жіптің екі ұшын бірдей етіп екі қабаттап тұйық жағын, күн суық болса - шапанының, жылы болса, жейдесінің екі жеңінен өткізіп тұйық басынан теңестірілген екі ұшы жағын тұзақтайды да, сырттағы шешушіге беріп, өзі жіптің ұшын мықтап ұстап үйде отырады (кейде үйде осылайша шідерлеп, сыртқа шығарып жіберсе де болады). Міне, мұны «шідерлеу» деп атайды. 

Шідерленген адам шідерін шешіп кетсе – ұтқаны, шеше алмаса, ұтылған болып, өз білген өнерін көрсетеді. Егер ешқандай өнері болмаса, күлкі үшін байланған бетінде тұрады Тіпті шешу жолын білмегендер жіппен өзін-өзі шандын тастайтын болады. Мұндай жағдайда басқа жолдастары ән айтып, домбыра шертіп, би билеп беріп босатып алады. 


Шарт:
Шідерленуші өзін байлаған жіптен жолын тауып шешіп шыға алмағанда жіпті қиюға, үзуге болмайды. Шідерлейтін жіп ұзын болуы қажет және үзіліп қайта жалғанған жері болмауы керек. 

Қамшы тастау. 

Қазақ халқының дәстүрлі спорттық ат ойындарының сүбелі түрі - қамшы тастау. Бұл - тойларда, мерекелі күндерде азаматтардың жүректілігін, қағілездігін, шапшандығын сынайтын ойын. Қамшы тастау ойынын ойнау үшін қалың көрермендер екіге бөлініп отырады да, екі жақтан шыққан талапты азаматтар ойын майданының екі жағында ретпен тұрады. Екіге бөлініп отырған көрермендердің ортасына (қандай болса да) ешкінің терісін керіп жайып тастайды да, төрешінің бұйыруы бойынша, бір жағынан бастап, аттың бар екпінімен шауып келе жатып, екі бүктелген қамшысын жайылған терінің дәл ортасына тастап өтеді. Егер қамшы бүктелген бойы терінің ортасына түссе, әр екі жақтан қойылған майдан басындағы төрешілер бір ұпай алғандығын жариялап, қамшыны сол қамшы тастаған жігіт жақтың төрешісі сақтап қалады. Қамшы түспесе немесе өрімі мен сабы бүктеліп жұптаспай, жазылып түссе, қайтарында тамашашыларға көрсетіп, қамшыны сол жігіттің өзіне береді. Ол қайта жарысқа түспейді. Оның қайта жарысқа түспеуі үшін әр жақтың адам саны толық алынады да, өнер көрсетушілер майданнан өткен сайын кемітіліп отырады және қамшысы түспеушілердің қамшысына бір түстегі белгі байлап жібереді («түспеді» деп қағаз берсе де болады). 

91addee0f9d50f2080e2d2ff7ec0fd7c.jpg  


Өнер көрсетушілер бүктеген қамшысы жайылған теріге түссе де, түспесе де, майданнан қайта өтіп өз жағына қайтып отырады. Қамшы тастау ойыны осылайша жалғасады да, қайсы жақ көп нөмір тапса, сол жақ ұтқан болып есептеледі. 


Шарт: 


Әр жақ сенімді әділ адамдардан екіден төрт адамды төрешіге белгілейді. Төрешілер шауып келе жатып, жайылған терінің үстіне тасталған қамшының нақ түскен-түспегенін, қамшының сабы мен өрімінің жұпталып түскен-түспегенін дер кезінде қорытындылап, сол майданды басқаруға жауапты.
Бүктеп тастаған қамшының сабы мен өрімінің аралығы бір сүйемнен аспауы керек (ең алыс аралығы). Саусақтың ұзын-кыскалығы бірдей емес делінсе, ортақ өлшеуіш белгілесе де болады. Қамшының өрімі ашылып түспеуі үшін қулық істетіп, ерімнің ұшын бүлдіргеден өткізуге, орауға болмайды. Ондай іс байқалғанда қаралыққа жатқызылуы керек. 


Көкпар – ұлттық ат спорт ойындарының бірі. Әуелгі аты «көк бөрі» дегеннен шыққан. Мал баққан көшпелі халық үшін өте қауіпті аң – қасқыр (бөрі). Оны соғып алған жұрт қуанып, өлiгiн ат үстінде сүйрелеген, бір-бірінен алып қашып, тартып тамашалаған. Кейін бұл дәстүрлі ойынға айналған. Бірақ салтанатты жиындарда, қасқыр (бөрі) табыла бермегендіктен, көкпарда қой, ешкі, кейде бұзау тартатын болған. 


Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстіне беріктігін қалыптастырады. Сондайақ көкпар -аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін сынайтын спорт түрі. Көкпар «жаппай тартыс» немесе «дода тартыс» болып, екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім көкпарға өзі иелік етуге тырысады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде «марта тарту» деп те атайды. 


Көкпарда жұртшылық екі топқа бөлініп отырады да, атпал азаматтардың және қабырғалы аттардың қайраты мен күшін сынау үшін жекпе-жек түсіреді. Топтарға бөлініп, ұжым бойынша түсуге де болады. Әр екі жақ өздеріне диаметрі 10 метрлік шеңбер («отау») сызады. Алаң ортасына диаметрі 6 метрлік шеңбердің дәл ортасына көкпар қойылады. Жарыс басталар сәтте әр топ (жекелер болса да) орталық шеңбердің сыртында тұрады. Жарыс алаңдағы төрешінің хабары бойынша басталады. Көкпар тарту қатысушылардың санына байланысты 8-15 минут аралығында өтеді. Көкпаршылардың мақсаты – орталық шеңберде жатқан көкпарды өз тобының «отауына» жеткізу. Көкпар «отауға» жеткізілгеннен кейін, ойын алаң ортасынан қайта басталады. Белгіленген уақыт ішінде қай топ көкпарды өз «отауына» көп жеткізсе, сол жеңіске жетеді.
Көкпар тартуда айналмалы алып қашуға да болады. Айналмалы алып қашып ойнағанда ақ сақалды аталардан (кәрілерден) балаларға, ақ шашты аналардан әйелдерге дейін ойын қызығын көріп, дән риза болады. 

unnamed.jpg


Айналмалы тартуда да тозған көкпарды ауылға тастап жаңалауға, сонына
келе ойын төрешісінің айтуы бойынша, алып қашып кетуге де болады (кеш болар алдында, әрине, алып қашуға тура келеді). 


Ескерту: 


1. Көкпар тартуда көбінде лақ тартылатындықтан кейін «лақ тарту» деп аталып кеткен. 


2. Көкпар тартуда азаматтардың көрермендерге қол күшін, тақым күшін, лақты шауып келіп іліп алу, жекпе-жек тақымдасу, т.б. өнерін көрсетуіне де болады. 


Қыз қуу – ұлттық ат спорт ойыны. Бағзы заманда қызға үйленбек болған жігіт батылдығы мен күшін, ептілігін көрсететін, түрлі сыннан өткізілетін. Соның бәрінен мүдірмей өткен жігітке енді қызды қуып жетсең, ол қалыңдығы болатынын айтып, талап қойылған. Содан дами келе осы кезде Қыз қуу да спорттың бір түріне айналып отыр. 


Қыз жігіттің алдында 10 метр жерде тұрады. Бұдан кейін төрешінің белгісі бойынша жарыс басталады. Жарыста жігіт айналып қайтатын жерге дейін қызды қуып жетсе, Қызбен әзілдесуіне болады. Кей жерде қызды ат үстінен құшақтап, сүйеді. Бұл - жігіттің жеңгені. Ал қуып жете алмаса, қайыра қайтқанда қыз сөреге дейін жігітті және оның атын қамшының астынан алады. Бұл - қыздың жеңгені. 


Жарыс барысында өз атын қарсыласының алдына тоқтатуға, қаптал сызықтан өтіп кетуге, айналып қайтатын жерге жетпей жарты жолдан оралып қайтуға болмайды. Ережені бұзған спортшылар жарыстан шығарылады. 


Кыз қуу ойынында екі топқа бөлініп шығып, ұтысып ойнауға да болады. Ұтысуда жігіт жеткізбей келсе, жігіт ұтқан болады да, жете алмаған қызды атымен ұтып, жігіт жаққа қосып алады. Ал қыз қуып жеткен болса, қыз ұтқан болады да, жігітті қуып жетіп ұрып келген қыз сол бетінде жетектеп, өз жағына алып кету керек. Қыз қуу ойынында анайылық көрсет пей, сыпайылық етіп, өзара бір-бірін аялау қажет. 


Қыз жарыс - қыздар арасында өткізілетін жарыстың бір түрі. Қыз жарысы тойда, мереке күндері, келіншектер ұйымдастырып, қайын сіңлілерін, өздерінің сіңлілерін жақын қашықтықта жарыстырып, озып келгендеріне сыйлық (орамал. білезік, моншақ, т.б.) берген. 


Қыз жарысы жорға жарысында да өткізіледі. Жарыс тәртібі бойынша жорғаны қыздың өзі ерттейді. Ер-тұрманын, жабуын әшекейлейді. Төрешілер мұны да есепке алады. 


«Алтын қабақ» – садақ тартқыш жігіттердің бәсеке сайысы. Ойын мақсаты – жебені тез және дәл тигізу. Бұл ойын үлкен той мен ас беру кезінде өткізіледі. «Алтын табақтың» жаяу, не ат үстінен сырық басындағы теңгені, жоғары лақтырылған бөрікті ату немесе шауып келе жатып нысанаға тигізу сияқты бірнеше түрі бар. Бұл спорт ойыны жастарды мергендік пен шапшаңдыққа баулиды. 

Сиқырлы таяқ. 

Бұл ойында ойыншылар қол ұстасып, шеңбер бойына дөңгелене тұрады. Қолына таяқ ұстаған ойын жүргізуші шеңбер ортасына шығып, ойын шартын жариялайды. Ойыншыларды нөмірлеп шығады. Содан кейін кез келген бір нөмірді атайды да, жерге тіреп тұрған таяқты жібере салады. Нөмірі аталған ойыншы таяқты жерге құлатпай ұстай алса, өз орнына барады. Ал таяқты құлатып алса, айыбын тартады. Ойыншылардың ұйғарымымен ортаға шығып өнер көрсетеді. Ойын шарты бойынша әр ойыншы ең аз дегенде бір реттен ортаға шығарылады. 

7e60b609224db6896db6fff345b2a6d6.jpg

Жамбы ату - қазақ халқының арасында ертеден кең тараған спорт ойыны. Мұнда биік бағанаға ілінген күміс жамбыны ат мінген жігіттер сапта тұрып, не шауып келе жатып белгілі бір қашықтықтан (спорттық мылтықпен немесе садақпен) атады. Жамбыға, не ол ілінген жіпке тигізіп, оны атып түсірген адам жеңген болып есептеледі. Ертеде жамбы ату қазақ жауынгерлерін мергендікке, ел қорғауға дайындайтын тәрбие түрінің бірі болған. Бұл ойынды жеке адамдар немесе топ құрып өткізуге болады. 


Қазық ұру (құмыра ұру) - қазақтың ұлттық ойыны. Ауыл адамдары жиналып, жастардың дәлдігін сынайтын күлдіргі ойыны (кейiн құмыра ұратын болды, бұрын жерге қазық қағып қағып қойып, қазықты дәлдеп ұратын). 


Казық ұру ойынын ойнағанда бір сызық сызады да, сызыққа ұрушылар қатар тұрады. Қазык сызықтан 6-7 адым жерге қағылады. Қазық ұрушының көзі мықтап таңылып, қолына екі құлаш түзу ағаш беіледі. Ол көзі ашық тұрғанда қазыққа тураланып тұрады да, көзi таңылған соң жүріп барып тоқтап, қазықты дәлдеп үш рет ұрады (ұрғанда сыпыра ұрмай, тік ұру қажет). Қазықты ұра алмаса, өнер көрсетіп ұрушылардың соңына барып турады. Ұрып кетсе орнына барып тағы қазык ұруға шығады. Ойын осылайша жалғаса береді. 


Көңіл бөлетін істер: 


Тәртіптің жақсы болуы қажет, ойын көруші көрермендер сызықтан ауаша тұруы керек. Өйткені көзi таңылған адам еш нәрсе көрмейтіндіктен беталды ұрып, басқарларға ағаш тиюі мүмкін. Құмыра қадап ұру барысында ағаштың қатты тиюінен сынған құмыраның зақымдауынан сақтану керек. Көзі байланған ұрушы жүру бағытын, тоқтайтын жер мөлшерін өзі белгілеу тиіс, басқалардың айтып қоюына болмайды. 


Сақпан – ежелгі замандағы қол қаруы. Ежелгі Египет, Греция, Рим, Орта Азия елдерінде соғыс қаруы ретінде қолданылған. XVI-XVII ғасырда Батыс Еуропада гранат лақтыру үшін пайдаланылды. Сақпан түркі халықтарында да жаугершілік және аң аулауға, мал қайыруға пайдаланылды. Бұларда сақпан жылқының қылынан, жүннен есіліп немесе таспадан өріліп жасалған. Өрімнің тең ортасына жұмыр тас, қорғасын қоюға ыңғайлы алақан жасалған. Соған тас салып үйіріп, жіптің бір ұшын ағытқанда тас алысқа атылған. Біздің «сақпы», «зақпы» деп жүргеніміз осы сақпаннан шыққан сөз. 


Сақпанның екі түрі бар, бірі - сапты сақпан. Екіншісі – түйме сақпан. Сапты сақпанның бір жағына ағаштан сап байланады да, бұл сақпанды мал қайыруға қолданады. Түйме сақпан – жіптен жасалып, бір жағы оралып білектен байланады да, ұзаққа атуға пайдаланылады.
«Таяқ лақтыру» ойыны 10-15 жігіттің қатысуымен қыста өтеді. Бұлардың әрқайсысы екі-үш метрдей ұшына темір қадалып жонылған таяқ ұстайды. Ойыншылар 20-30 қадамдай жердегі белгіленген қарлы қабаққа (қарды үйіп, жалдап қояды) қолдарындағы таяқтарын кезекпен шанша лақтырады. Таяқ тосқауылдан өтіп, ұшы қар бетінен көрінуі керек. Ең алыс түскен таяқтың иесі жеңімпаз атанады. 

unnamed (3).jpg


Тымақ ұру. Бұл ойында көмбеден жиырма адымдай жерге қағылған ат бойындай сырыққа тымақ кигізіледі Ойын жүргізушінің әмірімен бір адамды атқа мінгізіп, көзін орамалмен таңып, қолына қамшы ұстатады. Ойыншынын міндеті – тымақты ұрып түсіру. Осындай тәртіппен тымақты қатарынан үш рет ұрып түсірген адам жеңген болып есептеледі. Егер ұрып түсіре алмаса, онда ұтылған болып, ойынға қатысушылар алдында өнер көрсетеді. 


Жауырын - қазақ азаматтарының күш сынасатын ұлттық ойыны. Жауырын ойынының жауырынның басын ұшыру. етегін бір қолмен қысып сындыру, етегін шампумен сындыру сияқты түрлері бар. 


Жауырынның басын ұшыру. Жауырынның басын тазалап (мойынынан кертсе де болады), етегін орамалмен орап, мықтап ұстап, сол қолымен сол тақымға басып, оң қол саусактарының өзі дағдыланған бірімен жауырын ұстаған қолдың сұқ саусағына тіреп шампу арқылы ұшырады. Жауырынның басын ұшыру үшін күшке сәйкескен Әдіс те болуы қажет. 


Жауырынның қанатын сындыру. Жауырынның қанатын сындыруда қолды сынған сынықтары алып кетуден сақтану Және екі жақ қырының қолға батпауы үшін орамалмен орап, бір қолмен қысып сындырады. Тізеге басуға, екі қолдауға болмайды. Жауырынның қанатын қысып сындыруда қайрат басты орында тұрады. 


Жауырынның етегін сындыру. Жауырынның етегін сындыру үшін бір адам жауырынды мықтап қозғалтпай ұстау қажет. Ұрушы өзінің қалаған саусағымен шампу арқылы ұрып сындырады. Жауырын ұстаушы шампумен ұрғанда жауырынды қозғалмайтындай етіп мықты ұстауы шарт. 


Ескерту: Шампу - екі қолдың бір-бір саусағын бір-біріне тіреп ұру. 


Жілік сындыру – қазақ азаматтарының күш сынасатын ойындарының бірі. Жілік сындыру ойыны қонақасыларда, кешкіліктерде, азаматтардың жиналған думанды отырыстарында өткізіледі. Жілік сындыру екі түрлі болады. Сындырылатын жілік кезек айналып, талапты азаматтардың алдынан түгел өтуге тиісті. 


1. Асықты жілік, кәрі жілік (кәрі жіліктің басын алдымен шампумен ұрып ұшырады), сүйектерін еттен арылтып тазалап, мықты тегіс тактайдың үстіне қойып тактайдың үстіне қойып, жұдырықпен немесе қолдың қырымен ұрып сындырады (көбінде ұсақ малдардың жілігі). 


2. Ортан жілікті (мұны жұмыр жілік деп те атайды) бұрап сындыру. Әдетте, ортан жіліктің жұмыр басына сызат салып, бұрап сындырады. Қайраты басым, машығы мол, әдіс алған азаматтар сызат салмай-ақ сындырады. 


Жілік сындыру күшті, көп машықтанып әдісін алуды пал етеді. Мұның өзі сол жерде отырған азаматтарды бір-бір қомдандырып, өз өнерін көрсетуге ұмтылдырып, делебесін қоздыратын, «әттеген-ай» дейтіні көп, қызықты ойын болып табылады. 


Шарт: жілікті сындыру кезегі келгенде әркім үш рет ұру, үш рет бұраумен шектеліп, сол тәртіп бойынша күш сынасады. Ұрып сындыруда қолға ораған орамалдың ішіне қатты зат салуға, жілікті кертуге болмайды. 


Бұрап сындыруда екі тізенің көмегіне сүйенсе де болады. Ең абзалы жілікті орамалмен екі басынан нығыз орап алған соң екі қолымен екі басынан ұстап, қолды алдыға немесе Жоғарыға көтере күш алып бұрап сындыру қажет. 

unnamed (2).jpg


Палуан. 


Палуан – жарыстар мен жиын-тойларда күреске түсіп жүлде алған адам. Қазақ халқы ғасырлар бойы қазақша күресте күш сынасқан. 


Бұл күресте әуелі белге белбау байлап белдеседі. Одан соң іштен, сырттан шалуға, тобықтан қағуға, жамбасқа салып иықтан, не бастан асыра лақтыруға болады. Халық арасында жауырыны жерге тимеген алыптарға «түйе палуан», «өгіз палуан» деген атақ берген. Жеңіске жеткен палуандардың басын нар етіп, төрт тоғыз мал беріп, иығына шапан жапқан. 


«Асау мәстек» - қазақтың шапшаңдық өнеріне жататын ұлттық спорт ойыны. «Асау мәстек» ойыны кешкілікте үйде ойналады. Ұзын, мықты жіптің екі ұшы екі қададан үйдің бөренесіне байланады да, бір адам жалғыз жіптің үстіне малдасын құрып мініп, бір қолымен асау мәстектен ұстап, бір қолымен таяқ арқылы жерге таянып отырады. 


Ойын көрушілердің біреуі орнынан тұрып келіп: «Ассалаумағалайкүм!» – деп сәлем береді.
Жіпке мінуші: «Уағалайкүмассалам!» - деп қолымен кеудесін басып сәлем қабылдайды.
Өзі жақсы сақтанып отырмаған болса, шапшаң әрекет жасамаса, осы жолы-ақ жерге былш ете түседі.
Жөн сұраушы:
- Қайдан келесіз?
- Ауылдан келемін.
- Ауылыңыз қайда?
- Ауылым ана жақта, - деп таяғымен көрсетеді.
- Атыңның басы қайсы, арты қайсы?
-Атымның басы - мынау, арты - мынау, – деп алды-артын таяғымен нұсқайды. Одан соң «күннің батысы мен шығысы қайсы?» деген сияқты сұрақтарды қояды. Осының барлығына толық жауап беріледі. 


Асау мәстекке мінуші жығылмаса, жөн сұраушы ұтылып, ойын көрсетеді де, асау мәстекке мінушіден және біреу келіп сұрақты өзгертіп, жөн сұрайды. Асау мәстекке мінуші жығылып қалса, ұтылған болып есептеліп, өнерін көрсетіп, ал ұтушы «мәстекке» мініп, «жолға» шығады.
Көңіл бөлетін істер: «Мәстектің» биіктігі 80 сантиметрден аспауы керек, асты жұмсақ болғаны жөн. Көрермендер мен жөн сұраушылар «мәстекке» тиісіп, жолаушыны ырғауға, жығуға болмайды. 


Жаяу жарыс - өте ерте заманнан белгілі спорт ойыны. Көне шежірелерде сақ, оғыз, қыпшақ тайпалары жауынгерлерінің жаяу жарысатыны айтылған. XI ғасырдағы тарихшы Назам әл-Мүлік өзінің «Саясатнама» атты еңбегінде түркі тектес халықтар арасындағы жаяу жарыс туралы жазады. Оның ертеден келе жатқан спорт ойындары екендігін ауыз әдебиетінің ескі нұсқалары болып есептелетін қиялғажайып ертегілерінен де («Ер Төстік», «Күн астындағы Күнікей қыз») көреміз. 


Жаяу жарыс ежелгі Египет, Рим, Ассирия, Греция, т.б. мемлекеттерде кең таралған. Бүгінде жаяу жарыс спорттың бір түріне айналып, жастар мен жасөспірімдер арасында жүлдеге таласудың кең өрісі болып қалыптасып отыр. 


Арқан тарту – қазақтың ежелгі ойыны. 


1. Оған қатысушылар теңбе-тең екі топқа бөлінеді де, он құлаштай арқанның екі ұшынан ұстап, әрқайсысы өз жағына қарай тартады. Ортадағы көлденең сызықтан қарсыластарын бұрын сүйреп өткізген жақ жеңген болып саналып, жүлде алады. 


2. Ескі кәде. Күйеу қыз алып бара жатқанда, оның көші қыз жағына жақын бір ауылдың үстінен өтсе алдынан көлденең арқан тартады. Күйеу жағы кәдесін беріп өтеді. Мұны «арқан керу» деп те атайды. 


Бәйге - аттың жүйріктігін, ұшқырлығын, шабыс шамасын сынайтын ат үсті ойындарының ең қызығы. Ол жерошақ бәйге, кұнан бәйге, ат бәйге, аламан бәйге, т.б. түрлерге бөлінген. 


«Жерошақ бәйге» - бәйгенің дайындығы, ресми бәйгенің алдындағы сынақ жарыс. Оның да өзіндік сый-сияпаты болған. «Құнан шаптырым», «атшаптырым» деген сөздердің шығуына қарағанда, оның да өзіндік паркы болған. Мұнан сырт, жорға жарыс, атан жарыс деген жарыстар да өткізілген, қыз қуар, Көкпар да ат үсті ойындарына жатады. 


«Күміс алу», «Қамшы тастау», «Теңге ілу» ойындары ат үстінде шауып бара жатып жерден нәрсе алу өнерін байқатса, «Жамбы ату», «Тымақ ұру», «Теңге ату» ойындары ат үсті мергендік ойындарына жатады. Ал ат омырауластыру, аударыспақ ойындары – негізінен, ат пен азаматтың күш-қуатын, мықтылығын сынайтын ойындар. 


«Қара жарыс» – қазақ халқының ұлттық ат спорты ойыны. Ат жарысының алдында өткізілетін әр орыннан дәмелі деген таңдаулы аттардың алғашқы сайысы. «Қара жарыс» - ат жарысы өткізілетін той-ас, арнаулы мерекелер мен жүлделі спорт ойындарының алдында арнайы атбегілерінің сынынан өтіп, белгілі баптау көрген, сол өңірдегі үміт күткен аттарды сынау жарысы. 


«Қара жарыс» өткізгендегі жердің алыстығы ат жарысы болатын жердің алыстығымен мөлшерлес келеді. «Қара жарыстың» мақсаты - бәйгеден дәмелі аттардың ащы терін шығарып, қолтығын жазып, жер таныту, жарысқа түсетін сәйгүлікті іріктеу, шабандоздарды шынықтыру болып табылады. Осы қара жарыста көзге түсіп, топ жарып, алдыға шыққан таңдаулы аттар арнаулы атбегілерінің тәрбиелеп баптауына беріліп, ат жарысы үшін күтімге алынады. 


Жарыста аттардың өз өнерін көрсете алуы немесе керісінше, көрсете алмауы тікелей баптауына қатысты. Өйткені қазақ халқының «ат жүгірмейді, бап жүгіреді» деген даналық сөзі бекер айтылмаған. 


«Қара жарыс» пен ресми ат жарысының уақыт аралығы тым жақын болып кетпеуі керек. Өйткені қара жарыста бойын алдырған ат қайта ширап бапталып бабына келмесе, бәрібір нәтиже шығара алмайды. Қазақтың «екі шабар аттың күйі жоқ» деген қанатты сөзі де өмір шындығынан алынған. 


«Қара жарыста» атбегілердің ерекше баптауымен іріктеліп алынған санлақтардың басы қосылып, жүлде таласқанда жарысқа түскен аттардың бәрі бірдей бәйге бола бермейді. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгірер» деген қазақтың сөзі мұның себебін де айқын түсіндіріп береді. «Қара жарыс» тек ат жарысына қатынасатын бәйге аттарды іріктеп алуға мүмкіндік тудырып қана қоймайды, сонымен бірге атбегілердің өнерін де жұрт алдында сарапқа салып, олардың ат баптау Тәжірибелерін өзара ауыстырып, қорытындылауына және жетілдіре түсуіне мүмкіндік жасайды. Қазіргі күнде бізде ысылған атбегілер азайып барады. Сондықтан ат баптауға талабы бар жастарымыз ата-бабаларымыздың ат баптау, ат сынау жөніндегi құнды тәжірибелерін мұқият үйреніп және оған мұрагерлік етіп, өзіміздің төл тәжірибемізге айналдыруымыз керек. 


Ат бәйге - қазақтың өте ертеден келе жатқан ұлттық ойыны. Бәйгеде ат 30-40 шақырым қашықтықтан қайтарылады. Бәйгенің жері таңдалып өткізіледі. Десе де, жолында өр мен ойпаң, жыра мен жар да кезігуі мүмкін. Бұл бәйгеден озып келу «жүйрікте де жүйрік бар Əліне қарай жүгірер» дегендей, аттың жүйрік те төзімді болуына, «ат жүгірмей бап жүгіреді» деген сияқты атбегінің саңлақтарды баптауына, үстіне мінген шабандоздардың шеберлігіне, шыдамдылығына байланысты. Тойларда, аста, мерекелерде бәйге жарияланып жарысқа түсуге тиісті орындарға күні бұрын ұқтырылады. Қазір ат бәйгесі тойларда, мерекелі күндерде, жәрмеңкелерде толық дайындықпен өткізіліп, бәйгеден келген жүлделі жүйріктерге ретіне қарай заттай сыйлық таратылатын болды. 


Атбегі – бәйге атын тани білетін, шебер баптайтын адам, бапкер, сыншы. Ежелгі түркі халықтарының жазба ескерткіштерінде «бек», «ұлық», «көсем», «әкім» деген ұғымды білдірсе, бертін келе жеке істі жете білетін кісіні де соның бірі деп атаған. Содан барып «атбегі», «құсбегі» деген сөздер келіп шыққан. 

067ac98cf6a1.jpg


Ат сайысы - спорттың бір түрі. Қазақ халқында ат сайысына жататын бәйге, ат омырауластыру, аударыспақ, жорға жарысы, көкпар, күміс алу, қыз қуу, Қыз жарысы, сайысу, т.б. ойындар бар. Ұлттық ойындардың басқа түрлері сияқты ат сайысы ерте кезде тек жиын-тойларда ғана ойналатын еді. Азаттықтан кейін ат сайысы спорт түріне еніп, жүйелі түрде дами бастады. Қазір аудандық, аймақтық, өлкелік, мемлекеттік сипат алған ұжымдық ойын түріне айналды. 

Ат омырауластыру - қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық ойыны. Бұл жазық алаңға сызылған, диаметрі 10-15 метр шеңбер ішінде өткізіледі. Жарысқа қатынасушы екі салт атты бірін-бірі шеңберден ығыстырып шығаруға тиіс. Бәсеке барысында шеңбер ішінде қалғаны жеңген болып есептеледі. Бұл ойынға екі адам емес, бірнеше спортшы, тіпті екі Команда қатынасуы мүмкін. Ондай жағдайда қарсыласын шеңберден ығыстырып шығарған топ жеңіске ие болады. Ойынға қатынасушылардың қолына ешқандай құрал (қамшы, сойыл, құрық, т.б.) берілмейді. Мұнда атбасын жақсы меңгеріп, шапшаң жалтара білген спортшы жеңіп шығады. 


«Аударыспақ» - қазақтың ұлттық спорт ойыны. Бұл ойында екі жігіт жекпе-жек шығып, бір-бірін аттан аударып түсіруге тырысады. Аттан аударып түсірген жігіт жеңеді. Үлкен той мен аста «Аударыспаққа» арнайы жүлде белгілейтін. Осы жүлдені алу үшін әр ру, ауылдың адамдары тегеурінді жігіттерін мықты атқа мінгізіп, сайысқа шығаратын. Сайыскерлердің қолына қару берілмейді, олар тек білегіне, атына ғана сенеді. Атына ер-тұрманы сай, қайратты да, әдісқой жігіттер қарсыласын ат үстінен аударып тастап, жүлде алады. Бүгінде аударыспақ ат спортының бір түріне айналды. «Аударыспақ» сайыскерлерден күштілікті, шапшаңдықты, тайсалмас батырлықты талап ететін болғандықтан, оған жасы 18-ден асқан жігіттер ғана қатынасады. Ереже бойынша қатынасушылар салмақтарына қарай үш топқа бөлінеді. 


Күміс алу – ұлттық ат спорт ойыны. Ертеде келін түсіру қыз ұзату салтанатында қалыңдық орамалға күміс теңге түйіп тастап қоятын. Оны шабандоз шауып келе жатып жерден іліп алатын. Озып шыққан жігіт беташар айтатын. 


Қазір түрлі тойларда әртүрлі қашықтықта бірнеше орамал (бірінші орамал мәреден 50 метр, қалғандары 15-20 метр жерге) қойылады. Мəреден кезек-кезек шыққан шабандоздардан ен көп орамал ілген жігіт жеңеді. Күміс алу ойынын өткізу үшін аға төреші, мәреші, жол бойында тұратын бақылаушы төрешілер және есепші белгіленеді. 


Құнан бәйге - үш жасар құнандар жарысы. Бәйгеге қатынасатын кұнанға шабандоз бала мінеді. Мәре мен сөренің қашықтығы бір шақырымнан он шақырымға дейін болады. Құнан бәйге күштілікті, шыдамдылықты, ептілікті және бәйге аттарының ерекше төзімділігін қажет ететін аламан бәйгеге дайындық болып есептелінеді. Құнан бәйгеге бастықтырылған, жарысқа дайындалып бапталған құнан ғана қатысады. 


Түсінік: 

Мәре - көмбе. Сөре - қайтатын орын. Шабандоз - атқа мінетін бала. 

Аламан бәйге – қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық ойыны. Мұнда ат 25-тен 100 шақырым қашықтыққа шабады. Оның жолында айналып өтетін көл де, сайлы, белесті жерлерде болуы мүмкін. Бұл бәйгеден озып келу аттың жүйрік те төзімді болуына, шабандоздың шеберлігіне байланысты. Белгілі бір мерекелі күндерде, аста, тойда аламан бәйге жариялау – қазақ халқының ежелгі дәстүрі. 

Жорға – жылқының адамға жайлы жүрісі. Кейбір құлын енесінен туғаннан-ақ жорға болады. Кейде бұл жүрісті жылқыға (аздап жорғасы болса) адам да үйрете алады. Мұндай үйретушіні «жорғашы» деп атайды. Жорғаның аяң жорға, тайпалған жорға, су шайқалмас жорға, үш аяқ жорға, байпаң жорға, төкпе жорға деген түрлері болады. 

F6r2pzoEac9iooSQ-lg.jpg


Аяң жорға жылқы аяңдағанда ғана жорғалайды да, одан тезірек жүрсе, жорғасынан жаңылады. Үш аяқ жорға - төрт аяғын тең басып жорғалай алмайтын жылқы. 


Тайпалған - төрт аяғы тең жорға. Су шайқалмас жорғаның үстінде сеге құйылған қымыз шайқалып төгілмейді. Мұндай жорғамен бурын үлкен тойларда табақ тартатын. Байпаң жорғанын жүрісі тыныш, бірақ өзге жылқының жүрісіне ілесе алмайды.

 
Төкпе жорға - еш уақытта жорғасынан жаңылмайтын жылкы. Мұның жорғасына басқа жылқы шауып әрең ілеседі. Мұндай жылқыны әдетте жорға жарысына қосады. Жарысқа косатын жорғаны бәйге атындай баптап жаратады. 


Жорға жарысы - шабандоздардың жорға мініп жарысуы. Жорға жарысы – қазақтар арасында кең тараған ұлттық спорт ойыны. Бұған жігіттер, қыздар, әйелдер де қатынасады. Жарысқа түсетін жорғаның ер-тұрманы жұмсақ, Әшекейлі болуы, ал шабандоздар ұлттық киім киюі керек. Егер жарыс кезінде жорғаның жүрісі бұзылса, яғни шауып жетсе, шабандозға ескерту жасалады. Үш ескертуден кейін ол жарыстан шығарылады. 


Жорға жарысы адамды шынықтырады, шеберлікке, ептілікке баулиды. Жорға жарысы жазық далада 2, 4, 6 шақырымдық қашықтықта, көбінде мерекелі күндерге арналған бәйгемен қатар өткізіледі. 

Пайдаланылған әдебиет:

Зейнолла Сәнік. Көптомдық шығармалар жинағы/ VII том. –Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2017.

             

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?