«Ұран» газетінің тарихы
ХХ ғасырдың басында қазақ даласында ұлттық баспасөз қарқынды дамып, халықтың саяси санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Сол кезеңдегі тағдырлы басылымдардың бірі – «Ұран» газеті. Бұл газет Алаш қайраткерлерінің ұлт азаттығы, ағарту және ел бірлігі жолындағы идеяларын халыққа жеткізген рухани мінберге айналды.
«Ұран» газеті 1917 жылы Бөкей Ордасындағы Хан ордасында шыға бастады. Басылым аптасына бір рет жарық көріп отырды. Газеттің шығарушысы – Ғабдллғазиз Мұсағалиев, ал оны «Ішкі Орда мұсылман бюросы»бастырып шығарды. Редакцияның мекенжайы «Ханская ставка, Астрахан губерниясы, “Уран” редакциясы» деп көрсетілген. Бұл жөніндегі хабарлама 1917 жылғы 3 маусымдағы «Қазақ» газетінің №232 санында жарияланып, жаңа басылымның жарық көретіні туралы қазақ оқырмандарына алғаш рет хабарланған.
«Қазақ» газетінде жарияланған мәліметке сәйкес, «Ұранның» негізгі мақсаты – «қазіргі һәм болашақ істер туралы қазақ халқына көз-құлақ болу, Учредительное жиналыс, жер, су, мектеп, медресе жайынан халыққа білім тарату, жол көрсету» болатын. Бұл мақсаттардан басылымның тек жаңалық таратумен шектелмей, халықтың саяси сауатын арттыруды, елдің келешегі туралы қоғамдық пікір қалыптастыруды көздегені анық байқалады.
Газет төңірегіне сол дәуірдің белгілі қоғам қайраткерлері мен зиялылары топтасты. Онда І Мемлекеттік Думаның депутаты әрі Ішкі Орда комиссары Бақыткерей Құлманов, көрнекті ақын әрі ағартушы Ғұмар Қараш, ұстаз Меңдешов, сондай-ақ Әжігереев пен Н.Манаев тұрақты түрде мақалалар жариялап тұрған. Олардың еңбектері арқылы елдің саяси жағдайы, жер мәселесі, оқу-ағарту, ұлттық бірлік пен қоғамдық өзгерістер кеңінен сөз болды.
Газеттің жылдық жазылу бағасы 5 сом, алты айға 3 сом, үш айға 1 сом 75 тиын болып белгіленді. Бұл сол кезеңдегі қазақ баспасөзіне тән жазылым жүйесінің қалыптасқанын көрсетеді және басылымның тұрақты оқырман қауымын қалыптастыруға ұмтылғанын аңғартады.
Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» еңбегінде «Ұранды» Орынборда шыққан «Қазақ» газетінің бағыт-бағдарын ұстанған ұлттық басылымдардың қатарына қосады. Оның айтуынша, «Сарыарқа», «Алаш», «Бірлік туы» және «Ұран» газеттері қазақ қоғамын ұлттық бірлікке, саяси сауаттылыққа үндеп, Алаш қозғалысының идеяларын халыққа кеңінен насихаттады.
«Ұран» газетінің беттерінде жалпықазақ съездері, Алаш автономиясы, жер мәселесі, білім беру, ұлттық басқару жүйесі, Бөкей Ордасының Астрахан губерниясынан бөлініп, қазақ облыстарымен бірігуі сияқты өзекті мәселелер көтерілді. Сонымен қатар қазақ жерінің отарлануы, елдің жерден айырылуы, азаматтардың құқықтарының шектелуі жөніндегі өткір сараптамалық мақалалар жарияланып отырды.
«Ұран» газеті Алаш қозғалысының рухани үнпарағына айналып, қазақ қоғамын ұлттық бірлікке, білім мен өркениетке үндеді. Газет бетінде ұлттық автономия, жер тағдыры, оқу-ағарту, мәдениет пен қоғамдық өмірдің өзекті мәселелері көтеріліп, халықтың тарихи санасын оятуға қызмет етті. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін оның қызметі тоқтатылғанымен, тәуелсіздік жылдарында архивтік деректердің негізінде «Ұранның» қазақ ұлттық журналистикасы тарихындағы орны қайта бағаланды.
Бүгінде «Ұран» газеті – Алаш дәуіріндегі ұлттық баспасөздің жарқын үлгілерінің бірі. Ол қазақ халқының тәуелсіздікке ұмтылған рухын, ұлттық ой-санасының өсуін және қоғамдық өмірдегі өзгерістерді бейнелеген құнды тарихи мұра болып табылады.