Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздердің тарихи негіздері

4674
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздердің тарихи негіздері  - e-history.kz
1992 жылы 4 маусымда маңызды оқиға болды: Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері қабылданды.

Мемлекеттік рәміздер — белгілі бір елдің өзіндік өмір салтын, тіршілік болмысын, арман-мұратын, көршілес елдермен қатынасын білдіретін ерекше белгілер. Өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақстан Республикасының Елтаңбасы, Туы, Әнұраны әлемдік рәміздер каталогына еніп, халықаралық қауымдастықта мойындалды.

Елтаңба — елдіктің, тәуелсіздіктің, мемлекеттіліктің ерекше белгісі, неміс тілінен аударғанда «мұра» немесе «енші» мағынасында айтылады. Қазақ жерінде алғашқы мемлекеттік бірлестіктер қашан пайда болса, елтаңбалар тарихы да сол кезеңнен басталады. Басқаша айтқанда, елтаңба тарихы — бұл мемлекеттің тарихы. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кез келген мемлекеттің Елтаңбасы өзіндік ерекшелігімен бір елді екінші елден ажыратып тұрады. Айталық, ерте темір дәуіріндегі сақ тайпалары өзгелерден «тамға» аталатын тотем белгісі арқылы бөлініп тұрған. Тамға — ерекше белгі, қасиетті рәміз, мөр дегенді білдіреді. Б.з.б. V ғасырда Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның" киімі 4 мыңға жуық әшекеймен безендірілсе, сол әшекейлер барыс, бұлан, тау-теке, арқар, ат, түрлі құс бейнелерін беретін «аңдар стилінде» жасалған. Көк Туымыздағы ою-өрнекті «қошқар мүйіз» де осыдан шыққан. Елтаңбаға «Алтын адамның" бас киіміндегі екі жаққа қараған мүйізді қанатты пырақты аттар негіз етіп алынды. Әшекейінің рәмізі болғаны туралы болжамдар айтылса, б.з.д. IV–III ғғ. өмір сүрген көшпелілер көсемі обасынан табылған Берелдің мүйізді пырақтары, өзінің табиғи құдіретімен барлық болжамдарға нүкте қойды».

af3aa519e775ae33a3d8b4e20b67811a.JPG

Тарихы ұқсас елдердің мемлекеттік нышандарын қарастырғанда, олардың көпшілігінде табынатын жануарлардың, яғни грифондар мен бүркіттің, жолбарыстың немесе көшпелі түркі халқының сенімді серігі — жылқының бейнелері көрініс береді. Міне, осындай тотемдік нышандар, әсіресе Көк бөріге қатысты әңгімелерде үйсін, түркі-моңғол, аңыздарында көп кездеседі. Қасқырдың тотемдік рөлінің түркі халықтарының танымындағы орны ерекше. Түркі қағанаты кезінде түркі сарбаздарының байрақтарына Көк Бөрі бейнеленетін болған. XIX ғасырдағы белгілі қазақ ақыны Сүйінбай Аронұлының «Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерсе, Қозады қай-қайдағым…» деп жырлайтыны, сондықтан. Қазақ халқы қашанда Көк бөріні батылдық пен батырлықтың нышаны ретінде көрсеткен. Одан кейінгі кезеңдерде қазақтар ру-тайпалардың тамғаларын қолданған. Ғалымдардың зерттеулерінде 43 атадан тарайтын қазақ ру-тайпаларының таңбалары 84-ке жеткен. Әртүрлі геометриялық пішіндерден тұратын тамғалар елтаңба, мөр ретінде қолданылған.

Сондай-ақ, тамға отбасының, рудың, тайпаның және т.б. меншігін айқындау қызметін атқарған. Оның үстіне қазақтарда жануарларға таңба салу дәстүрі жақсы сақталған. Мемлекеттік рәміздердің келесі бір ерекше нышаны — Ту. Оның бес мың жылдық тарихы бар. Бұл Туда құстардың, аңдардың, құдайлардың бейнелері салынған. Зерттеушілердің айтуынша, байырғы көне ту Иран жерінен табылған. Қазақтың Көк Байрағының тарихы Түрік қағанаты, Хазар қағанаты, Селжұқ қағанаты, Ақсақ Темір мемлекеті, Қазақ хандықтарының тарихымен сабақтас. «Көк» сөзінің көне түркі тіліндегі бір мағынасы «шығыс», «шығыстық" деген ұғымға сәйкес келеді. Қазақстан Республикасының Туындағы күн бейнесі — ежелден белгілі ғарыштық нышан, тіршіліктің негізін, жарық сәулесін білдереді. Қазақтың тарихи тамыры сақ, үйсін, ғұн және т.б. тайпалармен байланысты. Тәңіршілдікті ұстанған ежелгі түріктер Көк аспанға, Күнге, Ауаға, Жерге табынған. Сондықтан тудың көк түсі халықтардың өзара тарихи сабақтастығын, аңғартады. Тудағы бүркіт бейнесі билік пен күштің белгісі ретінде белгілі, сондықтан бұл геральдикалық нышан әлемдегі мемлекеттердің көптеген таңбалары мен мемлекеттік эмблемаларында көрініс тапқан.

2f972a65c65d6e517d06df70f9233772.JPG

Отарлық кезеңдегі елтаңбалар тарихына келсек, 1867–1868 жылдардағы әкімшілік-аумақтық реформалардың нәтижесінде Қазақстанның қалалары мен облыстарының елтаңбалары жасалған. Ресей ипмпериясының құрамына кірген қазақ облыстары мен қалаларында біртұтас елтаңба үлгісі қолданылған. Мысалы, XVIII–XIX ғасырлардағы Орал, Гурьев (қазіргі Атырау), Павлодар, Семей, Өскемен, Петропавл, Көкшетау, Қостанай, Ақтөбе және т.б. қалалардың таңбалары болғаны белгілі.

32f7048b5a363e7f4a06d8d91e8ebe9b.JPG

1917 жылдың аяғында құрылған Алашорда үкіметі мен оның комитеттерінің мөр, штампель бланкілерін жасату туралы мәселелер көтерілген кезде, Орданың мемлекеттік гербі қандай болуы керектігі сөз болған, бірақ шешілмей қалған болатын. Соған орай 1918 жылы «Қазақ" газеті «Орда гербі (таңбасы)» мақаласын жариялау арқылы барша халықты Алашорда гербінің жобасын жасауға шақырған. Тарихи деректерде Алашорданың ақ және жасыл түсті тулары болғаны жөнінде мәліметтер кездеседі. Кеңестік дәуірдегі (1920–1991) елтаңбаларға келсек, салыстырмалы түрде бір жүйеге түсірілгені айқын. Өзге одақтас республикалар сияқты Қазақ КСР-нің елтаңбасы да КСРО-ның елтаңбасына негізделіп, көшірме ретінде жасалған. Оның кескіндемесінде қызыл түсті сәуледе орақ пен балға, айнала түскен жолақта қазақ және орыс тілдерінде «Барлық елдердің пролетариаттары бірігіңдер!» деген жазудан тұрды. Елтаңбаның жоғарғы жағында бесбұрышты жұлдыз, ал төменгі жағында — «КССР» және «ҚССР» жазуы болған. Сондай-ақ, Қазақ КСР-нің мемлекеттік жалауы шағын көк жолақ республиканың төл болмысының нышаны ретінде пайдаланылғаны айтылады. 1990 жылдары Қызыл империяның дағдарысқа ұшырауы, КСРО-дағы түбегейлі саяси оқиғалар — отарлық бұғауды бұзып, азаттыққа жол ашты. 

132f0f7b48991ae84791071377568fe0.JPG

Мемлекеттік тудың сұлбалары

8e91c8b4266fcf35d77d778a11af16cd.JPG

Мемлекеттік елтаңбаның сұлбалары


1991 жылы егемендігімізді жарияладық. Тәуелсіздікке қол жеткіздік. «Өшкеніміз жанып, өлгеніміз қайта тірілгендей» күй кештік. Сол бір тарихи кезеңде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік нышандарын әзірлеу жұмыстарын қолға алдық, батыл қадамдар жасадық. 1992 жылдың басында Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік нышандарын дайындау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы Жоғарғы Кеңес Президиумының Қаулысы шықты. Соған сәйкес арнайы комиссия құрылып, оның құрамында С.Әбділдин, С.Зиманов, С.Әбдірахманов, Е.Шәймерденов және т.б. лауазым иелері болды. Сондай-ақ, Елтаңба, Ту, Әнұран жобаларына конкурс жарияланады. Оған көптеген шығармашылық өкілдері, талантты қыл қалам шеберлері, сазгерлер мен, ақындар қатысқан. Мысалы, Мемлекеттік Тудың конкурсына 600 адам қатысып, 1200 жоба ұсынылса, Мемлекеттік Елтаңба бойынша 245 жоба жасалған, ал Мемлекеттік Әнұранның іріктеу конкурсына 750 жоба жіберілген. Мемлекеттік рәміздердің тағы бір маңызды нышаны — еліміздің рухани тұтастығын білдіретін Әнұранымыз. Төл тарихымызда Әнұран екі рет қабылданды (1992; 2006). Алғашқы әнұранның сөзін Т.Молдағалиев, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Дәрібаева жазғаны белгілі. Ал, оның әуені бұрынғыша қалған болатын. Сегіз жылдан кейін 2000 жылы 9 мамырда Елбасы Н.Ә. Назарбаев Әнұранымызды өзгерту қажеттігін қадап айтты және үкіметке нақты тапсырмалар берді. Нәтижесінде 2006 жылы қаңтарда «Менің Қазақстаным» Әнұран ретінде ресми бекітілді. Оның әуенін жазған Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов болды. Бұл әннің тарихы 1956 жылдан басталады. Тың игеру жылдарында марш сарынында дүниеге келген, қазақтың рухын көтеру, намысын ояту мақсатында жазылған. «Менің Қазақстаным» 1986 жылдың желтоқсанында да жаңғырды. 

2a5e60f4567920e59b06f90bf120064a.JPG

ҚР бірінші Мемлекеттік әнұранының мәтін авторлары

c8e77c54cb6b46fb794dbdb96bd12fb3.JPG

ҚР бірінші Мемлекеттік әнұранының музыка авторлары 

Мемлекеттік рәміздерді қабылдауда ҚР-ның Президенті-Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі ерекше болды. Ол осы әннің сөзіне бүгінгі еліміздің мақсат-мұратын айқындайтын түзетулер енгізіп, бірлескен авторлардың қатарын толықтырды. «Тәуелсіздіктің тұңғыш рәміздерін қабылдау кезінде мен Елбасының мемлекеттік тілге, қазақ тіліне, қазақ тіліндегі терминдерді кең қолдануға деген ерекше ілтипатты көзқарасын танытатын мысалдарды да байқап, жадыма түйдім, — деп еске алады Ербол Шәймерденов, — тұсаукесер сәтінде сөйлейтін сөзінің жобасын әзірлеп жатқан тұста „герб“, „гимн“, „символ“ деп жазылған жерлерді өз қолымен „елтаңба“, „әнұран“, „нышан, рәміз“ деп түзетті». Мемлекеттік рәміздеріміз бүгінде шартарапқа кеңінен танылды. Қазақ Елін әлем жұртшылығы мойындады. Біздің Көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимараты алдында тұр, Қазақстан Республикасының шетелдердегі Елшіліктері ғимаратының маңдайшаларына тігілген. Қазақтың Көк Туын ғарышкер Талғат Мұсабаев көк аспанда самғатты, әлемдік спорт додаларында еліміздің олимпиада жеңімпаздары Әнұранымызбен бірге Көк Туымызды биікке көтерді. Мұның бәрі Қазақстан Республикасының әрбір азаматы үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш.

1365103460069d158ac6794390142a99.JPG

Ғарышта болған Қазақстанның Мемлекеттік туы 

Бүркітбай Аяған тарих ғылымдарының докторы, профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?